Жайыққа мұз қатса болғаны, мүлгіген өзеннің беті бірден жанданады. Мұнда еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін түрлі жастағы балықшылар жиналып, ең сүйікті ермегі – мұзды ойып жіберіп, суға қармақ салумен айналысады. Қазақстанның батысы мұнайға ғана емес, балыққа да бай. Өңір тұрғындары әлі күнге дейін балық аулауды кәсіп етеді.
Атыраудың іргесі қаланған сәттен бастап «балықты өлке» деген бейресми атау иеленген. Бір ғасырға жетпес уақыт бұрын ғана жұрт Жайық жағасына негізінен бекіреге бола ағылатын. Бүгінде жағдай өзгерген: бекіре тұқымдастың барлық түріне жойылу қаупі төнген, олар Қазақстанның Қызыл кітабына енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған. Сондықтан енді балықшылар мұнда басқа олжа үшін келеді.
Қай жерде балықшылар жиі шоғырланған болса, демек сол жерде көксерке қармақты жақсы қабады. Бұл әрбір атыраулыққа әу бастан белгілі дүние. Кейінгі маусымдарда алабұға тұқымдас бұл тұщы су жыртқышының айтарлықтай көбейгені байқалады. Бұл құбылыс, сірә, кейінгі отыз жылда болмаған 2024 жылғы алапат тасқынмен тікелей байланысты болса керек. Сол көктемде Жайық суының деңгейі рекордтық межеге жеткен еді. Тасқын су кең алқапқа жайылып, жағалау маңындағы бұталар арасында тайыз су айдындары түзілді. Мұндай табиғи жағдай балық уылдырықтарының түрлі жыртқыштан аман қалуына мүмкіндік берді.
Ал ылғалдың артқаны жас шабақтардың негізгі азығы – жәндік дернәсілдерінің көбеюіне сеп болған. Сөйтіп гидрологиялық теңгерімнің қалпына келгені балық популяциясының жай-күйіне де әсер етті. Тіпті Атырау облысының балықшылары мүлде ұмыта бастаған көксерке балығы да кәдуілгі олжаға айналды.
Дегенмен балықтың саны артқан сайын адамның жауапкершілігі де күшейеді. Өңірде Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бекіткен әуесқой балық аулауға қатысты ереже күшіне енген. Мәселен, көксеркенің ұзындығы 37 сантиметрге жетпесе, оны аулауға тыйым салынады. Бұл – балық жыныстық жағынан жетіліп, кемінде бір рет уылдырық шашып үлгеруі үшін қарастырылған шара. Сонымен қатар бір балықшының тәуліктік аулау нормасы 5 килограмнан аспауға тиіс.
Уылдырық шашу кезеңінде, әдетте мамырдың ортасынан маусымның ортасына дейін Жайық пен оның тармақтарында балық аулауға толықтай тыйым салынады. Одан бөлек өзенде жыл бойы балық аулауға болмайтын ерекше «тыныш аймақ» бар. Ол Жайықтың Каспийге құятын сағасынан бастап Кіші Дамбы ауылына дейінгі аралықты қамтиды. Балықшыларға тек қармақ пен спинниң қолдануға рұқсат; ал ау салуға, жаппай аулау құралдарын пайдалануға және көпірлердің астында балық ұстауға қатаң шектеу қойылған.
Жайықтың су айдынында балықтың қырыққа жуық түрі мекендейді. Солардың ішінде балықшылар қауымы арасында сазан, жайын, шортан, торта, табан, ақмарқа, қылышбалық, мөңке мен беріш балық аса танымал.
Дегенмен осыдан сәл ғана уақыт бұрын – 2019 бен 2022 жылдар аралығында өзеннің өте ауыр экологиялық дағдарысты бастан кешкенін ұмытпаған абзал. Cу деңгейінің күрт төмендеуі, өзен арнасының тартылып, қайырлануы байқалған еді. Бұл үдерістер тұтас экожүйеге, ең әуелі, балық популяцияларының күйіне кері әсерін тигізбей қоймады.
Бүгінде өзен бойындағы тіршіліктің қайта жанданғаны көңілге қуаныш ұялатады. Дегенмен мұндай бұрын-соңды болмаған мол олжа – арқаны кеңге салуға емес, керісінше, табиғаттың осы бір нәзік тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік деп қарауымыз керек. Адамзат кедергі келтірмесе, өзен өздігінен қалпына келе алады. Ендеше, Жайықтың ғасырлар бойы адамзатқа су мен ризық сыйлап келген айбынды да тірі өзен болып қалуы қала тұрғындарының саналы іс-әрекеті мен парасатты көзқарасына тікелей байланысты.







