Асы мен ғарыштың арасы

Ұқсас мақалалар

National Geographic Qazaqstan командасы Орталық Азиядағы су тақырыбын зерттеп жүрген фотограф Ануш Бабаджанянмен бірге еліміздің оңтүстік-шығыс өңіріне экспедицияға аттанды. Үш бөлімнен тұратын репортажымыздың екінші бөлімін назарыңызға ұсынамыз. Тұйықсу мұздығына арналған алғашқы бөлімін мына жерден оқи аласыз.

Автор: Айбын Шағалақ

Фотосуреттер: Ерболат Шадрахов

ТҰЙЫҚСУ – АСЫ – ҚАПШАҒАЙ экспедициясы

Экспедицияның келесі күні. Түрген өзені бойымен өрлеп келеміз. Бағытымыз – Асы жайлауы, одан әрі Бартоғай суқоймасына шығуды жоспарлап қойғанбыз. 

Міне, атақты Асы жайлауына жеткенімізді әйгілеп алдымыздан Асы-Түрген обсерваториясының күмбезі де көрінді.

Бұл жер кейінгі жылдары алматылықтар сенбі сайын баратын туристік нүктеге айналған. Айналасы қалың нөпір – қаптаған адам мен автөлік.

Обсерватория қоршауының сыртын ала әр жерге шатыр тіккендер де бар. Көлігін тік сайдың жиегіне тақап қойып, көлеңкесіне дастарқан жайып, төменде ашылған көрініске қарап тамсана тамақ ішіп отырғандар да, селфи жасап жатқандар да жетерлік. Әрі-бері шауып салт аттылы жас балалар жүр.

Жастары 9-12 шамасындағы балалар. Аттарын қамшылап, обсерваторияның біресе арғы жағына, біресе бергі шағына жарыса шауып, жаңа келіп жатқандардан «Атқа мінесіз бе?» деп сұрайды.  10 минуты – 3000 теңге. Аттарын жалға беріп, ақша тауып жүр өздерінше.

«Келіңдер, суретке түсірейік, – деймін мен әңгімеге тартып. «Жоғ-и, аға, түспейміз, – дейді бәрі бірауыздан бірін-бірі қостай күліп. – Тик-токқа шығып кетіп жүрерміз». 

Осы маңдағы малшылардың балалары екен. Ішіндегі бір-екеуі сонау төмендегі «Қазақстан» ауылынан келетін көрінеді. Оны қалғандары қағытып қояды: «Аға, ол деген ақша үшін сонша жерден сенбі сайын келеді. Өзінің аты да жоқ, біздікін алады», – дейді ішіндегі пысықтауы.

Бір кезде араларына көк ат мінген бір қыз бала қосылды. Жасы мына ұлдардан біршама кіші екені байқалады. Ол да өз атын жалға беріп жүр. Осы топ баланың ішінде ағасы да бар екен. «Атыңды көкке шапшыта аласың ба?» – деп сұрадым қызық көріп. «Жоқ, бұл олай шапшымайды. Қарындасымдікі сондай, – деп көк атқа нұсқады да қарындасының атын сұрап мінді.

Міне сала тізгінін қағып еді, көк ат шегіншектей бере алдыңғы екі аяғын көтере көкке шапшыды. Телефонға бір кадр түсіріп үлгердік.
Фотсурет: Айбын Шағалақ
Бұл обсерваторияны ішінен суретке түсіру экспедциямыздың жоспарында болмаған. Алайда түбіне келіп тұрып, ішіне кірмесек, қашанға дейін өкініп жүрерімізді кім білсін. Сондықтан күн жексенбі екеніне қарамастан, ішінде жауапты қызметкері бар болса, сөйлесіп көруге бекіндік.

Абырой болғанда, сол күні бізге жолыққан Максим Кругов жай ғана инженер емес, астрофизика туралы таңды таңға жалғап әңгіме айтатын нағыз ғылымсүйер азамат болып шықты. Біздің National Geographic журналынан екенімізді білген соң, whatsapp арқылы басшылыққа хабар жазды. Бірақ басшылық байланыстан тыс сияқты. Сәл ойланды да: «Сіздердей делегация келіп тұрғанда, директор рұқсатымды алмадың деп ұрса қоймас. Жүріңіздер», – деді де, шеткері тұрған орташа телескопқа қарай бастады. Біз қуанып кетіп, бір-бірімізге қарап жымың ете қалдық.  Максим жолай әңгімесін айтып келеді. Жұма мен сенбі күні «жұлдыз шеруін» көреміз деп келген халықтың қарасы тым көп болыпты. «Жаздағы жұмысымыздың бір бөлігі – туристердің толассыз «шабуылына» тойтарыс беру, – деген Максим шеткері тұрған телескоптың кірер есігіне келіп тоқтады. – Телескоп  ғылыми жобаға қызмет етіп тұр-ау деп ойламайды. Бәрі ішке кіргісі келеді, бәрінің де телескоптан аспан әлемін көргісі келеді».

Фотосурет: Ануш Бабаджанян

Біз де ентелеп телескопты көруге қызығып тұрмыз. Оның айтуынша, келушілерді тіпті аспан ашық па, әлде бұлтты ма, бұл жағы да алаңдатпайды, қайткенде де кіріп көруге тырысады. «Мұндай қызығушылық бір жағынан жақсы да, – дейді Максим. –  Қалың көпшіліктің ғылымға, соның ішінде астрофизикаға назарын аударғаны маңызды. Аудиторияда жүз рет дәріс оқығаннан, телескоппен бір рет көрген әлдеқайда әсерлі». Біз бас изедік. Бірер минуттан кейін оның сөзі айны-қатесіз ақиқат екеніне өзіміз де көз жеткіздік. Телескоптың күмбезін ашқан Максим оның «көзін» Шолпанға бағыттайтынын айтты. «Бүгінгі алабұлтты аспанда Шолпан көрініп қалар»,   – деді алып аппаратты қозғалысқа келтіріп жатып. – Ал енді анау сатыағашқа шығып, қарап көріңіздер».

Алдымен Ерболат Шадрахов, сосын Ануш Бабаджанян үлкен телескоптың микроскоптікіндей көзіне үңілді. Сосын менің кезегім келді. Алғашқыда көз үйреткенше ештеңені көру мүмкін емес екен. Сәлден соң, ыңғайын тапқан кезде, Шолпан да көзге шалынды. Кәдімгі күндізгі аспанда кейде Ай тырнақтай ғана ақ бұлт болып көрінетіні бар ғой – тура сол жарты Ай сияқтанып ағарып тұр. Миллиондаған шақырым қашықта жатқан, Жермен арадағы шақырымдар Күнді айналуына қарай ұзарып, не қысқарып отыратын Шолпан көз алдыңызда!  

Максим Кругов ШОС-700 телескопын таныстырып тұр.

Максим енді Асы-Түрген обсерваториясының артықшылықтарын айта жүріп, екінші телескоптың есігін ашты. Алдымызда тұрған телескоптың барлық механизмі мен жабдығы өзімізде – Алматыда жасалыпты. ШОС-700 деп аталатын бұл телескоп  көзге шағын көрінгенімен, зертеу мүмкіндігі зор. 2 секундтың айналасында 56 мың жұлдызды суретке түсіріп үлгереді.

«Кейінгі кездері біздің обсерваторияға халықаралық қауымдастықтың қызығушылығы артып келеді. Өйткені дәл біз тұрған үстіртте аспан кеңістігі қараңғылық жағынан өте қолайлы, яғни жарықпен ластанбаған, – дейді Максим мақтанышпен. – Ғарышты зерттеу ісінде қазір бұл үлкен мәселе. Сондықтан өзге елдердің астрофизиктері қаланың жарығынан оқшау, аспаны шаңнан таза телескоппен бақылау мүмкіндігі бар осы обсерваторияға көңіл аудара бастады».

Оның айтуынша, халықаралық байланыс «Астрохаб» жобасы аясында жақсы дамып келеді. Мысалы, мына жерде тұрған үлкенді-кішілі күмбезді телескоптардан бөлек, кәдімгі шатырлы үй сияқты ғимараттың ішінде шағын-шағын 11 телескопқа орын сайланып қойыпты.

Максим шатырдың қалай тез ашылатынын да көрсетті. Бір үйдің көлеміндей шатыр электр қозғалтқыштың көмегімен әп-сәтте бір жағына қарай сырғып ашылады екен. Ішінде әзірге бір ғана телескоп тұр. «Польшанікі, – деді Максим бізге телескопты нұсқап. – Тура осында тағы 10 телескпоп орнатылады».

«Астрохаб»  астрофизиктерге өз зертханасында отырып, әлемдегі осы жобаға кіретін телескоптармен байланысуға, мәліметтер алуға, аспанды бақылауға мүмкіндік береді. Мысалы, аспандағы бір денені тәулік бойы бақылау қажет болса, біздің телескоп кеш батқаннан таңға дейін бақылап, әрі қарай эстафетаны батыстағы келесі обсерваторияға береді. Қазір мұнда Франция мен Польша телескоптарын әкеліп орнатқан. Назарбаев Университеттің де өз телескопы бар екен.  

Телескоптарды басқару толығымен автоматтандырылған, ғалымдар Алматыда отырып та жұмыс істеп, мәліметтер ала береді. «Бірақ студенттердің жиірек келуіне, ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеуіне көбірек мән беріледі, – деген Максим енді ең үлкен күмбезге кіретін есікті ашты. Бірінші қабатта студенттер келгенде жататын бөлмелер, мәжіліс залы бар екен. Лифтімен жоғары көтерілдік.

Телескоп тұрған күмбез ішіне кірмес бұрын, сыртқы шолу алаңына – балконға шықтық. Жайлаудың ғажайып табиғаты алақанға салғандай ашылып сала берді. Төңірек қандай әдемі. Қарасаң көз тоймайды. Алыстан әрбір сайдың ішінен екі-үш ақ нүкте көрінеді. Барлығы да малшылардың киіз үйлері.

Сыртқы шолу алаңынан Асы жайлауының таңғажайып көрінісі ашылады екен.

Максим әңгімесін жалғастырып жатыр. «Айналадағы қалы кілемдей көк шөптің арқасында аспанға шаң көтерілмейді, – деді обсерваторияның артықшылықтары туралы бағана бастаған әңгімесін жалғап. – Сосын қыста мұнда қар болмайды, ал сәл төменірек, етекте қар қалың түседі».

Обсерватория электр тогы, су сияқты қажеттіліктерін толығымен автономды түрде қамтамасыз етеді. Күн панельдері мен генераторы бар.

«Мынау алдымыздағы жартылай шеңбер іспетті салынып жатқан ғимараттың бірінші қабаты туристерге арналған қонақүй болады», – деді Максим енді үзіліп қалған туристер мәселесіне қайта оралып. – Астротуризм қажет. Әсіресе, жастардың, студентер мен оқушылардың келіп, аспанды өз көздерімен бақылап көргені маңызды. Бір баланың көзі жанып, қызығушылығы оянса, ертең ғылымға, астрофизикаға қызығары сөзсіз». Бала тұрмақ, өзіміз қызығып тұрған біз «иә-иә» деп, құлшына қостап жатырмыз.

Міне, үлкен күмбездің астындағы АЗТ-20 телескопының алдында тұрмыз. Алып күмбездің баяу ашылған сәтінің өзі ерекше әсерлі – шексіз-шетсіз ғарышқа өзің ұшып кеткелі тұрғандай сезім.

Күмбез ашылған сәт.

Бұл телескоп  пайдалануға 2017 жылғы 27 шілдеде беріліпті.

Телескоптарды көрсетіп болған соң, Максим бізді қоярда-қоймай шайға шақырды. «Әңгімені шай үстіне жалғастырайық, бір кесе шай ішіп кетпесеңіздер, жөн болмас», – дейді күліп.

Рекордтық температура

Дастарқан басында әңгімені климат тақырыбына қарай бұрдым. Максим телескоптарды көрсетіп жүрген кезінде аппараттардың бағдарламасы метеорологиялық стансалардың мәліметіне тікелей бағынатынын айтып қалған еді. Маған жаһандық климат өзгерісінің дәл осы жайлауда қандай белгілері бар екені қызық. Жазғы орташа температурада өзгеріс бар ма?

«Жазғы ыстықтың рекордтық температурасы 2017 жылы болды. Ол кезде 27 градусқа жеткен еді, биылғы жазда температура екі рет 30 градусқа жетіп қойды», – деді Максим Кругов.

Обсерватория теңіз деңгейінен 2750 метр биікте, таулы үстіртте орналасқанын және орташа жазғы температура 25 градустан аспайтынын ескерсек, бұл да климат өзгерісінің бір белгісі екені анық. Әлбетте, таулы аймақтың климаты туралы үзілді-кесілді тұжырым жасаудан аулақпыз, өйткені бұл ұзақмерзімді бақылау мәліметтеріне сүйенетін зерттеуді қажет етеді.

Біз обсерваториядан шыққанда күн ұясына қарай еңкейіп қалыпты. Жолбасшы әрі жүргізушіміз Талғат жүктерді түсіріп, шатыр құруға, ал көмекшісі Бердібек кешкі ас әзірлеуге кірісіп кетіпті. Колледжде маркетинг мамандығын оқып жүрген оның аспаздыққа да ебі бар екен. Әр тағамын бар ынтасымен дайындайтыны байқалады.

Кешкі ас дайын болғанда, қараңғылық айналаны құшағына алып үлгерді. Алыстан, әр-әр жерден малшылардың жаққан шамдары ғана жылтырайды. Тамақтанып алған соң, Ерболат Шадрахов пен Ануш Бабаджанян тағы да фотоаппараттарын асынып обсерватория аумағына кетті. Ануш обсерваторияның түнгі көрінісін, ал Ерболат аға аспан ашыла қалса, түнгі жұлдыздарды түсірмек. Алға озып айта салайық, екеуінің де ойлағаны орындалмады. Аспанды жапқан қою бұлт таңға дейін ашылмады.

Аспан бұлтты болып, фото түсірудің орайы келе қоймады. Соған қарамастан Ерболат аға бұлт сейілген санаулы сәттердің бірін пайдаланып, түнгі аспанды тілгілей өткен аққан жұлдызды суретке түсіріп үлгерді. Фотографтың айтуынша аққан жұлдыздан шыққан жарықтың күшті болғаны сонша – оны жарқ еткен найзағай деп те ойлап қалған.

Жалғасын мына жерден оқи аласыз.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ

Осы тақырып бойынша оқи отырыңыз

Көп қаралған