Фотосурет: Лукас Фолья
Уылжи піскен жеміс-жидек пен балғын көкөністер дұрыс тамақтанудың нышанына айналғалы қашан. Расында да, көздің жауын алатын, шырынды әрі дәруменге бай мұндай өнімдерді тұтыну – өзіңе деген қамқорлықтың белгісі. Алайда сырт көзге мінсіз боп көрінген бұл өнімдердің бәрі бірдей қауіпсіз емес. Тіпті сілекейіңді шұбыртып, тәбетіңді ашатын жемістердің өзінде химиялық қоспалардың қалдығы кездесіп жатады. Мәселен, жұрт бірегей дәмі мен ағзаға пайдасы үшін жоғары бағалайтын көкжидекті алып қарайық. Егер оны жақсылап жумаса, қабығында көзге көрінбейтін пестицид қалдықтары қалып қоюы әбден мүмкін. Өкінішке қарай, бұл мәселе көкжидекке ғана қатысты емес.
Лас жеміс-жидектің ондығы
Жыл сайын құрамында пестицид қалдығы ең көп кездесетін өнімдердің тізімі жарияланып тұрады. Бұл тізімнен саумалдық (шпинат), кейл (бұйра қырыққабат), құлпынай, жүзім, нектарин, шабдалы, шие, алма, қойбүлдірген, алмұрт пен картоп түскен емес. Көкжидек те осындай өнімдердің қатарында. Бұл ретте аталған өнімдердегі химиялық қоспалар рұқсат етілген қалыпты мөлшерден аспайтынын ескергеніміз жөн. Дегенмен ғалымдарды басқа сұрақ алаңдатып жүр: бірнеше пестицид түрі ұзақ уақыт бойы ағзаға үздіксіз түсе берсе, салдары қандай болмақ? Ғылым әзірге бұған нақты жауап бере алмайды. Мәселені «мәңгілік химикаттар» (Перфторалкил және полифторалкил заттар – PFAS) деп аталатын заттар тіпті ушықтырып отыр. Мұндай химикаттар тым баяу ыдырайтындықтан, қоршаған ортада да, адам ағзасында да жинала береді. Зерттеулерге сүйенсек, олар иммун жүйесі мен зат алмасу үдерісіне кері әсер етіп, бірқатар аурудың туындау қаупін арттыруы мүмкін. Әсіресе балалар мен жүкті әйелдердің ағзасы мұндай химиялық әсерге өте сезімтал келетіндіктен, оларға төнер қауіп те жоғары.
Осының бәрін ескере келе, қарапайым бір қағиданы берік ұстанған абзал: кез келген жемісті не көкөністі міндетті түрде жуу керек. Базардан алдыңыз ба, супермаркеттен бе, тіпті таза органикалық өнім болса да – барлығы бірдей мұқият тазалануға тиіс. Алайда осы тұста «өнімді тек сумен шая салу жеткілікті ме?» деген заңды сұрақ туындайды.
Су бүкіл мәселені шешпейді
Ағын сумен шаю – тазалықтың негізгі әрі міндетті шарты. Жеміс пен көкөністі суда кемі 20 секунд ұстап, қолмен ақырын ысқылап жуған дұрыс. Оған қоса, оларды суға 15–20 минут бөктіріп қоюға да болады. Ал қауын не қияр сияқты қабығы қатты өнімдерді арнайы щеткамен ысқылап жуған жөн. Дегенмен мұның өзі өнімнің пестицидтерден толық тазарғанына кепіл емес. Зерттеулер көрсеткендей, кәдімгі сумен жуылған өнімнің сыртында бәрібір пестицид қалдықтары қалып қояды.
Ендеше қайтсек тиімдірек жуамыз?
Үй жағдайында суға ас содасын немесе сірке суын қосып жуудың пайдасы зор. Жеміс пен көкөністі осындай қоспаға 5–10 минутқа бөктіріп қойсаңыз, сыртындағы химиялық заттардан әлдеқайда жақсы арылтуға болады. Тағы бір амал – өнімнің қабығын аршып тастау. Алайда өйткен жағдайда ондағы талай пайдалы дәруменнен қоса қағылатынымызды қаперде ұстаған абзал.
Дұрыс жуудың қарапайым қағидалары
Жуудың сан түрлі тәсілі бар. Дегенмен күнделікті өмірде кәдеге жарайтын бірнеше қарапайым ережені ұстанған жөн. Ең әуелгісі, мүлдем жумай жегеннен гөрі, сумен болса да шайып алған мың есе артық. Кейбіреулер көпіргіш заттармен жуып жатады. Әйткенмен сабын, ыдыс жуатын сұйықтық немесе ағартқыш заттарды пайдалануға мүлдем болмайды – бұл денсаулыққа өте қауіпті. Өнімді тоңазытқышқа салар кезде емес, дәл дастарқанға қояр алдында, яғни жейтін сәтте ғана жуған дұрыс.
Жеміс-жидектің барлығы бірдей емес. Қарбыздың қабығы қатты, ал таңқурай уылжып тұрады. Оларды бірдей әдіспен жуа алмаймыз. Не істеген жөн? Жидектерді жуғанда, езіліп кетпес үшін алдымен суға салып қойып, кейін еппен шайып алыңыз. Ал көк шөптерді суға бөктіріп қойып, әр жапырақтың арасын ашып, шаң-тозаңнан мұқият тазарту керек. Картоп, сәбіз, қызылша секілді тамыржемістілерді міндетті түрде ағын судың астында арнайы щеткамен ысқылап жуыңыз. Кейбіреулер авокадо мен қауынның қабығын жемейміз, сондықтан оларды жуудың қажеті жоқ деп ойлауы мүмкін. Бірақ оны кескен кезде химикаттар ішіне еніп кетуі ғажап емес. Сондықтан олардың да сыртын тазалауды ұмытпаңыз.
Қысқасы, күнделікті жеп жүрген қарапайым өнімдердің өзіне байсалды қарап, сақ болған артық етпейді. Әрине, жеміс-жидек пен көкөністер дұрыс тамақтанудың негізі болып қала бермек, оның ағзаға пайдасы орасан. Дегенмен оларды жемес бұрын мұқият жууды дағдыға айналдыру құр кеңес емес, бүгінгі күннің басты талабы десек артық айтқанымыз емес. Осылайша, сүйікті әрі пайдалы тағамыңыздан бас тартпай-ақ, денсаулығыңызды зиянды заттардан қорғаған боласыз.
Медицина саласындағы танымал ғалым, денсаулық саласының сарапшысы, профессор Алмаз Шарманның мақаласы автордың келісімімен жарияланды.







