Астанада өткен халықаралық жасыл технологиялар және тұрақты даму шешімдеріне арналған RES 2026 EXPO көрмесі өз мәресіне жетті. Ауқымды шара аймақ елдері мен халықаралық серіктестерді біріктіріп, экологиялық саясаттағы декларациялардан нақты іс қимылдарға көшуге серпін берді.
Көрменің жоғары деңгейі Қазақстан Президенті мен Орталық Азия мемлекеттері, сонымен қатар Армения, Грузия және Моңғолия басшыларының қатысуымен айқындалды. Жалпы ауданы 120 павильонды қамтыған алаңда әлемнің 30 елінен келген 247 компания өздерінің инновациялық шешімдерін ұсынды.
Көрме қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2,3 млрд АҚШ долларынан асатын 17 келісімге қол қойылды. Инвестициялардың негізгі бөлігі жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға, қалдықтарды басқаруға, өнеркәсіпті декарбонизациялауға және тыңайтқыш өндірісіне бағытталды.
Іс-шара аясында шамамен 20 000 қонақ пен 1 500 делегат қатысқан G2B форматындағы тікелей іскерлік байланыстар орнатылды. Бұл өз кезегінде әкімшілік кедергілерді азайтып, экология саласындағы ұзақ мерзімді әріптестіктерді дамытуға мүмкіндік береді.
Көрме барысында өткен іскерлік бағдарламада Арал өңірін қалпына келтіру, Каспий бассейніндегі экологиялық мәселелер, соның ішінде метан шығарындыларын азайту тақырыптары кеңінен талқыланды. Қытай мен Швейцариядан келген халықаралық сарапшылар шөлейттенуге қарсы күрес, су ресурстарын тиімді пайдалану және өндірістік қалдықтарды басқару бағытында озық технологияларды таныстырды.
Сонымен қатар, мәдени бағдарлама аясында ECO Startup Competition Central Asia стартаптар байқауының финалы өтті. Байқауға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан 15 команда қатысты. Бас жүлде — 5 млн теңге қазақстандық Aua Line жобасына бұйырды. Жүлделі орындарға ие болған жобалар қатарында Water Watch AI Plus (Қырғызстан), Defuse-IT, Sirly, Organic Living (Өзбекстан) бар.
Көрме шеңберінде Astana Eco Film Festival кинофестивалінің жеңімпаздары да марапатталды. Экологиялық киноға қосқан үлесі үшін әзербайжандық режиссер Сейран Махмудоглу арнайы сыйлыққа ие болды. Әртүрлі номинациялар бойынша Орталық Азия елдерінің үздік фильмдері анықталды.
Сән индустриясы да назардан тыс қалмады. Green Runway FashionShow көрсетілімінде өңір дизайнерлері экологиялық таза материалдар мен заманауи трендтерді үйлестірген топтамаларын ұсынды.
RES 2026 EXPO мемлекет, бизнес және сарапшылар қауымдастығы арасындағы тиімді диалог алаңына айналып, Орталық Азияда «жасыл» экономиканы дамытуға және тұрақты болашақты қалыптастыруға маңызды үлес қосты.







