Назарларыңызға істеп жүрген ісі, қоғам алдындағы жауапкершілігі National Geographic 33 рухымен үндесетін, қоғамды жақсартуға, табиғатты қорғауға үлес қосып жүрген еліміздің азаматтарын ұсынамыз. Солардың бірі – Нұрзада Амангелді. Ол ақпаратты ым-ишара тіліне аударатын технология жасау жолында еңбек етіп жүр.
Автор: Нұржауған Мұқанова
Фотосурет: Ерболат Шадрахов
Астанадағы зертханада мыңдаған бейнежазба сақталған. Бір қарағанда, бәрі ұқсас: қол қимылы, бет-әлпет, ерін қозғалысы. Бірақ жасанды интеллект үшін олардың әрқайсысы – бөлек мағына, бөлек тіл. Нұрзада Амангелді дәл осы қозғалыстарды «сөзге» аударумен айналысады. Ол өзінің Sign Bridge жобасы аясында ым-ишара тілін танитын және оны мәтінге, ал мәтінді қайтадан ым тіліне аударатын жүйе жасап жатыр. Бұл – екі түрлі әлем арасына көпір салуға жасалған талпыныс.
Нұрзада бұл жобаны алғашында әлеуметтік мәселе ретінде емес, ғылыми қызығушылықпен қолға алған. 2019 жылы докторантураға түскен кезде ол қазақ ым-ишара тілін тануға арналған алгоритмдерді зерттеу тақырыбы ретінде таңдады. Сол кезде ол алғаш рет естімейтін адамдар қауымдастығына барып, олардың сөйлесу тәсіліне назар аударды. Олар тілдесу үшін бар жұмысын тоқтатуы керек: қолы бос, көздері қарсы адамға бағытталуға тиіс. Ал еститін адамдардың бәрі оларды түсіне бермейді. «Ымдап сөйлейтіндер мен сөйлейтін адамдар арасындағы алшақтық адамзат пен бірге келе жатқан мәселе. Мен соны аз да болса жеңілдеткім келді», – дейді ол.
Зерттеу барысында Нұрзада күтпеген кедергіге тап болды: қазақ ым-ишара тілінің ресми статусы да, белгілі бір стандарты да жоқ еді. Сондықтан оны үйрену де, ым тілін қолданатын адамдардың бір-бірін түсінуі де өз алдына мәселе еді. «Бұл тек IT-жоба емес, бұл – адам құқығы. Шындап кел- генде, олардың мүмкіндігі шектеулі емес, олардың мүмкіндігі шектелген», – дейді ғалым. Осы ұстаным оны тереңірек ізденуге итермеледі. Шәкірттерімен бірге ол мыңдаған қимылды талдап, қазақ, орыс, түрік және ағылшын ым тілдерін салыстырды. Нәтижесінде қазақ ым тілінің шамамен 30 пайыздық бірегейлігі ғылыми түрде дәлелденді.
Ендігі міндет осы тілді танитын технология жасау еді. Бұл бағыттағы жұмыс оңай болған жоқ. Дидактикалық материалдардың жоқтығынан Нұрзада мен оның шәкірті Назерке арнаулы курсқа жазылып, әр қимылды қойын дәптерге қолмен жазып отырып үйренген. Осылайша, олар алдымен 1200-ге жуық сөзді меңгеріп, кейін бұл ізденіс бірнеше мың бейнежазбадан тұратын үлкен дерекқордың құрылуына ұласты. «Біздің модельдер тек қол қимылын емес, бет-әлпеттегі эмоцияны, ерін қозғалысын да тани алады. Өйткені ым тілінде бір ғана қимыл қабақтың түйілуіне қарай мүлде басқа мағына беруі мүмкін», – деп түсіндіреді Нұрзада.
Бастапқыда зерттеу суретті өңдеу әдістеріне сүйенгенімен, нақты нәтиже тек терең оқыту модельдері арқылы мүмкін болды. Бірақ мәселе аудармамен шектелмейді. Зерттеулер көрсеткендей, естімейтін адамдардың сөздік қоры көбіне 2000 сөз болады, ал табиғи тілде бұл көрсеткіш ондаған мыңға жетеді. Сондықтан ЖИ бұл жерде тек аудармашы емес, ақпаратты бейімдеушіге айналады. Осы бағыттағы елеулі нәтижелердің бірі Jibek Joly телеарнасымен бірлесіп «Фиксиктер» мультфильмін ым-ишара тіліне аудару болды. Бұл естімейтін балаларға арналған қазақ тіліндегі алғашқы танымдық контентке айналды.
Қазір команда келесі үлкен қадамға – кез келген сайтқа орнатылатын плагин жасауға дайындалып жатыр. Бұл жүйе күрделі мәтінді автоматты түрде аватар арқылы ым тіліне аударып, ақпаратқа қолжетімділікті кеңейтеді. Нұрзаданың жұмысы – ғылымның қағазда қалмай, нақты өмірде іске асуының айқын көрінісі. 2024 жылы докторлық диссертациясын қорғаған ғалым үшін бұл – технологиялық жетістік қана емес, тең мүмкіндікке жол.
«Біз оларды өзгертуге тырыспаймыз, ақпаратты оларға түсінікті еткіміз келеді», – дейді ол.







