Сүйікті жануарыңызды қайта тірілту мүмкін бе?

389

Тіршілік атаулының бүкілі, соның ішінде үй жануарларының да мінезі өмірлік тәжірибе арқылы қалыптасады.

Автор: Эшли Балзер Виджил

2026 жыл. Келли Андерсон мен оның мысығы Белль өз шаңырағында.
Фото: Брайан Шумат

Келли Андерсонның Чай есімді рэгдолл тұқымды мысығы 5 жасқа қараған шағында кенеттен өліп қалды. Бұл жағдай Келлидің қабырғасын қайыстырғаны сонша – ол Чайдың орнына басқа бір «үлпілдек» асырап алуды тіпті ойлағысы да келмеді. Келлиге Чайдың өзі керек еді. Оның жалғыз қалауы – сүйікті мысығын қалайда кері қайтару болды.

«Жан серігім еді, – дейді Андерсон, – өмірімде мені дәл Чайдай түсінетін жануар да, тіпті адам да болған емес. Чай екеумізге тиесілі бақытты шақтарды біреу қасақана тартып алғандай күй кештім».

Чайды клондау идеясы Келлидің ойынан кетпей қойды. Оның алдында ғана бөлмелесімен осы тақырыпта сөйлескені бар еді. Ол мысығы өлген түні қызбалықпен бар мүмкіндікті қарастырып, Техаста орналасқан клондау компаниясын тауып алды. «Бұған дейін мұндай нәрсенің мүмкін екенін ғана естігенмін, қалғанынан хабарым жоқ еді. Егжей-тегжей зерттегенде, құны 25 000 доллар болатынын білдім, – дейді Андерсон, – Сөйтіп, бұл кәдімгі көлік сатып алғанмен бірдей ғой деген ойға келдім».

Келли келесі күні таң атпай несие алып іске кірісіп кетті. Қазір бұл процедура шамамен 50 000 доллар тұрады, бірақ сол кезде, 2017 жылы, клондау ісін жаңадан бастаған компания клиент тарту үшін Андерсонға едәуір жеңілдік жасаған еді. Келли мысығының денесі қатырылып сақталған ветеринарлық клиникадан Чайдың ДНҚ үлгілерін алдыртты. Озық технологияның арқасында уақыт өте келе оның жан серігінің жаңа нұсқасы дүниеге келді. Андерсон бұл таңғажайып сапарын өзінің Clone Kitty сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында егжей-тегжейлі баяндаған.

Бірақ бұл клон бұрынғы мысығы Чайға қаншалықты ұқсайды? Осы сұрақ ежелден келе жатқан «табиғат па, әлде тәрбие ме?» деген үлкен таласқа келіп тіреледі. Тіршілік иесінің болмысына генетикалық мұра көбірек әсер ете ме, әлде өскен ортасы мен көрген-түйгені ме? Сүйікті жануарынан айырылып, қабырғасы қайысқан мыңдаған адам серігін қайта тірілтуден үміттеніп клондауға жүгініп жатқанда, ғалымдар әуелгі жануар мен клонның мінез-құлқындағы айырмашылықтарды зерттей бастады.

Клондау нәтижелерін зерттеу саласы біртіндеп дамып келе жатқанымен, әлі де шектеулі тұстары жетерлік. Әзірге жануарлардың мінез-құлқына қатысты тар ауқымды зерттеулер ғана жүргізілген. Мәселен, мысық пен оның клонын салыстыратын арнаулы ғылыми жұмыстар әлі де жоқ. Қолда бар деректер тек бір нәрсені айғақтайды: клондау арқылы мінездің кейбір нышандарын көшіру мүмкін болғанымен, жануардың болмысын жүз пайыз қайталау мүмкін емес.

Мысалы, жануардың іштен туа біткен темпераменті (белсенділігі, үйірсектігі) клондарда жиі ұқсас келеді. Ал қоршаған ортаның әсерімен немесе үйрену арқылы қалыптасатын қасиеттер, керісінше, әр клонда әртүрлі болуы мүмкін. Кей зерттеу клондар мен әуелгі жануарлар арасында мінез ұқсастығы бар екенін көрсеткенімен, бір жайтты ескеру керек: бұл жануарлар көбіне бірдей жағдайда өсірілген. Демек олардың ұқсас болуына тек ДНҚ емес, бірдей ортада өсуі де әсер етуі әбден мүмкін.

«Клондау компаниялары өз қызметін бұрынғы үй жануарын айнытпай қайта жасау ретінде көрсетуге тырысқанымен, бұл шындыққа жанаспайды, – дейді Пенсильвания университетінің этика және жануарлардың әл-ауқаты бойынша құрметті профессоры Джеймс Серпелл, – Олар бұған ешқашан қол жеткізе алмайды, өйткені ұрықтанудан кейінгі көптеген фактор ДНҚ-ның қалай көрініс табатынына тікелей әсер етеді. Мұны бір жұмыртқалы егіздермен салыстыруға болады: генетикасы бірдей болғанымен, олар есейе келе мінез-құлқы мен талғамы мүлдем бөлек, дербес тұлғаға айналады, яғни олар бірдей емес».

2013 жылғы бұл фотосуретте Келлидің жан серігіне айналған рэгдолл мысығы – Чай бейнеленген. 2017 жылы мысығынан айырылып, қабырғасы қайысқан Андерсон оны клондау арқылы қайтармаққа бекінді.
Фото: Келли Андерсон

Клондау қалай іске асады?

Осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын Долли есімді қойдың клондалуы әлемді таңғалдырған еді. Содан бері ғылым айтарлықтай ілгеріледі. Бүгінде үй жануарларын клондау таңсық дүние емес, күнделікті шындыққа айналып отыр. Процедураның 50 000 долларлық құны әлі де қымбат көрінгенімен, ауқатты адамдар мен несие алуға тәуекел еткендер бұл қызметті пайдалана алады. Мәселен, Пэрис Хилтон, Барбра Стрейзанд, ал жақында Том Брэди сияқты танымал тұлғалар өздерінің сүйікті үй жануарын клондатып үлгерді.

Алайда бұл үдеріс ғылыми-фантастикалық фильмдердегідей жануарды бір құрылғыға салып, айнытпай көшіріп шығара салу емес.

«Бұл үрдіс клондалатын ұрғашы жануардың жатыр түтіктерінен өміршең жұмыртқа жасушаларын алудан басталады, – дейді Серпелл, – Содан соң суррогаттың ағзасы гормондар арқылы дайындалып, эмбрион оның жатырына орналастырылады. Өкінішке қарай, мұндай эмбриондардың көпшілігі сәтті бекімейді. Соның салдарынан иттердің көбі іш тастайды, ал дүниеге келген күшіктердің кейбірі кемтар болып, ұзақ жасай алмайды».

Әдетте бұл процесс суррогат жануар үшін қауіпсіз деп есептеледі. Алайда экстракорпоральды ұрықтандырудан (ЭКҰ) өткен әйелдердің тәжірибесі көрсеткендей, мұндай процедуралар ағзаға жайсыз тиюі мүмкін. 2022 жылғы зерттеу нәтижелері клондау әдісінің сәттілік көрсеткіші небәрі 16%-ды құрайтынын көрсетті. Соған қарамастан қазіргі таңда кейбір компания бұл көрсеткішті 80%-ға дейін жеткізгенін мәлімдеп отыр.

Бұл әдіспен алынған клон сырт келбеті мен мінезі жағынан өз түрінің өзге өкілдеріне қарағанда түпнұсқа жануарға барынша ұқсас болады. Десе де, олардың ішкі болмысы бірдей болады деп кесіп айту қиын.

Мұны 2025 жылы ергежейлі шошқаларға жүргізілген зерттеулер де растап отыр. Ғалымдар белгілердің кейбірі генетикамен тікелей байланысты екенін, ал өзге қасиеттер тіпті клондардың өзінде әртүрлі болатынын анықтады. Демек, жануардың мінез-құлқы мен ерекшеліктерінің қалыптасуына генетикадан гөрі оның өмірлік тәжірибесі көбірек әсер етуі мүмкін

«Ергежейлі шошқаларға қарап, кейбір мінез ерекшелігінің, мәселен, белсенділік деңгейінің клондар арасында біршама ұқсас екенін аңғаруға болады. Алайда батылдық сияқты қасиеттер әрқайсысында әртүрлі көрініс табады, – дейді Ливерпульдегі Джон Мурс университетінің қызметкері, зерттеудің авторы Адам Реддон, – Кез келген мінез – генетика мен қоршаған ортаның әрекеттесуінің жемісі. Дегенмен бұл зерттеу мінез-құлықтағы кейбір ерекшеліктің қалыптасуында генетиканың рөлі өзге факторлардан басым болуы мүмкін екенін дәлелдеді».

2017 жылғы бір зерттеу көрсеткендей, клондалған күшіктердің мінез-құлқы әдеттегі иттерге қарағанда әлдеқайда тұрақты әрі болжамды болып келеді. Жануарларды екі түрлі жас кезеңінде тексергенде, клондалған иттердің жалпы темпераменті өзгеріссіз қалған. Ал қарапайым иттердің мінезінде ауытқулар жиі байқалды. Клондалған күшіктер әсіресе адаммен тез тіл табысу, жаттығуға бейімділік, күйзеліс пен қорқынышқа төтеп беру қасиеттері бойынша жоғары тұрақтылық танытқан.

Қызығы сол, клондалған жануарлардың үрей деңгейі бірдей болғанымен, қорыққан кездегі қылығы әртүрлі болып шықты. Сонымен қатар үйрену қабілеті мен өмірлік тәжірибенің, әлеуметтік ортаның әсерінен қалыптасатын мінез-құлық ерекшеліктерінде де айырмашылықтар байқалды. Мәселен, ергежейлі шошқалардағыдай, клондалған иттерде  де қызыққұмарлық деңгейі әртүрлі болған. Ғалымдардың тұжырымынша, иттің күшік кезінде, яғни өмірінің алғашқы жылында көрген-білгені оның бүкіл болмысына тікелей әсер етеді.

Мінезі әуелгі жануарыңызға ұқсайтын серік табуды мақсат етсеңіз, клондаудан гөрі соған ұқсас басқа үй жануарын іздеген әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. 50 000 доллар (шамамен 24-25 млн теңге) шығындап генетикалық көшірме жасатқанша, сырт пішіні мен болмысы ұқсас жануарды таңдау – әлдеқайда қисынды шешім. Тіпті бұрынғы досыңызға клоннан да бетер ұқсайтын жаңа серік тауып алуыңыз мүмкін.

«Тұлғаның қалыптасуына өмірлік тәжірибенің әсері зор екенін ескерсек, клонның мінезі түпнұсқамен бірдей болады деу қисынсыз, – дейді Реддон, – Клонның бойында генетикадан келетін белгілі бір бейімділіктер болуы мүмкін. Алайда мінез-құлық – генетика мен тәжірибенің бірлескен жемісі. Сондықтан ортақ генетика – күрделі теңдеудің бір бөлігі ғана».

Чайдың көшірмесі болған Белльдің болмысы бөлек: ол түпнұсқасына қарағанда адамға әлдеқайда үйірсек әрі еркін.
Фото: Келли Андерсон

Бұл жай ғана «көшіріп басу» емес

Андерсон Чайды клондау туралы шешімді 2017 жылы қабылдаған еді. Алайда қатырылған ДНҚ үлгілерінің бүлінуіне байланысты процесс ұзаққа созылып, ол клон-мысығымен 2021 жылы ғана қауышты. Кейін ойласa, бұл тіпті жақсы болған сияқты.

«Осы төрт жыл мен үшін өте ауыр өтті. Бірақ жаңа мысығым Белльді қабылдауға моральдық тұрғыдан жақсырақ дайындалғандаймын, – дейді Андерсон, – Чайдың қазасына ақыры мойынсұндым. Сондықтан Белльді бұрынғы мысығымның жай ғана көшірмесі деп емес, өзіндік болмысы бар бөлек жануар ретінде жақсырақ қабылдай алдым».

Андерсон жаңа марғаумен жүздеспей тұрып-ақ, оның мінезі Чайдан өзгеше болатынын іштей сезген. «Бұрынғы мысығым марғау кезінде өте әлжуаз болды, – дейді Андерсон, – Ол алғашқы төрт-бес айын карантинде, оқшауланған күйде өткізді. Дұрыс әлеуметтене алмады. Бұл оның мінезіне қатты әсер етті: Чай өте тұйық болды, бөтен адамды жатырқап, менен басқа ешкімді жанына жолатпайтын».

Ал Белль өте белсенді болды. Иесі оны асырап алған күннің ертесіне-ақ асқабақ егістігіне фотосессияға апарды. Содан бері екеуі бірге барлар мен сыраханалар сияқты көпшілік орындарға жиі барып тұрады.

«Мінездеріне келсек, олар бір-бірінен аумайды, – дейді Андерсон, – Екеуі де өжет, ерке әрі үйдегі өзге жануарларға патшайымша өктемдік жүргізгенді ұнатады. Бірақ Белльдің көбірек әлеуметтенгені оны Чайға қарағанда ашық әрі еркін етті».

Түптеп келгенде Андерсон ғалымдардың пікіріне қосылады: үй жануарын клондағысы келетін кез келген адам бұл үдерістің нәтижесі түпнұсқаның айнытпай басылған көшірмесі емес, дербес мінезі бар бірегей жануар болатынын түсінуі керек. «Бұл – реинкарнация немесе үй жануарыңызды тірілтіп алу емес екенін ұғынғаныңыз жөн, – дейді Андерсон, – Бұл дегеніміз біраз уақыттан соң дүниеге келген егіздің сыңарын (бір жұмыртқалы егізді) асырап алғанмен бірдей».

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ