«The Voice Қазақстан» жаңа эфир уақытына көшеді

237

«Хабар» телеарнасы музыкалық жоба — «The Voice Қазақстанның» эфир кестесіне өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Көрерменнің сұранысына сәйкес, 6 желтоқсаннан бастап жоба сенбі күні сағат 20:00-де көрсетілетін болады. Сонымен қатар, жобаның негізгі және шешуші кезеңдері тікелей эфир форматында ұсынылады.

Алғашқы тікелей эфир 13 желтоқсанда өтеді. Шоудың сенбі күнгі прайм-таймға ауысуы — көрермен тарапынан түскен пікірлер мен ұсыныстарды талдау нәтижесіне сүйене отырып қабылданған шешім. Бұл жобаны отбасымен, туған-туыстармен бірге отырып тамашалауға қолайлы жағдай жасайды.

«Біз көрермендердің пікіріне құлақ асып, «The Voice Қазақстан» жобасын сенбілік уақытқа ауыстыру туралы шешім қабылдадық. 13 желтоқсаннан бастап екі жартылай финал мен финал тікелей эфирде өтеді. Бұл жобаның ашықтығын күшейтіп, әрбір қатысушының өнерін ерекше айтулы оқиғаға айналдырады», — деді «Хабар» телеарнасының директоры Ерлан Атамбай.

«The Voice Қазақстан» — әлемге танымал музыкалық форматтың отандық нұсқасы. Жоба аясында елдің әр аймағынан жиналған талантты өнерпаздар жұлдызды тәлімгерлердің жетекшілігімен «көрмей тыңдаудан» бастап финалдық кезеңге дейінгі өнер жолынан өтеді.

Шоудың финалына аз уақыт қалды. Алда жобаның аса маңызды әрі шешуші шығарылымдары ұсынылады. Көрермендер жобаға қатысты жаңалықтарды әлеуметтік желілерден және «Хабар» телеарнасындағы тікелей эфирлерден тамашалап отыра алады.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ