Былтыр Үндістан билігі ежелгі Хараппа өркениетіне тиесілі делінетін Инд жазуының кілтін тапқан адамға 1 млн доллар сыйақы беретінін жариялаған. Алайда бұл оңай шаруа емес. Инд жазуының құпиясын табамыз деп көптеген ғалым-филолог, тіпті әуесқойлар да бас қатырып келе жатқалы біраз жылдың жүзі. Оның оқылу ретін (жүйесін) тауып қана қоймай, мағынасын да ашу қажет. Бірақ ондай бақыт әлі ешкімге бұйырған жоқ.
Фото: Седрик Жербехайе
Бұл жазу алғаш рет ХІХ ғасырда қазіргі Пәкістан аумағындағы көне Мохенджо-Даро қаласы маңынан жануарлар бейнеленген стеатит мөрлерден табылған. Содан беріде осындай 3000-нан астам жәдігер анықталған.
«Бұл мөрлердегі мәтіндер тым қысқа – тіпті шешуге келмейтіндей қысқа. Жазбалардың 90 пайызы төрт таңбадан аспайды, ал ең ұзыны небәрі 14 таңбадан тұрады», – деп жазды National Geographic журналының қаңтардағы санында ежелгі жазулар туралы сторителлиңін жариялаған Джошуа Хаммер.
Әлемде осы сияқты әлі жұмбағы ашылмаған он шақты жазу бар екен. National Geographic соның бесеуіне (Инд жазуын қоса алғанда) қатысты зерттеулер қазір қай деңгейде екені, жазу құпиясын ашуға кімдер талпынып жүргені туралы жоғарыдағы автордың қызықты хикаятын көрнекі фото және инфографикалармен ұсынған.
Жазуларды оқу неліктен маңызды?
Тасқа немесе ағашқа, ыдысқа бедерленген бұл жазбаларда не айтылған болуы мүмкін? Өсиет пе, бұйрық па? Әлде бір дерттің дауасы жазылған ба? Бәлкім, кейінгі ұрпаққа айтылуға тиіс маңызды хабар бар шығар?
Қалай болғанда да, біз үшін қызықты, тіпті пайдалы ақпарат болуы әбден мүмкін. Көне жазуға үңілген жұртты осындай сұрақтар мазалайды. Бірақ баршаны бірдей бас шұлғытатын жауап әлі табылмады. Барлығының да қажырлы ізденіске сүйенген өз тұжырымы бар. Әрқайсысы да әне-міне, кілтін тауып, жұмбағын шешіп қалардай дәмелі. Сондықтан да болар, кейде жүйкелері де сыр беретін сияқты: бірінікін екіншісі іске алғысыз қылып сынап, мысқылдап жататын кездері де жоқ емес.
Соңғы үміт
Талпыныстары тұйыққа тіреле берген ғалымдардың үміт отын жаңа ғасырда жаңа құрал қайта жаққандай. Ол – жасанды интеллект. Ғалымдар көне жазулардың құпиясын ашып, онда не айтылғанын анықтауға ЖИ-дің көмегі тиюі мүмкін деп үміттенеді.
Сіз қалай ойлайсыз? ЖИ ежелгі жазулардың жұмбағын шешуге септігін тигізе ала ма?
Әлі оқылмаған көне жазулар туралы кеңірек білгіңіз келсе, журналымыздың қаңтардағы санын оқыңыз.







