Чернобыль апаты. 40 жылдан кейінгі жағдай

383

Фотограф Пьерпаоло Миттика радиация деңгейі әлі де жоғары бұл аймақтағы заман ағымын жылдар бойы құжаттап келеді. Оның объективіне апат салдарымен алысқан жандардың жұмысы, жан-жақтан ағылған туристер, тіпті соғыстың салқын таңбасы да іліккен. «Чернобыльдің хикаясы енді ғана басталып келеді», – дейді фотограф.

Бір кездері Чернобыль атом электр стансасының жұмысшылары және олардың отбасылары тұрған, ал бүгінде қаңырап бос қалған Припять қаласының маңында тағы да өрт тұтанып, көкке қою түтін будақтады. 2015 жылы оқшаулау аймағында апаттан бергі ең ірі өрт орын алып, ауаға тараған радиоактив күл мен шаң алыс-жақын елді мекендерге елеулі қауіп төндірген еді. Фотограф Пьерпаоло Миттиканың айтуынша, бұл өңірде өрт қаупі ешқашан сейілген емес. Әсіресе, Ресей әскері Украинаға басып кірген алғашқы кезде орыс әскерилері станция маңайындағы ормандарды басып алып, кейін мина жасырып кеткендіктен, қазір тілсіз жауды ауыздықтау қиынның қиынына айналып отыр.

Фотосуреттер: Пьерпаоло Миттика
Мәтін: Симон Островски

Апат болған Чернобыльге талай мәрте табан тіреген жандарға оның ең үлкен құпиясы жақсы мәлім. Көпшілік үшін бұл жер – 1986 жылдың сол бір сұрапыл күнінде, яғни №4 реактор жарылып, Еуропа аспанын радиация бұлттары торлаған сәтте уақыт тоқтап қалған Совет дәуірінің жәдігері. Алайда, шын мәнінде, Чернобыль тоқтаусыз өзгеріп жатыр. Мұндағы әр сапардың жөні бөлек, ешқайсысы біріне-бірі ұқсамайды.

Осы айдың басында оқшаулау аймағына бесінші мәрте жолым түсті. Бұл – Ресейдің 2022 жылғы ауқымды басқыншылығынан кейінгі алғашқы сапарым. Соғыс басталғанда орыс әскері радиация жайлаған бұл өңірді біраз уақыт бақылауында ұстағаны мәлім. Бұрын аймақты тек тікен сым қоршап тұрса, қазір жер бедері адам танымастай өзгеріпті: танкіге қарсы қазылған орлар мен ықтимал қақтығыстардың алдын алу үшін айналаны жіті күзеткен украин әскери патрульдері пайда болған.

Әйтсе де Чернобыльдің келбетін адам қолымен жасалған кез келген әрекеттен гөрі заман ағымы көбірек өзгерткен. Италиялық фотограф Пьерпаоло Миттика осында алғаш аяқ басқан ширек ғасырға жуық уақыттан бері оқшаулау аймағының құбылып жатқан бейнесін құжаттап келеді. Жылдар бойы жинақталған кадрлардан көретініміз, бұл өңір – тіршіліксіз жатқан немесе бір орында қатып қалған жер емес. Күніне кемінде 600 адам Чернобыль атом станциясына тазарту жұмыстарын жалғастыру үшін келеді. Бұл процесс 2060 жылдарға дейін жүргізілмек. Оған қоса, зақымдалған реактор айналасындағы 30 шақырымдық аймақта қызмет етіп жүрген сарбаздар, өрт сөндірушілер, орманшылар мен туған мекеніне қайтып оралған қарттар бар.

Бүгінде табиғат бос қалған ауылдар мен қаңыраған Припять қаласын біртіндеп өз иелігіне алып жатыр. Радиацияның кесірінен бұл жерде адам ізі сиреп, соның нәтижесінде флора мен фауна қайта түлеп, жан-жануарлар біртіндеп көбейе бастаған. Алайда табиғаттың мұндай қарқынды «шабуылы» кеңес дәуірінен қалған жәдігерлердің, қабырға суреттері мен күнделікті тұрмыстық заттардың тез тозуына себеп болып отыр. Міне, осы жағдай Миттиканың тарихи деректерді сурет арқылы сақтап қалу миссиясын бұрынғыдан бетер өзекті ете түседі.

Әйтсе де, Чернобыльден қалған ең ауыр әрі өшпес мұра – радиация. Миттиканың маған айтқаны, радиация бізден кейінгі дәуірлерде де сақталады, сондықтан келешек ұрпақ радиациямен бірге өмір сүрудің амалын табуға тиіс. «Чернобыль хикаясы енді ғана басталып келеді. Маған бұл шындықты ұғынған өте маңызды, – дейді фотограф. – Чернобыль – тарих емес. Чернобыль – адамзаттың бүгіні мен болашағы».

Припять «күзетшісі» шлагбаумды көтеріп, Пьерпаоло Миттиканың көлігін қаңырап қалған қалаға өткізді. Оқшаулау аймағына кіру үшін келушілер арнайы рұқсат алып, осындай бірнеше бақылау-өткізу бекетінен өтуі қажет. Бұл жер 2011 жылдан бері туристерге есігін ашты. Дегенмен COVID-19 пандемиясы кезінде ақылы туристік бағыттар жабылып, соғыс өрті тұтанғалы бері мүлдем тоқтап қалды.
Миттика бұл аймаққа алғаш 2002 жылы табан тіреген. Содан бері ғимараттардың біртіндеп мүжіліп, қирандыға айналғанын фотоға түсіріп келеді. Мәселен, Припятьтегі №2 мектептің мына 2024 жылғы суреттеріндегі сынып бөлмесі уақыт сынына шыдамай, әбден тозып кеткен. Чернобыль шежіресін жиырма жылдан астам уақыт бойы таспалаған фотограф талай кітап пен плакаттың шіріп, жоқ болғанына куә болды. Ол тағы бірнеше жылдан соң аймақта өткеннен сыр шертетін ешқандай жәдігер қалмай ма деп қауіптенеді.
2016 жылғы мына суретте қызметтік көлігіне бет алған өрт сөндіруші бейнеленген. Мұндағы мамандар радиоактив күлдің желмен бірге жан-жаққа таралуына жол бермес үшін өрт тұтанбауын жіті қадағалап, үнемі күзетте тұрады.
Ал 2015 жылғы мына фотосуреттен Припятьтегі шеберхана маңында күнге жайылған, жаңадан боялған радиациялық қауіп белгілерін көреміз. Тіпті осы «өлі мекеннің» өзінде тіршілік нышаны байқалады: техникалық қызмет көрсету топтары аймақтың тыныс-тіршілігіне қажет құрал-жабдықтарды ұдайы жөндеп, күтіп-баптап отырады.
Оқшаулау аймағында екі апталық ауысыммен жұмыс істейтін техникалық қызметкерлер мен станция жұмысшылары тұратын Чернобыль қаласында кешкі сағат 21:00-ден кейін ішімдік ішуге тыйым салынған. Миттиканың айтуынша, ескі теледидардың үстінде тізіліп тұрған мына бос сыра шөлмектері – қалыпты емес ортада қалыпты өмір сүруге тырысқан адамдардың талпынысын көрсететін белгі.
2016 жылғы фотосурет. Сол кездері әлі жұмысын жалғастырып тұрған Чернобыль мәдениет үйінің бұрынғы директоры Тамара гидпен тілдесіп тұр. Бұл ғимарат апаттан кейін станция ұжымына арнап қойылымдар мен концерттер өткізілетін негізгі мәдениет ошағы болған. Қазір оны Украина қарулы күштері Чернобыльдегі командалық бекет ретінде пайдаланып отыр. Миттикаға жеткен мәлімет бойынша, Тамара 2022 жылы Ресей басқыншылығы басталған тұста өзі тұратын Чернигов қаласынан көлікпен қашып шықпақ болғанда орыс әскерінің қолынан қаза тапқан.
2016 жыл. Жұмысшы Чернобыль атом станциясындағы №2 реактордың басқару пультінде отыр. №4 энергоблокта орын алған 1986 жылғы жойқын апатқа қарамастан, станцияның зақымданбаған өзге реакторлары он жылдан астам уақыт бойы тоқтаусыз жұмыс істеп, электр қуатын өндіруді жалғастырды. Қазіргі уақытта мамандар тазарту жұмыстарының аясында бұл реакторларды бөлшектеуге кіріскен. Жоспарға сәйкес оқшаулау аймағын қауіпсіз күйге келтіру жұмыстары 2065 жылға дейін жалғасады.
2024 жылғы фотосурет. Чернобль қалалық ауруханасындағы дәрігер науқастың тісін емдеп жатыр. Медициналық мекемеде станция мамандарына ғана емес, үкіметтің эвакуация туралы бұйрығына құлақ аспай, өз үйіне қайта оралған қарттарға да қызмет көрсетіледі. Қариялардың кейбірі жарылыстан кейін іле-шала туған жеріне қайтып келген. Бір кездері мұндай тұрғындардың саны 150-ге жуықтаса, уақыт өз дегеніне жетіп, олардың қатары жылдан-жылға сиреп барады.
Чернобыль қалалық ауруханасында жұмыс үстелінде жатқан медициналық карталар. Мұнда станция жұмысшылары жүйелі түрде денсаулығын тексертіп тұрады. Бұған қоса, жұмысшылар нысан аумағында жүріп-тұру барысында күніне бірнеше рет радиациялық ластану деңгейін анықтайтын арнайы бақылаудан өтеді.
2015 жылғы фотосурет. Осында тұратын бір кейуана Чернобыль оқшаулау аймағынан теріп әкелген саңырауқұлақтарды тазалап отыр. Радиация зардабынан сескенбейтін бұл қарт кісілер сыртқы әлемнен мүлдем оқшау тіршілік етіп жатыр. Мұнда өркениет игіліктері мен жайлы тұрмыс атымен жоқ, бұл жерге қоғамдық көлік те қатынамайды. Олар осы жақта өз күшімен күн көруге тиіс.
Ханна (оң жақта) мен оның мүгедектігі бар әпкесі София (сол жақта) оқшаулау аймағында жылдар бойы ғұмыр кешкен. Ханна 2024 жылы 92 жасында жүрек талмасынан (болжам бойынша) көз жұмды. Ал олардың құрбысы Мария (ортада) қазір 98 жаста. Ол – Куповатое ауылында қалған ең соңғы тұрғын.
2017 жыл. Чернобыль «сталкері» Олександр Шерех Припятьке жасайтын кезекті сапарына дайындық барысында. «Сталкерлер» – оқшаулау аймағына жасырын, заңсыз түрде кіріп, туристік маршруттардан тыс жатқан, радиация деңгейі тексерілмеген қауіпті нысандар мен қараусыз қалған ғимараттарды зерттейтін кезбелер. Шерех пен фотограф Пьерпаоло Миттика орманшының күркесіне түнеп, күзетшілер жұмысқа кіріскенге дейін ол жерден тайып тұруды көздеген.
2015 жыл. Туристер Припятьтегі қаңырап бос қалған бассейннің ішін тамашалап жүр. Украина 2011 жылы туристерге оқшаулау аймағының есігін ашты (әдетте сапар бірнеше күнмен шектелетін), бұл қадам өңірдің тыныс-тіршілігіне жаңа дем беріп, ел экономикасына да айтарлықтай серпін сыйлады. Пандемияға дейінгі ең қарқынды кезеңде бұл жаққа әлемнің түкпір-түкпірінен жылына 70 мыңға жуық турист ат басын бұратын.
Куповатое ауылының зираты. Бұл – эвакуациялау туралы бұйрыққа қарамастан, туған жерін қимай, қариялар өз еркімен қайта оралған елді мекендердің бірі. Олардың кіндік қаны тамған топыраққа деген махаббаты соншалық, жақындарының қатынауына қолайлы өзге жерлерді емес, дәл осы топырақты мәңгілік тұрақ етуді жөн санаған. Апатқа дейін Куповатое мал өсіріп, егін салған, тіршілігі қайнаған берекелі шаруа ауылы еді. Бұл – Припять пен Чернобыль қалаларын есептемегенде, тұрғындары түгелдей көшірілген 92 елді мекеннің бірі.
Чернобыль тарихында 1986 жылғы апаттың көлеңкесінде қалып қойған тағы бір беймәлім парақ бар. Бұл мекен XVIII ғасырдың орта тұсында иудаизмнің хасидизм ағымының бастау алған жері ретінде танымал болған. 2016 жылғы мына фотосуретте хасидизм ағымының өкілі Чернобыль қаласындағы бұрынғы синагогалардың біріне келіп тұр. Совет заманында бұл ғимарат әскери кеңсе ретінде пайдаланылған.
Радинка ауылы ресми түрде оқшаулау аймағының сыртында орналасқандықтан, кезінде ондағы тұрғындар көшірілмеген. Дегенмен бұл ауыл Чернобыль апатынан радиациялық зардап шеккен іргелес елді мекендердің біріне жатады. Зерттеулер мұндай ауылдарда тұратын балалардың жүрек-қантамыр ауруларына және басқа да дерттерге әлдеқайда жиі шалдығатынын көрсетіп отыр. 2015 жылы түсірілген мына суреттегі алты жасар Игорь жүрек аритмиясынан зардап шегеді.
Жыл сайын Чернобыль апатының салдарын жоюшылардың, яғни ажалмен бетпе-бет келіп, алғашқы тазарту жұмыстарына қатысқан сарбаздардың, станция мамандары мен өрт сөндірушілердің жақындары Чернобыль қаласына жиналады. Олар апаттың жылдығы қарсаңында, 25 сәуір күні еске алу шеруіне шығып, тағзым ету шарасын дәл жарылыс орын алған сәт – түнгі сағат 1:23-те аяқтайды.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ