Әлемдегі ең сүйкімді құс

441

Тұмсығы қысқа, ал құйрығы денесіне шаққанда тым ұзын көрінетін бір әппақ кішкентай құс бар. Ғаламторда ол жөнінде «әлемдегі ең сүйкімді құс» деген атаумен ара-тұра жазбалар жарияланып тұрады. Кейбір дерекке сәйкес, XIX ғасырдағы құс аулаушылар оны ұсақ құстардың ең әдемісі санап, бұл кішкентай шымшық тұқымдасты «аполлон құс» деп атаған. Шамасы, орысша есімін жаңылыс естіп, осылай атап кетсе керек (орыс тіліндегі атауы – «ополовник»). Сырт келбеті ғана емес, құйқылжыған үні де осы қанаттыны ерекше сүйкімді етті. Өкініштісі сол, мұндай жағымды қасиеттері оның бағына емес, сорына айналды. Адамдар бұл қанаттыны жиі-жиі торға тоғытатын. Тордағы құс жалғыз болса, құсадан өліп кететін, жанында жұбы болса ғана тірі қалушы еді.

Біз Aegithalos caudatus, яғни кезқұйрық шымшық жөнінде сөз қозғап отырмыз. Ел ішінде «жапон құс» деген лақап аты кең тарағанына қарамастан, бұл құстың Жапонияға еш қатысы жоқ. Ол Еуразияның біраз бөлігінде, соның ішінде Қазақстанда да ұя салып, тіршілік етеді.

Кезқұйрық шымшықтардың еліміздегі негізгі ұялайтын аймағы – Қазақстанның солтүстігі мен шығысы. Дегенмен олар батыс Қазақстанда да ұя басып жатады.

Шымшық деп аталғанына қарамастан, бұл тіршілік иесі «нағыз» шымшық тұқымдас емес, ол ұзынқұйрықты шымшықтар (Aegithalidae) тұқымдасына жатады. Әйтсе де даусына қарап оны біз білетін кәдімгі шымшықпен шатастырып алу оңай. Ол да кәдімгі шымшық секілді жіңішке, беймаза әрі бір-бірімен қабысып жататын шиқылдаған үн шығарады.

Кезқұйрық шымшық Атырауға сирек келеді. Бұған дейін оларды осы маңда 2018-ден 2019-ға қараған жылдың қысында кезіктірген едім. Содан бері әр қыс сайын бұл жолы жолықтырып қалармын деген үмітпен жүрдім.

Күз түсе маған таныстарым мен жақындарымнан Атырауға кезқұйрық шымшықтар келгені жайлы хабарлар жете бастады. Осы құстарды бірнеше рет іздеп те көрдім, бірақ оларды «қонған орныңда тапжылмай отыр» деп көндіре алмайсың ғой, мен межелі жерге жетем дегенше олардың үні естілмей, қарасы көрінбей кететін. Ақыры оны жолықтырудың сәті маған желтоқсан айында ғана түсті. Осы ерекше құстардың тату-тәтті үйірін көріп қалармын деп, өзен жағасындағы қалың бұтаға әдейі бет алдым. Көп ұзамай-ақ жіңішке шиқылға қабаттаса шығатын өзіне тән «фррр-фррр» деген дыбысты естідім. Жаяу жүргіншілер көпірінің жанында, қалың жыңғыл ішінде кезқұйрық шымшық отырғанына еш күмәнім қалмады.  

Жағалау маңындағы бұта ішінде бір үйір құс у-шу болып жатыр екен. Олар пысқырынып, шиқылдап, бір-біріне үн қатып, нағыз акробаттарша аунап-қунап жүрді. Бұта ішінде әлденені шоқып жеп жатқан еді, бар назары жемде болғандықтан, маған көңіл бөле қойған жоқ. Кезқұйрық шымшықтар менің бақылап, суретке түсіріп алуыма он минуттай уақыт берді, артынша әп сәтте тұтас үйірі өзенге қарай ұшып, жағалаудағы тоғай ішіне сіңіп кетті. Қалайша аяқ астынан пайда бола кетсе, дәл солай бір демде көзден ғайып болды.

Кезқұйрық шымшықтың денесі тіпті торғайдан да кішірек, салмағы 10 грамнан да аспайды! Ал ерекше ұзын құйрығын қоса есептегенде дене тұрқы 14–17 см болады. Қауырсынындағы ақ түс кейде қызғылт реңкпен араласып тұрады, әсіресе дөңгелене келген бауырының екі қапталында олар айқын байқалады.

Кезқұйрық шымшық көктем мен жаз айларында жапырақты және аралас ормандарда мекендейді. Олар көбіне өзен жайылмаларындағы тал, қандыағаш пен қайың тоғайларын таңдайды. Қорегі – ұсақ жәндіктер. Оларды бұтадан бұтаға ұшып жүріп аулайды. Әсіресе ағаш жапырағына қаптап жабысатын бітені ерекше жақсы көреді.

Бұл қанаттылардың ұясы да ерекше, оны сәулет өнерінің ғажайыбы деуге де болады. Эллипс тәрізді сопақша келген баспанасын кезқұйрық шымшық жасыл мүктен тоқиды. Мүкті ұсақ жәндіктердің, көбелектердің қуыршақ пілләсінен шыққан талшықтармен және өрмек жіптермен илеп, ширатып бекітеді. Ал сыртын қайың мен шырша, басқа да ағаштардың қабығының ұсақ қиықтарымен, бүр қабыршағымен, қына, қайың қабығы секілді өзге де табиғи материалдармен қаптайды. Ұяның ішіне жұмсақ қауырсын төсейді. Сөйтіп ұя берік те жайлы болып шығады. Сыртқы көрінісі айналасына сіңісіп кетеді, ал іші жұмсақ та жылы. Тағы бір қызығы, оның ұясының аузы бүйір жақта орналасады. Нағыз шебер құрылысшылар!

Кезқұйрық шымшықтың салынып бітпеген ұясы. Толық салынған ұяның төбесі де жабық болады.
Фотосурет: Andi111/ Shutterstock.com

Ұя әдетте бұтақтардың айыр тұсына, жерден 3–15 метр биікке, адам көзіне түспейтіндей әрі жердегі жыртқыштардан аулақ болатындай салынады.

Ал суық түсе кезқұйрық шымшықтар топтасып, үйірге бірігеді де, оңтүстікке қарай маусымдық көш бастайды. Кейде сол көштің бір бөлігі бізге – Атырау облысына да соғып өтеді. Олар ағашта қалып қойған ұсақ жәндіктер мен олардың дернәсілдерін іздейді. Қыста олар бір сәт тыным таппастан бұта-бұтаны шолып, топтаса ұшып жүреді. Сөйтіп бір-біріне қорек табуға көмектеседі. Бұл – қысқы тіршіліктің аса маңызды амалы. Олардың көңілді, ширақ шығатын шиқылын естіп, ұшып келгенін білуге болады: көбіне әуелі даусынан танып, содан кейін ғана оларды көзбен көруге болады.

Қыс сайын қала сан түрлі құсқа уақытша пана болады. Олардың құрамы жыл сайын өзгеріп тұрады: құдды бір ешқашан қайталанбайтын композиция іспетті. Серуенге шыққаныңызда, бұл жолы сирек қонаққа, сақ көшпендіге, әлде бізге таныс, бірақ жаңа қырынан танылатын осы жердегі отырықшы құсты кездестіргелі тұрсы ба – оны алдын ала болжап білу мүмкін емеc. Осы белгісіздік әрбір кездесуді мен үшін де, менімен бірге серуендейтін экскурсия қатысушылары үшін де, оқырман үшін де шағын жаңалыққа айналдырады. Бұл қысқы хикаяның келесі кейіпкері кім болатынын әзірше білмейміз. Өзі көрінгісі келген сәтте ғана белгілі болады.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ