Орталық Азиядағы су парадоксы

Ұқсас мақалалар

Әлемдегі ең киелі саналатын кейбір өзендер – ең қатты ластанған су көздерінің бірі. Халықты сумен қамту үшін салынған су қоймалары, керісінше, суға деген сұранысты одан сайын арттырып жіберуі мүмкін. Ал суды үнемдеуге арналған суару технологиялары өзендердің тартылуын тездетуі ықтимал. Жерсеріктік технологиялар мен жасанды интеллект қанша дамыса да, ғалымдар судың табиғатта қалай қозғалатынына қатысты ең негізгі сұрақтардың өзіне әлі нақты жауап таба алмай келеді.

«Жер тоқтаған сәт», 2016. Burabay Lakescapes жобасының мұрағатынан.
Фотосурет Вадим Япиевтің жеке мұрағатынан ұсынылды.

Таяуда су саясатын зерттеуші Эдоардо Боргомеоның Nature Water журналына жариялаған эссесінде дәл осы қайшылықтар «су парадокстары» деп сипатталады. Бұл қарама-қайшылық – мұқият ойластырылған саясат пен технологиялардың өзі көздеген мақсатқа мүлдем кереғар нәтижелерге әкеп соқтыратын жағдайды түсіндіреді.

Су ресурстары мен қоршаған ортаны зерттеуші ғалымдар Вадим Япиев пен Зарина Сайдалиеваның пайымдауынша, бұл тұжырымдама Қазақстан мен Орталық Азияның алдында тұрған сын-қатерлерді сараптаудың ұтымды тәсілін ұсынады. Өзендері бірнеше мемлекеттің аумағынан ағып өтетін, мұздықтары еріп, көлдері тартылып, ал ауыл шаруашылығы әр тамшы суға тәуелді болып отырған бұл өңірдегі басты мәселе – су тапшылығы емес. Мұндағы ең үлкен кедергі – күрделі табиғи жүйелерді оңай жолмен басқарамыз деген қасаң түсінік. Оның орнына ғалымдар неғұрлым орнықты әрі жағдайға бейімделгіш болашақты қалыптастыру үшін аймақтың ішкі қайшылықтарын, мәселен, ұлттық басқару мен экологиялық шынайылық арасындағы сәйкессіздікті белсенді түрде «еңсеріп өтуді» ұсынады.

Nazarbayev University қабырғасында қолға алынған бұл жұмыс – Орталық Азиядағы су ресурстары, климаттың өзгеруі және экологиялық тұрақтылыққа арналған ауқымды зерттеудің бір бөлігі. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, шынайы орнықты даму қарапайым технократиялық шешімдермен шектеліп қалмайды.

Жылдар бойы Вадим мен Заринаның Қазақстан аумағындағы экспедицияларында (Бурабай көлдерінен бастап Тянь-Шань мұздықтары мен Орталық Азияны кесіп өтетін өзендерге дейінгі аралықта) мұндай қайшылықтар үнемі алдарынан шығып отырды. Олардың аймақтағы климат өзгерісіне бейімделу тақырыбындағы жаңа еңбегі академиялық пікірталастарда су қауіпсіздігі мен ресурстарды басқару мәселесі басты орында тұрғанын көрсетті. Орталық Азияның климаттық өзгерістерге бейімделуінде судың негізгі факторға айналуы – заңдылық. Алайда бейімделу біркелкі (сызықтық) процесс емес, сондықтан оны жүйелік қайшылықтар тұрғысынан қарастырған жөн. Яғни бүгін игі ниетпен қабылданған шешімдер ертеңгі жаңа проблемалардың көзіне айналуы әбден мүмкін.

Зерттеушілердің жақында жазылған қолжазбасына сүйене отырып, Қазақстан мен Орталық Азияға бірқатар су парадокстары арқылы көз жүгіртуді ұсынамыз.

Біз саяси карталар сызуға әуеспіз

Орталық Азияны әдетте бес посткеңестік мемлекеттің шекарасы арқылы айқындайды. Алайда су мүлдем басқа географиямен өмір сүреді. Өзендер мен мұздықтар, тау жоталары, табиғат жүйелері саяси шекараларды елеместен картада бөлініп тұрған аумақтарды бір-біріне жалғайды. Тянь-Шаньда жауған қар Арал теңізіне жетпес бұрын бірнеше елдің аумағынан өтетін өзендерді қоректендіруі әбден мүмкін.

Орталық Азияны қалай қабылдайтынымыз оның экологиялық мәселелерін қаншалықты түсінетінімізге де әсер етеді. Мемлекеттік институттар су ресурстарын ұлттық шекара аясында ғана басқарса, ал табиғат тұтас өзен алаптары мен экожүйе ауқымында әрекет етеді. Осы екі карта бір-бірімен қабыспаса, шығарылған көптеген шешім де тиімсіз болмақ.

Сондықтан өңірдегі су ресурстарының болашағын түсіну қарапайым түрде көзқарасты өзгертуден басталады: Орталық Азияны бес бөлек мемлекет ретінде емес, өзара тығыз байланысқан біртұтас гидрологиялық жүйе ретінде қарастыруымыз қажет.

Фотосурет Вадим Япиевтің жеке мұрағатынан ұсынылды.

Суды «бағындыруға» бола ма?

«Су қауіпсіздігі» термині үміт ұялататындай естіледі. Ол бөгеттер мен су арналары, инженерлік құрылыстарды жеткілікті көлемде тұрғызсақ, суды толық бақылауда ұстауға болады деген әсер қалдырады. Алайда Орталық Азияның айтатыны мүлдем басқа.

Мұнда бір жерде сумен қамтамасыз етуді сенімдірек етуге бағытталған кез келген әрекет басқа бір жерде оның сенімділігін төмендетіп жіберуі мүмкін. Өзендер мемлекеттік шекараларды қиып өтсе, су қоймалары экожүйелерді өзгертеді, ал өзеннің жүздеген шақырым жоғары ағысында қазылған канал сағадағы адамдардың өмірін түбегейлі өзгертуге қауқарлы. Су ешқашан бір орнында тұрмайды – ол мемлекеттердің қалауына қарамастан оларды бір-бірімен тығыз байланыстыра отырып, үнемі қозғалыста болады.

Бәлкім, біздегі ең үлкен қателік –  көзімізге ілігетін суға ғана назар аударатынымыз шығар. Өзендер, көлдер мен мұздықтар қоғамдық пікірталастардың төрінен орын алғанымен, дәл сондай маңызды су қоры табанымыздың астында жасырылып жатыр. Топырақ құрамындағы ылғал ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуіне нәр берсе, су өсімдік арқылы атмосфераға қайта көтеріліп, кейін жауын-шашын болып жерге қайта түседі. Ғалымдар мұны «жасыл су» (green water) деп атайды, әйтсе де ол саяси талқылаулардың немесе су саясатының күн тәртібіне өте сирек ілігеді.

Түйін таңқаларлықтай қарапайым: су қауіпсіздігін біржола қамтамасыз ету мүмкін емес. Суды тек түсінуге, ортақ пайдалануға әрі оның құбылмалылығына бейімделуге ғана болады. Бұл мүлдем жаңа тәсілді – су жүйелерін толығымен қорғауға, бақылауға немесе «түзетуге» болады деген иллюзиядан бас тартып, олардың ұдайы өзгеріп отыратын табиғатына бейімделу қажеттігін түсінуге көшуді талап етеді.

Бір тамшы су.
Фотосурет Вадим Япиевтің жеке мұрағатынан ұсынылды.

Арал теңізі экологиялық апат күйінде қала бере ме?

Арал теңізі секілді нағыз символға айналған экологиялық трагедиялар кемде-кем. Ондаған жылдар бойы ол адамзаттың табиғатты өзгертпек болған әрекетінің салдары қандай болатынының көрінісі болып келді, ал тартылып бара жатқан теңіз экологиялық апаттың ең танымал бейнелерінің біріне айналды.

Алайда бүгінде бұл оқиға көп оқулықта сипатталғандай біржақты емес.

2005 жылы Қазақстан Кіші (Солтүстік) Аралды теңіздің оңтүстіктегі үлкенірек бөлігінен бөліп тұратын Көкарал бөгетінің құрылысын аяқтады. Бұл жоба су деңгейін көтеріп, оның тұздылығын төмендетуге мүмкіндік берді әрі көпшілік біржола жойылды деп санаған балық қорларының қайта қалпына келуіне септігін тигізді. Соңғы зерттеулер қалпына келтіру шараларының айтарлықтай сәтті өткенін көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Арал теңізінің бір бөлігін құтқарып қалудың сәті түсті.

Қарама-қайшылық мынада: Арал теңізі әлі күнге әлемнің Орталық Азияға қатысты түсінігін қалыптастырғанымен, ол ендігі жерде толық көріністі бейнелемейді. Теңіздің солтүстік бөлігі экологиялық қалпына келтірудің сирек кездесетін сәтті мысалына айналса, көршілес елдерге ортақ Оңтүстік Арал теңізі әлі де дағдарыс жағдайында қалып отыр.

Бүгінде тұтас аймақты бір ғана экологиялық апатқа теліп қоюдың өзге бір қаупі бар. Арал теңізінің тарихы маңызды сабақ болып қала бермек, алайда ол Орталық Азияны қабылдаудың жалғыз өлшемі болмауға тиіс. Одан тыс өзендердің, мұздықтардың, сулы-батпақты алқаптар мен назар аударуды қажет ететін өзге де су мәселелерінің әлдеқайда сан алуан әлемі бар.

Мұздықтар болмаса, күніміз қараң ба?

Мұздықтардың еріп жатқанын көрсететін фотосуреттер Орталық Азиядағы климат өзгерісінің негізгі символдарының біріне айналды. Мұны көрсетудің астары белгілі: мұздықтар жойылса, сөз жоқ, аймақ сусыз қалады.

Алайда ғылыми деректер бұдан әлдеқайда күрделі көріністі алға тартады.

Иә, расында да мұздықтар қарқынды түрде азайып барады. Дегенмен мұздықтар Орталық Азиядағы ірі өзен алаптарының жылдық ағынының шамамен 1–5%-ын ғана қамтамасыз етеді. Салыстыру үшін айтар болсақ, маусымдық қардың еруі аймақтағы бүкіл тұщы судың шамамен төрттен үш бөлігін береді, ал едәуір бөлігі дәл осы еріген қар суы есебінен толығатын жерасты сулары тағы бір маңызды қор болып саналады. Басқаша айтқанда, Орталық Азия мұздықтардың өзіне ғана емес, тұтас таулы су жүйесіне тәуелді.

Бұл айырмашылық неліктен соншалықты маңызды? Өйткені қоғамдық пікірталастар әдетте тек мұздықтар төңірегінде өрбиді, ал табиғи жүйенің басқа элементтерінде одан ауқымдырақ өзгерістер жүріп жатыр. Бұл мұздықтардың маңызы жоқ дегенді білдірмейді. Айтпағым, олар әлдеқайда күрделі мәселенің бір бөлшегі ғана. Орталық Азия болашаққа дайын болсын десек, жойылып бара жатқан мұздықтарға ғана емес, сонымен қатар қар жамылғысының, жерасты суларының, тұтас тау криосферасының өзгеруіне де назар аударуымыз қажет.

Фотосурет Вадим Япиевтің жеке мұрағатынан ұсынылды.

Не себепті деректердің көп болғаны сапалы ғылымның кепілі емес?

Біз жерсеріктер, жасанды интеллект пен қуатты компьютерлік модельдер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Дегенмен Орталық Азияның су ресурстарын түсіну жолындағы басты кедергілердің бірі таңғаларлық қарапайым мәселеден туындап отыр – жалпыға ашық деректердің тапшылығы.

Ондаған жылдар бойы зерттеушілер бұл аймақты әлемдік экология ғылымындағы басты «ақтаңдақтардың» бірі деп атап келді. Гидрологиялық және климаттық деректер көбіне шашыраңқы, қолжетімсіз немесе түрлі мекемелер арасында бөлініп кеткендіктен, бұл өзендердегі, мұздықтар мен экожүйелердегі өзгерістерді бақылауды айтарлықтай қиындатады. Бір қызығы, халықаралық зерттеу жобалары Орталық Азия бойынша жаңа әрі құнды деректер жиынтығын жасақтауын тоқтатқан емес. Дегенмен олардың басым бөлігі өзге ғалымдарға жабық күйінде қалып қояды. Ал басқа зерттеушілер бұл мәліметтер арқылы нәтижелерді тексеріп, зерттеуді қайта жүргізіп немесе оны өздерінің кейінгі жұмыстарында пайдалана алар еді.

Ғылымның дамуы озық технологияларға ғана емес, сондай-ақ барынша ашықтыққа да тәуелді. Жалпыға ашық деректер, нәтижесін қайталауға болатын зерттеулер мен ұзақмерзімді далалық бақылаулардың маңызы жасанды интеллект пен барған сайын күрделеніп бара жатқан компьютерлік модельдерден еш кем емес. Олар болмаса, тіпті ең қуатты симуляциялардың өзі сипаттауға тиіс шынайылықтан бірте-бірте алшақтап кетуі мүмкін.

Орнықты дамудың үлгісін өзге елдерден көшіріп алуға бола ма?

Орнықты даму Орталық Азияның климат өзгерісіне бейімделуінің негізгі бағыттарының біріне айналды. Аймақтағы су ресурстары, климат пен қоршаған ортаны қорғау саласындағы жобалардың едәуір бөлігін халықаралық донорлар мен даму ұйымдары қаржыландырады. Алайда мынадай маңызды бір сауал ашық күйінде қалып отыр: жобалар аяқталғаннан кейін осы күш-жігер өңірде қаншалықты сақталып қалмақ?

Халықаралық ұйымдар қаржыландыру, сараптамалық білім мен әлемдік тәжірибе әкеледі. Сонымен бірге олар өздерінің жеке басымдықтарын, кеңесшілерін, жұмыс тәсілдерін де ала келеді. Жергілікті зерттеушілер мен ғылыми мекемелер  көбіне деректер ұсынып, далалық зерттеулер жүргізіп, өңірге қатысты білімдерін бөліскенімен, олар ғылыми күн тәртібін қалыптастырудың немесе ұзақ мерзімді шешімдерді әзірлеудің тең құқылы қатысушыларына айнала бермейді.

Мемлекеттердің ортақ су ресурстарын басқарудағы табысты ынтымақтастығының үлгісі ретінде Шу және Талас өзендері бойынша трансшекаралық комиссия жиі аталады. Оның жұмысының арқасында Қазақстан мен Қырғызстан өзен суын бірлесе пайдалануға қатысты дау-дамайларға жол берген жоқ. Комиссияның құрылуына су ресурстарын басқарудағы халықаралық тәсілдер ықпал еткенімен, бұл идеялардың іс жүзінде қалай жүзеге асатынын дәл осы жергілікті саяси ахуал айқындап берді.

Орнықты дамуды тек сыртқы қолдауға ғана негіздеу мүмкін емес. Ұзақ мерзімді прогреске тек жергілікті жауапкершілік, мықты өңірлік институттар және білім сырттан әкеліне салмай, ортақ күшпен қалыптасатын шынайы серіктестік орнағанда ғана қол жеткізуге болады.

Осы күзде Назарбаев Университетіндегі зерттеу тобым Қазақстанның су ресурстарының жаңа сипатын көпшілік назарына ұсынады. Бұл зерттеу барлық сауалға толық жауап тауып бермейтіні рас. Әйтсе де ұзақ уақыт бойы нақты білімнен гөрі белгісіздік басым болып келген аймақта болашақ туралы айқынырақ түсініктің қалыптасуының өзі өте маңызды бастама болмақ.

Өмірбаян

Доктор Вадим Япиев – Жер және қоршаған орта ғылымдары саласының маманы. Он жылдан астам академиялық тәжірибесі бар ғалым негізінен Қазақстан мен Орталық Азияның су ресурстарын зерттеуге ден қойған. Ол Nazarbayev University мен National Laboratory Astana (NLA) орталығында қызмет етеді. Мұнда ғалым су ресурстарына, Жердің беткі қабатындағы (Critical Zone) процестерге, соның ішінде климат өзгерісінің аймақтағы су мен жер ресурстарына тигізетін әсеріне зерттеу жүргізеді. Вадим Япиев рецензияланған 20-дан астам ғылыми еңбектің авторы және бірлескен авторы. Олардың қатарында Арал теңізі алабындағы жерасты суларына арналған кітаптың бір тарауы да бар.

Доктор Зарина Сайдалиева – криосфера мен гидрологияның өзара байланысын, су ресурстарын және климат өзгерісінің түрлі салдарын зерттейтін экология ғылымдарының маманы. Оның ғылыми еңбектері пәнаралық зерттеулер мен бейімделу мәселелерін тоғыстырады. Ғалым күрделі экологиялық түйткілдерді шешу үшін жаратылыстану ғылымдарын, экологиялық мониторинг пен қолданбалы саясатқа бағытталған тәсілдерді өзара ұштастырады.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ

Осы тақырып бойынша оқи отырыңыз

Көп қаралған