Кәсіпқой спортшылар жүйкесін қалай шыңдайды?

399

Жүрек ырғағының құбылмалылығына қатысты жүргізілген жаңа зерттеулер ұстамдылықтың туа біткен мінез емес екенін көрсетті. Бұл – жүйке жүйесін жаттықтыру арқылы меңгеруге болатын физиологиялық машық. Дәл осы қабілет шешуші сәтте кімнің мерейі үстем болатынын анықтауы мүмкін.

Автор: Линдси Кальтер

Германиялық Минерва Фабьен Хазе мен Никита Володин Миландағы 2026 жылғы Милан-Кортина қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудың қысқа бағдарламасында өнер көрсетіп жатыр. Мұндай жоғары деңгейдегі бәсекелерде нәтиже шеберлік пен күшке ғана емес, жүйке жүйесінің күйзеліске төзімділігіне де тікелей байланысты.
Фото: Antonin THUILLIER / AFP via Getty Images

Олимпиада бәсекелерінің тағдыры көбіне секундтың мыңнан бір бөлігінде шешіледі. Тіпті кейде жеңімпаздың есімі жарыс басталмай тұрып-ақ белгілі болады.

2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында 4х200 метрлік еркін жүзу эстафетасының басталуына санаулы минуттар қалғанда, Майкл Фелпстің жүзу баскиімі жыртылып қалды. Мұндай болмашы келеңсіздік үлкен додада нағыз апатқа айналуы мүмкін еді. Жан-жақтан камералар қадалып, демеушілер көз тігіп отыр, ал жанкүйер толы залдың іші азан-қазан. Алайда ол еш саспастан, күнделікті жейдесін түймелегендей сенімді әрі жылдам әрекет етті. Командаласының қалпақшасын теріс айналдырып кие салды да, соңғы сәтте суға күмп беріп, кезекті алтынға қол жеткізді.

Сырт көзге бұл әрекет түйсікпен жасалғандай көрінгенімен, оның астарында сан мәрте қайталанған дайындық жатыр. Машықтың сүйекке сіңіп кеткені сонша – ол физиологиялық деңгейге жеткен.

Фелпс жарыстың кез келген ықтимал сценарийін жылдар бойы ойша пысықтап келді. Ол оңаша қалған сәттерінде басындағы «бейнетаспаны» айналдырып жіберіп, бір жарыстың бірнеше нұсқасын – мінсіз жүзіп шыққанын, көп қателесіп кеткенін немесе бірдеңе бүлініп қалған жағдайды көз алдына елестететін. Сол себепті Риода қалпақшасы жыртылғанда, бұл оған тосын жайт емес, баяғыдан таныс жағдай сияқты көрінді.

Майкл Фелпс (сол жақта) 200 метрге баттерфляй тәсілімен жүзуден 2016 жылғы Рио олимпиадасының финалында Чад ле Клостан озып келеді. Олимпиада деңгейіндегі бәсекеде мидың ынталандырушы факторларға — көрермендер мен олардың үмітіне, медальға қайтаратын реакциясы тыныс алуға, бұлшықеттің ширығуына және тапсырманың орындалуына әсер етуі мүмкін.
Фото: Pascal Le Segretain/Getty Images

«Біз «визуализация» (көз алдына елестету) деп аталатын әдісті қолдандық. Жарыс жолын ойыңда үш түрлі нұсқада өткізіп шығасың. Егер күтпеген жағдай орын алса, сен оны әлдеқашан ойластырып қойғансың», – деп түсіндіреді Фелпс.

Мұндай жүйелі дайындық ғалымдар енді ғана өлшеуді үйреніп жатқан ерекше физиологиялық машықты қалыптастыруға көмектесті.

Ағзаның жағдайға бейімделу қабілеті

Ондаған жыл бойы Фелпстің басындағыға ұқсас жағдайлар «психологиялық төзімділік» немесе «шешуші сәттегі ширақтық» деп сипатталып келді. Алайда адамның жоғары қысым кезіндегі мүмкіндіктерін зерттейтін мамандар қазір бұл құбылыстың астарында нақтырақ әрі өлшеуге келетін процесс жатқанын аңғарып отыр.

Жүрек ырғағының құбылмалылығы (HRV) – ағзаның күйзелісті қаншалықты тиімді еңсеріп, қалыпты күйге қаншалықты жылдам келе алатынын білдіретін көрсеткіш. Бәсекелестік өте жоғары ортада мұндай икемділіктің маңызы физикалық күш пен төзімділік сияқты қасиеттерден кем түспейді.

Ұзақмерзімді HRV көрсеткіші – ағзаның бейімделуін, күйзеліс пен қалпына келу деңгейін зерттеушілер мен жаттықтырушылардың инвазив емес (яғни денеге зақым келтірмейтін) жолмен қадағалауына көмектесетін таптырмас биомаркер. Бұл көрсеткіш дененің физикалық дайындығының дәстүрлі өлшемдерін алмастырмақ емес, керісінше, фитнес-метрикалар қамти алмайтын маңызды тұстарды айқындап береді. Яғни ол дәл бүгінгі жүктемені көтеруге ағзаның қауқары жете ме әрі одан кейін қалпына келе ала ма деген сұрақтарға нақты жауап береді.

Биомедицина инженері Викрам Чиб (оң жақта) пен Лео Ли зертханада функционалдық МРТ кескіндерін талдап жатыр. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, маңызды сәттерде адам миындағы «мынау қаншалықты маңызды, нені ұтқалы тұрмын, неден ұтылуым мүмкін» дегенге жауап беретін «бағалау тізбегі» шектен тыс белсенді болып кетсе, бұл спортшының көрсеткіштерінің төмендеуіне әкеледі.
Фото: Johns Hopkins Medicine
Франциялық Камиль мен Павел Ковалев Италияның Милан қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Милан-Кортина қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудың жұптық сыны бойынша қысқа бағдарламада өнер көрсетіп жатыр. Олимпиададағы жоғары қысым кезінде қас қағым сәттегі дәлдік жүйке жүйесінің стреске қаншалықты тез бейімделе алатынына тікелей байланысты.
Фото: Joosep Martinson/Getty Images

Нейробиолог Викрам Чиб мотивацияның нәтижеге қалай әсер ететінін зерттейді. Ол ынталандырушы факторлар мен қимыл-қозғалыс реакцияларын мидың қалай ұштастыратынына үңіледі. Олимпиада ойындарының финалы секілді жауапкершілігі тым жоғары жағдайларды модельдейтін, яғни жасанды түрде қайталайтын зертханалық тәжірибелер барысында оның зерттеу тобы бір қызық жайтты анықтады: марапатқа аса сезімтал жандар шешуші сәтте сыр беріп, сүрініп жатады екен. Ақша, мәртебе мен көрерменнің назары – мұның бәрі ынталандырушы факторлар. Ми бұл факторларды құндылық белгілеріне айналдырады, ал олар өз кезегінде қимыл-қозғалыстың мүлтіксіз орындалуына кедергі келтіруі мүмкін.

«Жұрт көбіне жоғары нәтиже – қимыл-қозғалысты үздіксіз қайталап жаттығудың ғана жемісі деп ойлайды. Бірақ сіз бұл қимылдарды ешқашан сыртқы факторлардың әсерінсіз, оңашада орындамайсыз, – дейді Чиб, – Сіз өнер көрсетіп жатқанда миыңыз сыртқы сигналдарды, яғни ынталандырушы ақпаратты өңдеп жатады, ал бұл үдеріс қысым кезінде дененің әрекетін өзгертіп жібереді».

Мұндай сәттерде жүйке жүйесі жарыстың финалы мен шынайы қауіп екеуінің аражігін ажырата алмай, қиналып қалуы мүмкін.

Бұл жағдай орын алғанда, өзгеріс мидағы шешім қабылдауға жауап беретін жүйемен ғана шектелмейді. Ол тыныс алудың ырғағына, бұлшықеттердің ширығуына және жүрек соғысының ритміне де әсер етеді. Соның нәтижесінде вегетатив жүйенің тепе-теңдігі өзгереді, ал мұны жүрек ырғағының құбылмалылығы (HRV) арқылы өлшеуге болады.

Маңыздысы, осындай ауытқу адамның миымен шектеліп қалмайды. Оның әсері тұтас ағзадан көрініс табады.

Икемділіктің өлшемі

Дені сау адамның жүрегі метроном аспабы (музыкалық шығарманың орындалу екпінін анықтайтын құрал – ред.) секілді бірқалыпты соқпайды. Ол стреске байланысты жиілеп, қажет кезде қайта баяулап, үнемі өзгеріп отырады. Осындай ырғаққа қарап, жүйке жүйесінің қаншалықты икемді екенін аңғаруға болады.

Спортшыларда тыныш күйдегі HRV-дің (жүрек ырғағының құбылмалылығы) жоғары болуы физикалық төзімділікпен ғана емес, ептілік, қимыл-қозғалыстың үйлесімі және ұйқының сапасымен де байланыстырылады. Бұл өте маңызды, себебі қиын сәтте сабыр сақтап, тұрақты нәтиже көрсету тек физикалық күшке тірелмейді. Бұл ең алдымен жүйке жүйесінің үнемі «үрей» күйінде қатып қалмай, еркін жұмыс істей алуына байланысты.

Америкалық гимнаст Симона Байлз Париж–2024 Олимпиадасында әйелдер арасындағы көпсайыстың финалында өнер көрсетіп жатыр. Кәсіпқой спортшылар жаттығу элементтерін ғана емес, сонымен қатар қысым кезінде өз эмоциясы мен ішкі қобалжуын реттей алу қабілетін де шыңдайды.
Jamie Squire/Getty Images

Зерттеулер көрсеткендей, тіпті ағза өзін тың сезінсе де, шектен тыс ауыр жүктеме осы ішкі реттеу механизмін бұзып жіберуі мүмкін. 2024 жылғы бір зерттеу қажытатын жаттығулардан кейін вегетатив жүйенің қалпына келуіне жауап беретін HRV көрсеткіштерінің күрт төмендейтінін анықтаған. Қарапайым тілмен айтқанда, спортшы өзін физикалық тұрғыдан дайын сезінгенімен, оның жүйке жүйесі әлі де тепе-теңдікті қалпына келтіре алмай, «шаршап» тұруы әбден мүмкін. HRV бағдаршам сияқты «жасыл» немесе «қызыл» түс жағып тұратын қарапайым құрал емес. Әйткенмен оны ұзақ уақыт бойы қадағалап отырсаңыз, ол сізге қашан барынша күш салу керек екенін, ал қашан ағзаға демалыс керек екенін дәл айтып беретін таптырмас физиологиялық бағдар бола алады.

Жоғарыда айтылған мәселелермен интероцепция ұғымы тығыз байланысты. Бұл – жүрек соғысы немесе тыныс алу сияқты ағзаның ішкі сигналдарын сезіну қабілеті. Күйзеліс не шаршау ағзаны бұрын-соңды болмаған күйге «итергенде», дәл осы түйcіктің маңызы арта түседі. Чибтің пайымдауынша, көптеген когнитивтік және мінез-құлық стратегиясы сыртқы қысымды жойып жібергені үшін емес, осы ішкі кері байланыс жүйесін тұрақтандырғаны үшін тиімді. Бұл бойындағы ширығу артып келе жатқанын спортшының дер кезінде байқауына әрі ол бақылаудан шығып кетпей тұрып жағдайды реттеуіне мүмкіндік береді.

Америкалық гимнаст Симона Байлз Париж-2024 Олимпиадасында әйелдер арасындағы бөренедегі жаттығудан финалда өнер көрсетуде. Ені небәрі он сантиметрлік снарядтың үстінде жаттығуды мінсіз орындау күш пен тепе-теңдікке ғана емес, жүйке жүйесінің стресті қаншалықты дәл тізгіндей алатынына тікелей байланысты.
AP Photo/Francisco Seco

«Стресс пен қажу қатты қысқан сәтте денеңізде не болып жатқанын сезе білу аса маңызды», – дейді Чиб.

Осы тұрғыдан қарасақ, өзін ұстай білу – мінездің жай ғана бір қыры емес, ол – ағзаның тікелей физиологиялық қабілеті.

Әуелі денені реттеу

Осы түсінік АҚШ-тың мәнерлеп сырғанау федерациясында психологиялық дайындық пен психикалық денсаулық қызметтерін басқаратын спорт психологі Кэролайн Силби сияқты мамандардың жұмыс бағытын айқындайды. Оның айтуынша, ең бірінші қадам – күйзеліс реакциясын спорттық нәтижеге берілген «үкім» немесе сәтсіздіктің белгісі ретінде қабылдамау.

«Миымыз бізді қорғау үшін автоматты түрде айналадан қауіп іздеуге бағдарланған. Тіпті адам өз жұмысын өте жоғары деңгейде атқарып жатса да, ми бұл «сақтық» жұмысын тоқтатпайды», – дейді Силби.

Силби спортшылармен жұмысында қолданатын тәсілдердің бірі –  «қарама-қарсы әрекет қағидасы» (rule of opposites). Үрей адамды асықтырып, қимылын жылдамдатар болса, олар әдейі баяулайды. Мысалы, алға қарай жүре бермей, керісінше артқа шегінуі мүмкін немесе демін іште ұстап қалғанын байқаған сәтте бірден терең дем шығарады. Сонымен қатар ақырын ғана құлағын тарту, жұдырығын (әсіресе оңқай болса, сол қолды) түйіп-жазу немесе денедегі белгілі бір нүктелерді жеңіл түрту сияқты кішігірім тактильді әдістер қолданылады. Мұндай әрекеттер назарды ішкі үрейден бейтарап физикалық сезімдерге аударып, ойды жинақтауға көмектеседі.

Бұл айтылған әдістер сырт көзге өте қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ олардың астарында қысым жағдайында өнер көрсетудің мәнін қайта пайымдауға жетелейтін үлкен ғылыми бетбұрыс жатыр.

Ұстамдылық – стоицизм емес. Бұл ең әуелі реттеу қабілеті, яғни бойды билеген толқу мен қобалжуды сезе білу және сол қуатты дұрыс арнаға бағыттай алу.

Мидағы «марапаттау жүйесіне» ұялап алған ауыр қысымды бәсеңдетудің бір жолы – жағдайды басқа қырынан қабылдау. Бұл дегеніміз, спортшылар бір реттік сайысты «бүкіл мансабының тағдырын шешетін үкім» деп емес, өміріндегі көптеген сәттің бірі деп қана қарауды үйренеді. Чибтің тәжірибелері көрсеткендей, мұндай психологиялық өзгеріс оқиғаның маңызын шынайы бағалауға және физиологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Бұл, өз кезегінде, сындарлы сәттегі нәтижені жақсартады.

Сын сағатта суырылып алға шығатын спортшылар бойында мүлде қобалжу сезімі жоқ жандар емес. Керісінше, олар осы күйді меңгеруге шебер келеді. Олардың жүйке жүйесі күтпеген жағдайға төтеп беруге болатынын, жайсыздық міндетті түрде қауіптен хабар бермейтінін әрі жаттығу арқылы ішкі тепе-теңдікті қалыпқа келтіруге болатынын меңгерген.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ