Ғарыштан жеткен сәлемдеме: Павлодар өңіріне түскен метеориттердің тарихы

283

Павлодар облысының тарихы талай қызыққа толы. Соның бірі – ғарыштан келген «қонақтар». Кейінгі бір жарым ғасырда бұл аймақтан бірнеше рет метеорит табылған, тіпті кейбірі жұрттың көз алдында көктен түскен.

Мұндай сирек құбылыс жергілікті халықтың ғана емес, ғалымдардың да қызығушылығын оятты. Бүгінде Ертістің Павлодар өңіріндегі бөлігінен табылған метеориттер ғылыми қорларда сақтаулы. Олар зерттеушілерге Күн жүйесінің қалай жаратылғанын тереңірек түсінуге септігін тигізіп келеді.

Автор: Александр Вервекин

Жұлдыздар жарқыраған түнгі аспан.
Фотосурет: Наталья Булава

Ямышевоға көктен түскен сый

Өңірге метеорит түскені жайлы алғашқы деректерде Ямышево ауылы аталады. 1885 жылы осы маңнан салмағы 4,5 келілік темір-тас метеорит табылған.

Бұл олжа туралы павлодарлық журналист әрі жиһанкез Владимир Бугаев жазып қалдырған. Тарихшы Антонина Казимирчиктің естелігіне сүйенсек, аспаннан ерекше дененің құлағанын көрген жергілікті бақташылар мұны көктен келген белгі санап, дұға оқи бастаған екен.

Кейінірек бұл жәдігер ғылыми қорларға тапсырылып, Қазақстаннан тыс жерлерге де мәлім болды. Шетелдік каталогтарда ол Pavlodar деген атаумен тіркелген. Бұл – ғалымдар мен коллекционерлер ерекше бағалайтын, темір-тас метеориттерінің өте сирек кездесетін түрі – палласит.

Бұл жерге деген ғалымдардың ықыласы ғасырдан асса да суыған емес. 2009 жылы омбылық зерттеуші Виктор Гоношилов Ямышево көлінің маңына экспедиция ұйымдастырды. Оның негізгі болжамдарының бірі – көлдің метеорит құлауынан пайда болғаны. Экспедиция мүшелері зерттеу барысында құрамында темір қоспасы бар, сыртында балқу ізі қалған тас тауып алды. Тексеру барысында тастың радиациялық фоны қалыпты екені анықталып, одан әрі зерттеу үшін мамандарға жіберілді.

Зерттеудің нақты қорытындысы көпшілікке жарияланбаса да, Ямышево хикаясы – өңірдегі метеориттер шежіресінің ең жұмбақ беттерінің бірі.

Омбылық Виктор Гоношилов
Құрамында темірі бар тас
Ямышево көлінің пайда болу себебін зерттеу барысы

Николаевка: мектеп оқушысы тауып алған олжа

Құжатпен расталған келесі оқиға 1935 жылы 11 шілдеде қазіргі Шарбақты ауданындағы бұрынғы Николаевка ауылының маңында болған.

Жаздың әдеттегі бір күні еді. Колхозшылар алаңсыз шөп шауып жатқан еді. Түстен кейін сағат үштер шамасында аспанда жарқыраған отты нүкте пайда болады. Куәгерлердің айтуынша, мылтық атылғандай немесе ұшақтың гүріліне ұқсас қатты гүрс еткен дыбыс естілген. Іле-шала олар жерге құйындата құлап бара жатқан қап-қара затты көреді.

Метеорит ауылдан бір жарым шақырымдай жерге түсіп, айналаны бұрқ ете көтерілген шаң басады. Жұрт белгісіз затты әскери снарядқа балап, әуелде оған жақындауға жүрексінеді. Біраз уақыт өткен соң ғана әлгі тасты жерден қазып алады. Ол кезде тас әлі суымаған, жып-жылы екен.

Қызыққұмар тұрғындар оның кішкене бөлігін сындырып алып, қалғанын сол орнында тастап кетеді. Осы кезде үшінші сынып оқушысы Миша Дудкин метеоритті үйіне апарып, кейін оны колхоз қоймасына өткізген.

Бертін келе бұл жәдігер КСРО Ғылым академиясының қолына тиеді. Зерттеу нәтижесінде оның тас метеориттердің ең көп таралған түрі – сұр хондрит екені анықталды.

Николаевка метеоритінің тарихы – ауыл баласы кездейсоқ тауып алған тастың құнды ғылыми жәдігерге қалай айналғанын көрсететін жарқын мысал.

Павлодар: қаланың қақ ортасына құлаған метеорит

Өңір тарихындағы ең сирек құбылыстардың бірі – метеориттің дәл Павлодар қаласының орталығына құлауы.

1938 жылғы 23 мамырда қала тұрғындарын кенеттен гүрс ете қалған қатты дыбыс шошытты. Көп ұзамай бұл шуға шаһар ішіне құлаған метеорит себеп болғаны анықталды.

Куәгерлердің айтуынша, аспан денесінің бір бөлшегі орталық алаңдағы қалалық кеңес ғимаратының жанына, ал екіншісі Ленин көшесіндегі кинотеатр маңына түскен. Тіпті құлаған тас сол маңайда өтіп бара жатқан адамға тиіп кете жаздапты.

Бұл оқиға бірден елдің назарын аударды. Тас түскен жерге қызықтаушылар қаптады. Кейбір батыл азамат ғарыштан келген «қонақты» қолына алмақ та болды, алайда тастың ыстықтығы сонша – ұстау мүмкін болмаған.

Кейінірек бұл метеориттің темір мен тастан тұратыны белгілі болды. Оның салмағы небәрі бірнеше жүз грамм ғана еді. Алайда олжаның құндылығы салмағында емес, мұндай жағдайдың өте сирек кездесуінде болатын. Өйткені қаланың қақ ортасына ғарыш денесі күнде түсе бермейтіні анық.

Фотосурет: Владимир Бугаев

Оқиға туралы хабар ғалымдар арасына да тез тарады. Павлодарға сол замандағы метеорит зерттеуші ең ірі ғалымдардың бірі – белгілі кеңестік астроном әрі минералог Евгений Кринов арнайы келеді.

Алайда ол жеткенше, жұрт жәдігердің біраз бөлігін естелік ретінде бөлісіп, әкетіп қалған еді. Кейбір мәліметке сүйенсек, тастың сынықтары сайлау комиссиясының мүшелері мен жергілікті тұрғындардың қолында кеткен.

Соның салдарынан КСРО Ғылым академиясына метеориттің кішкентай ғана бөлшектері жетеді.

Дегенмен мамандар осы үлгілерді зерттей отырып, олардың шынымен де ғарыштан келгенін растады. Осылайша «Павлодар» метеориті ғылыми каталогтар тізіміне енді.

Бұл оқиғаның соғысқа дейінгі қала өмірінде қандай дүрбелең тудырғанын бүгінде елестетудің өзі қиын. Ақпарат қазіргідей көзді ашып-жұмғанша таралмайтын ол кезде Павлодардың қақ ортасына аспан денесінің құлауын жұрт нағыз ғажайыпқа балаған еді.

Сондықтан арада ондаған жыл өтсе де, бұл оқиғаның өлкетанушылар естелігі мен мұрағат құжаттарында әлі күнге дейін сақталуы – заңдылық.

Ефремовка: құрамында гауһары бар метеорит

Павлодар облысы аумағына метеорит түскені жайлы соңғы дерек 1962 жылы бұрынғы Ефремовский кеңшарының маңында тіркелді.

Ол маңнан салмағы 21 келіге жуық тас метеорит табылған. Бұл – өңірден табылған осы күнге дейінгі ең ірі метеорит.

Арада жылдар өткен соң мамандар оның құрамынан микроскопиялық гауһар тас бөлшектерін тауып, жәдігерге деген қызығушылық тіпті арта түсті. Ондағы кристалдардың кішкентайлығы сонша, оларды арнайы құрылғысыз көзбен көру мүмкін емес еді. Дегенмен мұндай жаңалық ғалымдар арасында ерекше серпіліс тудырды.

Мұндай олжалар ғалымдарға ғарыш денелерінің қалай қалыптасқанын және Жер ғаламшарының осыдан миллиардтаған жыл бұрынғы, яғни қазіргі кейпіне енгенге дейінгі жағдайын зерттеуге таптырмас мүмкіндік береді.

Сондықтан Ефремовка метеориті – Қазақстан аумағына құлаған ең қызықты ғарыш нысандарының бірі болып қала бермек.

Фотосурет: Владимир Бугаев

Метеориттер қайдан келеді?

Метеориттер – Күн жүйесі енді қалыптасып келе жатқан кезеңнен сақталып қалған ежелгі заттардың бөлшектері. Мұндай нысандардың басым көпшілігі Жерге Марс пен Юпитер арасындағы астероидтар белдеуінен ұшып келеді.

Ғарыш тасы Жер атмосферасына енгенде ауамен үйкеліске түсіп, қатты қызады. Аспанда оттай жарқырап көрінетін осы ізді ғылымда метеор деп атайды.

Мұндай денелердің көбі атмосфера қабатында толықтай жанып кетеді. Ал Жер бетіне аман жеткен бөлшегін метеорит дейміз.

Құрамына қарай метеориттер үш негізгі топқа бөлінеді: тас, темір және темір-тас. Павлодар облысынан табылған кейбір жәдігер дәл осы үшінші топқа (темір-тас метеориттерге) жатады.

Табылған әр метеориттің ғылым үшін маңызы зор. Олардың құрамын зерттей отырып, ғалымдар осыдан миллиардтаған жыл бұрынғы, яғни Күн жүйесі енді ғана қалыптасып келе жатқан тұстағы құбылыстар жайлы құнды мәлімет алады.

Ертіс өңірінің ғарыштық мұрасы

Ғасырдан астам уақыт ішінде Павлодар облысының аумағына бірнеше рет метеорит құлағаны тіркелген. Олардың бірі ғылым әлемінде үлкен жаңалыққа айналса, енді бірі тек куәгерлер естелігі мен мұрағат құжаттарында ғана сақталып қалды.

Бұл оқиғалар Ертіс өңірінің кең жазира даласына да сонау алыс ғарыштан оқтын-оқтын «қонақтар» түсіп тұратынын еске салады. Метеориттің құлағанын көзбен көру өте сирек кездесетін жағдай болғанымен, мұндай әрбір құбылыс – Күн жүйесінің қалай пайда болғанына тікелей үңілуге мүмкіндік беретін бірегей тарихи сәт.

Түнгі жұлдызды аспан.
Фотосурет: Наталья Булава
Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ