Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толып отыр. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақстан ядролық қарусыздану мен бейбітшіліктің жаршысы ретінде халықаралық аренада зор беделге ие болды. Дегенмен Семей полигонынан зардап шеккен халықты әлеуметтік-медициналық қорғау жүйесінде әлі де елеулі олқылықтар бар. Steppe Organization for Peace (STOP) жастар бастамашыл тобының мүшелері, зерттеушілер Адия Ахмер мен Әлішер Хасенғалиев National Geographic Qazaqstan-ға арнап жазған осы мақаласында мұндай қайшылықтың себептеріне үңіліп, қайтсек ядролық әділет орнайтынын айтады.
Автор: Адия Ахмер және Әлішер Хасенғалиев
Фотосурет ҚР СІМ ресми сайтынан алынған.
Қазақстанда осыдан 35 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Кейін бұл тарихи шешім тәуелсіз Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту және қарусыздану саясатының негізіне айналды.
Совет үкіметі 1949–1989 жылдар аралығында аумағы шамамен 18 мың шаршы шақырым, бүгінгі Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарын қамтитын алаңда 468 сынақ өткізді. Ашық аспан астындағы сынақтарда ауаға бөлінген радиоактив заттар жел арқылы жүздеген шақырымға тарап, топырақ пен суды ластады. Жергілікті тұрғындар арасында қатерлі ісік, генетикалық мутациялар және жүйке жүйесі аурулары күрт өсті.
1989 жылы ақын Олжас Сүлейменовтің бастамасымен ядролық сынақтарға қарсы халықаралық «Невада-Семей» қозғалысы дүниеге келді. Жазушылар мен ғалымдардан бастап, полигон маңындағы ауыл тұрғындарына дейінгі 2 миллионнан астам адамды біріктірген бұл қозғалыс Совет одағын ғана емес, күллі әлемді дүр сілкіндірді. Жазушы Тоғжан Қасенова өзінің «Атом улаған дала» кітабында: «Антиядролық қозғалыс қазақ өкіметіне қозғау салып, сынақтарды доғаруды талап етуге себепкер болды», – деп жазады. 1991 жылы 29 тамызда полигон ресми түрде жабылды.
Геосаяси жетістіктер мен бейбітшілік бейнесі
Осы тарихи шешімнен кейін Қазақстан халықаралық бейбітшілікті сақтау ісінде ерекше орынға ие болды. Ел 2021 жылы күшіне енген Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (TPNW) алғашқылардың бірі болып қол қойды. Тарихта тұңғыш рет ядролық қаруды толықтай заңсыз деп жариялаған бұл шарттың 6 және 7-баптары Қазақстан үшін ерекше маңызды. Онда мемлекеттерге ядролық қаруды қолдану мен сынаудан зардап шеккендерге көмек көрсету, ластанған аумақтарды қалпына келтіру және осы мақсатта халықаралық ынтымақтастық орнату міндетін жүктелген. Кейінгі жылдары Қазақстан Кирибати мемлекетімен бірге осы баптарды жүзеге асыру жөніндегі халықаралық жұмыс тобын басқарып келеді. Сондай-ақ зардап шеккен халықты қолдау мен қоршаған ортаны қалпына келтіруге арналған халықаралық траст қорын құру бастамасын көтерді.
2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялаған. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ: 1949 жылғы дәл 29 тамызда Семей полигонында алғашқы ядролық сынақ өткізілсе, 1991 жылы дәл осы күні полигон біржола жабылды. Содан бері Бас Ассамблея Семей полигонынан зардап шеккен халық пен аумақтарды оңалтуға арналған жалпы саны 11 қарар қабылдаған. Сонымен қатар Қазақстан Ядролық қаруды таратпау, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу және Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарттарға қатысушы мемлекет саналады.
Осылайша, бүгінде Қазақстан жаһандық деңгейде ядролық әділдік орнату ісінде көшбасшыға айналды. Алайда осындай халықаралық беделдің тасасында ел ішіндегі түйткілді мәселелер назардан тыс қалып отыр.
Семей полигоны маңындағы қазіргі жағдай қандай?
Түрлі дерек бойынша, ядролық сынақтардан зардап шеккен халық саны 1,5 миллион адамнан асады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде полигон зардабы таралған төрт облыс – Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар мен Қарағанды облыстарында шамамен 3,19 миллион халық қоныстанған. Зерттеулер мен ресми бағдарламалар бұл аймақтарда созылмалы аурулардың, оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларының, онкологиялық аурулар мен мүгедектіктің таралу деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен жоғары екенін көрсетеді.
Қағаз жүзінде бұл аймақ тұрғындары заңмен толық қорғалған. Оның негізі – «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» 1992 жылғы заң. Аталған құжат тұрғындардың санатын айқындап, аумақты радиациялық қауіп дәрежесіне қарай бес аймаққа бөледі. Сондай-ақ азаматтарға қосымша демалыс, өтемақы, зейнетке шығудағы жеңілдіктер мен медициналық қолдау сияқты әлеуметтік кепілдіктер береді. Алайда іс жүзінде бұл жеңілдіктердің игілігін көріп отырғандар шамалы. Мәселен, «Полигон куәлігі» емханаларда ешқандай жеңілдік бермейтін, тіпті дәрігерге кезексіз кіруге де жарамайтын жай құжатқа айналған.
Құжат пен шынайы өмір арасындағы мұндай алшақтықты мемлекеттік органдар да мойындайды. Конституциялық сот 2023 жылғы 25 қыркүйектегі нормативтік қаулысында 1992 жылғы заңның жекелеген ережелерінде құқықтық белгісіздік бар екені, соның салдарынан зардап шеккендер санатын анықтауда түрлі кедергілер мен алақұлалық туындайтынын ашық көрсетті. Сот қолданыстағы әлеуметтік қорғау жүйесін заманауи медициналық, әлеуметтік, экологиялық және демографиялық факторларды ескере отырып күшейту қажет деп атап өтті. Сондай-ақ Үкімет жанынан Семей полигоны мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанымен, оның құзыреті тек үйлестіру және кеңес берумен шектеледі.
Сонымен, бір жағында – халықаралық деңгейдегі бейбіт мемлекет бейнесі мен заңдағы кепілдіктер, ал екінші жағында – сол кепілдіктердің игілігін көре алмай отырған миллиондаған адам. Халықаралық антиядролық бастамаларды жүзеге асырып, өзін әлемге бейбітшілік жаршысы ретінде танытқан елде мұндай парадокс қайдан шықты?
Тұрғындар күмәнданатын жүйе
Осы олқылықтың себебін түсіну үшін 2025 жылы Қазақстандағы Фридрих Эберт қорының қолдауымен Steppe Organization for Peace (STOP) жастар бастамашыл тобы ядролық сынақтардан зардап шеккен өңір тұрғындарының қажеттіліктеріне зерттеу жүргізді. Зерттеушілер қыркүйек-қазан айларында төрт облыстың сегіз елді мекенін аралап, 8 топтық талқылау мен 27 тереңдетілген сұхбат өткізді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ жергілікті әкімдіктердің қолдауымен өткен бұл далалық зерттеуге 200-ге жуық жергілікті тұрғын қатысты. Барлық дерек қатысушыларға алдын ала түсіндіріліп, олардың келісімімен, құпиялық пен өз еркімен қатысу қағидаттарын сақтай отырып жиналды.
Зерттеудің басты ерекшелігі – тұрғындарға жай ғана «респондент» ретінде қарамай, оларды топтық жұмысқа тартып, негізгі ақпарат көзі ретінде қарастыратын партисипаторлық тәсіл қолданылған.
Топтық талқылаулар мен сұхбаттардың нәтижесінде зерттеу тобы үш негізгі тақырып – (1) денсаулық сақтау, (2) әлеуметтік қорғау және инклюзия, (3) экология, қоршаған орта мен радиациялық қауіпсіздік бойынша қордаланған мәселелерді анықтап, тиісті ұсыныстар әзірледі. Зерттеудің негізгі қорытындысы – қорғау шараларының жоқтығы емес, олардың көп жылғы қасіреттің зардабын тартып отырған халықтың нақты мұқтаждығына жауап бере алмауы. Елімізде заң да бар, аумақтарды қауіп деңгейіне қарай бөлу де қарастырылған, медициналық сақтандыру жүйесі мен мониторинг инфрақұрылымы да жұмыс істеп тұр. Бірақ қарапайым тұрғындар бұл жүйенің нақты шапағаты мен қорғанышын сезініп отырған жоқ.
Қол жетпейтін медицина және бітпейтін әуре-сарсаң
Ең бірінші түйткіл – медициналық көмектің қолжетімсіз болғаны. Ауыл тұрғыны үшін білікті маманның қабылдауына кіру – таусылмайтын сарсаң. «Учаскелік дәрігер → жолдама → бейінді маман → диагностика → қала» деген тізбектің әр қадамы қыруар уақыт, қаражат пен зор шыдам талап етеді. Созылмалы дерті бар науқастар үшін бұл тізбектің кез келгенінде ем үзіліп қалуы әбден мүмкін.
Ауыл-аймақтарда КТ (компьютерлік томография) мен МРТ жоқ. Сондықтан тексеруден өту үшін жұрттың облыс орталығына сабылмасқа амалы жоқ. Мәселен, Май ауданындағы зерттеуге қатысушылардың бірі аудандық ауруханаға «бар болғаны 0,5 хирург (жарты ставка – ред.) бөлінетінін» айтады. Бұл – денсаулық сақтау саласындағы «жан басына сәйкес қаржыландыру» жүйесінің халқы аз ауылдарда медициналық көмек алуға қаншалықты тұсау болатынының айқын көрінісі.
Фотосурет: Жібек Тоқташ
Абай облысының Қарауыл ауылынан келген тұрғын бұл жағдайды былайша дәл суреттеп берді: «Қазір бізде ревматолог дәрігер жоқ. Направление (жолдама) алып, қалаға баруың керек – оған бір-екі ай бұрын жазыласың. Жаның қысылған соң, еріксіз платныйға (ақылы дәрігерге) кетесің». Бұл – бір ғана ауылдың емес, тұтас аймақтың бас ауруына айналған ортақ мәселе болып шықты.
Екінші мәселе – зардап шеккен тұрғындар арнайы әлеуметтік кепілдіктердің игілігін көре алмай отыр. Жеңілдіктер ұсынуға тиіс «Полигон куәлігі» ешқандай күші жоқ, пайдасы шектеулі құжатқа айналған. Ол құжатты ауруханаларда сұрамайды, онымен дәрігерге кезексіз кіре алмайсың, сондай-ақ зардап шеккендерге арналған арнайы медициналық маршруттар да ашылмаған.
Заңдағы бұл шикілік әсіресе адам басқа өңірге қоныс аударғанда айқын білінеді. Төтенше радиациялық қаупі бар аймақта туып-өскен адам басқа ауданға көшіп кетсе, өтемақы мен қосымша демалыс күндері оның туған жеріне емес, жаңа тіркелген мекенжайына қарай қайта есептеледі. Ал зейнетке ерте шығуға мүмкіндік беретін қолданыстағы жалғыз «полигондық» норма 1963 жылға дейін полигонға іргелес аймақта тұрғандарға ғана қатысты. Яғни қағаз жүзінде ерекше құқық болғанымен, іс жүзінде ол бүгінде оның игілігін ешкім көре алмайды.
Үшінші мәселе – ашық деректердің тұрғындарға беймәлім болғаны. Жергілікті халық аймақта экологиялық мониторинг жүргізіліп тұратынын білгенімен, оның нәтижесін ешқашан көрмеген. Олар деректердің облыс орталығында немесе Астанада «бір жерде» жиналатынынан хабардар. Бесқарағайдан келген қатысушы мұны былай түсіндіреді: «Тұрғындар үшін ешқандай ақпарат жоқ. Радиациялық фон туралы мәлімет берілмейді. Дәл қазіргі уақытта жағдай қандай екенін білмейміз». Дәл осы ақпараттық вакуум халық арасында үлкен сенімсіздікке ұласады. Семей тұрғындарының айтуынша, базарда ет пен сүт, балық сияқты өнімдер сібір жарасына немесе обаға тексерілгенімен, радионуклидтерге (радиацияға) тексерілмейді. «Бұл өнімдердің қауіпті не қауіпсіз екенін білмейміз» – дейді олар.
Бұл жердегі негізгі мәселе – нақты қауіптің өзі емес, керісінше, халыққа азық-түліктің қауіпсіз екенінің сенімді әрі түсінікті жеткізілмегені. Зерттеуге қатысқан азаматтар дерек тапшылығы экологияда ғана емес, медицина мен әлеуметтік қорғау жүйелерінде де кездесетінін алға тартады.
Бұлар – зерттеу барысында талқыланған мәселелердің бір парасы ғана. Біз бұл проблемаларды үш деңгейге бөліп қарастырамыз. Бірінші деңгей – ядролық сынақ салдарынан тікелей туындаған мұқтаждықтар. Оған зардап шеккендерге арналған арнайы медициналық маршрут ашу, аурулардың радиациямен тікелей байланысын мойындау, келесі ұрпақтың денсаулығын бақылауда ұстау, зейнетке ерте шығу және аймақтарды қауіп деңгейіне қарай бөлуді қайта қарау жатады. Бұл мәселелер әдеттегі өңірлерде кездеспейді, олар полигонмен ортақ қайғылы тарихы бар аудандарға тән.
Фотосурет: Жібек Тоқташ
Екінші деңгей – тереңдей түскен осалдық. Бүкіл елге ортақ бірыңғай нормалар мен рәсімдер (медициналық-әлеуметтік сараптама, мұрағаттан анықтама алу, цифрландыру, денсаулық сақтаудағы жан басына шағып қаржыландыру) іс жүзінде зардап шеккен аумақ тұрғындарының мүмкіндігін жиі шектеп отыр. Заң жүзінде құқық берілгенімен, оны іске асыру үшін ресурс (қаражат, уақыт, денсаулық) керек. Ал бұл ресурстар дәл осы әлеуметтік топта өте тапшы.
Үшінші деңгей – ауылдық жерлер мен шалғай аймақтардағы құрылымдық қиындықтар. Бұларға табыстың төмендігі, маман тапшылығы, жастардың қалаға көшуі, тұрғын үйлердің тозуы, инватакси жүйесінің нашарлығы жатады. Аталған мәселелер басқа өңірлерге де тән десек те, халықтың онсыз да осал жағдайын ескерсек, зардап шеккен аймақтарда бұл факторлар алдыңғы екі деңгейдің ауыртпалығын еселей түседі.
Осы үш деңгейдің астарында бір ортақ құбылыс жатыр, ол – институционал алшақтық (жүйелі қайшылық). Яғни мемлекеттің полигон зардабын қағаз жүзінде мойындауы мен оның іс жүзінде нақты көмекке айналуы арасында үлкен кедергі бар. Ал бұл алшақтықтың басты себебі – тұрғындарға берілетін медициналық, әлеуметтік, экологиялық және құқықтық көмекті бір орталықтан үйлестіретін тұрақты ведомствоаралық механизмнің жоқтығы. Зерттеуге Өскеменнен келген бір қатысушы-сарапшы мұны былай дәл сипаттады: бір іске бірнеше ведомство жауапты болса, іс жүзінде нақты жауапкершілік ешбір органға бекітілмей қалады.
Қазақстанның жағдайы неге ерекше?
Ядролық әділет түсінігіне сәйкес, ядролық сынақтар мен қаруды қолданудан келетін зардап тек физикалық залалмен шектелмейді. Бұл ұғым мәселені мойындау, зардап шеккендерге көмек көрсету, қоршаған ортаны қалпына келтіру мен басынан нәубет өткерген халықтың шешім қабылдау процесіне қатысуын да қамтиды. Әлемде Маршалл, Кирибати мен Фиджи аралдарында, Алжирдегі француз сынақ алаңдарында, АҚШ-тың Невада полигоны маңында, Жапониядағы Хирошима мен Нагасаки қалаларында мемлекеттер мен қауымдастықтар радиация зардаптарымен күресудің жолдарын іздеп жүр. Түрлі геосаяси жағдайға байланысты олардың санаулысы ғана Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТСШ) қол қойып, оны ратификациялады.
Қазақстанның жағдайын ерекшелейтіні – еліміз жаһандық деңгейде ядролық әділет бастамасын көтеріп, ЯҚТСШ-тың 6 және 7-баптарын жүзеге асыру ісіне жетекшілік еткенімен, аталған әділет ел ішінде толық орнамай отыр. Сыртқы саясаттағы көшбасшылық пен ел ішіндегі нақты жағдай арасындағы алшақтық – Қазақстандағы жағдайдың өзегі болып отыр. Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, халыққа керегі – жай ғана «ерекше көңіл бөлу» емес, олардың мәртебесін ресми түрде мойындағаны. Тұрғындар өз мұқтаждығының мемлекеттік жүйеде назарға алынғанын, шеккен зардабының ресми тіркелуін әрі қолдау шараларының қағаз жүзінде қалмай, іс жүзінде жұмыс істегенін талап етіп отыр.
Қазақстанда ядролық әділет орнату мүмкін бе?
Бұл қайшылықтың шешімі бар ма? Зерттеуіміз бұған кесіп-пішіп «иә» немесе «жоқ» деп жауап бермейді. Әйтсе де мәселені шешудің бағыт-бағдарын нұсқайды. Жалпы алғанда, зардап шеккен аудандарды жалпы өңірлік даму саясатына қосқан дұрыс-ақ, бірақ мұның бір өзі жеткіліксіз. Өйткені дәл осы аймақ тұрғындарына бағытталған арнайы шаралар болмаса, жалпылама жаңғырту бағдарламалары оларды айналып өтеді. Зардап шеккендердің мәртебесін мойындағанын талап ету – қандай да бір артықшылыққа ие болу үшін бәсекеге түсу емес. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тарихи қасіреттің орнын толтыру үшін ауадай қажет дүние.
Семей полигоны осыдан 35 жыл бұрын жабылса да, қырық жыл бойы қазақ даласын дүр сілкіндірген ядролық сынақтардың зардабы халықтың жадынан да, өмірінен де өшкен жоқ. Қоғам ретінде біз ядролық әділдікке жету жолының әлі басында ғана тұрмыз. Бұл жол қағаз жүзіндегі кепілдіктерден зардап шеккен өңірлердің шынайы мұқтаждығын өтейтін нақты өзгерістерге ұласуы керек. Қасіретті өткен шақ пен жарқын болашақ түйіскен тұста зардап шеккен халыққа құрғақ уәде беруді доғарайық, әділдік олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы қажет.







