Анголаның елес пілдері

Анголадағы ондаған жылға созылған қарулы қақтығыстан кейін елдегі пілдер жойылып кетті деген пікір кең тарады. Алайда жергілікті халық ақиқатты білетін. Бүгінде осы «елес пілдерді» іздеуге шыққан зерттеушілер алыптардың қалайша ұзақ уақыт бойы көзге түспей тіршілік етіп келгенін ашып берді.

Автор: Грейсон Шаффер
Фото: Джаспер Дуст

Анголаның таулы өңірін мекендейтін елес пілдер Жер бетіндегі басқа пілдерге мүлде ұқсамайды. Олар тым сақ жүріп, түнде белсендірек қозғалады әрі адам атаулыдан қатты үркеді.
Фото: Джаспер Дуст

Абран Антонио Лухоке топырақтағы табақтай үлкен ізге алақанын қойды. Елестер із қалдырмайды деуші еді, бірақ мен Анголаның шығысындағы қыраттарда жел үрлеген құмда айқын таңбаланған ізге қарап тұрмын.

Маусым айының жаймашуақ күндерінің бірі еді. 41 жастағы чокве ұлтының өкілі, бұрынғы сарбаз, жергілікті аңшы Лухоке таңнан бері алты адамнан құралған тобымызды бастап, аса сақ, өте сирек көзге түсетін, ғылым үшін жылдар бойы жұмбақ болып келген пілдер табынының ізіне түсіп келе жатқан.

Лухокенің артынан 46 жастағы оңтүстікафрикалық эколог, National Geographic зерттеушісі Стив Бойес пен тағы үш анголалық, оның ішінде 39 жастағы зерттеуші, Лисима қоры аясындағы Project Lisima бағдарламасының осы елдегі директоры Керллен Кошта келе жатты. Бойес негізін қалауға атсалысқан бұл жоба сақ әрі айлакер пілдерді тіркеп, зерттеп, қорғауды мақсат етеді. Олар жиырмадай пілдің ізіне түскен еді, алайда Бойес өңірде әлі де жүзге жуық піл бар деп шамалайды.

Бұл пілдерді аңду сынған шыбық не ағаштағы белгі секілді ұсақ-түйекке мұқият қарауды талап етеді. Ал кейде бар болғаны алдыңдағы құмда жатқан алып ізге көз салсаң жеткілікті.
Фото: Джаспер Дуст

Бұған дейінгі экспедицияда Чинжанга ауылының қауым жетекшісі Бойеске өзі «елес пілдер» деп атаған, адам көзінен таса жүретін пілдер табыны жайында айтқан. Оның сөзінше, тым болмағанда бір пілді көру үшін сол аңғарларда айлап жүру керек. Бұлар Жер бетіндегі өзге пілдердің басым көпшілігінен мүлде өзгеше өмір сүреді. Олар теңіз деңгейінен шамамен 1200 метр биіктіктегі қыраттарды мекендейді, адамдардан бой тасалау үшін көбіне түнде жүреді және алып денелеріне қарамастан, үн-түнсіз қозғалады. Бойестің пайымдауынша, пілдердің мұндай мінез-құлқы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан зорлық-зомбылық салдарынан қалыптасқан. Пілдер соншалықты шебер жасырынғандықтан, кейінгі бірнеше онжылдықта олар бұл өңірден мүлдем кетіп, жуырда ғана қайта оралды ма, әлде үнемі осында болып, көзге түспей келген бе – оған ешкім нақты жауап бере алмайды. Қалай болғанда да, Бойес мұнда табиғатты қорғау үшін үлкен мүмкіндік бар деп санайды. Егер «елес пілдер» бірнеше жыл бойы алаңсыз өмір сүре алса, олар біртіндеп адамға қайта үйреніп, пілдерге тән әдеттегі мінез-құлқын табады.

Анголалық Керллен Кошта кейінгі 15 жылын табиғи әрі мәдени мұраны қорғауға арнап, соның ішінде пілдерді бақылаумен айналысып келеді. Мұндай жұмыс – шалғай аймақтарда, тайпа басшыларының қарауындағы жерлерде ауыр сапарды талап ететін іс.
Фото: Джаспер Дуст

«Елес» деген лақап аттың тағы бір мәні бар: Анголаның шығыс қыраттарын ежелден мекендеген халық пілдің алып денесінде ата-баба рухы мен осы өлкенің тіршілік қуаты тоғысқан деп сенеді. Анголада ресурстар тапшы болып, адам мен жануар үнемі қақтығысып жатқанына қарамастан, бұл сенім әлі де сақталған.

Бойес жергілікті жетекшілермен бірлесіп, аңдарды қорғаумен айналысатын 400-ге жуық рейнджерден тұратын жүйе құруды да көздейді. Оның басты арманы – пілдерге адамдардың өзгергенін, енді оларға қайта сенуге болатынын дәлелдеу. Алайда Бойес пен оның командасы әуелі пілдердің өзін табуға тиіс еді. Далада бірнеше күн жүріп, иен аймақтың ондаған шақырымын артқа тастаған соң, осы із біздің табынға жақындап қалғанымызды айғақтаған алғашқы белгі болды. Расында да, елес десе, елес өздері.

Анголаның таулы өңірінде таң жарығы Куандо өзені бойымен жайыла тарайды. Дәл осы жерде Африкадағы үш алып өзен – Окаванго, Конго және Замбезидің бастаулары түйіседі. Алуан түрлі ландшафт адамдардан бой тасалауға ұмтылған пілдерге табиғи қалқан іспетті.
Фото: Джаспер Дуст

Анголада пілдердің жоғала бастауы елде қырық бір жылға жуық болған үздіксіз соғыспен тұспа-тұс келуі кездейсоқтық емес. Әуелі 1961–1974 жылдары Португалиядан тәуелсіздік алу жолында күрес жүрді, артынша 1975–2002 жылдар аралығында айрықша қатыгез азаматтық соғыс өршіді. Бұл қақтығыстарда жүздеген мың адам қаза тауып, жауынгерлер жер миналарын жиі қолданды – олардың қаупі әлі күнге дейін сейілген жоқ. Зорлық-зомбылықтан адамдар да, жабайы жануарлар да бас сауғалап, Намибияға, Ботсуана мен Замбияға қарай үдере көшті. Біз пілдерді іздеген Анголаның оңтүстік-шығыс өңірі бүлікшілер жетекшісі Жонаш Савимбидің ол 2002 жылы қаза тапқанға дейінгі негізгі тірегі болған. Савимбидің ресурстарға жауапты бөлімі пілдерді азу сүйегі үшін де жаппай қырған.

Осы тұста Бойес өңірді табиғатты қорғаудың ауқымды жоспары аясында зерттеуге кірісті. 2015 жылы ол Куито өзенімен сапар шегіп, Анголаның су жүйелері мен экожүйелері Ботсуанадағы Окаванго дельтасымен қалай байланысатынын зерттеді. Сол сапарда ол дельтаның экологиялық жағдайы оның суы бастау алатын Анголаға тікелей тәуелді екенін түсінді. «Дельтаны құтқарғың келсе, алдымен оның көзін қорғауың керек», – деді ол маған.

Жергілікті лучази қауымы бұл өңірді Lisima lya Mwono, яғни «өмірдің бастауы» деп атайды. Осы атаудан шабыт алған Бойес Анголаның экожүйелерін картаға түсіру, қорғау және қалпына келтірумен айналысатын Lisima Foundation қорын құрды; қор жергілікті тұрғындарды жолбасшы, зерттеуші және рейнжер ретінде жұмысқа тартады. Алғашқы экспедиция кезінде ол «піл бағы» деп атаған ашық алаңға кезікті. Бұл алаң құдды бір аталық пілдің ұзақ уақыт осында жайылуынан қалыптасқандай әсер қалдырды. Ал пілдердің осыншалық солтүстікте тұрақты мекендеуі аса үлкен жаңалық болар еді.

2016 жылы Бойес пілдерді табуға бел шеше кірісіп, өңірге мотоциклмен қайта оралды. «Біз олардың иісін сездік, бірақ бірде-біреуін көзбен көрмедік, дауыстарын да естімедік», – деді ол. Камера-тұзақтарға леопард, жайра, маймыл мен орман шошқалары ілінген, алайда пілдер түсе қоймады. 2019 жылы Бойес тікұшақ жалдап, Окаванго, Конго және Замбези өзен жүйелерінің бастауын құрайтын миомбо ормандары мен шымтезекті батпақтарды әуеден шолып шықты. Нәтиже болмады. Осы кезде Лухоке кездесті.

«2021 жылы аңшылықта жүргенде достарымның кейбірі Стивпен жұмыс істеп жүргенін білетінмін, – деді ол Кошта арқылы. – Пілдің іздерін көргенде, Коштаға хабарласып: «Меніңше, сендер дұрыс жерден іздеп жүрген жоқсыңдар», – дедім».

Лухоке пілдерді шығыс қыраттардағы шағын Кангамба қаласының маңынан іздеуді ұсынды. Ол Lisima құрамына қосылған сәттен бастап бәрі өзгерді. Араға бірнеше ай салмай-ақ камера-тұзақтар ара-тұра бірді-екілі кадрды тіркей бастады, ал 2024 жылғы қыркүйекте аздап дірілдеп түсірілген, бірақ күмән қалдырмайтын видео пайда болды.

Лухоке қыраттармен жүріп келе жатқанымызда тапталған жас шыбықтарды көрсетті. Алғашқы ізді байқағаннан кейін бір сағат өтпей жатып, кенеттен алдан мас бульдозер жүргізушісі тазалап кеткендей тып-типыл алаңқай көрінді.

Дәл сол мезетте көлемі футбол добындай үлкен, әлі де шырышы кеуіп үлгермеген тезек көзге түсті. «Елес пілдер» қанша жерден сақ, түн жамылып жүретін болса да, табиғи қажеттіліктен қашып құтыла алмайды. Бойес пен Lisima командасы Стэнфорд және Чикаго университеттерімен әріптестік орнатып, шырыштағы ДНҚ-ға бай жасушаларды генетикалық тұрғыдан зерттеп жатыр. Бұл талдаудың арқасында ғалымдар оларды саванна және орман пілдерінің белгілі популяцияларымен салыстырып, пілдер шежіресіндегі орнын анықтай алады.

Бойес әлі де жылуы кетпеген тезектен құтыға сынама салып алуға кірісті.

Лучази халқының патшасы VI Мвене Чивуэка шамамен 3 мың км² аумақты қамтитын Чимбинди жерін басқарады. Бұл өңірде жүзге жуық піл тіршілік етеді деп есептеледі. Мвене Чивуэка мен оның халқы пілдерде ата-баба рухы бар деп сенеді, сондықтан пілдер мен олардың тіршілік ортасын қорғау қасиетті парыз саналады.
Фото: Джаспер Дуст

Он жылдай дерлік уақытқа созылған ізденістен кейін анголалық табиғат қорғаушылар ең бағалы ресурс – орманда болып жатқанның бәрін көріп, естіп отыратын жергілікті көсемдер екенін түсінді. Сол себепті орманға аттанар күні таңертең Lisima жобасының директоры Кошта Режедор Какетченің қақпасы алдында иіліп, дәстүрлі рәсім жасады: бізді қабылдайтын көсемге құрмет ретінде алақандарын жайлап соқты. Бойес пен оның қасындағылар да солай етті. Нкангала халқының (нгангела тобының бір тармағы) көсемі Режедор Какетче Кангамбаның шетіндегі қоршаулы қонысты мекендейді. Леопард терісін жамылған көсем бізді қабырғалары балшықтан тұрғызылған «тақ залына» кіргізді.

Регедия жүйесі бір кездері португалдардың байырғы халықтарға билігін жүргізу құралы еді. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін режедорлар дәстүрлі жерлерді қорғап, жергілікті қауым мен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз ететін тұлғаларға айналды.

«Біз қай жерде жұмыс істегіміз келсе де, алдымен көсемнен рұқсат сұраймыз», – деді Кошта Lisima жобасының жоспарын Режедор Какетчеге таныстыра отырып. Көсем өз батасын берді, сосын аумақтың ең қиыр бөліктерінде екі көпір салу мәселесінде ақыл қосуды өтінді. Сондай-ақ ол жоба аясында жергілікті тұрғындарды пілдерді бақылап, қорғауға жауапты із кесушілер мен табиғат күзетшілері ретінде тартуды міндеттеді. «Олар – шын мәнінде піл емес, адам баласы», – деп жеткізді Режедор Какетченің сөзін тілмаш.

Біз Луена маңына тоқтап, VI Мвене Чивуэка есімімен танымал лучази халқының патшасы Кувакане Мукумби Ливамбамен жүздестік. Жетпістің үстіндегі көсем біз зерттеп жатқан пілдер мекенінің бір бөлігі саналатын, аумағы 300 шаршы шақырымдық Тчимбинди регедориясын қамтитын аймаққа жетекшілік етеді.

Леопард терісінен жасалған алаша үстінде, арыстан терісімен қапталған тақта отырған лучази патшасы ата-бабалары Анголаға қалай қоныстанғанын ұзақ әңгімеледі. Олар Африканың Ұлы көлдер аймағының шығыс бөлігінен, Ұлы Жарқабақ аңғары арқылы көшіп келіпті. Лучази халқының өкілдері болған оның арғы аталары – қазіргі Анголаның солтүстік-шығысындағы Касай өзенінен өткен алғашқы қауым. Бұл өзен бүгінде Ангола мен Конго Демократиялық Республикасын бөліп тұрған шекара.

Шығыс Анголада бір кездері инициация және егін жинау рәсімдерінде қолданылған дәстүрлі маска бүгінде Луандадағы Ұлттық антропология музейінде сақтаулы. Мұндай бұйымдар орманға, өзенге және пілге деген құрметті білдіру үшін ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған.
Фото: Джаспер Дуст
Лучази ауылы тұрғындары әдейі тұтататын, бақылауда болатын өрт орманның қайта көктеуіне жағдай жасайды әрі ірі орман өрті қаупін азайтады.
Фото: Джаспер Дуст

Режедор Какетче сияқты ол да пілдерді адамзаттың арғы аталары деп білетінін және олардың тек өздері қалаған сәтте көрінетінін айтты. «Егер олар жай ғана піл болғанда, мен сендерге рұқсат етіп, жануарларға рухани белгі беріп, оларды алдарыңа шығаруға болар еді. Алайда бұл – басқа жағдай», – деді ол Костаға.

Зерттеу тобы рухани белгіге оншалықты үміт арта қоймаса да, заманауи технологияға жүгінуге мүмкіндік тапты. Бұдан бір ай бұрын нидерландтық фотограф әрі National Geographic зерттеушісі Джаспер Дуст Лухоке мен басқа да аңшылардың піл көп жүреді деп көрсеткен, шамамен 800 шаршы шақырымдық аумаққа алты камера-тұзақ орнатқан. Режедор Какетчемен жүздескен соң, біз бұта ішіне бет алып, камераларды тексеруге және пілдер көрінуге әзір ме, соны аңғаруға жолға шықтық.


Біз мотоциклге міндік те, ормандағы лагерьге апаратын бес сағаттық сапарға аттандық. Күріш қаптары, сардина консервілері, картоп пен маниоканы қытайдың 125 кубтық Kawasaki мотоциклдеріне артып тастадық. Мен 41 жастағы Маркос Муссоленің белінен қапсыра құшақтап алғанмын; ол жол бойы португалша айқайлап әлденелерді ескертеді, ал ағаштардың жіңішке бұтақтары бетім мен иығымды аямай осып келеді.

Құмды сүрлеумен екі сағат жүрген соң, Куандо өзеніне жеткенде Режедор Какетченің неге көпір сұрағанын түсіндік. Өзен суы шымтезек арнамен шыныдай таза қалпында, екпіндете ағып жатты. Бойес оның ішуге жарамды екенін айтты. Анголалықтар шешініп, салмағы 130 кг тартатын мотоциклдерін темірағаш сырықтардың көмегімен өзеннен иықтап өткізді. Муссоленің жалаңаш арқасында 1999 жылы Кутити маңындағы рейд кезінде тиген 7,62 калибрлі оқтың ізі көрініп тұр. Ал сол ауылдан шыққан, соғыс жылдары паромшы болған Элиас Калуэйо жағалауға таяу су астында сақталған қайыңтоз қайықтармен жүгімізді әрі-бері тасып жүрді.

Біз Куэмбо өзенінің бойына шатыр тіктік. Таң ата бізге жолай мүйізтұмсық құстар, орман шошқасының тезегі және лиана мен ағаш қабығынан тоқылған тұзақтар кезікті. Ағаш түбінен испан мылтығының бос гильзаларын көрдік. Луанда шенеуніктері жергілікті аңшылардың Калашников автоматтарын Ресейдің 12-калибрлі бір оқтық мылтықтарына айырбастауды міндеттеген, бұл қару дукер антилопасы үшін дәстүрлі уланған жебелерден сәл ғана күштірек.

Эколог Стив Бойес Анголаның табиғатын қорғауда соңғы он жыл бойы жергілікті қауымға арқа сүйеп келеді. Оның Project Lisima жобасы осы өңір тұрғындарын гид, рейнджер, зерттеуші ретінде іске жұмылдырады.
Фото: Грейсон Шаффер

Лухоке кезінде дукер антилопасын аулап, етін базарда сататын. Соғыс аяқталған соң, Луандадағы қалалық тіршілікке бой үйретпек болады. «Бірақ сол уақытта отбасымызды сағынғанымызды түсіндік, – дейді ол. – Біз орман-тоғайды бес саусағымыздай білетіндіктен, ешкімге білдіртпей қашып шығып, оларды босқындар лагерінен тауып алдық».

Бұталы дала елес пілдер паналаған мекен еді. Қақтығыс болмай қоймайтын. Савимби қаза тапқаннан кейінгі жылдар пілдерге соғыстың өзінен кем соқпады. Ұрыс кезінде бүлікшілер піл сүйегін орталық ресурстар бөлімі арқылы бақылауда ұстады. Ал соғыстан соң ормандарды қолында қаруы бар, жұмысы жоқ адамдар жайлады – олардың көбі ет пен азу тіс үшін аңшылықпен айналысты. Лухокенің өзі де Кангомбе маңында бір пілді атып, азу тістерін Луенада конголық саудагерге небәрі 360 мың кванзаға (шамамен 400 доллар) сатқаны бар. Кейін аңшылықтың табыстан гөрі қасірет әкелетінін түсінген соң, бұл кәсіпті біржола қойған.

Орландо Кавунге есімді ер адам Кангамба маңындағы Луанжинга өзенінде жүзіп жүр. Жергілікті қауым бұл суларды ежелден қорғап келеді, соның арқасында өзен бойындағы табиғат та, одан төмен қарай Оңтүстік Африкаға тарайтын су алаптары да сақталған.
Фото: Джаспер Дуст
Анголадағы азамат соғысы кезінде әскер қатарында болған Абраао Антониу Лухоке қазір Project Lisima жобасында пілдерді бақылауға атсалысады. Кеңес заманынан қалған бұл танк – елдің әр түкпірінде әлі де көзге ұшырасатын соғыс жәдігерінің бірі.
Фото: Джаспер Дуст

Түстен кейін Бойес қатқан ағаштай піл тезегінің үйінділерін бірінен соң бірін тексеріп, генетиктерге жөнелтетін үлгілерді іріктеді. Біз ашық далада түнедік. Түнгі суық сүйектен өтердей болды. Жылыну үшін Лухоке от жақты. Ертеңінде ол пілдердің ізіне тез түсті.

Пілдей алып жануарларды аңду әлі де ұсақ белгілерге мұқият қарауды талап етеді. Ағаш діңінің үш метрдей биіктегі бөлігіне жабысқан жүн мен балшық олардың қасынатын тұсын аңғартты. Чаламба өзенінен өтер жерде топ мүшелері Бойеспен сөйлесіп, бір тоқтамға келді: біз соңынан еріп келе жатқан 20 пілден тұратын ірі табын тағы 24 пілден құралған топпен жолыққан. Екі топ біршама уақыт араласып, содан кейін біз бақылап отырған табын өзеннің жоғарғы ағысына қарай жылжыған. Олар соңдарынан әлдекім аңдып келе жатқанын сезгендей, іздерінен мазасыз екені білінді.

Із кесу – пайым мен эмпатияға құрылған, адамзатқа тән ең алғашқы ғылымдардың бірі.

Із кесушілер піл секілді ойлана алып, олардың ниетін жүріс-тұрысы мен қимыл-қозғалысынан тани білуге тиіс. Бұл табын бейнебір аңшыдан қашқандай әрекет етеді. Ересек пілдің табиғи жауы болмаса да, бұл табын адамдардан айрықша қорқып, антилопа секілді түнде қоректеніп, күндіз жасырынуды әдетке айналдырған.

Ақыры Дуст орнатқан камера-тұзақтардың біріншісіне жеттік. Ол қирап, ағашы тамырымен қопарылып жатыр екен. Еңсесі түскен Бойес отыра қалып, темекісін ширата бастады. Кошта камераның мыжылған қорабын ашып, жад картасын ақтарды: қап-қара батпақ пен қою түннен басқа ештеңе жоқ. Елес пілдер камераны кадрға түспей тұрып құлатып кетіпті.


Калуйейо араға бірнеше күн салып, Дуст орнатқан камералардың қалған жад карталарын жинауға шықты: ескілерін алып, жаңасын салып, батареяларын ауыстырды. Жел тербеген жапырақтар, роан антилопалары мен тас қараңғылықтан тұратын 10 мың кадрдың ішінде орта жастағы бір пілдің санаулы суреті ғана бар екен. Ол камераға бір сәт көз тастап, кадрдан кібіртіктей шығып кетті. ДНҚ мен тезек үлгілері Стэнфорд университетіне жөнелтіліп, сол жерде зерттеушілер әйтеуір бір маңызды сұрақтың жауабын тапты. «Бұл – жүз пайыз саванна пілі, – деді генетикалық тестілеу бағдарламасын басқаратын эколог Джордана Майер Морган. – Осыншалықты биікте өмір сүретін, біз бұрын білмеген тұтас бір популяция бар екен».

«Алайда алдын ала талдау бұл пілдердің біз зерттеген басқа үлгілерден генетикалық тұрғыдан бөлек екенін көрсетті. Олар ғасырлар бойы оқшау қалған тәрізді», – дейді жобаға қатысқан генетик Кэти Солари.

Зерттеу нәтижелері «елес» пілдердің Анголадағы соғыстан еш жерге бас сауғаламай-ақ аман қалғанын аңғартады: олар бейімделудің өзге жолын таңдап, көзден таса тіршілік етуге көшкен. Олардың мекені мен қозғалысын картаға түсіру қай көші-қон дәлізін қорғау қажет екенін анықтауға көмектеседі. Екі күндік сапардан соң, Бойес кетіп, команда әйтеуір бір піл суреті барына қуанған Дусты алып кетуге Луена әуежайына оралды.

Келесі бағытымыз – Калуйейоның туған жері Кутити. Ол бізден шамамен 350 км оңтүстікте, Куандо мен Куэмбо өзендері түйіскен тұста. Біз пілдердің бұл өңірде қаншалықты көлемде азайғанын тексеріп, олардың болашағы қандай болатынын бағамдағымыз келді. Ені үш шақырымдық жайылымда қабылан, қолтырауын, антилопалар баршылық, бірақ бір кездері табын-табынымен көшіп-қонған пілдер бүгінде жоқ. Он адам мен керек-жарақ тиеген Land Cruiser көлігіндегі сапар 15 сағатқа созылды.

Өзеннен өтетін тұста Луенадан келген іскер әйелдер тобы жергілікті балықшылармен саудасын жаңа ғана аяқтаған екен. Олар кептірілген жайын мен тарғыл балық салынған 38 қап – барлығы 5 тонна жүк пен бір келесті жинап қойыпты. 37 жастағы Анжелина Кафути құрбыларымен бірге тауарды Луенаға жеткізу үшін жүк көлігін жалдады. Мемлекет субсидиялайтын жанармай бағасы күрт өсіп, тұрмысты титықтатып жіберген. «Жанбағыс үшін амалын табасың», – деді Кафути.

Жергілікті сауданы шектеу табиғатқа түсетін салмақты азайтып отыр. Жолдың нашарлығы мен қарабайыр өндіріс тәсілдері тек шағын әрі орнықты шаруашылық жүргізуге мүмкіндік береді. Дамыған инфрақұрылым болса, ірі жүк көліктері алқапты жалаңаштап кетер еді. Балық шаруашылығында да солай: тар өткелге керілген бірнеше нейлон тор бір маусымдағы балық көшін толық жойып жіберуі мүмкін. Сондықтан елдің кей өңірлері әлі күнге дейін жануарлар үшін қауіпсіз мекен болып отыр.

Балықшы Жорже Нгунга – 20 жылдан бері осы өзеннен ризығын теріп келе жатқан жан. Оның жиені Роза Касуэканың сөзінше, кейінгі жылдары балық аулау көлемі сол қалпы сақталған: соғыс салдарынан дамудың тоқтауы табиғатты қорғауға аз да болса мүмкіндік туғызғанын көрсетеді. Бірақ ол пілдер үшін жеткілікті ме – мәселе сонда.

Куандо мен Куэмбо өзендері түйіскен жерден өту үшін қалың шөп пен ирек арналар арасымен 8 км-дей ауыр жол жүруге тура келді. Калуйейо қамысты қақ жарып өтетін, ұзындығы 4 метрлік, шапшаң да жіңішке муссиви қайығын сырықпен есіп отырды. Жасөспірім шағы соғыс уақытына тура келген ол өткелші болып, бүлікшілерге керек-жарақ тасыған.

«Бұл аңғарда бұрын піл көп еді, – деп тәржімеледі оның сөзін Кошта. – Соғыс кезінде аңшылық қатаң бақылауда болды. Ірі пілдер азу тісі үшін ауланып, еті арнайы белгіленген ауылдарға таратылатын. Соғыстан соң бәрі өзгерді. Пілдер тағы біраз уақыт болды, кейін мүлде жоғалып кетті».

Біз шыны талшықтан тоқылған үлкен қайықта сырық көмегімен жүзіп келеміз. Жолай балық аулау үшін құрылған дәстүрлі өрме тұзақтарды, шәркей қиықтары мен Astro Cola бөтелкелеріне ілінген ұзындығы бірнеше шақырымдық нейлон ауды көрдік. Кошта сол аулардың біріне шырмалып қалған сары құтандарды босатқаны сол еді, папирус сабақтарының арасымен көктарғақтар зу етіп өте шықты.

Шамамен жүз шақты ғана тұрғыны бар Кутити ауылы Google Maps-та да жоқ. Мұнда ұялы байланыс, интернет, тіпті радио да ұстамайды. Жаңалық екі күндік жердегі қаладан біреу келгенде ғана жетеді. Біз жексенбі күні келдік: балалар шіркеу киімдерін шешіп, футбол формасын киіп жатыр екен. Бұл өлкеде христиандық пен анимистік дәстүр қатар өмір сүреді. Калуйейоның малы брахистегия ағаштарының саясында жайбарақат жайылып жатыр. Оның кенже қызы бізді көре сала жүгіріп келді.

Ауыл ақсақалы, 56 жастағы Густо Луис Каволо өткен күндерді еске алды. «Қайда барсаң да жан-жануар өріп жүретін, пілдер еш алаңсыз жайылатын, адамнан үрікпейтін. Аңшылық қатаң бақылауда болды. Кез келген адам аңға шыға бермейтін. Бәрі реттелген еді, – деген ол орманды нұсқады. – Қазір жануарлар жасырынып үйренді».

Таңғы тұман басқан көлде Керллен Кошта ескек есіп келеді. Жергілікті халық бұл суларды Мукиси рухы мекендейді деп біледі, дәл осы сенім аймақты игеруден қорғап, батпақты жерлерді сақтап қалған.
Фото: Джаспер Дуст

Анголадағы елес пілдер соғыста көбірек зардап шекті ме, әлде соғыстан кейін бе – ол жағы беймәлім. Алайда қазір олардың халі тым мүшкіл. Пілдер шегінер жердің шетіне дейін ығысқан: көпірі жоқ екі өзеннің арғы бетіне, жоғарғы ағыс бойымен, португалдар terras do fim mundo, яғни «дүниенің шеті» деп атайтын, адам аяғы сирек басатын ішкі өңірлерге қарай кеткен.

Бойестің пілдерді қорғау және оларды адамдардан үрікпеуге үйрету туралы ойы табиғатты қорғаудың жаңа тәсілімен үндеседі. Бұл – OECM (other effective area-based conservation measures – аймақтық деңгейдегі табиғат қорғаудың өзге тиімді тетіктері) деп аталатын, экожүйелерді мемлекеттік қорықсыз-ақ сақтауға бағытталған, көбіне жауапкершілікті жергілікті қауымдар мен байырғы халықтарға жүктейтін үлгі. Анголада африкалық саванна пілінің қайта оралуы экожүйенің сау екенін көрсететін басты белгі болар еді. Ал бұл тәсіл – Коштаның кейінгі он жылда ауыл-аймақтарды аралап, біртіндеп қалыптастырған ынтымақтастық желілерін қажет ететін жол.

Дегенмен ел қайта түлей бастаған тұста Анголаның өзге де маңызды міндеттері бар. Соғыстан бері 23 жыл өтсе де, Луанда сияқты ірі қалаларда жаңғырту жұмыстары енді ғана қарқын ала бастады. Былтыр жазда қалада АҚШ–Африка бизнес саммиті өтіп, оған 12 африкалық мемлекет басшысы қатысты, олардың ұшақтары әуежай жолағында қатар тізілді. Ал Қытай жақында қаланың шетінде Анголаның жаңа қақпасы саналатын әуежай терминалын салып берді. Бірақ Анголаның жаңғыру жолында табиғатты қорғау басты назарда бола ма, жоқ па – бұл әлі басы ашық мәселе.

Балықшы әрі тәжірибелі ізкесер Элиас Калуйейо Куандоның сулы-батпақты жерінде кетіп барады. Қолында нкаси деп аталатын ағаш ескегі бар ол Кутитиге кейінірек оралады.
Фото: Джаспер Дуст
Жорже Нгунга мен Роза Касуэка Куандо өзенінің жағасында отқа балық қақтап отыр. Олардың өмір салты нәпақа табуға мүмкіндік беріп қана қоймай, елес пілдерге пана болған табиғи ортаны сақтауға да ықпал етіп келеді.
Фото: Джаспер Дуст

Экспедицияның соңғы күні де бірде-бір пілді көре алмаған соң, біз Куандо жағасында соңғы рет қайта бас қосып, шатыр тіктік. Жексенбі еді: Лухоке оңаша отырып, Інжілін оқыды. Калуйейо кешті өз отбасымен өткізіп, таң ата келмек болды. Өзенде өткізген ұзақты күннен кейін мен ертерек ұйқыға кеттім. Кенет түн ортасында айқай-шу шығып, артынша бәрі жылан туралы айтып жатты. Сөйтсе, улы сұржылан Коштаның шатырына кіріп, оның жалаңаш аяғын жанап өткен екен.

Құдай сақтап, шағып алмапты. Олай болмағанда, көмек бізден екі күндік жерде еді.

Бұл орта жастағы ұрғашы піл – саны жүзге де жетпейтін елес пілдердің бірі. Соғыс біткелі жиырма жылдан асқанымен, Стив Бойес пен оның әріптестері жануарлар адамға қайта сенуді үйренеді деген үмітін үзген жоқ.
Фото: Джаспер Дуст
Әлем ғажайыптарын таныту мен қорғауды көздейтін коммерциялық емес National Geographic Society осы материалда сөз болатын National Geographic зерттеушілері Стив Бойес пен Керллен Кошта жүргізген жұмысты қаржыландырды.
Мақала National Geographic Qazaqstan журналының 2026 жылғы наурыздағы санында жарияланған.
Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ