«Ретро-саябақтағы» үш жарқын кездесу

281

Нағыз табиғат зерттеушісіне тұнжыраған суық күн де, сұрқай қыс та еш кедергі емес. Қатал желтоқсанда да көз жауын алатын әсем құстарды көруге болады. Табиғатқа зер салған сайын қуанатын да, таң қалатын да дүние міндетті түрде табылады!

11 жыл күткен кездесу

«Ретро-саябақ» ішінде серуен құрып жүріп, бейтаныс құстың көгалдан естілген үніне құлақ түргенімде де солай болды. Аспанды бұлт торлап, айнала анық көрінбесе де, бұл құстар біздің саябақтың тұрақты мекендеушілері емес екенін әрі мен бұрын-соңды кездестірмеген қанаттылар екенін алыстан-ақ аңғардым. Фотоаппаратымды бағыттап едім, тұмсығының айналасында алқызыл дағы бар, торғайдан сәл ірірек келген ақшыл құстарды көрдім. Қуанышымда шек болмады – бұлар пайыздар немесе пайызторғайлар (Carduelis carduelis) ғой! Туған өлкемнің табиғатын зерттей бастаған 11 жылдың ішінде бір кездестірсем деп армандаған қауырсыны ашық түсті сайрауық құстың дәл өзі!

Саябақтағы пайыз (Carduelis carduelis)

Олар құнақтектестер (Fringillidae) тұқымдасына жатады, демек, саябақ тұрғындары туралы күзгі мақаламда таныстырған шұбар шымшықтарға (Fringilla coelebs) туыс болып келеді.

Бұған дейін айтып өткенімдей, пайыз жергілікті түр емес, Атырау облысында ұя салмайды. Олар мұнда жуырда ғана келген. Қорек іздеп, солтүстіктен ұшып жеткен. Саябақ ішінде жүргеніне қарағанда, іздегенін көгал ішінен тапқан секілді. Пайыздар негізінен түйетікен, ошаған және жолжелкен сияқты арамшөптердің тұқымдарымен қоректенеді. Жіңішке, жиегі өткір тұмсығымен олар өсімдіктердің тығыз гүлшоғырлары арасынан тұқымды асқан ептілікпен суырып алады.

Пайыздар бұрынырақта табиғатта кең тараған еді. Алайда адамдар торға қамап ұстау үшін жиі аулады, соның салдарынан популяциясы азайып кеткен.

Бірнеше пайыз көгал үстінде асықпай жүріп, өсімдік тұқымдарын шоқыды. Алайда суретке түсірмек болып жақынырақ барғанымда, олар маған мүлде бейтаныс, металл сыңғырына ұқсайтын дыбыс шығарып, пыр етіп ұша жөнелді. Көкке шарықтап бара жатқанында қанық түсті қара-сары қанаттарының бар әсемдігін паш етуді ұмытқан жоқ.

Құстар әуелі терекке, артынша талға қонып, «хормен» үн қатты. Шамасы, әбден «ақылдасып», басқа жаққа ұшамыз деп ортақ шешімге келген секілді. Құлпырған қанаттарын қағып, құстар белгісіз бағытқа бой түзеп, көзден ғайып болды.

Бұрындары пайыздарды ерекше сыңғырлаған күрделі әуені мен ашық түсті келбеті үшін адамдар жиі қолда ұстайтын. Бұл кішкентай қанаттылар басқа сайрауықтардың әуенін қағып алып, тез үйренетін. Тіпті аздап «суырып салма» қабілеті арқылы бағалы үй жануары саналған. Оларды ұстап алып, әдемі безендірілген торларға қамап, құйқылжыған үніне сүйсінетін. Жабайы құстарды қолда ұстау гуманизмге жатпайтындықтан, қазіргі таңда оған заңмен тыйым салынған. Қазақстанда пайыздар табиғат қорғау нормаларымен қорғалады, оларды аулау құқықбұзушылыққа жатады. Еуропаның бірқатар елінде мұндай әрекетке қатаң айыппұл қарастырылған. Өткен шақтағы жаппай аулау бұл құстардың популяциясына айтарлықтай зиян тигізіп, санының азаюына әкеп соқты.

Жасылтуылжық қандай құс?

Осындай ерекше қанаттылармен кездесуден қатты әсерленіп, оларды тағы бір көрермін деген үмітпен «Ретро-саябаққа» қайта бардым. Кенет таныс сұлба – мығым дене, сәл ұзындау құйрық, конус пішінді үшкір тұмсық көзіме оттай басылды. Пайыз екен деп камераны бағыттап, суретке түсіруге оқталғаныммен, бұл мүлде басқа құс – жасылтуылжық (Chloris chloris) болып шықты. Олардың қауырсын түсі мүлдем бөлек болғанымен, алыстан қарағанда дене бітімдері өте ұқсас: екеуі де құнақтектестер тұқымдасына жатады.

Жасылтуылжықтардың пайыз құстан бір айырмашылығы, олар Атырауда жыл бойы мекендейді және дәл осы жерде – қаладағы саябақ пен үй аулаларында ұялайды. Биік ағаштың ең биік бұтағына қонып алып, ұрғашы құстарды еліктіре ән салатын аталық жасылтуылжықтың құлақ құрышын қандырар әуезді үнін көктем сайын естуге болады. Жағымды даусы мен сары-жасыл қауырсыны үшін оларды «орман канарейі» деп жиі атайды.

Атырау аймағында жыл бойы мекендейтін құс – жасылтуылжық (Chloris chloris)

Әдетте бұл құстар қыс мезгілінде көктемге қарағанда момынырақ болады, бірақ мүлдем үнсіз қалмайды – саябақта оларды өзіне тән «сылдырлаған» әуенінен оңай танисыз. Мына жасылтуылжық арша жемістерін жеп, әдеттегідей биік бұтаққа қонды. Алыстан қарағанда оны торғаймен шатастыру оңай, әсіресе ұрғашылары кәдімгі торғайға қатты ұқсайды: қауырсыны ашық түсті аталықтарына қарағанда олардың қауырсыны көмескі, толықтай дерлік сұр түсті келеді. Тек сұр қанаттарындағы сары «көзшелері» ғана қарсы алдындағы құс торғай емес екенін натуралиске алыстан-ақ аңғартады.

Сұлу сұлыкеш

Саябаққа пайыздарды іздеп тағы бір келгенімде, мені қауырсыны ашық түсті, үні сыңғырлаған басқа бір құспен кездесу күтіп тұрған екен. Бұл жолы шертпе дыбысқа ұқсайтын өзгеше бір үн назарыма ілікті. Дыбыс шетеннің ұшар басына қонған кішкентай құстан келіп тұр екен. Торғайдан сәл ірілеу, сарғыш денесі сопақша келген, қоңыр-шұбар дақтары мен кішкентай тұмсығы бар бұл құс – кәдімгі сұлыкеш (Emberiza citrinella) еді.

Ағаш бұтасына қонақтап отырған кәдімгі сұлыкеш (Emberiza citrinella)

Олар биік бұтаға, биік қоршауға немесе ағаштың ұшар басына қонғанды ұнатады. Сөйтіп өзін көрсетіп, дыбысын жан-жаққа жеткізу үшін арнайы биік нүктені таңдағандай әсер қалдырады. Мына сұлыкеш те маған назар аударсын дегендей бір орында отырып шықылдаумен болды. Тіпті өте жақыннан суретке түсіруге де мүмкіндік берді.

Басқа торғайтәрізділер әдетте адамды өзіне маңайлата бермесе, ал бұл құс ондай секемшіл емес. Жанына жақынырақ келіп фотоға түсіруге болады.

Бұл кездесуді де күнде сәті түсе бермейтін ерекше кездейсоқтық деп санауымыз керек, өйткені сұлыкештер – көшпелі құс. Олар Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарында ұя салғанымен, миграция кезеңінде ел аумағының басым бөлігінде кездеседі. Бұған дейін кездескен пайыз бен жасылтуылжықтар сияқты сұлыкештер де негізінен өсімдік тұқымдарымен, жемістерімен қоректенеді.

Бастапқыда мен тек ұрғашысын байқаған едім. Алайда көгалға жақындағанымда, шөп арасынан тағы бірнешеуі ұшып шықты. Сөйтсем, мұнда екі аталық және екі ұрғашы құстан тұратын тұтас үйір қоректеніп жүр екен. Аталық сұлыкештердің қауырсыны әлдеқайда ашық – кеудесі мен басы сары түсті болып келеді. Кейінірек күн шыққанда еркек сұлыкеш жақын маңдағы терекке қонып, бар сұлулығын паш етіп, суретке түсуге «бой түзеп» тұрғандай болды.

Көктемде сұлыкештің өзіне тән ерекше әуенін тыңдауға болады.

Сұлыкешке қатысты бір қызық дерек, олардың өзіне ғана тән, бірден тануға болатын ерекше әуені бар. Еуропада оның сайрауын «A little bit of bread and no cheese» («Бір үзім нан, ірімшіксіз») деген тіркеспен сипаттайды. Ал біз жақта бұл үнді көбіне соңында өзіне тән шықылдаған дыбысы бар «цүт-цүт-цүт-цүт-цүлүт!» түрінде жеткізеді. Маған әзірше олардың көктемгі әнін естудің сәті түсе қоймады, бірақ Қазақстанның солтүстігі мен шығысында мұндай әуен – көктемгі «құстар оркестрінің» ажырамас бөлігі.

Ретро-саябақтағы шағын бақылау тіпті қыс мезгілінің өзінде орнитофауна қаншалықты алуан түрлі болатынын көрсетті.

Бір қарағанда, қала – құстар үшін қауіпті аймақ секілді. Бірақ қаладағы жасыл желекті саябақтар көптеген қанаттыны қыстың қақаған аязынан қорғап қалады.

Мұндағы отырықшы жасылтуылжықтардың қатарын пайыз бен сұлыкеш сияқты көшпелі және кездейсоқ ұшып келетін түрлер толықтырады. Саябақтағы осындай кездесулердің біз сияқты қала тұрғындарына берері мол. Бұл құстардың жылдың суық айларында қала әшән паналағаны биоалуандықты сақтауда қалалық жасыл аймақтардың маңызды екенін айқындай түседі.

Біз көбіне ғажайыптың бәрі алыстағы әлдебір жұмбақ жерде жасырылған деп ойлаймыз, бірақ дәл осындай кездесулер сұлулық әрдайым қасымызда екенін дәлелдейді. Тек айналаға зейін қойып, қоршаған ортаның үніне құлақ түрсек жеткілікті: тіпті суық күнде де құстар бізге айналамызда тіршілік қаншалықты мол екенін еске салады.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ