Елестетіп көріңізші: қыс, шыңылтыр аяз, аспан ап-ашық, ал күн жарқырап тұр. Жаңа жауған аппақ қар жалт-жұлт етеді… Кенет саябақтағы ағаштардың арасынан қоңыраудың сыңғырына ұқсас үн естисіз. Демек таңғажайып құстардың бірі, Қазақстанның солтүстік географиялық ендігінде кездесетін қанаттылар – самырқұстың (bombycilla garrulus) ұшып келгені.
Қыс түскелі оларды Атыраудың Еуропа бөлігінде де, Азия бөлігінде де бірнеше рет байқадым. Алғаш кезіктіргенімде бір топта елуге жуық самырқұс болған.
Самырқұстың ерекше бітімі алыстан-ақ көзге шалынады: жұмыр келген денесі сарғыш-қызғылт түске боялған, ал көзінің айналасында қара-қоңыр «бетпердесі» бар. Дегенмен самырқұстың басты белгісі – желкесіне қайырылған айдары. Олар айдарын ауық-ауық тікірейте көтеріп алады.
Қанаты мен құйрығындағы ашық сары түсті қауырсындары оның сырт келбетіне ерекше ажар береді. Әсіресе құс бұтаққа қонған сәтте жиырылған қанаттарындағы қызыл-сары-ақ түсті өрнек айқын байқалады, ал құйрығының жиегі ашық сары түске көмкерілгендей әсер қалдырады. Самырқұс тек топтасып өмір сүреді әрі үнемі кішкентай қоңыраудың сыңғырына ұқсас дыбыс шығарып жүреді. Мұндай дыбысты, сірә, естімей қалу мүмкін емес.
Олар біздің өлкеге жету үшін ұзақ сапар шегеді. Самырқұстар Еуразияның солтүстігіндегі тайга ормандарынан, ал кейбіреулері тіпті орманды тундрадан ұшып келеді. Сонда оларды бұл жаққа не нәрсе жетелейді? Самырқұс секілді кезбе құстардың көпшілігіне тән ортақ себеп – суық пен аштық. Біздің ендікте күн жылырақ әрі қар жамылғысы да жұқалау болып келеді. Сондықтан самырқұстар көктем туғанша, яғни туған өлкесінде қар еріп, жылы мезгілдегі негізгі қорегі – жәндіктер оянғанға дейін осы жақта тұрақтайды.
Мұнда қыстайтын өзге де құстар секілді самырқұстар да өсімдік тектес азыққа көшеді. Олар негізінен жидектермен қоректенеді. Саяжай мен бау-бақша иелері бұл құстарды қала тұрғындарына қарағанда жақсырақ білетін болар. Өйткені олар қала сыртындағы бүрген, шетен, мойыл ағаштарына «тұтқиылдан шабуыл» жасап, жидектерінен дәм татқанды ұнатады. Ал қала ішінде сары қанатты самырқұстар арша жидектеріне басымдық береді. Кейінгі жылдары қаланы көгалдандыру жұмыстарының арқасында саябақтардағы құстардың саны айтарлықтай артқаны байқалады. Көшпелі құстардың қаншалықты алысқа ұшатыны жеміс-жидектердің өнімділігіне байланысты. Яғни солтүстікте жидек мол болса, самырқұстардың оңтүстікке қоныс аударуының еш мәні жоқ. Алайда азық қоры таусылар болса, олар тіпті шалғай оңтүстікке дейін ұшып кете алады.
Бұл – менің самырқұстармен бесінші мәрте жүздесуім. Осы жолы олардың қарасы жүзден асып жығылды. Шырылдаған топ алдымен орталық көпір маңындағы жағалауда үйіріле ұшып, артынша ағаштарға барып қонды. Маған жақын келген бірнешеуін фотоға түсірмек болып едім, тым жақын қонғандықтан, фотоаппаратым фокусқа ала алмай, бірнеше адым кері шегінуіме тура келді.
Самырқұстардың ауызбіршілігі таңғалдырады: басқа жерге ұшпақ болса, тайлы-тұяғымен бірге көтеріледі. Алдымен құстардың тобы арша мен іргедегі қарағайға тізіле қонды, артынша бәрі жабыла жидекке тұмсық салды. ал сәлден соң әлгі шулы топ көзден ғайып болып, басқа жаққа ұшып кете барды.
Бұл құстар үшін қала – алыс сапар жолындағы уақытша аялдама ғана. Олар қалай кенет пайда болса, көктем туа дәл солай жылдам ғайып болып, солтүстіктегі ормандарға бағыт алады. Сондықтан да олармен болған әр кездесу – тұмса табиғаттың қала өмірімен астасқан сәтін көрудің сирек мүмкіндігі.







