«Прада киген албасты» (The Devil Wears Prada) фильмі аспан түстес көк жемпірді сән әлемінің нышанына айналдырды. Бұл реңктің тарихы біз ойлағаннан әлдеқайда терең әрі таңғажайып.
Фотосурет: Alamy
Автор: Бетани Брукшир
Кейбіреулер аспан реңкті қою-көк түстегі жемпірді көргенде, оны кәдімгі «көк» түсті деп ойлауы мүмкін. Бірақ көктің реңкі өте көп: ол қою теңіз түсінен бастап, ең нәзік ақшыл реңктерге дейін құбыла береді. Ал «Прада киген албасты» фильміндегі жемпірге келер болсақ, оның түсі жай ғана көк емес – нағыз зеңгір көк (цирулеум). Фильмнің ең есте қаларлық сахнасында Runway журналының қатал редакторы Миранда Пристли (Мэрил Стрип) үстіне көкшіл жемпір іле салған көмекшісі Эндиге «арзанқол киім» деп менсінбеген жемпірдегі түстің сән тарихындағы орнын тәптіштеп айтып береді.
Алайда зеңгір көктің тарихы сән әлемімен ғана шектелмейді. Көк түс атаулы, соның ішінде цирулеум де табиғатта тым сирек кездесетін әрі алу процесі таңғаларлықтай күрделі түстердің бірі. Әйтсе де адамзат баласы ашық аспанның мөлдір реңкін бояу бетіне түсіруге ғасырлар бойы талпынып келді.
«Прада киген албасты 2» фильмі арқылы Миранда Пристли экранға қайта оралған тұста, мына бір сұраққа үңілгеніміз орынды болар: кәдімгі көгілдір (бирюза) немесе көкшіл (лазурит) емес, дәл осы зеңгір көк (цирулеум) реңкін шығару үшін бізге не қажет? Аспан түстес мінсіз реңк алу үшін ғалымдарға көкшіл кобальттан бастап, калий мен магнийге дейінгі элементтер керек екен. Жаңа зерттеулер көрсеткендей, бұрынырақта бояу өндірушілер табыс пен бірегей түске ұмтылу жолында цирулеумнің химиялық құрамын барынша құпия сақтауға тырысқан көрінеді.
Мысырлық мазарлардан француз кенептеріне дейін
Ғылыми журналист, 2022 жылы жарық көрген «Көк түс: Табиғатта ең сирек кездесетін бояудың ғылымы мен құпиялары» (Blue: The Science and Secrets of Nature’s Rarest Color) кітабының авторы Кай Купфершмидтің айтуынша, көк түс пигмент ретінде адамзат тұрмысына өте кеш енген.
Оның басты себебі – аталған түстің табиғатта аса сирек кездесетіні. Купфершмидтің жазуынша, адамзат 60 мың жылдан астам уақыт бойы сурет салып, айналасын бояумен көмкеріп келген. Дегенмен көбіне қара (көмір), қызыл және сары түстердің төңірегінен аса алмаған. Көк пигменттің бізге белгілі ең алғашқы үлгілері осыдан 9 мың жыл бұрын Түркиядағы көне қорымдардан табылды. Ол кезде мұндай бояу азурит минералын ұнтақтау арқылы алынған.
Мысыр перғауындары қанық көк түсті минералға бай, Ауғанстандағы Гиндукуш тауларында ғана кездесетін лазурит тасын алдыруға ақшасын аямады. Олар сырттан келетін қымбат минералға ғана иек артпай, төл бояуын жасауға да ұмтылды. Осылайша, шамамен б.з.д. 3000 жылы адамзат тарихындағы тұңғыш жасанды пигмент пайда болды. «Осы бояудың алғашқы үлгілерінің бірі – «мысыр көгі» немесе кальций-мыс силикаты», – дейді Мичиган штаты университетінің материалтанушы химигі Мас Субраманян.
Осы ізденістердің нәтижесінде ежелгі мысырлықтардың жерлеу жәдігерлері мен қыш бұйымдарына көздің жауын алардай ашық көк реңк берген шыңылтыр (глазурь) пайда болды. Чехиядағы Прага ұлттық галереясы Химия-технологиялық зертханасының ғалымы Вацлава Антушкованың түсіндіруінше, «цирулеум» сөзі латынның caeruleum терминінен бастау алады. Ежелгі Римде бұл атау дәл осы «мысыр көгі» пигментін белгілеу үшін қолданылған.
Көк түсті бояуды сол заманда бағасы аспандап тұрған шытыршық пен индиго сияқты өсімдіктерден де алған. Ал лазуриттен жасалатын ультрамариннің құны Қайта өрлеу дәуірінде тіпті алтынға пара-пар болды.
Көк түс нені білдіреді?
Тарихшы Мишель Пастуро 2018 жылы жарық көрген «Көк түс: Бір бояудың тарихы» (Blue: The History of a Color) атты еңбегінде көне дәуірде көк түстің символдық мәні аса жоғары болмағанын айтады. Бұған басты себеп – көк бояуды алуға қажет шикізаттың тым тапшы болғаны. Расында да, қолыңда бояуы жоқ түсті белгілі бір ұғымның символына айналдыру мүмкін емес еді.
Алайда, ертеде көк бояу қолжетімді бола бастаған кезде қылқалам шеберлері оны символикалық мағынада қолдана бастады. Мәселен, Мәриям ана көбіне қанық көк шапанда бейнеленсе, үнді мифологиясындағы уақыт пен ажал тәңірі Кали де осы түсте жиі сипатталады. Ал бертін келе ашық көк түс сәбилердің, әсіресе ұл балалардың символына айналды.
Уақыт өте көк түстің мағынасы сан құбылды. Ағылшын тілінде көңіл-күйдің түсуін немесе мұңды күйді («the blues») осы түспен байланыстырса, жарқын болашақты «ашық аспанға» («blue skies») теңейді. Купфершмидтің пікірінше, көк түс – боялмаған, бос жатқан алып кенеп іспетті. Сондықтан адам баласы оған өз қиялындағы түрлі ұғымдарды еркін дарытып, қалауынша пайдалана алады.
Көк түстің химиялық жұмбағы
Көк түстің ауыспалы мағынасын тап басып айту қаншалықты қиын болса, оның бояуын алу одан да күрделі. Субраманянның айтуынша, бұл көк түстің басқалардан ерекшелігіне, дәлірек айтқанда, көзіміз оны жарықтың өзгеше бір түрі ретінде қабылдайтынына байланысты.
Жарық толқын түрінде таралады, бірақ толқындардың ұзындығы мен жиілігі әртүрлі болады. Түстер – жарық толқындарының түрлі ұзындықта немесе энергия деңгейінде қозғалуының нәтижесі. Біздің көзіміз қандай да бір заттың түсін одан шағылысқан толқынның ұзындығына қарай ажыратады. Яғни, біз көріп тұрған түс – заттың өзіне сіңіре (жұта) алмай, кері қайтарған сәулесі. Кемпірқосақтың қызылдан күлгінге дейінгі барлық реңктері – жарықтың әртүрлі толқын ұзындықтары. Мұнда ең ұзын толқын қызыл түске, ал ең қысқа толқын көк түске тән.
Энергиясы төмен жарық толқындарын жұту оңай болғанымен, оларды кері шағылыстыру әлдеқайда қиын. Субраманянның пайымдауыша, көк түстің «кілтипаны» осыдан келіп шығады. Зат көк түсті болып көрінсін десек, ол энергиясы аз қызыл немесе қызғылт сары сәулелерді бойына сіңіріп, керісінше, энергиясы жоғары көк толқындарды шағылыстыруы керек. Алайда, табиғаттағы химиялық қосылыстардың көпшілігі керісінше әрекет етеді: олар көк түсті жұтып, қызыл түсті шағылыстырады.
Субраманянның айтуынша, біз бүгінде «цирулеум» (зеңгір көк) деп жүрген реңкті алудың өзіндік күрделілігі бар. «Мұндағы негізгі міндет – қызыл сәулені жұтып қана қоймай, жасыл түстің де бір бөлігін бәсеңдету арқылы бояудың көгілдір ақық (бирюза) түске ауып кетпеуін қадағалау». Оның пайымдауынша, бұл үшін ең тиімді шешім – кобальт элементін негізге алу. Өйткені ол көк түстің қажетті реңкін табиғи түрде дәл шағылыстыра алады.
Зеңгір көк түстің жасалуы
Атауы латын тілінен шыққан цирулеум түсін швейцариялық химик Альбрехт Хёпфнер XVIII ғасырда қайта жаңғыртты. Ал 1860 жылдардан бастап ол өнер әлемінде бояу ретінде кеңінен қолданыла бастады. Сол кездегі цирулеум кобальт пен қалайының қоспасынан дайындалатын. Мәселен, Клод Моненің 1877 жылғы «Сен-Лазар вокзалы» атты туындысындағы пойыз мұржасынан будақтаған көкшіл бу мен түтін дәл осы бояумен салынған. Сальвадор Далидің 1936 жылы жарық көрген «Бастары бұлтқа толы жұп» (Couple aux têtes pleines de nuages) атты картинасындағы қос кейіпкердің аспан іспетті бастары да осы цирулеум түсімен бейнеленген.
Вацлава Антушкова ғалым-реставратор ретінде цирулеумнің нақты неден және қалай жасалғанын бүге-шігесіне дейін зерттеуді мақсат етті. Оның түсіндіруінше, мұражайлар өнер туындыларының түпнұсқа екенін анықтау үшін көбіне бояудың химиялық құрамына сүйенеді. Кейде тіпті бояудың өзін қайта жасап шығуға тура келеді. «Көне рецептілер бойынша жасалған реконструкциялар бізге құнды салыстырмалы материалдар берді», — дейді ол.
2026 жылғы зерттеу барысында Антушкова мен оның әріптестері 1860 жылдары хатқа түскен тарихи әдістерді қолдана отырып, цирулеум бояуын қайта жаңғыртуға бел байлады. Олар калий станнатын кобальт нитратымен араластыру арқылы сынақ жүргізді. Сонымен қатар, ғалымдар кобальт хлоридін қалайы хлоридімен және натрий карбонатымен әрекеттестіріп көрді. Екі тәсілдің де соңғы нәтижесі ретінде кобальт станнаты түзілуге тиіс еді. Ал тарихи деректерге сүйенсек, бұл қосынды цирулеум бояуының нақ өзі болуы керек-тін.
Бірақ нәтиже күткендей болмады. Алынған қосындылар көк түстің орнына жасылдың түрлі реңктерін берді. «Кейбір үлгілер тым қою, тіпті жасыл реңкті қара түске жақын болса, кейбірі сұрғылт-жасыл болып шықты», – дейді Антушкова. Бірдеңенің жетіспей тұрғаны анық еді.
Көне туындылардан алынған бояу үлгілерін сараптау қорытындысы оның құрамында магний мөлшерінің өте жоғары екенін көрсетті. Антушкова мен оның әріптестері дайындаған қоспаларына магний араластырып, магний-кобальт станнатын алған кезде ғана көздің жауын алар нағыз ашық цирулеумді шығара алды.
Антушкованың пайымдауынша, рецептілерде аталмаған магний кәсіби құпия ретінде жасырылған болуы мүмкін. «Өндірушілер өзге бәсекелестер пигменттің жасалу жолын қайталамасын деп, оны әдейі коммерциялық құпия қылып сақтаған болуы ықтимал», – дейді ол. Сонымен қатар, бояу әзірлеу әдістерін жинақтаған еңбектің авторлары бұл маңызды деректі «оқырман онсыз да біледі» деп атүсті қараған болуы мүмкін. Я болмаса бұрыннан келе жатқан қатені еш тексерместен көшіріп баса берген болуы да ғажап емес.
Нағыз «көк» түс
Бүгінде цирулеум реңкін кез келген жерден ұшырастыруға болады. Ол әлі күнге бастапқы құрамына ұқсас әдістермен дайындалып келеді.
Осы түстің әлі де тек өзіне тән ерекше сипаты бар. Купфершмидтің айтуынша, 2000 жылы Pantone институты тарихындағы алғашқы «жыл түсін» жариялағанда, таңдау дәл осы цирулеумге түскен (айтпақшы, «Прада киген албасты» фильмі тек алты жылдан кейін ғана жарыққа шықты). «Оны тіпті «мыңжылдықтың түсі» деп те атады. Бұл жерде маркетиңнің де үлесі бар екені даусыз, бірақ түстің мәртебесі шынымен де жоғары», – дейді Купфершмидт. Тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымының туындағы бейбітшілік нышаны ретінде қабылданған түс те – дәл осы реңк.
Мас Субраманян да бұл реңктің орны бөлек екенін растайды. 2009 жылы әлемдегі ең қанық көк түс саналатын YInMn blue пигментін кездейсоқ ашқан әйгілі химиктен мұндай ілтипат алу – зор мәртебе. Оның айтуынша, цирулеумді зертханада жасау күрделі болғанымен, оны күнделікті тұрмыстағы пластик бұйымдар мен түрлі қаптамаларға қолдану әлдеқайда оңай. «Бұл түстің аспан мен теңіз реңкімен астасып жатуы тазалық пен тыныштық сезімін сыйлайды. Сондықтан да ол көпшілікке ұнайды», – деп түйіндеді ғалым.
Кезінде салмағына тең алтын сұралған көк пигменттер, соның ішінде цирулеум бүгінде айналамыздағы қарапайым заттарға – пластик қоқыс жәшіктері мен құрал-саймандардан бастап, танымал бренд логотиптері мен «әдепкі көгілдір жемпірлерге» дейін сіңіп кетті. Миранда Пристли атап өткендей, дәл осы түстің жасалуының артында «миллиондаған доллар мен қаншама еңбек» тұр. Бұл реңк – тарихтың, символдық мән мен химияның тоғысқан түйіні. Ең бастысы, ол адамзаттың табиғат сұлулығын өз қолымен жаңғыртуға деген шексіз құштарлығының айқын көрінісі.
Бетани Брукшир – бірнеше беделді марапаттың иегері, танымал ғылыми журналист және «Зиянкестер: Адамдар жануарларды қалай жауға айналдырады?» (Pests: How Humans Create Animal Villains) кітабының авторы. Оның мақалалары Scientific American, The New York Times, National Geographic, The Atlantic секілді әлемдік ірі басылымдарда тұрақты түрде жарияланады.
«Прада киген албасты 2» фильмін The Walt Disney Company-дің еншілес кәсіпорны – 20th Century Studios киностудиясы жарыққа шығарды. The Walt Disney Company сонымен қатар National Geographic Partners компаниясының негізгі акционері.







