Қазақстанның «Қара кітабы»

524

Тұмса табиғатты қорғау туралы сөз болғанда, көпшілігіміз Қызыл кітапқа енген, жойылып кету қаупі төнген түрлерді еске аламыз. Көз алдымызда азайып жатқан түрлерді сақтап қалуға дағдыланғанбыз. Регель қызғалдағының (Tulipa regelii) нәзік гүлдерін жұлмауға тырысамыз, Іле Алатауының баурайында өсетін Сиверс алмасының (Malus sieversii) түптерін санаймыз, ал өте сирек кездесетін Іле үшқатын (Lonicera iliensis) сақтап қалу үшін арнайы тәлімбақтар ашамыз. Ондаған жыл бойы Қазақстанның Қызыл кітабы биоалуандықты қорғаудың негізгі құралы болып келді. Ол бізге қай түрлерге жойылып кету қаупі төніп тұрғанын көрсетіп, оларды сақтап қалу жолдарын айқындауға көмектесіп келеді.

Дегенмен мамандар жергілікті өсімдіктерді жойылып кетуден қорғауға күш салып жатқанда, көзге көп байқала бермейтін тағы бір үдеріс жүріп жатты. Тас жолдардың бойында, қала арықтарының жағасында, тіпті қорғалатын аумақтарда да бұрын онда өспеген өсімдіктер көбейе бастады. Олар өте төзімді әрі жаңа ортада өсуіне кедергі келтіретін табиғи жауы болмағандықтан, тез таралады. Мұндай өсімдіктер бізден қорған күтпейді. Керісінше, олар біртіндеп жергілікті өсімдіктердің орнын басып, олардың тіршілік кеңістігін тарылтады.

Міне, осы себепті отандық ғылымда флораның «Қара кітабын» жасау қажеттігі туындады. Онда жатжерлік өсімдіктердің тізімі жазылып қана қоймай, олардың жаңа ортаға бейімделуі әрі табиғи экожүйеге ықпалы жан-жақты баяндалады. «Қара кітап» қалай құрастырылғанын білмек үшін National Geographic Qazaqstan Алматыдағы Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры, «Қара кітапты» әзірлеу жобасының жетекшісі Гүлнар Ситпаевамен әңгімелесті.

Зерттеушілер өсімдік үлгілерін далалық жағдайда жинап, сұрыптап әрі гербарий торларына орналастырып жатыр. Осы зерттеудің негізінде әр өңірдің «Қара кітабы» әзірленеді.
Көпшілік «американка» деп атайтын ұсақгүл арқат (Galinsoga parviflora). Бұл өсімдік бір маусымда бірнеше рет тұқым шашып үлгереді. Тез қаулайтын біржылдық арамшөп күн көзін көлегейлеп, мәдени өсімдіктердің қалыпты өсіп-жетілуіне кедергі келтіреді.

Бір экожүйенің екі қыры

Гүлнар Ситпаева Қызыл және Қара кітапты бір-бірінен бөле қарауға болмайтынын бірден ескертті. Бұл екеуі – ұлттық биологиялық қауіпсіздіктің бір-бірін толықтыратын тетігі. Қызыл кітап табиғатқа келген залалды тіркеп, жойылып бара жатқан түрлерді көрсетсе, Қара кітап сол босаған орынды қай түрлер басып жатқанын, табиғи ландшафт қалай өзгере бастағанын әрі жат өсімдіктердің (инвазив) таралуын қалай тежеуге болатынын баяндайды.

Бүгінде Қазақстанның ресми қорғау тізіміне өсімдіктердің 387-ге жуық түрі енгізілген. Бүгінде Қазақстандағы ботаникалық бақтар тұмса табиғаттағы өсімдіктердің бай генофондын сақтап қалмаққа әрекеттеніп жатыр. Мәселен, Алматыдағы Бас ботаникалық бақтың қорында қызғалдақтың өте сирек кездесетін 16 түрі өседі, олардың қатарында Грейг (Tulipa greigii) және Альберт қызғалдағы (Tulipa alberti), сонымен қатар кеш қызғалдақ (Tulipa tarda) бар. Соңғысы өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғына қарай қолдан өсіруге бейімделіп, содан бері өздігінен көбейіп келеді.

Әйтсе де ғалымдар мұнымен тоқмейілсуге болмайтынын ескертеді. Өсімдікті жылыжайда немесе ботаникалық бақта сақтап қалу – оның жойылып кетуіне жол бермейтін қосымша мүмкіндік қана. Ал оны табиғи ортасына қайта жерсіндіру үшін ауқымды мемлекеттік бағдарламалар, ұзақмерзімді бақылау мен жаңа популяцияның өздігінен өсіп-өніп, сақтала алатынына көз жеткізу қажет. Сирек кездесетін өсімдіктерге табиғатта қауіп көп. Жер жырту, шамадан тыс мал жаю, қуаңшылық, өрт, қалалардың кеңеюі – бұлардың бәрі олардың тіршілік ортасын тарылтады. Осындай осал экожүйелерге сырттан келген, тез таралып, өзге өсімдіктерді ығыстыратын түрлер қосылса, табиғи тепе-теңдікті сақтау тіпті қиындай түспек.

Осы уақытқа дейін Қазақстанда мұндай өсімдіктердің бірыңғай тізімі болған жоқ. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Ботаника және фитоинтродукция институты әзірлеген «Алматы облысының Қара кітабы» атты ғылыми еңбектің жарық көргені. Оған өңірде таралған инвазив өсімдіктердің 71 түрі енгізілді. Қазір ғалымдар Ұлытау облысына арналған келесі томды әзірлеп жатыр. Ал биоалуантүрлілікті дамыту жөніндегі ұлттық тұжырымдама бүкіл Қазақстан аумағында таралған қауіпті түрлердің бірыңғай тізілімін жасауды көздейді.

Кәдімгі саргүл (Lapsana communis) мен орта саргүл (Lapsana intermedia) – күрделігүлділер тұқымдасына (астралылар) жататын өсімдіктер. Олар көбіне тау бөктеріндегі бұзылған жерлерде, жол жиектері мен орман-саябақтарда өседі.

«Басқыншыны» момын «қонақтан» қалай ажыратамыз?

Сырттан келген өсімдіктің бәрі бірдей «табиғат жауы» бола бермейді, ғылыми ортада бұған қатысты нақты өлшемдер бекітілген. Тұқымның топыраққа кездейсоқ түсуі мен нағыз экологиялық апатқа айналуының арасында бірнеше саты бар.

Бірінші саты – адвентив немесе бөтен түр. Өсімдік адамның тікелей немесе жанама әрекетінің салдарынан табиғи таралу аймағынан тыс жерге жеткізіледі. Кейде мұндай өсімдік жаңа ортада бір маусым ғана өсіп, кейін жоғалып кетеді. Ал жаңа ортаның климаты мен топырағы қолайлы болса, ол екінші саты – жерсінген түрлер санатына өтеді. Мұндай «келімсек» өздігінен көбейгенімен, айналасына көп жайылмайды, шағын аумақта ғана өсіп, экожүйеге зиянын тигізбейді.

Солтүстік Америкадан тараған тағы бір кірме түр – біржылдық майдажелек (Erigeron annuus). Ол егістік жиектерінде, бақтар мен бос жатқан жерлерде қаулап өсіп, қалың шөптесінге айналады.

Нағыз қауіп өсімдік инвазив түрге айналғанда туады. Мұндай өсімдік бастапқы өскен жерімен шектелмей, табиғи ормандарға, дала мен өзен аңғарларына дендеп еніп, жергілікті флораны түбегейлі ығыстырып тастайды.

Өсімдіктің қаншалықты қауіпті екенін субъектив пікірге емес, ғылыми дәлел-дәйекке сүйене отырып анықтау үшін мамандар Халықаралық табиғат қорғау одағы әзірлеген экологиялық әсерді бағалау өлшемдерін де қолданады. Қауіп деңгейін анықтау үшін нақты фактіге жүгінеді: жат өсімдік аласа шөптердің күн көзін көлегейлей ме? Топырақты құрғата ма? Ондағы микроорганизмдердің құрамын өзгерте ме? Қызыл кітапқа енген жергілікті сирек түрлерді ығыстырып шығара ма?

Қазақстан табиғатына қауіп төндіріп тұрған өсімдіктер

Ботаника және фитоинтродукция институтының мамандары далалық экспедициялар кезінде Алматы және Жетісу облыстарындағы Балқаш, Қаратал, Панфилов аудандарын, Іле мен Қаратал өзені аңғарларын, Кетпен және Теріскей Алатауының асуларын егжей-тегжей зерттеді. Ғалымдар елімізде анықталған ондаған бөтен түрдің ішінен қазақстандықтар күнделікті кездестіретін ең қауіптілерін атады.

Ағаш тұқымдас өсімдіктердің ішінде шағанжапырақ үйеңкі (Acer negundo) ерекше алаңдатады. Солтүстік Америкадан әкелінген ағаш кезінде көшелер мен елді мекендерді аз уақытта көгалдандыру үшін көптеп отырғызылған. Алайда ол өзен аңғарларына да таралып, жергілікті өсімдіктерге қауіп төндіре бастады. Қаратал өзенінің бойында қалың өскен шағанжапырақ үйеңкі тоғайлары қалыптасқан. Оның көлеңкесінде қалған жергілікті терек (Populus) пен талдың (Salix) жас өскіндері жарыққа жарымай, қурап қалуы мүмкін. Медеу табиғи паркінде де бұл ағаш жабайы жеміс ормандарына жақындап, жабайы алманың табиғи таралу аймағына қауіп төндіріп отыр.

Аласа қарағаш (Ulmus pumila) та одан қалыспайды. Қуаңшылыққа төзімді бұл ағаш өте көп тұқым шашады. Көктемгі су тасқыны ол тұқымдарды ағызып әкетіп, Іле өзенінің жағалауына таратады. Онда қарағаш өзен бойындағы нәзік экожүйені ығыстырып, тау бөктеріне де жайылып келеді.

Оңтүстік өңірлерде кездесетін тағы бір қауіпті түр – биік айлант (Ailanthus altissima). Ол қолайсыз ортаға жақсы бейімделіп, асфальт жарықтары мен бетон плиталарының арасынан да көктеп шыға алады. Ересек ағашты кесіп тастауға тырыссаңыз, тамырынан жан-жаққа қаптап жаңа өскіндер қаулайды. Сонымен қатар оның тамырынан бөлінетін шырын топырақты улап, маңында басқа өсімдіктер өсуін мүлдем тоқтатады.

Шөптесін өсімдіктер арасында Солтүстік Америкадан келген екі түр ерекше алаңдатады. Олар – жусанжапырақ ойраншөп (Ambrosia artemisiifolia) мен ошағанжапырақ циклахена (Cyclachaena xanthiifolia). Бұл шөптер қараусыз қалған құрылыс алаңдарын, жол жиектері мен бос жатқан жерлерді көзді ашып-жұмғанша басып алады. Оның үстіне, олардың микроскопиялық тозаңы – өте күшті аллерген, ол жыл сайын мыңдаған адамда ауыр поллиноз бен демікпе ұстамасын қоздырады.

Егістік пен жайылымға қауіп төндіретін тағы бір өсімдік – жатаған укекіре (Rhaponticum repens). Бұл көпжылдық өсімдіктің тамыры бірнеше метр тереңдікке дейін бойлап, кең аумаққа жайылады. Соның салдарынан оны толық жою қиын. Укекіре қаптаған алқаптарда ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі едәуір төмендеуі мүмкін. Ал оның тұқымы астыққа араласса, ұнның сапасын нашарлатып, нанның дәміне кері әсер етуі ғажап емес.

Шағанжапырақ үйеңкінің шоғырлана өскен, салбырап тұрған қанатты жемістері.
Кәдімгі тұшақурайдың күлгін түсті, сары тозаңқаптары айқын көрінетін масақ тәрізді гүлшоғыры.

Инвазив түрлердің таралу жолдары

Мұндай өсімдіктер Қазақстанға қайдан келеді? Гүлнар Тоқбергенқызы олардың таралу жолын екіге бөледі: кездейсоқ келу және әдейі жерсіндіру.

Кездейсоқ таралу көбіне сапасыз тұқым материалынан, импортталған көшеттердің тамырына жабысқан топырақтан, құрылыс техникасының дөңгелектері мен пойыз бөлшектеріне ілескен тұқымдардан болады. Павлодар, Алматы және басқа өңірлердегі автомобиль жолдары мен теміржол желілері өсімдіктердің алысқа таралуына жағдай жасайды. Мәселен, канадалық майдажелек (Erigeron canadensis) мен ошағандар (Xanthium) жүздеген шақырымды оп-оңай еңсереді.

Екінші жол – бақшадан жабайы табиғатқа «қашу». Кезінде саябақтарды көгалдандыру, қорғаныш орман белдеулерін қалыптастыру немесе бақтарды сәндеу үшін әкелінген кейбір өсімдіктер уақыт өте келе бақылаудан шығып, жабайы ортаға таралған. Пенсильваниялық шаған (Fraxinus pennsylvanica) мен ақ инеш (Robinia pseudoacacia) сияқты ағаштар тұмса табиғатқа осылай жайылып кетті.

Климат өзгерісі де бұл үдеріске ықпал етіп отыр. Даланың құрғауы мен орташа температураның көтерілуінен қуаңшылық күшейіп, жергілікті өсімдіктер әлсірей түседі. Ал тамыры тереңге бойлайтын құрғақшылыққа төзімді кірме түрлер мұндай жағдайда тез таралуға бейім. Өзен аңғарлары мен суару арналары олардың жаңа аумақтарды игеруіне жол ашып, Қазақстанның солтүстігі мен шығысына қарай таралуына жағдай жасап отыр.

Ботаника және фитоинтродукция институтының далалық зерттеуі. Ғалымдар қуаң аймақтағы бақылау алаңында координаттарды белгілеп, өсімдіктердің биометриялық көрсеткіштерін өлшеп, кірме ағаш түрлерінің тұқымнан өсіп-өну ауқымын бағалап жатыр.
Тау етегіндегі экспедиция кезінде қойын дәптеріне маңызды мәліметті түртіп алып отырған зерттеуші.

Инвазив өсімдіктердің таралуын қалай тежейміз?

Ғалымдардың айтуынша, инвазив өсімдіктерді ойланбай отау немесе кесу мәселені шеше қоймайды. Керісінше, кей жағдайда олардың одан әрі таралуына жол ашуы мүмкін. Мәселен, айлант пен шағанжапырақ үйеңкіні тамыр жүйесін жоймай кессе, түбінен жаңа өркендер қаулап өсуі ықтимал. Ал қалың өскен алқапты жай ғана жыртып, топырақты ашық қалдырар болсаңыз, жер астында бұғып жатқан миллиондаған тұқым дереу өне бастауы мүмкін.

Сондықтан ғалымдар кешенді бақылау жүйесін енгізу қажеттігін алға тартып отыр. Бұл жұмыс мемлекеттік шекарадағы жүктерді қатаң тексеруден басталуға тиіс. Сонымен қатар табиғи ортаға жат өсімдіктердің шағын ошақтары қалың тоғайға айналып кетпей тұрып, дер кезінде анықтау қажет.

Екінші қадам – өзендер, табиғи қаумалдар, ұлттық парктермен шектесетін елді мекендерді көгалдандыру кезінде қауіпті инвазив түрлерді қолдануға заң жүзінде тыйым салу.

Үшінші әрі ең маңызды қағидат – жат өсімдік оталған бойда оның орнын жергілікті түрлермен толықтыру керек. Инвазив өсімдіктерден тазартылған жерге сол өңірдің климатына бейім тораңғы, терек, тал сияқты ағаштар мен бұталарды отырғызу қажет. Әйтпесе, бос қалған жерге инвазив өсімдіктер міндетті түрде қайтып оралады.

Түптеп келгенде, мақсат – зиянды өсімдіктерді жоюмен ғана шектелмей, жергілікті флораның қалпына келуіне мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру. Өйткені табиғи ортаны ұзақ мерзімге сақтаудың бір жолы – оның өзіне тән өсімдіктер қауымдастығын қалпына келтіру.

Табиғи орман алқабындағы кәдімгі шаған (Fraxinus excelsior). Оның өздігінен қаулап шыққан қалың өскіндері күн сәулесін бөгеп, шөптесін өсімдіктерге түсірмей тұр.

Табиғатты қорғауға әркім үлес қоса алады

Қазақстанның биоалуандығын сақтау тек ғылыми мекемелердің міндеті емес. Бұл іске бағбандар, фермерлер мен тауға саяхаттағанды ұнататын адамдар да атсалыса алады. Ең алдымен, өз бақшаңызға қандай өсімдік отырғызатыныңызға мән берген жөн. Саяжайыңыз өзен аңғарына немесе тау шатқалына жақын болса, шағанжапырақ үйеңкі (Acer negundo), пенсильваниялық шаған (Fraxinus pennsylvanica), биік айлант (Ailanthus altissima) және сириялық түйешырмауық (Asclepias syriaca) сияқты инвазив түрлерді отырғызбаған дұрыс. Бақша қалдықтарын, тамыр мен тұқымдарды қоршау сыртына, жақын маңдағы сайға немесе орман жиегіне тастамаңыз. Олар сол жерде тамыр жайып, жаңа аумаққа таралуы мүмкін.

Таудан немесе даладан оралған соң, ошаған (Xanthium) сияқты жабысқақ тұқымдарды таза аумақтарға таратпас үшін аяқкиім, туристік жабдықтар мен көлік дөңгелегін мұқият тазалау керек. Табиғатты қорғауға азаматтық ғылым да үлес қосып келеді. Кәсіби мамандармен қатар қарапайым тұрғындар да өсімдіктердің таралуын бақылап, ғылыми зерттеулерге қажет деректер жинай алады. Ботаника және фитоинтродукция институты iNaturalist халықаралық платформасындағы «Қазақстанның биоалуандығы» жобасын дамытуға атсалысып келеді. Кейінгі жылдары табиғатқа бей-жай қарамайтын қарапайым тұрғындар еліміздің әр өңірінен ондаған мың фотобақылау жасап, жүйеге жүктеді.

Табиғат аясында бұрын-соңды көрмеген немесе тым қаулап өскен жат өсімдікті кездестірсеңіз, оны өз бетіңізше жұлып, көзін құртуға тырыспаңыз. Одан да смартфонға анық етіп суретке түсіріп, орналасқан жерін (координаттарын) белгілеп, мәліметті дерекқорға жүктесеңіз жетіп жатыр. Дәл сол фотосурет ботаник зерттеушілердің жасырын ошақты уақытында анықтап, Қазақстанның бірегей экожүйесін орны толмас зардаптан сақтап қалуына көмектесер.

Мәтінді Ділдәр Сердалы Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры, Қазақстан флорасының «Қара кітабын» әзірлеу жобасының жетекшісі Гүлнәр Тоқбергенқызы Ситпаеваның мәліметтері негізінде жазды.

Фотосуреттер Зоология институтының жеке мұрағатынан алынды.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ