Тұмса табиғат жанашырымен өткен бір күн

283

Көз ұшына дейін көсілген ұлан-ғайыр дала. Күн баяу көтеріліп, Сарыарқа шоқыларына нұрын төгіп келеді. Тарас Ковальчуктің әдеттегі жұмыс күні таңмен таласа басталған. Мойнына іліп алған зілдей дүрбісі адымдаған сайын кезек-кезек теңселеді. Жердегі сытыр-сытыр еткен қураған шөп арасынан жаңа түскен тұяқ ізі байқалады. Тарастың қарап жүргені де – осы.  

Тарас Григорьевич Ковальчук табиғат қорғау ісіне он төрт жылдан астам уақытын арнаған. Қазір ол «Бұйратау» ұлттық табиғи паркінде аңтанушы болып еңбек етеді. Көпшілікке бұл мамандықтың атауы таңсық естілер, бәлкім оны аң аулауға қатысты ұғым деп түсініп қалар. Алайда іс жүзінде қорықтағы аңтанушы – әрі биолог, әрі табиғат сақшысы әрі ұлттық парктегі меңгеруші міндеттерін бір бойына тоғыстырған әмбебап маман. Адам мен тұмса табиғат арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтап жүрген жанның күнделікті жұмыс күнінің көпшілікке беймәлім қырларын көру үшін National Geographic Qazaqstan фотографы Бұйратауға барып қайтты.

Аңтанушы Тарас Ковальчук жануарларға арналған ақырға кесек тұз салып жатыр. Парктегі жабайы тұяқтыларға минералға толы мұндай азық ұзақ қыс қарсаңында ауадай қажет.

Белодым бөлімшесі

«Бұйратау» ұлттық паркі сары дала мен жартасты жоталар тоғысқан тұста орналасқан. Жалпы ауданы 88 мың гектарға жуықтайтын үлкен алқап Ерейментау және Белодым бөлімшелеріне бөлінеді. Тарастың жауапкершілігіндегі аймақ – осы Белодым бөлімшесі. Оның аумағы 28 мың гектардан асады. Мұнда қалың тоғайлар кең жазыққа ұласып, жалаңаш гранит шатқалдар оңаша сай-саламен алмасып жатады.

Бұл жердегі жұмыс жылы кабинетте отырып қағаз толтырудан емес, патрульдік жол талғамайтын көлікті оталдырудан басталады.

Аңтанушы Тарас Ковальчук Белодым беткейлерін дүрбімен шолып тұр. Дүрбі – маманның ең негізгі құралы. Әсіресе жануарларға маусымдық санақ жүргізетін кезде көмегі зор.

Ол күнделікті жұмысын шекараны аралап шығудан бастайды. Бөгде адамның ізін дер кезінде байқап, аумақ тұтастығын тексеріп, браконьерлердің жолын кесу – басты міндеті. Заң бойынша аңтанушының құзыреті мемлекеттік инспекторлардыкімен тең, сондықтан тәртіп бұзғандарға хаттама толтыруға құқылы. Алайда күзет пен тексеріс бұл жұмыстың бір қыры ғана. Аңтанушы күнінің басым бөлігін жабайы жануарларды бағуға, олардың қыстан аман шығуына жағдай жасауға әрі тіршілік иелерін үздіксіз бақылауға жұмсайды.

Аумақты түгел шолып шыққан Тарас көліктің моторын өшіріп, дүрбісіне қайта үңілді: жұмыстың ең бір жауапты сәті енді басталған еді. Аңдардың қатал қыстан аман шығуына қамдану керек.

Күзгі күйек және жергілікті бұғылардың құпиясы

Қыркүйек пен қазан айларында даладағы тіршілік қайнай түседі. Бұл кезде күн салқындап, жануарлардың күнделікті тіршілік ырғағы өзгере бастайды.

Орман мен сар дала шектескен тұста тұрған тармақ мүйізді аскания бұғысы.

Күз ортасына қарай бұғылардың күйек маусымы аяқталады. Мүйізі қарағайдай мықты бұғылар маңына ұрғашыларын жинап үлгеріп, сүзекештердің көшбасшылыққа таласқан айқастары да бірте-бірте саябырсиды. Бір қызығы, осы өңірдегі бұғылардың шығу тегінің өзі шытырман оқиғаға бергісіз ғылыми хикая.

Олар жылдар бойы ресми құжаттарда кәдімгі марал ретінде тіркеліп келді. Бұғылардың алғашқы легі сонау 2002 жылы Бурабай ормандарынан әкелініп, вольерге жіберілсе, кейінірек олардың қатарына Қатонқарағайдың таза қанды маралдары қосылған. Уақыт өте олар өзара будандасады, жергілікті бұғылармен де қан араластыра бастайды. Жуырда Зоология институтының ғалымдары арнаулы генетикалық талдау жасап, жануарлар ғылыми жіктелім бойынша кезінде әйгілі «Аскания-Нова» қорығында өсірілген ерекше түр – аскания бұғысына жататынын анықтады. Аңтанушының айтуынша, бұл бүгінде ресми расталған.

Мүйізі толық тармақтала қоймаған жас бұғы шоқы беткейінен құйғыта асып барады.

Бұғылардың күйлеу кезеңі аяқталып, ұлттық парктегі жайбарақат тіршілік қайта орнаған шақта дала біртүрлі тына қалады. Бұл ұлттық парктің нағыз жауһары – Қызыл кітапқа енген арқарлардың күйек маусымы басталар сәттегі тыныштық десек те болар.

Жас төлді ерткен аналық бұғылар шоқы басынан төңірекке үрке көз тастап тұр. Жазық дала жас жануарды жыртқыштан тек осындай қырағылық пен сақтық аман алып қалады.

Жазда сақ жануарлар 10–15 бастан тұратын шағын үйірге топтасып жүреді. Ал алғашқы үсік жүргенде олар елу шақты бастан асатын үлкен топқа бірігеді. Қарашада, шоқыларға алғашқы тұрақты қар түскен мезгілде, сәттілік серігіңіз болса, тік беткейде еркін көсілген жүзге тарта арқарды еш қиындықсыз көре аласыз.

Қырат басына жиналған арқарлар. Күз ортасында, күйек маусымы қарсаңында тау тағылары ірі үйірлерге бірігеді.
Бір топ арқар жақындап келген адамға үрке қарап тұр. Мұндай сақтық оларға қауіпті дер кезінде аңғаруға мүмкіндік береді.
Жартас жотада қасқайып тұрған сом мүйізді ересек құлжалар.

Дүрбіден фототұзаққа дейін

Тұмса табиғат «тұрғындарының» тұрақты санағын жүргізу – аңтанушының басты міндеті. Паркте ауқымды санақ жылына екі рет: күздің соңына қарай және қыс ортасында өтеді. Бұл кезде қар бетіне түскен әрбір із кітаптың жолдары секілді көрінеді. Алдыңызда жатқан «кітапты» ашасыз ба, дала мен тоғай тіршілігін еркін «оқи» бересіз. Аң санақпен қатар, мұндағы мамандар жыл құстарының ұшып өтуін де қадағалайды. Далалық алқапта орналасқан Ажыбай мен Бозай көлдері қанаттылар үшін тұрақты мекен емес, ұзақ сапарда тыныстап, күш-қайрат жинайтын уақытша аялдама қызметін атқарады.

Аңтанушы Тарас Ковальчук ұлттық парк инспекторымен бірге қайыңды шоқ тоғайда өздігінен іске қосылатын фототұзақ орнатып жатыр. Орман камералары аңдардың табиғи тыныштығын бұзбай-ақ сүрлеу жолдарын үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді.

Аңтанушының басты қаруы – қырағы көзі мен сенімді дүрбісі. Әйтсе де заманауи технологиялар дала бақылаушысының жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп отырғанын да айта кеткен жөн.

Қайың мен көктерек бұтақтарында көзге біліне бермейтін фототұзақтар ілулі тұр. Дербес камералар адамның көмегінсіз түз тағыларының құпия тіршілігін таспаға түсіреді: одан бөлтіріктерін аң аулауға баулып жүрген қастырды, ақырға келіп-кетіп жүрген тұяқтыларды немесе жас төлдердің жағдайы қандай екенін көруге болады.

Ағаш діңіне бекітілген фототұзақтың көру бұрышын реттеу сәті. Орманның сақ аңдарын үркітпей түсіріп алу үшін құрылғының орналасу биіктігінен бастап, оның қалай бүркемеленгеніне дейінгі әр деталь аса маңызды.

Мамандар ұлттық парк аумағында куадрокоптер қолданғанға аса сақтықпен қарайды. Рас, дронның қуатты – оптикасы адам аяғы баспайтын тік жартастарды шолып шығуға таптырмас құрал, дегенмен оның зияны да жоқ емес. Даланың мүлгіген тыныштығында саққұлақ бұғылар үш жүз метр биіктіктегі пропеллердің гуілін естігеннен-ақ мазасыздана бастайды. Мұнда жануарлардың тыныштығы әдемі кадрдан әлдеқайда маңызды.

Ормандағы тұзсауыт пен жайылымдағы алып жануар

Күн суыта бастағанда ұлттық парк мамандарының жұмысы қарбаласа түседі. Қыс қарсаңында жануарларды минералды заттармен және қосымша азықпен қамтып үлгеру қажет. Ол үшін арнайы ағаш діңгектердің үстіне ірі тұз кесектерін қойып шығады. Көктемде тұз аталықтарға мықты мүйіз үшін, ал төл емізетін аналықтарға күш-қуат жинау үшін қажет болса, күзде ол қаһарлы қыс алдында аңдардың ағзасын нығайтуға зор септігін тигізеді.

Суретте –  «Белодым» филиалының аумақты қорғау жөніндегі инспекторы Михаил Макухин. Ол ашық даладағы ағаш ақырға жалама тұздың сом кесегін әкеле жатыр. Күн суытар алдында мұндай тұздықтар жабайы тұяқтылардың тұрақты бас қосатын орнына айналады.
Аңтанушы Тарас пен ұлттық парк инспекторы Белодым филиалының орман алқаптарын жаяу шолып жүр.
Орман алаңқайындағы ағаш ақырға үлкен тұз кесегін салып жатқан сәт. Минералды қорек күз, қыс мезгілінде бұғылар мен басқа да тұяқтылардың ағзасындағы өмірлік маңызы бар тұз теңгерімін сақтауға көмектеседі.

Қалың қар түсіп, табиғи азық табу мұңға айналатын шаққа арнап мамандар жем-шөп қорын алдын ала қамдайды. Орманды тазарту жұмыстары кезінде қайың мен көктерек бұтақтарынан арнайы байламдар дайындалады. Жер бетін ақ ұлпа жапқан кезде, осы жапырақты бұтақтар тұяқтыларды аштықтан аман алып қалатын негізгі талшыққа айналады. Бір қызығы, арқарлар адам жасаған ақырға мүлде жоламайды. Түздің тәкаппар тағылары дүлей жел қарды ұшырып, қураған шөпті аршып тастайтын ашық жоталар мен биік қыраттарда жайылғанды ұнатады.

Парктің қоршалған алқабында жергілікті жануарлармен қатар отыздан астам канадалық бизон тіршілік етеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін туристердің назары алдымен осы алыптарға ауады. Алайда мамандар қоршау сыртынан момақан көрінгенімен, бизон мінезін болжап болмайтын тағы жануар екенін ескертуден жалыққан емес. Сондықтан оларға әрі сақтық танытып, әрі «жеке шекарасына» құрметпен қарап, тым жақындамаған жөн.

Шоқ қайыңның жанында қасқайып тұрған айбарлы канадалық бизон. Экотуризмді дамыту мақсатында әкелінген бұл алып тұяқтылар парк табиғатына тез жерсініп, саяхатшылардың көзайымына айналды.

Дала санитары – қасқыр

Аңтанушының жұмысындағы ең даулы әрі күрделі мәселенің бірі – жыртқыштар. Қазір Белодым бөлімшесінің аумағында алты–тоғыз бастан тұратын қасқыр үйірі тұрақты мекендейді.

Қоғамда «қорық аумағындағы қасқырдың көзін жою керек» деген пікір әлі де басым. Бірақ Тарас сау экожүйеде көкжалдар табиғи санитар міндетін мүлтіксіз атқаратынын айтады. Мәселен, ауыр дертке шалдыққан жануарды атып тастау үшін апталап келісім жүргізіп, арнаулы комиссия құрып, бюрократиялық рұқсат қағаздарын жинау қажет. Ал қасқыр «мәселені» істі тез әрі мінсіз шешіп береді: әлсіз жануарлардың көзін жойып, бүкіл үйірді жұқпалы аурулардың таралуынан, тұқымның азып-тозуынан сақтап қалады.

Йеллоустоун ұлттық паркіндегі әйгілі экологиялық жағдай осы заңдылықты баяғыда-ақ дәлелдеп тастаған: қасқырларды уақытша жойып жіберген кезде шектен тыс көбейіп кеткен тұяқтылар өзен жағалауындағы жайылымдарды толық таптап тастады. Салдарынан өсімдіктер құрып, өзен арналары тайызданып кеткен еді.

Табиғаттың тепе-теңдік сақтаудағы даналығына қайран қалмасқа шараң жоқ. Ұлттық парктегі адамның басты міндеті – табиғат заңдылықтарын өзгертуге тырысу емес, керісінше, сыртынан бақылап, оған кедергі келтірмеу. Даладағы өсімдіктердің тұқымына қайта жан бітіретін табиғи өрт болсын, жыртқыш пен шөпқоректі жануарлар арасындағы ғасырларға ұласқан текетірес болсын –  табиғатты өз жайына қалдырса, сау экожүйе өзін-өзі толық қалпына келтіруге қауқарлы.

Ымырт үйірілгенде

Ымырт кезінде төбе басында қасқайып тұрған ересек бұғы.
Күн қақтаған шоқы беткейімен құйғыта жөнелген ересек бұлан мен оның төлі. Сақ орман алыптарының да күйек маусымы күзде басталатындықтан, олар ашық даладағы ондаған шақырымды еш қиындықсыз артта қалдырады.

Күн ұясына қонып барады. Тарас күні бойы паркті аралап, әріптестерімен бірге фототұзақ орнатып, астауларға тұз қойып шықты. Енді үйіне қайтуға қамданды. Артта тастақты даланың ондаған шақырымға созылған қара жол, түгелдей тексеріліп шыққан тұз астаулары қалды. Картаға жаңа белгілер түсіп, қойын дәптерге жол-жөнекей маңызды жазбалар түртіп алынды.

Тарастың ұлттық парктің даму болашағына қатысты өз арманы бар. Кезінде бұл маңда атақты Алтай балынан еш кем түспейтін, Сарыарқаның мың түрлі шөбінен бал жинайтын омарта болған екен. Аңтанушы сол омартаны қайта жаңғыртып, оның аясында экологиялық ағарту орталығын ашсам деп армандайды. Сонда осы жерге табан тіреген қонақтар таза табиғаттың жұпарын жұтып, тылсым үніне құлақ түре отырып, оның баға жетпес сыйынан дәм тата алар еді.

Тоғай ішінде тұрған алып мүйізді аталық аскания бұғысы. Қайыңды қалың тоғай – бұғыларды өкпек желден тасалап, бөгде көзден бүркеп тұратын таптырмас ық.

Мәтінді қорық қызметкерінің сөзіне негізінде жазған: Ділдәр Сердалы
Фотограф: Ерболат Шадрахов

Редакция фототүсірілім жасауға мүмкіндік бергені үшін «Бұйратау» МҰТП» РММ-не ерекше алғыс айтады.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ