Әрбір университеттің өзіне тән даму ырғағы бар. Кейде ол өзен ағысына ұқсайды: баяу, тыныш кезеңді екпінді ағыс маусымы алмастырады, өзен бойында жаңа бұрылыстар, кейде тіпті үлкен бөгеттер пайда болады. Satbayev University де – талай кезеңді өткерген оқу орны. Елдегі саяси, экономикалық, ғылыми үдерістермен бірге университет алдында тұрған міндеттер де жаңарып отырады. Бұл өзгерістерге әр кезеңде басшылық еткен ректорлар әртүрлі жауап берді. Бірінің басты мәселесі университет тұтастығын сақтау болса, енді бірі институционалдық жаңғыруды, ғылыми тереңдікті немесе халықаралық ашықтықты негізгі басымдық ретінде көрді. Satbayev University-дің даму бағытын айқындаған осы шешімдер қалай қабылданды? Әр кезеңде университетті алға жетелеген басты фактор не болды?
Әбдіғаппар Әшімұлы Әшімов
(1976–1985 жылдардағы ректор)
Менің тұсымда елге түсті металлургия, геология және құрылыс саласына заманауи технологиялар, ал білім жүйесіне сапалы маман даярлау қажет болды. Біз бұл сын-қатерлерді университет үшін жаңа мүмкіндік деп қабылдадық. Кадр даярлау сапасын басқарудың кешенді жүйесін енгізіп, ғылыми зерттеулердің дамуын жаңа деңгейге көтердік. Университет болашағын ғылым, технология және экологияны дамытуда әлемдік SMART ЖОО-лар қатарынан көремін. Сол кезде таңдалған білім, ғылым және өндірісті ықпалдастыру бағытының бүгінде мемлекет тарапынан жүйелі түрде қолдау тауып отырғанына қуаныштымын.
Баян Рақышұлы Рақышев
(1985–1992 жылдардағы ректор)
Ол кезде, шынын айтқанда, басты міндет университет тұтастығын сақтап қалу болды. ЖОО жүйесі тым күрделі, ал айнала түгел өзгеріп жатты. Сондықтан ғылыми өзегімізді сақтау өте маңызды еді. Кейде бұл оңайға соқпады, бірақ дәл осы қиындықтар жаңа мүмкіндіктер де сыйлады: жұмыс тәсілдерін қайта қарауға, бұрыннан назар аударуды қажет еткен бағыттарды күшейтуге жол аштық. Соның бәрі университеттің кейінгі дамуына қажет берік іргетасқа айналды.
Досым Қасымұлы Сүлеев
(2001–2008 жылдардағы ректор)
Мен негізінен табиғи зерттеулерге назар аудардым. Геология, гидрология, экспедиция жұмыстары жалғасып, әрі қарай дами түсті. Мұндай жобалар ылғи да БАҚ-тың «бас тақырыбына» айнала бермейді, бірақ олар елдің табиғатын, ресурстарын, ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Дәл осы негіз кейін инженерлерге неғұрлым салмақты, ой елегінен өткен шешімдер қабылдауға көмектеседі. Сондықтан біздің үлесіміз зерттеу көлемін ұлғайтудан гөрі, оның тереңдігіне көбірек бағытталды.
Жексенбек Мәкейұлы Әділов
(2008–2015 жылдардағы ректор)
Бұл кезең көбіне ұйымдастырушылық сипатта болды. Бағдарламаларды жаңарту, кафедралар арасындағы байланыс тетіктерін дұрыс құру, зерттеу жұмысын күшейту секілді үдерістерді ретке келтіру қажет еді. Меніңше, бұл тұста негізгі мүмкіндік университеттің өз ұжымы болды. Олар университетті дамытқысы келетін. Осындай адал, ақ ниет сын-қатерлерге қарамай, алға жылжуға мүмкіндік берді.
(Ескерту: Ж. Әділов осы материал дайындалып жатқанда, 76 жасқа қараған шағында бақилық болды).
Ескендір Қалыбекұлы Бейсембетов
(2015–2021 жылдардағы ректор)
Бұл жылдар университет жаһанға анағұрлым белсенді көңіл бөле бастаған кезең еді. Ынтымақтастық аясын кеңейтіп қана қоймай, нақты бірлескен зерттеулерге қатысуға ұмтылдық. Бірлескен халықаралық жобалар, академиялық ұтқырлық пен алмасу бағдарламалары студенттер мен зерттеушілерге өзін үлкен әлемнің бөлшегі ретінде сезінуге көмектесті. Меніңше, дәл осы факторлар Satbayev University-дің жаһандық деңгейде қабылдануына ең көп ықпал етті.
Мейрам Мұхаметрахымұлы Бегентаев
(2021 жылдан бері ректор)
Қазір көп нәрсе қарқынды өзгеріп жатыр. Инженерлік білімді табиғат, климат, орнықтылық туралы білімдер толықтыруға тиіс. Ендігәрі бұлар бөлек-бөлек бағыт емес, керісінше, бұдан былай олар – ортақ контекст. Сондықтан университет экология мен цифрлық технологиялар, тың инженерлік тәсілдер тоғысқан бағытқа қарай дамиды. Біз алдағы жылдары су, энергия, экожүйелер бойынша зерттеулерді күшейтіп, сол зерттеулерден шығатын шешімдердің бүкіл ел ауқымында қолданысқа енуіне жұмыс істейміз деп ойлаймын.
Сабақтастық жолы
Осы ойларды оқығанда, Satbayev University-дің жолы күрт серпілістерден гөрі сабақтастыққа құрылғаны байқалады. Әр ректор өз алдында тұрған міндетті шешті. Бірі тұрақтылықты сақтады, екіншісі ЖОО көкжиегін кеңейтті, енді бірі жаңа зерттеулерді іске қосты немесе халықаралық аренаға жол ашты.
Бүгін де Satbayev University осы бағытта жылжып келеді: оқу орны инженерлік негізін сақтап, ғылымды дамыта отырып, технологиядан бастап экологияға дейінгі жаңа сын-тегеуріндерге жауап іздейді.







