Автор: Эндрью Чапман
Фотосурет: Надир Сиддики
Инд (немесе Хараппа) өркениетінің ірі орталықтарының бірі саналатын Мохенджо-Даро қаласының құрылысы өте мұқият жоспарланған. Қалада кәріз жүйелері, түп-түзу көшелер мен бірыңғай қалыптағы кірпіштен тұрғызылған ғимараттар болған. Көлемі бір-біріне ұқсас келетін тұрғын үйлерге сол заманның өзінде-ақ су құбырлары тартылған еді.
Осыншама мұқият ұйымдастырылғанына қарамастан, бұл көне шаһарға қатысты көптеген жайт – оның жазу жүйесі мен қоғамдық құрылымы әлі күнге жұмбақ. National Geographic журналының мамыр айындағы санында жазылғандай, ондаған жылға созылған үзілістен кейін жақында көне қалада қазба жұмыстары қайта басталды. Сөйтіп, зерттеушілер Мохенджо-Дароға қатысты ең көкейкесті сұрақтардың, соның ішінде қалада билеуші ақсүйектердің болып-болмағанына қатысты жұмбақтың жауабын іздеуге қайта кірісті.
Қолда бар археологиялық айғақтарға сүйенсек, бұл ірі орталық көне замандағы теңдікке негізделген бірегей эгалитар қоғам болған сыңайлы. Жуырда Antiquity журналында жарық көрген жаңа зерттеу осылай тұжырымдайды.
Фотосурет: Сара Карон
Фотосурет: Сара Карон
1920 жылдары Инд аңғарындағы қалаларда алғашқы қазба жұмыстарына жетекшілік еткен Англия Археология басқармасының директоры сэр Джон Маршалл мұнда сарайлардың, патша мазарлары мен мүсіндерінің, билеуші тапқа тиесілі ескерткіштердің мүлдем жоқ екенін байқаған.
Алайда ғалымдардың басым бөлігі Маршалдың қазба жұмыстарының нәтижесіне қарамастан, бір замандарда билеушісіз қоғам болған деген пікірге келіспеді. 1960 жылдары сол кездің ең беделді антропологтері әлемдегі барлық қоғамның дамуын тайпалық құрылымнан мемлекетке қарай бірізді ілгерілейтін бірыңғай модельге сыйдыруға тырысқан еді. Соның салдарынан көптеген археолог «Инд аңғарында да міндетті түрде билеуші тап болған, бірақ олардың өмір сүргенін дәлелдейтін айғақтар топырақ астынан әрі аршып алынған жоқ» деген тоқтамға келді.
Әйтсе де Англиядағы Йорк университетінің археологі, жуырда жарияланған мақаланың авторы Адам Гриннің ұстанымы басқаша. Оның ойынша, қалада шынымен де билеуші тап болғанында, олардың ізі осы уақытқа дейін археологиялық олжалар қатарынан табылар еді. «Патшалардың ізі білінбей қалуы мүмкін емес», – дейді ол.
Гриннің жаңа зерттеуі көрсеткендей, Инд аңғарындағы Мохенджо-Даро қаласы кеңейіп, ежелгі әлемдегі алғашқы ірі урбанистік орталықтардың біріне айналған сайын, қоғамдағы теңсіздік ұлғаймаған. Керісінше, тұрғындар бұрынғыдан да теңқұқылы (эгалитар) бола түскен.
Ежелгі жәдігерлер не дейді?
Грин 2020 жылы Journal of Archaeological Research басылымында Инд қоғамының теңқұқылы болғанын негіздейтін мақала жариялады. Оның тұжырымынша, Инд өркениетін жүз жыл бойы зерттегеннен кейін де билеуші ақсүйектерге қатысты ешбір айғақтың табылмауы – археологиялық деректердің кемшілігі немесе олқылығы емес. «Кейде қандай да бір айғақтың жоқтығының өзі – сол құбылыстың шын мәнінде болмағанының нақты дәлелі», – дейді ғалым.
Алайда ғалымның кей әріптесті бұл пікірге бірден келісе қоймады. 2022 жылы Archaeology Magazine журналында жарық көрген мақалада бір топ зерттеуші Инд аңғарында жеке дара билеушінің болмау ықтималдығын мойындаса да, оны толыққанды эгалитар қоғам деп тануға асықпады.
Фотосурет: Сара Карон
Бірақ Грин мұнда теңдіктің болғанына меңзейтін көптеген материалдық айғақты алға тартады. Мысалы, ол Мохенджо-Даро мен Хараппа сияқты Инд аңғарындағы шаһарлардағы үйлердің көпшілігінен байлық белгісі саналатын моншақтар мен білезіктер табылғанын атап өтеді.
Тұрғын аудандар деп болжанған аумақтарда жүргізілген қазба жұмыстары кезінде бетіне айшықты өрнектер қашалған мыңдаған тас мөр табылды. Олар тауарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп әрі Инд аңғарындағы сауда-саттықты жүргізуге қолданылған. Сол замандағы басқа қоғамдарда, мәселен, Месопотамияда мұндай мөрлер әдетте билеушілердің тауарлары сақталатын ғибадатханалар мен сарай сияқты зәулім ғимараттарда ғана шоғырланған.
Грин қала сәулетінен де ұжымдық басқарудың нышандарын байқайды. Мохенджо-Дародағы ірі көше қиылыстарында бой көтерген кейбір ғимараттың бірнеше есігі болған әрі олар барша жұртқа ашық болған. Бұл нысандарда әдеттегі тұрғын үйлерге тән ошақ пен ішкі аулалар кездеспеген. Ғалымның пайымдауынша, мұндай орындар халық бас қосып, өзара кеңесіп, ортақ мәселелерді шешетін қоғамдық кеңістік қызметін атқарған.
Ғалымдар көне замандағы теңсіздік деңгейін қалай өлшейді?
Грин Инд аңғарындағы теңдікке қатысты теориясын 20 мың жылдан астам уақытты қамтитын теңсіздік заңдылықтарын зерттейтін ғалымдар тобына қосылған кезде сарапқа салды. «Теңсіздіктің жаһандық динамикасы» (Global Dynamics of Inequality – GINI) деп аталатын бұл жоба аясында әлемдегі 4000 қоныстағы байлықтың бөлінісі зерттеліп, әрқайсысына Джини коэффициенті берілді. Бұл көрсеткіш 0 (толық теңдік) мен 1 (абсолют теңсіздік) аралығында өлшенеді.
Фотосурет: Сара Карон
Инд аңғарындағы теңдік деңгейін талдау үшін Грин мен оның әріптестері ХХ ғасырдың басында қазба жұмыстары кезінде аршылған Мохенджо-Дародағы үйлерді зерттеді. Олар үйлердің ауданындағы айырмашылықтарды қоғамдағы теңсіздіктің көрінісі ретінде қарастырып, тұрғынүй көлемін байлықтың өлшемі ретінде негізге алды.
GINI жобасының дерекқорында жарияланған 2025 жылғы мәліметке сүйенсек, Мохенджо-Дароның Джини коэффициенті 0,44-ке тең болған. Бұл нәтиже Мохенджо-Дародағы әлеуметтік теңдік Ур (0,71) немесе Угарит (0,67) секілді Батыс Азиядағы сол дәуірдегі қалалармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы болғанын көрсеткенімен, Грин бұл көрсеткіштің өзін «күткенімнен де жоғары» деп бағалады. Әйтсе де, ғалым бұл сандық мән б.з.д. 2500–1900 жылдар аралығындағы мың жылға жуық уақытты қамтитын деректердің тым ауқымдылығынан бұрмаланған болуы мүмкін деп санайды.
Зерттеушілер Мохенджо-Дароның жекелеген аудандарындағы тұрғын үй кешендерін хронологиялық ретпен топтастыра отырып, Джини коэффициентінің динамикасын бақылады. Мәліметтерге сәйкес, б.з.д. 2500 жылғы 0,39 көрсеткіші б.з.д. 2300 жылға қарай 0,32-ге дейін төмендеген. Ал қаланың гүлденген шағы – б.з.д. 2100 жылы бұл көрсеткіш 0,23-ке дейін түсіп, қоғамдағы теңсіздік деңгейі неолит дәуіріндегі шағын қауымдастықтардағыдай ең төменгі шекке жеткен.
Теңдік деңгейінің артуы қоғамдық ұйымдасудың жетіліп, өмір сүру сапасының жақсаруымен тұспа-тұс келген. Мұны торкөзді (тікбұрышты) қала жоспарлау жүйесінің орнығуынан, сондай-ақ ішкі ауласы мен санитариялық желісі бар біркелкі тұрғын үйлердің жаппай салынуынан байқауға болады. Гриннің пайымдауынша, бұл Инд өркениетінің уақыт өткен сайын теңқұқылы қоғамға айнала түскенін білдіреді.
Жауабы табылмаған сұрақ
Гриннің кейбір әріптесі Мохенджо-Дародағы теңсіздікке қатысты бұл жаңа көзқарасты бар болғаны қызық дерек деп санайды.
Фотосурет: Сара Карон
«Меніңше, бұл – өте қызық нәтижелер. Егер тұрғын үй көлемін байлықтың өлшемі ретінде қарастырсақ, бұл мәліметтер көше бойындағы сауда белсенділігі артқан сайын қоғамда уақыт өте келе қандай өзгерістер болғанын айқын көрсетеді, – дейді бұрын мақала авторларымен бірлесе жұмыс істегенімен, бұл жаңа зерттеуге қатыспаған Сассекс университетінің археологі Даника Парик. – Мохенджо-Даро – ерекше мекен. Сондықтан осы нәтижелерді Инд өркениетінің өзге қалаларымен салыстыра зерттеу расында да қызық болар еді».
Ол шамамен 640 шақырым қашықтықта орналасқан Инд өркениетінің тағы бір қаласы – Хараппадан алынған зерттеу нәтижелерін мысалға келтіреді. Ондағы зорлық-зомбылық деңгейі мен тұрғындар денсаулығындағы айырмашылықтар Хараппадағы теңсіздіктің Мохенджо-Даромен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болғанын көрсетеді.
Пратт институтының Инд өркениеті жөніндегі маманы, аталған зерттеуге қатыспаған Узма Ризви былай дейді: «Бұл зерттеудің құндылығы мынада: Инд өркениеті өте ауқымды болғандықтан, мүмкіндігінше әртүрлі зерттеу тәсілін қолдануымыз керек».
Ғалым ғимараттардың нақты қандай мақсатта қолданылғаны туралы толық мәлімет болмаса, үйдің көлеміне ғана қарап байлықты өлшеу қаншалықты сенімді екеніне күмән келтіреді. Дегенмен ол Гриннің тәсілін мүлде жоққа шығаруға болмайтынын да ескертеді. «Оның тұжырымына міндетті түрде келісуіміз шарт емес», – дейді сарапшы. Десе де, археолог ежелгі қалалардағы тұрғын үй көлемін зерттеу сол замандағы қоғамның тыныс-тіршілігін ұғынуға мүмкіндік беретін маңызды кілт екенін мойындайды.
Инд өркениетін зерттейтін басқа да ғалымдар алдағы уақытта жүргізілетін жаңа ауқымды далалық қазба жұмыстары Гриннің бұл тұжырымын теріске шығаруы әбден мүмкін деп санайды.
Фотосурет: Надир Сиддики
Падуа университетінің археологі, бұл зерттеуге қатыспаған Массимо Видале қаланың шеткі аудандары, яғни қазіргі қазба жұмыстары жүріп жатқан «төбешіктер» емес, терең шөгінділер астындағы жазық жерлер әлі күнге зерттелмегенін алға тартады. Яғни Гриннің теңдікке қатысты гипотезасы бұрмаланған болуы мүмкін.
«Қарапайым халықтың тұрғын үйлері қалыңдығы сегіз метрге жететін шөгінділер мен батпақтың астында қалған», – деп пайымдайды Видале. Ғалым билеуші ақсүйектердің өзгелерден ерекшеленіп тұрмауын осы күнге дейін қазба жұмыстарының негізінен тек элиталық аудандарда жүргізілуімен тікелей байланыстырады.
«Адамдар ежелгі теңқұқылы қоғамдар жайлы армандағанды жақсы көреді, – деп қорытындылайды Видале. – Алайда бұл – құр қиял ғана».
Ежелгі қоғамдар жөніндегі көзқарасымызды қайта саралау
Инд аңғарынан бөлек, ғалымдар әлемнің басқа өңірлерінде де орталықтандырылған билігі немесе деспоттық басқарушылары жоқ қоғамдардың жаңа айғақтарын тауып жатыр.
Гриннің әріптесі болғанымен, бұл зерттеуге қатыспаған Чикагодағы Field мұражайының археологі Гари Фейнман Оңтүстік Мексикада б.з.д. 500 жылдар шамасында өркендеген Монте-Альбан қаласын зерттеп жүр. Бұл қауымдастықта да билеуші таптың болғанын дәлелдейтін айғақтар өте аз, ал Джини коэффициенті 0,38-ге тең болған.
Фейнман көше торабын тарту сияқты ауқымды ұжымдық жұмыстарды жүзеге асыру үшін міндетті түрде орталықтандырылған билік қажет деген тұжырымды сынға алады.
«Бұл – жаңсақ пікір. Мүлдем қате, – дейді ол. – Халық озбыр билеушісіз-ақ ғаламат істерді тындыра алады».
Фейнман өз зерттеулері барысында ежелгі заманда ұжымдық басқарудан бастап автократиялық билікке дейінгі әртүрлі саяси құрылымдардың болғанын анықтаған. «Басқару жүйесі қаншалықты демократиялы немесе ұжымдық сипатқа ие болса, қоғамдағы теңсіздік деңгейі де соншалықты төмен болатынына көз жеткіздік», – дейді ғалым.
Әртүрлі дәуір мен аймақтарды қамтитын осындай ауқымды тарихи шолуларға сүйене отырып, Фейнман, Грин және басқа да ғалымдар ежелгі теңқұқылы қоғамдардың тәжірибесі қазіргі заманға тамаша үлгі бола алады деп есептейді. Өйткені кейінгі 30 жыл ішінде дамыған елдердің 90 пайызға жуығында Джини коэффициенті өскен, ал әлем халқының тең жартысы теңсіздік жайлаған елдерде өмір сүріп жатыр.
«Теңсіздік – бұлжымас заңдылық емес, – дейді Фейнман. – Бұл құбылысқа біз өзіміз қоғам болып жол беріп отырмыз».







