Павлодар облысында табиғи сұлулығымен баурап алатын ғажайып бір мекен бар – Ертіс өзенінің жайылмасы. Ғасырлар бойы адамзат баласына құтты қоныс болған Ертіске қаншама ән, қаншама кітап арналды, фильмдер түсіріліп, жылы лебіздер айтылды десеңізші! Әйтсе де, осынау ұлы өзеннің арнасын жиектей жатқан жайылманың жөні бөлек. Мұнда аса сирек кездесетін шипалы да пайдалы өсімдіктердің түр-түрі өседі. Солардың ішінде динозаврлар заманынан жеткен бірегей өсімдік – Қазақстан шылымы (Trapa kasachstanica) мен қазақтың дәстүрлі медицинасында қатерлі ісікке қарсы қолданылатын егістік қалуенін (Sonchus arvensis) айтсақ та жеткілікті.
Автор: Александр Вервекин
Фото: Валерий Бугаев
Әлемдегі екінші ұзын өзен саласы
Ертіс пен оның жайылмасы қазіргі жұмыс орнымның терезесінен ап-анық көрінеді. Өзім осы өзеннің бойында – Павлодардың «Химгородки» шағын ауданында, теміржол көпіріне таяу жерде ержеткен едім. Бала күнімізде біз секілді қарадомалақтар үшін өміріңді Ертіссіз елестету мүмкін емес еді. Жазғы аптап ыстықты жағажайында өткізіп, ағысы қатты жасыл-көк түсті өзенге еркін сүңгитінбіз. Ал қыс түссе, табанымызға «сырғанақ» (линолеум қиындыларын немесе үй есігінің алдындағы резеңке кілемшелерді) төсеп, өзен бетін қалың қымтаған мұзға жеткенше тік жардан төмен қарай зулаушы едік. Көктем мен күз айларында өзеннің оң жақ қабағындағы беткейлерді кезіп, «соғыспақ» ойнап жүруші едік. Мұндағының бәрі бізге баяғыдан таныс, бәрі өз үйіміздей ыстық, тіпті қаулап өскен балғын шөбіне дейін жанымызға жақын.
Картаға көз жүгіртсек, жіптей ирелеңдеген өзен Павлодар облысын екіге бөліп жатқанын байқаймыз: аумағы 41,2 мың шаршы шақырымды құрайтын оң жағалау мен 83,6 мың шаршы шақырымды алып жатқан сол жағалау. Өзен жайылмасы Батыс Сібір ойпатының шегінде орналасып, жазық дала мен жартылай шөлейт белдемдерді қамтиды.
Ертіс – әлемдегі екінші ірі өзен саласы. Яғни, мұхитқа емес, тікелей басқа өзенге құятын әлемдік су айдындарының арасында (Солтүстік Америкадағы Миссуриден кейін) екінші орында тұр. Ол – республикамыздағы ірі өзендердің ішіндегі жалғыз транзиттік су артериясы, Обь өзенінің ең ірі тармағы. Оның бастауы мен төменгі ағысы өзге елдердің аумағында жатса да, белгілі бір бөлігі жерімізді басып өтеді. Ертістің жалпы ұзындығы – 4250 шақырым, ал бассейнінің аумағы – 1 миллион, 643 мың шаршы шақырым. Өзен арнасынан секундына шамамен 3000 текше метр су ағып, облыс аумағынан бірнеше географиялық белдемше арқылы өтеді: оңтүстік ағысы жартылай шөлейт даланы кесіп өтсе, солтүстікке қарай оның ағысы шоқ тоғайлы далаға ұласады.
Павлодар облысының шекарасына енген сәттен-ақ Ертістің арнасы жазық далаға шығады да, кең жайылмаға ұласады. Өзеннің жайылмасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қатарына жатады. Оған кешендік мемлекеттік табиғи қорғалым аумағы (табиғи қаумал) мәртебесі берілгеенімен, бұл аумақта ғылыми, экологиялық-ағартушылық, туристік және рекреациялық жұмыстар жүргізуге болады. Ал жайылмадағы жер иелері мен жер пайдаланушылар белгіленген шектеулерді қатаң сақтаған жағдайда ғана шаруашылықпен айналыса алады. Сонымен қатар, мұнда табиғат кешенінің сақталуына қауіп төндіретін әрі өңірге жат өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің еніп кетуіне ықпал ететін іс-әрекеттерге мүлдем тыйым салынған.
«Ертіс жағалауы» мемлекеттік табиғи қаумалы осы өзеннің аңғарын бойлай орналасып, Ертіс, Ақтоғай, Железин, Май, Павлодар, Тереңкөл мен Аққулы аудандарын, сондай-ақ Павлодар және Ақсу қалаларының маңын қамтиды.
Табиғаттың теңдессіз тартуы
Ертіс бірнеше табиғи белдемшені қатар басып өткендіктен, алабындағы өсімдіктер дүниесі аса бай әрі сан алуан. Өткен ғасырдың 80-жылдары ғалымдар жайылманың 500 шақырымдық бөлігінен өсімдіктердің 82 тұқымдасын, 399 туысын және 999 түрін анықтаған еді. Ал арада он жыл өткенде, мұндағы флораның биоалуандығы 79 тұқымдас, 389 туыс және 1007 түрді қамтыды.
Өзен алқабындағы көгорай шалғын аймақтың нағыз байлығы, тіпті баға жетпес қазынасы іспетті. Мұнда мал азықтық, дәрілік және техникалық өсімдіктер мол. Бұл жайылма қалың ағашы мен бұтасының көмегімен ірі өндіріс орындары шоғырланған Ертіс өңірінің табиғи «өкпесіне» айналып, санитарлық-гигиеналық және демалыс-сауықтыру саласында маңызды қызмет атқарып тұр. Ол ауаны оттегімен байытып, ылғалдылығын арттырып, климатты жұмсартады. Ауа райы негізінен құрғақ келетін бұл аймақта аталған факторлар жергілікті халықтың денсаулығы үшін маңызды рөл атқарады.
«Ертіс жағалауы» табиғи қаумалы
Ертіс өзені сәуірдің екінші онкүндігінің соңы мен үшінші онкүндігінің басында мұз құрсаудан босайды. Одан кейін суы тасып, тасқынның шарықтау шегі сәуірдің аяғы мен мамырдың бірінші жартысына тұспа-тұс келеді. Ғалым Т.А. Прозорова мен И.Б. Черныхтың пайымдауынша, жайылманы су шаю режимі мен мұндағы өсімдік жамылғысының сан алуандығы арасында тығыз байланыс бар. Олардың айтуынша, тасқын режимінің өзгеруі салдарынан жайылмадағы көптеген құнды өсімдік түрлері, соның ішінде шайқурай мен сүйелшөп секілді флора өкілдері мүлдем жойылып кеткен. Шипалы шөптің түр-түрі өсетін, дәрі-дәрмекке және шаруашылыққа қажет жаңа өсімдік түрлерін іздеп табуға қолайлы осы флораның биоалуандығын сақтау үшін зерттеушілер арнайы қаумал құруды ұсынған. Олар мұндай қорғау аймақтарын Павлодар ауданына қарасты Жаңа қала және Айтым ауылдарының, сондай-ақ Павлодар қаласы маңындағы Кенжекөл мен Павлодарское ауылдарының төңірегінен ашу қажет деп есептейді.
Жыл сайын жайылманы басатын тасқын су өсімдіктердің белсенді өсу кезеңінде топырақтың барынша ылғалды болуын қамтамасыз етеді. Экологтер Светлана Могилюк пен Марина Поухтың деректері бойынша, өзен аңғарында 200 мың гектардан астам шалғынды алқап орналасқан. Ондағы шөп өте бітік әрі нәрлі келеді. Шалғыннан бөлек, өзен аңғарында 26 мың гектардан астам тоғай бар. Олар Ертіс жағалауын су шайып кетпеуін қадағалап, топырақты бекітіп тұр. Көктемгі тасқын су жайылған сайын мұнда құнарлы лай мен саз, құм бөлшектерінен тұратын тұнба шөгінділер қалатындықтан, бұл жердің топырағы аса құнарлы келеді.
Динозаврлар заманынан жеткен жәдігер
Ал енді жайылма бойына серуендеп қайтайық! Ауасы қапырық тар кеңсеге үйреніп қалған кез келген қала тұрғынының бұл аймақтағы жұпар аңқыған шөп иісінен басы айналып, тынысы ашылары сөзсіз.
Бұл аумақта нағыз эндемик түрлер өседі: олардың қатарында Павлов раушаны, сондай-ақ жаңадан анықталған раушанның Sp. түрі мен Сергиевская раушаны бар. Ал көне заманнан қалған реликті өсімдіктердің ішінде жүзгіш шылым (Trapa natans) ерекше назар аудартады. Оның жемісі өте құнарлы әрі жұғымды қасиеттерімен құнды. Қазақстан шылымы – динозаврлар дәуірінен аман жеткен флораның осы жердегі бірден-бір өкілі. Мамандардың пайымдауынша, Жер шарының басқа ешбір түкпірінде кездеспейтін осы және өзге де эндемик түрлерді қорғау тек аймақтық қана емес, халықаралық деңгейдегі маңызды міндетке айналып отыр. Ертіс жайылмасындағы талдар да өте қызық зерттеу нысаны: мұнда талдың он екіден астам түрі кездеседі.
Павлодар облысындағы өзен жайылмасында тіпті көршілес Сібір өңірінде сирек саналатын өсімдіктер өседі. Мұнда олардың көптеп кездесетіні соншалық, оларды өндірістік мақсатта шикізат ретінде жинауға да болады. Олар – ішдәрі қаражеміс пен орал мия. Сонымен қатар, Сібір аумағында кең таралғанымен, Ертіс жайылмасында өсу аймағы мен саны айтарлықтай азайып кеткен өсімдіктердің 38 түрі бар. Олардың ішінде жылдан-жылғы сирек кездесе бастаған 13 эндемикті: қалың жапырақты көкпек (лебеда толстолистная), іріжеміс шылаң, Коссинский ақсорасы, Ильин көкпегі, жоңғар шытырмағы, туыс мүйізжапырақ, туыс таспа (астрагал родственный), Траутфеттер жоңышқасы, үшқосақ түйетабан, ақтаспа, ала кендір, ұсақжеміс сүттіген, ірі шұбаршөпті атап өтуге болады.
Тағы 25 түрдің популяциясы азайып барады. Олардың қатарына Рожевиц арпасы, теңіз рәпиясы, Побовский қияғы, Богдан арпасы, Фукс сүйсіні, кіші сепкілгүл, Орал қалампыры, айылжапырақ сүйсін, аппақ тұңғиық, инежапырақ қалампыр, ашық құндызшөп, кіші тұңғиық, биік тегеурінгүл, сарғылт құндызшөп, қара қарақат, сібір жанаргүлі, қысқабұршақ таспа, түзүтік қазтабан, сынғыш итшомырт, ақмия, ала кендір, шайшөп, аққурай, бүрген шәңкіш пен қабыршақ лақса жатады.
Қызыл Кітапқа енген көк майса
Қызыл кітапқа енген түрлерге жеке тоқталар болсақ, Павлодар облысындағы Ертіс жайылмасында сепкіл шолпанкебіс мен ірігүл шолпанкебіс, Павлов раушаны, реликті түр саналатын Қазақстан шылымы, сондай-ақ Мейер шоқгүлі сияқты өсімдіктер кездеседі.
Республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалда 32 эндемик түр кездеседі. Олардың қатарына Атбасар регнериясы, Ильин көкпегі мен тікенді көкпек, ұсақжеміс сүттіген, жусанның бес түрі (құрғақ, шыбық, Зайсан, Арал жусаны және түйе жусан), Коссинский ақсорасы, ошаған көбенқұйрық, ірігүлді сайсағыз, ірігүл кәріқыз бен басқалары кіреді.
Мұнда Павлодардағы Ертіс маңы үшін сирек саналатын өсімдіктер де кездеседі. Т.А. Прозорова осындай санатқа жататын 75 түр туралы айтқан. Бұл флора өкілдерінің атауының өзі ерекше назар аудартады. Жауқияқ, кәдімгі мәдиен, тегіс ұшты түйнекөлең (клубнекамыш ровноверхушечный), шолпанкебістің үш түрі (сепкіл, кәдімгі және ірігүл шолпанкебіс), жанаргүл, тілік құндызшөп, бүкір балдыршөп, болжанған жуа, күмәнді кекіре, сәлтікенді айрат, рапунцел қоңыраугүл, қасқа алатұқым және тағы басқа көптеген өсімдіктер осы жақта кездеседі.
Өзен бойындағы «дәріхана»
Н.В. Павлов, Н.П. Алеев, В.Г. Хржановский Ертістің орта ағысындағы жайылмада кездесетін дәрілік өсімдіктерді зерттеген. Олардың жұмысы негізінен дәрілік өсімдіктердің таралуы мен түрлік құрамын анықтауға бағытталды. Бұл зерттеулер өткен ғасырдың ортасында, тіпті одан да ертерек жүргізілген. Содан бергі уақыт ішінде дәрілік өсімдіктердің молдығы мен таралу аймағы айтарлықтай өзгеріп кетті.
Бүгінде Т.А. Прозорова мен И.Б. Черныхтың мәліметі бойынша, өзен жайылмасында дәрілік өсімдіктердің 178 түрі кездеседі. Алайда олардың басым бөлігі тек халық медицинасында қолданылады. Бұл шөптердің көпшілігінің өсу тығыздығы төмен әрі таралу аймағы шектеулі. Осы себепті олардың тәжірибелік маңызы жоққа тән. Ғылыми дәлелді медицинада қолданылатын дәрілік шикізатты 41 өсімдік түрінен ғана алуға болады. Оның ішінде 22 түрі мемлекеттік фармакопеяға енгізілген, ал 19 түрі бойынша жүргізілген фармакологиялық және фитохимиялық зерттеулер оң нәтиже берген. Зерттелген дәрілік өсімдік түрлері: шикізат қоры шамамен он тоннаны құрайтын түрлер, шикізат қоры он тоннадан кем емес түрлер, шикізат қоры бір тоннаға дейінгі түрлер деген бірнеше топқа бөлінеді. Олардың бірінші тобына жайылмада кең таралған дәрілік өсімдіктердің тоғыз түрі кіреді. Олардың шикізат қоры тіпті шетелге сатуға да мүмкіндік береді. Бұл қатарға жатаған бидайық (ол мұнда өте көп), батпақ айыр (аир болотный), дала қырықбуыны, алқызыл долана, жұпарқабық раушан, тікенді раушан, миятамыр, қызыл мия және ішдәрі қаражеміс енеді.
Дәрілік өсімдіктердің екінші тобына аса қалың өспейтін, алайда шикізат қоры бүкіл Қазақстанның сұранысын жабуға жететін жеті түр жатады. Бұл тізімде қосүйлі қалақай, атқұлақ, бұрыш таран, дәрілік шелна, жолжелкен, сондай-ақ сирек кездесетін екі түр – дүңгіршек пен кәдімгі мойыл бар.
Ал соңғы үшінші топ – қоры аз және тек Павлодар облысының сұранысын өтей алатын тағы он бір түр. Олардың қатарында үш сирек түр бар: сынғыш итшомырт (крушина ломкая), бүрген шәңкіш және құм салаубас. Бұдан бөлек, бұл топқа шалғын атбұршақ, дәрілік жалбызтікен, дәрі бұзартүзер, Қазақстан ақшайыры, үштармақ итошаған, ақбас мыңжапырақ, кәдімгі түймешетен және жалаң түймедақ (ромашка обнажённая) кіреді. Бұл 14 өсімдік түрі сирек кездеседі, қалың шоғыр түзбейді, ал олардың шикізат қорының тәжірибелік маңызы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, өзен жайылмасында дәрілік өсімдіктердің 27 түрінің шикізатын дайындауға болады.
Мұнда құрғақ күйінде орта есеппен төрт тоннадан он бес тоннаға жететін дәрілік шикізат жинауға болады.
Қатерлі ісіктен асқазан жарасына дейін
Ертіс жайылмасында кең таралған дала қырықбуынының топырақ бетіндегі барлық бөлігі дәрілік шикізат бола алады. Оны несеп айдайтын әрі қан тоқтататын дәрі ретінде, сондай-ақ буын ревматизмі, бүйрек пен жүрек аурулары кезінде қолданады.
Жатаған бидайықтың тамырсабақтары да дәрі жасауға жарамды. Оны қабынуға қарсы әрі қақырық түсіретін дәрі ретінде пайдаланады. Қазақтың халық медицинасында бұл астық тұқымдас өсімдікті өкпе туберкулезін емдеу үшін қолданған. Ол да өзен жайылмасында кең таралған.
Батпақ иірінің тамырсабағын дәстүрлі медицинада өкпе туберкулезі, мешел (рахит), шірінше (золотуха) мен қан аурулары кезінде қолданады. Бұдан бөлек, оны тәбет ашатын ащы-хош иісті және сергітетін құрал ретінде, сонымен қатар өт қабы мен бауыр ауруларына, асқазан жарасына, тіпті орталық жүйке жүйесінің қызметі тежелгенде де пайдаланады.
Қазақтың халық медицинасы гүлдеген кезде жиналған қосүйлі қалақайдың жапырақтарын доғала (трахома), буын ревматизмі, тұмау мен жоғарыда аталған туберкулезді емдеуге ұсынады. Бұл өсімдік қалақайлар тұқымдасына жатады.
Шетелдік канадалық сарытамырды алмастыруға бұрыш таран көмектеседі. Дәлірек айтсақ, оның топырақ бетіндегі бөліктерін жатырдан қан кетуін тоқтататын дәрі ретінде қолданады. Ол ауырсынуды басатын қасиетімен де ерекшеленеді. Қазақ медицинасында бұрыш таран шөбін қалқанша без (зоб) бен бас ауруын емдеу үшін пайдаланады.
«Импортты алмастырудың» тағы бір мысалы – бүрген шәңкіш. Оның қабығы американ шәңкішіне балама ретінде қолданылады. Оның үстіне, біздің шикізат емдік қасиеттері жағынан шетелдік өнімнен асып түсетінін зерттеулер дәлелдеді. Ішкі ағзалардан қан кеткен жағдайда бұл шикізат сұйық сығынды (экстракт) түрінде пайдаланылады.
Ал ішті жеңіл жүргізетін дәрі қажет болса, миятамыр сығындысы – таптырмас ем. Ол сондай-ақ, Аддисон ауруы (бүйрекүсті безінің біріншілік жеткіліксіздігі), асқазан жарасы, тері аурулары мен түрлі қабыну процестері кезінде қолданылады. Тыныс алу жолдарының катары кезінде қақырық түсіретін, жұмсартатын дәрі ретінде, сонымен қатар микстуралар мен шөп қайнатпаларының дәмін жақсартатын қоспа ретінде де кәдеге жаратады.
Ұлы сөзде ұят жоқ, сізді созылмалы іш қату мазаласа, сынғыш итшомырттың жемісі мен қабығы көмекке келмек. Дегенмен оның қабығын балғын күйінде қолдануға болмайды: ол асқазанның шырышты қабығын тітіркендіріп, ауырсыну, жүрек айну және құсу белгілерін тудырады. Қазақ медицинасында бұл өсімдіктің қабығымен экзема, қотыр және бауыр ісігін емдеуге кеңес береді.
Халық емшілері баспа (ангина) мен зәр ұстай алмауды дәрілік жалбызтікеннің тамырымен емдейді. Ал ғылыми медицина оны қабынуға қарсы дәрі ретінде жұтқыншақ пен тыныс алу мүшелерінің катарлық жағдайында, сондай-ақ басқа да дерттерге қарсы қолданады.
Жолжелкен шырыны жараның тез жазылуына септігін тигізеді! Бұл клиникалық зерттеулер арқылы дәлелденген. Ол анацидті гастрит, жіті асқазан-ішек ауруларын, жіті және созылмалы колитті (тоқ ішектің шырышты қабатының қабынуын) емдеуде пайдаланылады. Халық медицинасында жолжелкенмен жылан шағуын, туберкулезді, тілмені (рожа), бас ауруы мен трахоманы емдейді.
Қант диабетін – үштармақ итошағанның гүлшоғырларымен, іш кебуін (метеоризмді) – дәрілік түймедағының гүл кәрзеңкелерімен, бауыр ауруларын – кәдімгі түймешетенмен, гепатитті салаубаспен емдейді… Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.
Ең ғажабы, Павлодардағы Ертіс жайылмасында өсетін өсімдіктермен аса ауыр дертті емдеудің де мысалы бар. Қатерлі ісікке қарсы дәрілердің құрамына егістік қалуен шөбі кіреді. Ол ылғалды шалғындарда, өзен жағалауларында, ескі арналар мен су тарамдарында, тыңайған жерлер мен қалың бұталардың арасында өседі. Онымен асқазан аурулары мен тұмауды да емдейді. Егістік қалуенін ірі тонналы шикізат ауқымында дайындауға болады.
Өсімдіктер, жануарлар, топырақ, су және ауа – осы алып жайылма кешенінің барлық элементтері бір-бірімен тығыз байланысқан. Бұл «жиынтықтағы» кез келген компоненттің тіпті ең болмашы өзгерісі бүкіл жүйенің өзгеруіне әкеп соғады. Павлодар облысындағы Ертіс жайылмасы кешені өзін-өзі реттейтін автоматты жүйе іспеттес тіршілік етіп, адамдарға көп пайда тигізе алады. Мұндай табиғи кешен Қазақстанның басқа еш жерінде жоқ.







