Қазақстандағы мұздықтар соңғы бірнеше онжылдықта бұрын-соңды болмаған қарқынмен азайып келеді. Бұл – климат өзгеруінің ең айқын көрсеткіштерінің бірі. Өткен ғасырдың ортасынан бері еліміздегі мұздықтардың жалпы ауданы 40 пайыздан астам қысқарған. Әсіресе Іле Алатауы, Жетісу Алатауы мен Тянь-Шаньдағы мұздықтардың шегінуі алаңдаушылық туғызып отыр. Жағдай осылай жалғаса берсе, алдағы онжылдықтарда су тапшылығы күшейіп, ауыл шаруашылығына, энергетикаға, экожүйеге және халықтың қауіпсіздігіне тікелей әсер етуі мүмкін.
Қазақстандағы мұздықтар Ертіс, Балқаш-Алакөл, Сырдария, Шу және Талас өзендері алаптарының негізгі қорек көздерінің бірі саналады. Сондықтан мұздықтардың жағдайы ғалымдарды ғана емес, тұтас елдің су қауіпсіздігін алаңдататын мәселеге айналып отыр.
Дерек пен дәйек
География ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетіне қарасты «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Саят Әлімқұлов Қазақстанда мұздықтарды бақылау жұмысы ондаған жыл бойы үздіксіз жүргізіліп келе жатқанын айтады.
Мысалы, Іле Алатауындағы Тұйықсу мұздығы 1957 жылдан бері халықаралық стандартқа сай бақылауға алынған және Дүниежүзілік мұздықтар мониторингі қызметінің бақылау желісіне енгізілген. Сол жылдан бастап, қар жамылғысы, абляция, аккумуляция және массалық баланс бойынша үздіксіз бақылау жүргізіледі. «Бақылау нәтижелері мұздықтың тұрақты түрде масса жоғалтып жатқанын көрсетті, – дейді Саят Әлімқұлов. – Қазір институт пен Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығы мұздықтарды мониторингтеу, климат өзгерісінің әсерін бағалау және өңірлік ғылыми зерттеулер жүргізу бағытында бірлесіп жұмыс істеп келеді».
Фотосуретті «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ ұсынды
Маманның айтуынша, соңғы жылдары мұздықтардың ауданы мен көлемінің тұрақты қысқару үрдісі айқын байқалады. Егер өткен ғасырдың ортасында Қазақстандағы мұздықтардың ауданы 1768 шаршы шақырымнан асса, бүгінде оның едәуір бөлігі жоғалған. Іле Алатауының өзінде жүзге жуық мұздық жойылып кеткен.
Сонымен бірге мұздықтардың шегінуі жаңа қауіптің пайда болуына себеп болып отыр. Соның бірі – мұздықтар етегінде мореналық көлдердің көбеюі. «Мұздықтардың шегінуі нәтижесінде жаңа көлдер қалыптасып, олардың көлемі ұлғайып жатыр. Бұл таулы аймақтардағы сел қаупінің артуына әсер етеді және тұрақты мониторинг жүргізуді талап етеді», – дейді Саят Әлімқұлов.
Оның сөзін осы инситуттың Табиғи қауіптер зертханасының жетекшісі Сандуғаш Ранова да қостайды. «Мұздықтарды еруі салдарынан пайда болған осындай көлдердің жарылуы Іле Алатауында бірнеше рет апатты селдердің жүруіне себеп болды», – дейді ол. Институттың дерегіне сүйенсек, Қазақстанның таулы өңірлерінде бүгінде 970 мұздық көлі бар екені анықталған. Оның ішінде Іле Алатауының солтүстік беткейінде ғана 164 көл орналасқан.
Алдымен ауыл шаруашылығы зардап шегеді
Мұздықтардың деградациясы ең алдымен ауыл шаруашылығы секторына әсер етеді. Өйткені Қазақстандағы суармалы егіншіліктің басым бөлігі қар мен мұздықтан қоректенетін өзендерге тәуелді.
Фотосурет: Ерболат Шадрахов
«Мұздықтар вегетациялық кезеңде өзен ағынын тұрақтандыратын табиғи реттеуші қызмет атқарады, – дейді экстремалды гидрологиялық құбылыстар зертханасының аға ғылыми қызметкері болып істейтін Эльмира Талипова. – Климаттың жылынуы жағдайында мұздықтардың ауданы мен көлемінің қысқаруы ұзақ мерзімді перспективада өзендердің табиғи ағынының азаюына әкелуі мүмкін». Бұл әсіресе Іле, Шу–Талас және Сырдария алаптары үшін өзекті.
Өзен суларының азаюы экологиялық апат емес, бірақ ауыл шаруашылығы, энергетика және халықты ауыз сумен қамтамасыз ету ісінде күні бұрын маңызды қадамдар жасауды қажет етеді.
«XXI ғасырдың ортасына қарай Қазақстан өзендерінің басым бөлігі «су шыңы» кезеңінен өтеді. Одан кейін мұздық қорлары азайып, өзен ағындысы төмендейді. Бұл экологиялық апат емес, бірақ еліміздің су шаруашылығы жүйесін түбегейлі жаңғыртуды талап етеді, – дейді тағы бір PhD Гаухар Баспақова. Оның айтуынша, Қазақстанға жаңа су қоймаларын салу, су ресурстарын цифрлық бақылау және ауыл шаруашылығын су үнемдеу технологияларына көшіру қажет болады.
«Климаттың жылынуына байланысты мұздықтардың кішірейіп, өте жылдам еріп жатқаны жасырын емес. Алайда Орталық Азиядағы көптеген ірі өзен бассейндеріндегі мұздық суы жылдық ағынның 1–5 пайызын ғана құрайды, – дейді Nazarbayev University ғалымы және National Laboratory Astana (NLA) қызметкері Доктор Вадим Япиев. – Керісінше, өңірдегі тұщы судың шамамен төрттен үш бөлігі маусымдық қардың еруінен келеді, ал басым бөлігі сол қар суымен толығатын жер асты сулары тағы бір маңызды резервті қалыптастырады». Басқаша айтқанда, Орталық Азия бір ғана мұздықтарға емес, тұтастай алғандағы таулы су жүйесінің цикліне тәуелді.
Қазақстан мен Орталық Азияның су ресурстарын зерттеуге маманданған Вадим Япиев бұл ойын National Geographic Qazaqstan журналының орыс тіліндегі kaz.natgeo.kz сайтында жарияланған мақаласында айтқан.
Ғалымдардың пікірінше, мұздықтардың жедел еруінің басты себебі – климаттың өзгеруі. Саят Әлімқұловтың айтуынша, республикадағы биік таулы өңірлерде соңғы алпыс жылдан астам уақытта ауа температурасы шамамен бір градусқа жоғарылаған. Негізгі факторлардың бірі – жерге жақын ауа температурасының тұрақты өсуі. Биік таулы аймақтарда жазғы және орташа жылдық температура әр онжылдық сайын орта есеппен 0,3–0,4 градусқа көтеріліп келеді. Соның салдарынан мұздықтардың еру кезеңі ұзарып, нөлдік изотерма жоғары көтеріледі. Осы жағдай мұздықтардың қалыптасу аймағын тарылтып жатыр. Температураның жоғарылауымен бірге жауын-шашын сипаты да өзгеріп келеді. Бұрын қар болып түсетін ылғалдың бір бөлігі енді жаңбыр түрінде жауады. Маман мұның мұздықтарға екі түрлі әсер ететінін айтады.
«Қардың үлесі азайып, жаңбыр көбейіп келеді, – дейді Саят Әлімқұлов мәселенің мәнін тарқата түсіп. – Бір жағынан қысқы кезеңдегі мұздықтардың қоректенуі төмендейді, екінші жағынан жаңбыр мұздықтардың температурасын көтеріп, еру процесін жеделдетеді».
Тағы бір маңызды фактор – альбедоның төмендеуі. Бұл – мұздық бетінің күн сәулесін шағылыстыру қабілетінің әлсіреуі. Шөл және шөлейт аймақтардан көтерілетін шаң-тозаң мен өнеркәсіптік ыс мұздықтардың бетіне қонып, олардың күн радиациясын көбірек сіңіруіне ықпал етеді. Соның нәтижесінде еру процесі бұрынғыдан әлдеқайда жылдам жүреді.
Жетпіс жылдық бақылау нені көрсетті?
Қазақстан мұздықтарының өзгеру динамикасын ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан зерттеуші-ғалым Василий Капица соңғы жетпіс жылдағы бақылау мұздықтардың тұрақты түрде деградацияға ұшырап жатқанын дәлелдейтінін айтады. Оның айтуынша, Қазақстандағы мұздықтардың кему қарқыны таулы жүйелердің шеткі бөліктерінде орналасуына байланысты Қырғызстан мен Тәжікстан мұздықтарына қарағанда жоғары. Соңғы 69 жылда Қазақстан мұздықтары 1955 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өз аумағының 47 пайызын жоғалтты. Бұл – шамамен 754 шаршы шақырым. «Мұздықтардың қысқаруына бірнеше фактор әсер етеді, – дейді Василий Капица. – Ең алдымен жылы кезеңдегі ауа температурасының көтерілуі, жылы маусымның ұзаруы, атмосфералық циркуляцияның өзгеруі және радиациялық тепе-теңдіктің ауытқуы маңызды рөл атқарады».
Ғалым мұнымен қатар әр мұздықтың табиғи ерекшелігі де оның қаншалықты жылдам еритінін анықтайтынын айтады. Мұздықтың биіктігі, беткейдің көлеңкеленуі, мореналық жамылғысының қалыңдығы, қар сызығының деңгейі сияқты факторлар да оның тағдырына ықпал етеді.
Оның пікірінше, «жаһандық жылыну» деген ұғымды абсолютті себеп ретінде қарастыру дұрыс емес. «Одан гөрі климаттың өзгеруі туралы айтқан дұрыс. Бұл – Жер тарихындағы табиғи әрі заңды үдеріс, – дейді зерттеуші. – Мұздықтар климатқа ең сезімтал табиғи нысандардың бірі болғандықтан, қазіргі өзгерістерге бірінші болып жауап береді.
«География және су қауіпсіздігі институты» АҚ Аймақтық климаттық өзгерістер зертханасының жетекшісі Жанар Наурозбаева климат өзгерісінің мұздықтарға әсері жыл сайын күшейіп, соның салдарынан қазіргі уақытта олардың табиғи тепе-теңдігі бұзылғанын айтады.
«Температураның көтерілуі қар «сызығының» жоғарылауына әкелетіндіктен, мұздықтардың қоректену аймағы қысқарады. Сонымен қатар көктем ерте туып, күз кеш түсетіндіктен, еру маусымы ұзарады. Бұл мұздықтардың табиғи түрде қалпына келу мүмкіндігін азайтады», – дейді Жанар Наурозбаева.
Ол жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде көктемнің орта есеппен бірнеше күн ертерек басталып, тұрақты қар жамылғысы керісінше кеш қалыптасатыны анықталғанын айтады. Ғылыми модельдер XXI ғасырдың соңына қарай ауданы 0,5 шаршы шақырымнан аспайтын шағын мұздықтар толық жойылатынын, ал Корженевский немесе Орталық Тұйықсу сияқты ірі мұздықтардың өзі көлемінің 50–70 пайызын жоғалтатынын көрсетіп отыр.
Мұздықтардың жедел еруіне температура ғана емес, жауын-шашын құрылымының өзгеруі де әсер етеді. «Біріншіден, қардың орнына жаңбыр жиі жауады. Жаңбыр мұздықтарды іштен жылытып, еруді тездетеді. Екіншіден, көктемгі қардың ерте еруі қара мұздың ашылуына әкеледі. Таза қар күн энергиясының 80–90 пайызын шағылдырса, лас мұз жылудың 70–80 пайызын сіңіреді. Бұл мұздықтардың еру қарқынын айтарлықтай күшейтеді», – дейді зертхана жетекшісі.
Мұздықтардың кемуі – бүгін ғана байқалған құбылыс емес. Ол ондаған жылдар бойы жүргізілген ғылыми бақылау арқылы дәлелденген ұзақ мерзімді үрдіс. Қазіргі басты міндет – мұздықтардың өзгерісін дәл бақылап, климаттық модельдерді жетілдіру және ғылыми мониторингті тоқтатпау. Өйткені мұздықтардың бүгінгі жағдайы – ертеңгі су қауіпсіздігінің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің экологиялық тұрақтылығының басты көрсеткіштерінің бірі. Келесі онжылдықтарда олардың қалай өзгеретіні климаттың ғана емес, қоғамның табиғатқа деген жауапкершілігіне де байланысты болмақ.
Автор: Ақбота Мұсабекқызы







