Фотосурет: Иппей Наои, Getty Images
Қазақстанда орташа өмір сүру ұзақтығы тарихи межеге – 75,97 жасқа жетті. Дегенмен бұл құрғақ цифрдың астарында біз байқай бермейтін әлдеқайда күрделі шындық жатыр.
Меніңше, біз ғана емес, күллі әлем қартаюдың табиғатын дұрыс түсінбей жүрген сыңайлы. Бізге қартаю үдерісі бірте-бірте, ақырын, жылдар бойы байқалмастан өтетіндей көрінеді. Ағзамыз баяу мүжіліп, жайлап тозады деп ойлаймыз. Алайда мәселеге тереңірек үңілген сайын, барлығы мүлдем басқаша екеніне көзім жетіп келеді. Ағзамыз бірте-бірте емес, күрт өзгереді.
Қырық жасқа дейінгі алдамшы сезім
Жиырма жастағы адам өзін ештеңе алмайтындай, бойындағы күш-қуаты ешқашан таусылмайтындай сезінеді. Бұл кезде ағза шектен тыс жұмысқа, ұйқысыздыққа, жүйесіз тамақтануға да шыдас береді. Түнделетіп тамақ жеу, жүгіріп бара жатып кофе сіміре салу немесе кешкі асты кешіктіріп ішуге де ағза кешіріммен қарайды. Денсаулықтың қауқары шексіз болып сезілетін мұндай күй менің де есімде. Белгілі бір тұрғыдан қарастырғанда, расында да солай. Дәл осы кезең – алдағы ондаған жылға жететін берік негіз қалап алатын ең маңызды шақ.
Десек те, шындықтың бетіне тура қарасақ, мәселенің басқа қыры ашылады. Жастардың көпшілігі өмірдің осы кезеңінің өзінде оқу, жұмыс, қосымша табыс іздеу мен тоқтаусыз жарыс салдарынан созылмалы күйзеліс режімінде жүреді. Бұған қимыл-қозғалыстың аздығы, жүрдім-бардым тамақтану мен денсаулықты кейінге ысырып қою әдетін қосыңыз. Соның салдарынан біз ағзамызға ресурс жинаудың орнына, жиырма жастың өзінде оны шығындай бастаймыз. Ал негізінде дәл осы шақ – өзіңе «инвестиция» құятын ең тиімді кезең. Көбірек қозғалып, спортпен айналысып, болашақта денсаулықтың берік іргетасына айналатын дұрыс дағдылар қалыптастыруың керек.
Қартаюдың өлшемі
Жылдар бойына қартаюды бірқалыпты, баяу жүретін үдеріс деп есептеп келгенімізбен, жаңа ғылыми бақылаулар мүлде басқа көзқарасты алға тартады. Стәнфорд университетінің ғалымдары бір топ адамға ауқымды зерттеу жүргізіп, олардың 135 мыңнан астам биологиялық көрсеткішін жылдар бойы жіті қадағалап отырған. Бұл жерде әңгіме тек жекелеген деректер жөнінде емес, ағзаның тұтас жүйесі – зат алмасу, ақуыздар, микробиом мен дененің жұмысына жауап беретін басқа да маңызды көрсеткіштер жөнінде болып отыр.
Зерттеу күтпеген жайттың бетін ашты. Ағзаның қартаюына қатысы бар молекулалардың 81 пайызы біртіндеп емес, күрт өзгереді екен. Басқаша айтар болсақ, ағза баяу қартаймайды. Керісінше, белгілі бір кезеңде бір күйден екінші күйге кенет ауысады. Адамның өмірінде осындай екі бетбұрыс кезең бар екен. Шамамен 44 және 60 жасқа толғанымызда ағзамыз аса жоғары қарқынмен егде тарта бастайды. Яғни өмір бірқалыпты түзу сызықтан гөрі, баспалдаққа көбірек ұқсайды. Ұзаққа созылған тұрақтылықтан соң кенет өзгеріс болады да, «ойын ережесі» мүлдем өзгеріп, ағза жаңа талаптармен жұмыс істей жөнеледі. Мұның бәрі бір ғана көрсеткішпен шектелмейді. Зат алмасу, иммун жүйесі, гормонал деңгей, күйзеліске төтеп беру қабілеті мен ағзаның қайта қалпына келу мүмкіндігі – осының бәрі түбегейлі басқа арнаға бұрылады.
Қырық жастан кейінгі алғашқы бетбұрыс
Қырық бес жасқа таяғанда елемей өту мүмкін болмайтын алғашқы үлкен бетбұрыс кезеңі басталады екен. Әрине, бастапқыда барлығы ұсақ-түйектен дүниелерден көрініс табады. Ұйқыңыз бұзылып, артық салмақ қоса бастайсыз, ағзаның қалпына келуі баяулайды, қан қысымы «құбылып», ал сараптама қорытындылары бұрынғыдай мінсіз болуын доғара бастайды. Көпшілік дәл осы кезеңде денсаулығын жан-жақты тексерту жөнінде алғаш рет байыпты түрде ойланады. Мұндай қадамға қызыққаннан емес, ағзасы сыр бере бастағаннан соң барады.
40–45 жас аралығы – ағзадағы ең маңызды биологиялық белестердің бірі. Бұл кезеңде зат алмасу процесі өзгеріп, инсулинге сезімталдық төмендейді, ал қантамырларға түсетін салмақ арта береді. Бұған дейін денсаулыққа атүсті қарап, «өздігінен реттелер» деген сеніммен өмір сүріп келсеңіз, енді мұндай ұстаным мүлде іске аспайды.
Мен адамзатқа қатысты жалпылама жағдайдан сөз өозғап отырмын. Әйтсе де, еліміздегі жағдайдың өз ерекшеліктері бар. Жүрек-қантамыр аурулары әлі де Қазақстандағы өлім-жітімнің басты себебі болып тұр. Меніңше, мұны құрғақ статистика ретінде емес, еліміздегі әр отбасы ұшырасып жүрген ащы шындық ретінде қарастыруымыз керек.
Жоғары қан қысымы, артық салмақ, темекіге әуестік пен аз қозғалу секілді факторлар бірігіп, қырықтан асқан шақта табан астынан шыға келетін қауіптің негізін қалайды. Бұған аста-төк дастарқан, шектен тыс тамақтану, майлы әрі құнарлы тамаққа деген құмарлық сынды тұрмыстық ерекшеліктерімізді қосыңыз. Соның салдарынан зат алмасудағы ақаулар сыртқа білінбей-ақ әлдеқайда ерте басталып кетеді.
Денсаулыққа төнетін төрт қауіп
Денсаулыққа төнетін қауіп-қатердің барлығын дерлік төрт бағытқа топтастыруға болады:
— жүрек-қантамыр аурулары
— қатерлі ісік
— нейродегенаратив аурулар
— зат алмасудағы бұзылулар
Ең маңыздысы, бұл төртеуі өзара тығыз байланысқан.
Жүрек-қантамыр аурулары
Атеросклероз бір жыл ішінде, әп сәтте пайда бола салмайды. Ол ағзадағы ондаған жылдар бойғы қабыну процестері, майлардың (липидтердің) жиналуы, қантамырлардың зақымдануы арқылы біртіндеп өршиді. Ал инфаркт – аурудың басталуы емес, керісінше, соңғы нүктеге жеткені.
Алайда, бұл дерттің алдын алудың мүмкіндіктері де жоқ емес. Атап айтқанда, қан қысымын бақылау, қандағы холестерин деңгейін бақылауда ұстау, шылым шегуден бас тарту мен тұрақты дене қимылы арқылы жүрек-қантамыр ауруларынан сақтана аламыз.
Бұл жерде тұқымқуалаушылықтың (генетика) да рөлін ескермей кетуге болмайды. Жақындарыңыздың арасында жас кезінде инфаркт алғандар кездессе, бұл – денсаулыққа ерте жастан мұқият қарап, сақтық шараларын ертерек бастау керектігіне ишара.
Зат алмасу жүйесіндегі бұзылыстар
Тиісті деңгейде көңіл бөлінбей жүрген мәселенің бірі – инсулинге төзімділік. Көпшілік бұл терминді біле бермесе де, оның зардабын күнделікті өмірде тартып жүр. Артық салмақ, созылмалы шаршау, қандағы қанттың «құбылуы» мен қан қысымының көтерілуі – осының бәрі соның салдары.
Оған «зат алмасудың сәл ғана бұзылғаны» деп жеңіл қарауға болмайды. Осының әсерінен ағзадағы қабыну процесінен бастап, қантамырлардың зақымдануына дейінгі тізбекті реакция пайда болады. Мұның тағы бір қауіпті тұсы, ол қант диабеті мен жүрек-қантамыр ауруларына ғана емес, қатерлі ісік қаупінің артуына да әсер етеді.
Жоғары инсулин деңгейі ағзада жасушалардың шектен тыс қарқынды бөлінуіне қолайлы орта қалыптастырады. Ал бұл, өз кезегінде, ісіктердің пайда болу мүмкіндігін еселей түседі. Сондықтан инсулинге төзімділікті тізгіндеу – дерттің алдын алудағы маңызды стратегиялардың бірі.
Бақылауға алу қиын қауіп – қатерлі ісік
Қатерлі ісікке келер болсақ, мұндағы мәселе әлдеқайда күрделі. Иә, темекі тартпай, артық салмақтан арылып, зат алмасуды ретке келтіре отырып қатерді азайтуға болады. Бірақ қауіптен толық құтылу мүмкін емес.
Өйткені кейбір процесс біздің еркімізден тыс жүреді. Ол тікелей генетикаға немесе ағзадағы кездейсоқ мутацияларға байланысты. Міне, сондықтан да скриниңнен өтудің, яғни ауруды алдын ала анықтаудың маңызы өте зор.
Дерттің алдын алуда ерте диагностиканың маңызы өте зор. Қазақстанда денсаулықты жүйелі түрде тексертіп тұру мәдениеті енді-енді қалыптасып келеді. Скриниң бағдарламаларының аясы біртіндеп кеңейіп, аурудың көбірек түрі мен халықтың түрлі жас категориясын қамти отырып, қолжетімді бола түскен. Алайда, бұған дейін де айтып өткенімдей, тексерістен тек «құрғақ есеп үшін» өтпеу керек. Әркім өз ағзасының ерекшелігі мен жеке қауіп-қатерлерін ескере отырып, оны саналы түрде жасауға тиіс. Сонда ғана скриниң «бәрі бақылауда» деген алдамшы елес қалыптастырмай, ауыр зардаптың алдын алуға шынымен көмектеседі.
Нейродегенератив аурулар
Өмір сүру жасы ұзарған сайын біз деменция мен өзге де нейродегенератив аурулармен жиірек бетпе-бет келе бастадық. Бұл жерде тұқымқуалаушылық та, өмір салты да шешуші рөл атқарады.
Сонымен қатар, «когнитив резерв» (мидың танымдық қоры) деген маңызды ұғым бар. Бұл – миымыздың мидың түрлі зақымданудан кейін орнын толтырып, қызметін жалғастыра алу қабілеті. Ол қалай өмір сүргенімізге тікелей тәуелді. Атап айтқанда, физикалық белсенділік, ой еңбегі (интеллектуал жүктеме), әлеуметтік қарым-қатынас, сапалы ұйқы мен зат алмасудың саулығына байланысты.
Алпысқа таяған шақтағы екінші бетбұрыс
Қырық жастан асқан шақтағы алғашқы бетбұрыс ағзаның қауіпті хабарлағаны болса, екінші бетбұрыс оның салдары келіп жеткенін мәлімдейді.
Алпыс жасқа таяғанда ағзаның өз-өзін қалпына келтіруге қауқары бұрынғыдай жете қоймайды. Сөйтіп иммунитет әлсірейді, оңалу процесі баяулайды, ал созылмалы аурулар бұрынғыдан бетер үдей түседі. Дәл осы сәтте бұған дейін жасаған іс-әрекетіміздің де, я болмаса, керісінше, ескерусіз қалдырған дүниелеріміз де «жемісін» көре бастаймыз.
Бірақ ешқашан кеш емес екенін де ұмытпағанымыз жөн. Тіпті 60 жастан асқанда да денсаулықты айтарлықтай жақсартуға болады. Тек ол үшін жүйелі түрде әрекет ету қажет.
Денсаулыққа еркімізден тыс әсер ететін генетика, кездейсоқ мутация мен сыртқы факторлар бар. Сонымен қатар, тікелей бізге қатысты дүниелер де бар. Дәл осы өзімізге қатысты жағы қауіп қаншалықты шындыққа айналатынын анықтайды. Жиырма жасымызда біз ресурс жинаймыз. Ал қырыққа келгенде жинаған ресурсымызды басқара бастаймыз да, алпысқа таяғанда оның салдарын көреміз.
Сонымен, мен көз жеткізген ең маңызды түйін мынадай: денсаулық бір күнде күйремейді. Керісінше, уақыт өте ағзамыз бұрын мән бере қоймаған «күнәларымызды» кешіруден қалады.
Медицина саласындағы танымал ғалым, денсаулық саласының сарапшысы, профессор Алмаз Шарманның мақаласы автордың келісімімен жарияланды.







