National Geographic 33 рухымен үндес тұлға: Әсел Тасмағамбетова

287

Назарларыңызға істеп жүрген ісі, қоғам алдындағы жауапкершілігі National Geographic 33 рухымен үндесетін, қоғамды жақсартуға, табиғатты қорғауға үлес қосып жүрген еліміздің азаматтарын ұсынамыз. Солардың бірі – Әсел Тасмағамбетова. Ол өз мүмкіндіктерін Каспий теңізінің экожүйесі мен оның жалғыз сүтқоректісін сақтауға бағыттаған.

Автор: Айбын Шағалақ

«Каспий итбалығы жай ғана биологиялық түр емес, ол – бүкіл Каспий экожүйесінің индикаторы, – деді бізбен Zoom арқылы кездесуде Әсел Тасмағамбетова. – Егер итбалықты сақтай алмасақ, бұл Каспийді де сақтай алмағандығымыздың белгісі болады».

Ұшқары пікір секілді естілер, бірақ жағалауындағы бес мемлекет теңіз мәртебесін берген Каспийдің бүгінгі экологиялық ахуалы шынымен де күрделі. Судың қышқылдығы артып, ластануға төзімділігі төмендеп барады. Ал оның суында тіршілік ететін жалғыз сүтқоректі, Каспий эндемигі саналатын итбалықтың тағдыры тіпті қыл үстінде тұр. Климаттың жылынуы, қыста мұз қататын аумақтың азаюы, судың мұнай және ауыр металдармен, микропластикпен ластануы, антропогендік қысым итбалықтың саулығына, өсіп-өну, көбею мүмкіндігіне теріс ықпал етіп жатыр. Соның салдарынан Каспий итбалығы жылдан-жылға азайып, жойылып барады. Бұл жағдай көпшілікті алаңдатады.

Атырау өңірінің тумасы, Каспийдің жағасында өскен Әсел де бұл мәселеге бейжай қарап отыра алмады. Сөйтіп, ол нақты іс-әрекетке бел буып, Ақтау қаласында Орталық Азиялық экологиялық зерттеулер институты (CAIER) базасында Итбалықты зерттеу және оңалту орталығын құруға бастамашы болды. Өйткені бес мемлекеттің еншісінде болғанымен, Каспийдің солтүстік бөлігі, яғни қазақстандық аумағы итбалықты сақтауда айрықша мәнге ие еді. Итбалықтың негізгі төлдейтін мекені осы аймақта.

«Бұл жоба мен үшін жай ғана ғылыми жұмыс емес. Бұл менің жеке шешімім әрі өзіме алған жауапкершілігім», – деген Әсел Тасмағамбетова бұл істе ең басынан-ақ халықаралық ғылыми қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру маңызды болғанын айтады. Оның айтуынша, CAIER 2015 жылдан бері Әзербайжан, Иран, Ресей, Норвегия, Франция, Сауд Арабиясы, Қазақстан мен Түрікменстан ғалымдарының қатысуымен 10-нан астам ғылыми экспедиция ұйымдастырды. Итбалықты зерттеу мен оңалту орталығы құрылған 2019 жылдан бері 100-ден аса итбалық тексеріліп, 40 шақтысына түрлі ветеринарлық ем жасалды және оңалған соң, табиғатқа жіберілді.

Орталықтың негізгі пациенттері – енесінен ерте айырылып қалған күшіктер. 3 аптадан 3 айлық аралығында болатын бұл күшіктер орталыққа түрлі жарақатпен, инфекциялармен, арып-әлсіреген, қатты күйзелген күйде түседі. Бір атап өтетін жайт, 2023–2025 жылдары Ұлыбритания, АҚШ, Франция мен Қазақстан ғалымдарының, сондай-ақ BBC түсіру тобының қатысуымен жүргізілген зерттеулер барысында бірегей мәліметтерге қол жеткізіліпті.

«Алғаш рет итбалық сүтінің сынамалық үлгісін алдық, күйзеліс гормонын, иммундық реакциясын, токсиндік қысым деңгейін сараптауға арналған биоматериалдар жинадық», – дейді Әсел Тасмағамбетова. Азық құрылымы, мінез-құлығы, көші қоны, ДНҚ және микропластик бойынша да қосымша зерттеулер жүргізілген. Ең маңыздысы – CAIER 2025 жылы Каспий итбалығының эталондық геномын – түрдің алғашқы толыққанды генетикалық атласын жасауды бастады. Бұл популяцияның генетикалық денсаулығын бағалау мен сақтау бойынша ғылыми негізделген шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді. Мұның бәрі Каспий итбалығын сақтап қалу үшін атқарылып жатқан көп жұмыстың бір парасы ғана. Алайда жағдай әлі мәз емес. Бұрын оңалту орталығына көмекке мұқтаж тірі итбалықтар түсетін болса, кейінгі жылдары өлі табылған итбалықтар туралы хабарламалар жиілеп барады. Бұл жағдай бәрімізді де алаңдатады.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ