Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде фотосурет өнері мен әдебиетті біртұтас көркем кеңістікте тоғыстырған «Менің Қазақстаным кадрларда… Біздің өміріміз жолдарда…» көрме жобасы ашылды. Эльвина Краснованың бастамасымен жүзеге асқан бірегей жоба өнердің әр түрін өзара үндестірудің жаңа үлгісін ұсынады. Мұнда фотография мен әдебиет туған елге деген сүйіспеншілік, ұлттық болмыс және Қазақстанның мәдени мұрасы секілді ортақ тақырыптарды арқау еткен біртұтас көркем ойға айналған. Жобаның басты мұраты – өнер арқылы әртүрлі адамдарды ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырып, ауқымды шығармашылық кеңістіктің бір бөлігіне айналдыру.
Жобаның бір бөлігі – «Өмірімді өзгерткен кітап» байқауының қорытындысы негізінде әзірленген «Біздің өміріміз жолдарда…» әдеби экспозициясы. Байқаудың идеялық дем берушісі – EL Book Club пен LEADER кәсіпкерлік академиясының негізін қалаушы, ми мен жадты дамытуға арналған Super Brain кітаптары мен әдістемелерінің авторы Эльвина Краснова.
Байқаудың 30 жеңімпазы дүниетанымына, адамгершілік таңдауына және өмір жолына ықпал еткен кітаптар жайындағы жеке хикаяларын ұсынды. Бұл әңгімелер кітаптың құндылық қалыптастырып, адамдарды жақындастыратын әрі қоғамның дамуына ықпал ететін мәдени құбылыс екенін танытады. Сондықтан жоба әдеби байқау шеңберінен шығып, мәдениет пен білімнің орны туралы кең ауқымды қоғамдық ойталқының бір бөлігіне айналды.
Осы ойды жалғастырған негізгі «Менің Қазақстаным кадрларда…» экспозициясында Татьяна Скачконың 20-дан астам фотосуреті қойылған. Бұл туындыларда Қазақстанның табиғи көріністері көркемдік назар нысаны ғана емес, елдің мәдени және табиғи мұрасына құрмет қалыптастыратын кеңістік ретінде көрерменге ашылады. Автор фотосуреттер арқылы көрерменді туған жердің сұлулығын көруге, онымен байланысын сезінуге әрі осы мұраны келер ұрпақ үшін сақтау жайында ойлануға шақырады.
Фотокөрме авторы Татьяна Скачко «Әр фотосурет – табиғатымен, кең аумағымен және сұлулығымен шабыттандыратын Қазақстан жайындағы бір оқиға. Бұл туындылар көрерменге таныс жерлерге жаңаша үңіліп, елімізбен жеке байланысын сезінуге көмектессе екен деймін», – деді.
«Біз фотография мен әдебиет бірін-бірі толықтыратын кеңістік құруға ұмтылдық. Бұл жоба – адамдар, кітаптар, табиғат және туған елге деген сүйіспеншілік туралы. Осындай оқиғалар мәдени жадты қалыптастырып, қоғамды ұйыстырады», – дейді жоба авторы Эльвина Краснова.
Көрме 2026 жылғы 13 тамызға дейін жалғасады.
«Менің Қазақстаным кадрларда… Біздің өміріміз жолдарда…» жобасы EL Book Club пен Almaty Gallery Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің қолдауымен жүзеге асырылды.







