Ауаның ластануын зерттейтін ғалымдардан бірер кеңес

225

Майшам, газ плитасы секілді күнделікті тұрмыстық заттардың біразы үй ішіндегі ауаны ластауы мүмкін. Денсаулық сақтау саласының мамандары өз үйіндегі ауа тазалығын қалай қамтамасыз етеді?

Автор: Оливиа Феррари

Мейлі от жағатын пеш болсын, мейлі кішкентай майшам болсын – кез келген жалын үйіңіздегі ауа сапасын өзгерте алады.
Фото: Кристиан Хандль, Getty Images

Қыстың сақылдаған сары аязында көбіміз суықтан бой сауғалап, күннің көп бөлігін үйде өткіземіз. Алайда дәл осы қыс айларында үй ішіндегі ауаның ластануы ерекше қауіпті сипат алуы мүмкін. Бұл кезде біз жылылық пен жайлылық үшін жиірек майшам тұтатып, пеште от маздатамыз немесе газ плитасында баяу отта дәмді ас пісіреміз.

Кез келген зат жабық кеңістікте жанған сәтте ауаға түрлі газ, қалқымалы органикалық қосылыстар мен қатты дисперсті бөлшектер бөлінеді. Бұл микроскопиялық бөлшектер адамның қан айналымына еркін өтіп, тыныс алу жүйесінің сырқаттарына тікелей себепкер болады. Сонымен қатар кейбір тазалық құралдары мен жеке гигиеналық бұйымдардың құрамында балалардың дамуындағы ауытқуларға әсер ететін химиялық қоспалар болуы бек мүмкін.

Біз Бостон университетінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғалымы Джонатан Леви және Дания техникалық университетінің инженер-экологі Габриэль Бекёмен сөйлестік. Олар өз тәжірибесін бөлісіп, үйін қалай жайлы әрі қауіпсіз ететіні жөнінде айтып берді.

Материал мазмұны оқырманға түсінікті болсын деген ниетпен қысқартылып, өңделген.

Феррари: Көбіміз «ауаның ластануы» дегенде, әдетте көз алдымызға сыртқы ортаны, атап айтқанда, көшедегі көліктер мен зауыт-фабрика мұржаларынан будақтаған түтінді елестетеміз. Үйдегі ауаның сапасы да бізді дәл солай алаңдатуға тиіс пе?

Бекё: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, ғимарат ішіндегі ауаның ластану деңгейі сыртқы ортамен салыстырғанда 2-5 есеге дейін жоғары болуы мүмкін. 

Үйдегі химиялық қоспалардың басым бөлігі күнделікті тұрмыстық тауарлардан бөлінеді. Соның ішінде жеке гигиеналық өнімдердің үлесі зор. Сонымен қатар жану үдерісі, мәселен, газ плиталары мен майшам пайдалану да ауаны айтарлықтай ластайды. Тіпті тамақ істеудің өзі ауада зиянды химиялық элементтер мен ұсақ бөлшектердің түзілуіне алып келеді.

Леви: Үйдегі ауа сапасын сөз еткенде, біз бірінші кезекте қатты дисперсті бөлшектерге тоқталамыз. Олар үйде әртүрлі отынның жануынан пайда болады. Бұған ас пісіру, темекі түтіні немесе майшам жағу да жатады. Қысқасы, ашық жалын немесе жану үдерісі жүретін кез келген әрекет қатты дисперсті бөлшектердің таралуына себепкер. Бұл бөлшектердің адам денсаулығына, әсіресе тыныс алу жолдары мен жүрек-қан тамыр жүйесіне айтарлықтай кері әсер ететінін ғылым дәлелдеген.

Тағы бір маңызды ластаушы зат – азот диоксиді. Ол табиғи газ жанғанда бөлінеді. Сондықтан үйдегі газ плиталары осы зиянды газдың негізгі көзі саналады.

Феррари: Мәселені зерттей келе, күнделікті тұрмыста өз әдеттеріңізді өзгерткен бе едіңіз?

Леви: Ас үйде тамақ пісіру барысында барынша сақ болуға тырысамын. Негізі бұлар әркім түйсік деңгейінде түсінетін қарапайым дүниелер. Мысалы, істеп жатқан асыңыздан түтін көп шықса, сырттағы аязға қарамастан, желдету үшін терезені тезірек ашып тастау керек. Сондай-ақ ғимарат ішіндегі ауаны портативті ауа тазартқыштар арқылы жақсартуға болады. Ал үйіңіз орталықтандырылған ЖЖК (жылу, желдету және кондициялау) жүйесіне жалғанған болса, оған сапалы сүзгі орнатып, қосып қойғаныңыз абзал.

Үй ішінде бірдеңе тұтатқан кезде ауа сапасына тікелей әсер ететін үш фактор бар: жану процесінің ауқымы мен ұзақтығы, желдету жүйесінің тиімділігі, сонымен қатар ішкі кеңістіктің көлемі. Кеңістік неғұрлым кең болса, зиянды заттардың концентрациясы соғұрлым тез тарап, сұйылып кетеді. Демек шағын үйлер мен пәтерлерде кез келген ластағыштың зияны әлдеқайда жоғары болады.

Біз [өз үйімізде] осы сақтық шараларының барлығын жасадық. Әрине, ластану деңгейін нөлге дейін төмендету мүмкін емес, алайда зиянды заттардың ағзаға әсерін мүмкіндігінше азайтудың тиімді жолдарын қарастыру өте маңызды.

Бекё: Мен химиялық заттардың әсерінен қорғануға тырысамын. Шынын айтсам, ас дайындау кезінде бөлінетін бөлшектер мені аса қатты алаңдатпайды, өйткені мен әрдайым ауа сорғышты (вытяжка) қосып қоямын. Сондай-ақ ылғал жиналып, көгеріп, зең басып кетпес үшін әр жуынған сайын жуыну бөлмесінің терезесін ашып, желдетіп аламын.

Алайда мені бәрінен бұрын эндокриндік жүйені бұзатын химиялық қосындылар, яғни гормондардың қызметіне нұқсан келтіретін заттар қатты алаңдатады. Балаларымның кішкентай кезінде жасанды хош иістендіргіштер қолданбауға ерекше мән бердім. Қазіргі жеке гигиеналық бұйымдарым мен кір жуғыш ұнтақтарымның да барлығы дерлік иістендіргішсіз болып келеді.

Феррари: Күнделікті өмірден мүлдем шығарып тастаған өнімдер мен зиянды деп санап, бас тартқан әдеттеріңіз бар ма?

Бекё: Мен зат сатып алмай тұрып, құрамында фталаттар (phthalates) мен бисфенол-А (BPA) жоқ дейтін таңбаға міндетті түрде назар аударамын. Бұлардың ұзақ мерзімді перспективада денсаулыққа қаншалықты зардап әкелетіні әлі де зерттеліп біткен жоқ, әйтсе де мен барынша иістендіргішсіз өнімдерді таңдауға тырысамын.

Оған қоса, үй ішінде майшам жағуды барынша шектедім. Дәстүр бойынша даниялықтар кешкі уақытта сағаттап майшам тұтатып қоюды ұнатады. Алайда біздің қыс айларында жүргізген зерттеуіміз майшамды сөндіргеннен кейін де ауадағы зиянды микробөлшектердің концентрациясы бірнеше сағат бойы сақталатынын көрсетті. 

Майшамды сөндірген бойда терезені ашып, бөлмені желдету – өте дұрыс шешім, өйткені жанғыш заттарда канцерогенді қосылыстар болады. Майшам жаққанның бәрі ауруға шалдығады деп тұрғаным жоқ, бірақ кейбір заттардың ағзаға зиян екені ғылыми дәлелденсе, одан неге бас тартпасқа?

Леви: Әр адамның өмір салты мен талғамы әртүрлі. Мұнда «не нәрсе міндетті?» және «не нәрсе жай ғана хобби?» дегеннің аражігін ажыратып алуымыз керек. Денсаулыққа зиян келтірмей-ақ қай әдеттен жеңіл бас тарта аласыз? Мәселен, егер сізге үй ішінде жұпар иіс аңқытатын таяқшаларды жағудың аса қажеттілігі болмаса, одан бас тартқан абзал. Ал егер бұл сіздің мәдени дәстүріңіз немесе өмір салтыңыздың ажырамас бөлігі болса, онда жағу уақытын барынша қысқартып, желдету мен ауа сүзгілеу жүйелерінің мүлтіксіз жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізіңіз.

Феррари: Мәселеге бей-жай қарамайтын оқырман өз үйінде қандай жеңіл өзгерістен бастағаны жөн?

Бекё: Ең маңыздысы, бірақ көп жағдайда ескерілмейтін дүние — желдету. Тіпті қыс айларында да күніне бірнеше рет 5-10 минут бойы терезелерді ашып тұру өте пайдалы. Үйдің іші біраз суып, жайсыздық тудыруы мүмкін, бірақ бұл жерде біз жайлылық пен денсаулық арасында біреуін таңдап тұрғанымызды ұмытпағанымыз жөн.

Сондай-ақ ластаушы заттар жиналып қалмас үшін сүзгілерді (фильтр) жүйелі түрде ауыстырып, желдету арналары мен жүйелерін дұрыс күтіп ұстаған жөн.

Шаңды сүрту де химиялық заттардан құтылудың бір жолы. Жиһаздың бетін, еденді, қабырғалар мен терезелерді жуу арқылы сіз зиянды қосылыстардың көзін құртасыз, сондықтан ылғал сүрткішпен тазалап тұрудың маңызы зор.

Леви: Әрине, зиянды заттардың таралуын тоқтатудың ең тиімді жолы — оның қайнар көзін мүлдем жою. Бірақ бұл әрдайым мүмкін емес, өйткені адамдар ас істеуден бас тарта алмайды. Кейбіреулер майшам тұтатқанды ұнатады; яғни барлық ластаушы көзді біржола алып тастау қиын.

Үй ішінде ауа ластағыш заттар болса, желдету мен сүзгілеуге жіті назар аудару керек. Ауаны сыртқа айдайтын сору желдеткішін (вытяжка) тамақ істегенде міндетті түрде қосып қойыңыз. Мұндай құрылғы болмаса, жақын маңдағы терезелерді ашып қойған жөн.

Егер жұрт: «Мен күнімнің неше сағатын үйде өткіземін?» — деп ойланса, уақытының басым бөлігі төрт қабырғаның ішінде өтетінін түсінер еді. Өз үйіңіздегі жағдайға тікелей әсер ете аласыз, демек, өзіңіздің, отбасыңыздың зиянды заттармен тыныс алмауын қадағалауға толық мүмкіндігіңіз бар.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ