Сырт келбетіне, лас көрінгеніне не оғаш мінез-құлқына бола көпшілік сүйкімсіз жануарлар деп танитын тіршілік иелері бар. Бірақ олардың дәл осы ерекшеліктері құпия суперқабілеттері болып шығуы мүмкін.
Автор: Эй Джей Джейкобс
Фото: Джоул Сартори
Тазқараны жер жүзіндегі ең жеккөрінішті хайуандардың бірі деуге болар. Оны біреулер «құзғын» деп те атайды – «жауыз, озбыр» дегеннің синонимі. Ол түсінікті де: не ұсқынына сүйсіне алмайсың, не құшағыңа алатындай жұмсақ та емес. Күні бойы өлексе шоқып жүреді – оны да еш жиіркенбестен, өліктің ауыз-мұрнына не анусына кіріп алып тұрып жейді.
«Тазқараның имиджі нашар екені рас», – дейді National Geographic зерттеушісі, Peregrine Fund табиғат қорғау қорының Африка бағдарламасының жетекшісі Дарси Огада.
Құс беделінің нашар болуының зардабы бар. Соның кесірінен тазқараның ғажап болмысы мен экожүйедегі аса маңызды рөлі еленбей қалуы мүмкін. Тазқара құрыса, күніміз де қараң. Олар – нағыз табиғат санитарлары: шіріп жатқан өлекселерді жеп, түрлі ауру тарауына жол бермейді.
Мұның бір дәлелі – Үндістан. Онда кейінгі отыз жылда тазқара сиырларға егілген бір дәріден уланып, миллиондап қырылды. Салдарынан шіріген, микроб құжынаған өлексе толып кетіп, өзендер мен ауызсу ластанды. Бұдан құтырған бұралқы ит те көбейді. American Economic Review журналына шыққан зерттеуге сәйкес Үндістанда 2000–2005 жылдары әдеткі статистикадан тыс адам өлім-жітімінің жарты миллионнан астамының себебі сол тазқара санының күрт төмендегені болып шыққан.
Әлем әділетті болғанда, табиғат қорғау саласында тазқараны құтқаруға басымдық берілер еді. Бірақ дүниежүзінде табиғатты қорғауға бөлінетін қаржының едәуір бөлігі мүйізтұмсық, піл не горилла сияқты санаулы ірі жануарға бағытталған. «Қалғандары солардан қалған аз ғана соманы бөлісіп алады», – дейді Огада.
«Қалдыққа» таласатын жануарларды «D-тізім өкілдері», «аутсайдер» деуге келер. Мысалы, тазқара, жалаңаш көртышқан, салпаңдаған домалақ танаулы кахау маймылдары әрі ұсқынсыз, әрі сұрықсыз, әрі қылықтары да жағымсыз. Мысалы, жалаңаш көртышқан біреудің нәжісін де жейді.
Олардың қасында арыстан, панда, пингвин, керік дегендер – деректі фильмдерден қалмайтын, маскот атанатын, мультфильмде бас кейіпкер болатын нағыз жұлдыздар. Экобелсенділер бұларды «харизмалы мегафауна» не «флагман түрлер» дейді. Талай зерттеу қайырымдылық қаражатының тым көп бөлігі осыларға кетіп қалатынын көрсеткен, яғни жануарға төнген қауіптен оның харизмасының салмағы басым. Мәселен, қосмекенділер жойылу қаупі төнген барлық омыртқалының бір ширегіне татиды, ал оларға бөлінген қаражат үлесі – небәрі 2,5%. Былжыраған бақаға сүйсінбек түгіл, жанымыз да ашымайтындай.
Сонда нағыз «өте маңызды жануар» болу үшін не қажет? Сүйкімді, жүнің мамық, үлкендеу және/немесе сырт келбетің қабылан мен зебранікіндей ерекше өрнекті болса, уайымдамасаң болады.
Сүйкімділік маңызды фактор екені – миымыздың кесірі. «Жануарлардың бізді сүйсіндіретін ерекшеліктері – көбіне нәрестенің келбетіне тән қасиеттер, мысалы, үлкен, алға қарап тұрған көз», – дейді экологиялық әлеуметтік ғылымдар маманы, National Geographic зерттеушісі Гәбби Салазар. Біз табиғатымыздан балаға сүйсініп, қамқор болуға бейімбіз, бұдан панда сияқты «бөпебет» жануарлар ұтады: WWF логосында да бекер тұрған жоқ.
«А-тізімде» болудың тағы бір артықшылығы бар – психологтер оны ореол әсері дейді: біз келбеті келісті адамның не жануардың бойынан қашанда жақсы қасиет іздейміз, олар адал, таза деп сенгіміз келіп тұрады. Сол себепті кинода көбіне бас кейіпкердің тісі аппақ, ат жақты келсе, жауыздың беті тыртық болады.
Шындығында, адам болсын, жануар болсын, әдемілік ізгілік пен адалдықтың кепілі емес және ұсқынсыздық та жексұрындықтың белгісі емес. Шоттұмсықты алайық. «Ол құсты жақсы көремін, бірақ ол үлкен тұмсығымен жеміс жеп қана қоймай, басқа құстардың ұясынан балапанын іліп алып кетеді», – дейді Салазар. Сәм атты шоттұмсықтың бұндай тірліктері Froot Loops қаптамасында жазыла қоймас.
Сонымен, бұл «имидж» мәселесін қалай шешеміз? Жануарлар патшалығының аутсайдерлеріне қалай назар аудартамыз? Лайықты қаржылай көмекті қалай қамтамасыз етеміз? Оның бір жолы – бұл жануарларды жақсы қырынан көрсету дейді Салазар. Мысалы, тазқараның табиғаттағы санитар екенін баса айту.
Тағы бір жол – бұл жануарлардың жағымсыз көрінген қасиетінің шын мәнінде артықшылық екенін көрсету. Мысалы, тазқараның басы таз болатыны бекер емес – өлексені шоқығанда қауырсынына бактерия жабыспауы керек. Ал жалқауаңның жайбасарлығы – эволюция тұрғысынан өте ұтымды шешім, энергиясы аз, жапыраққа негізделген рационмен тірі қалудың аса тиімді жолы. Жалаңаш көртышқан үсті-басы әжім-әжім, тісі шығыңқы хот-догтай көрінуі мүмкін, бірақ бұл ерекше мақұлық оттегісіз 18 минут өмір сүре алады.
Енді бір жол – бұл жануарлардың оғаштығын қабылдау. Салазардың айтуынша, қазір ғылымда «ұсқынсыз болса да, сүйкімді жануарлар» деген жаңа ұғым қалыптасып жатыр. «Ұсқынсыз-сүйкімді жануарлар – бұл сүйкімсіздеу саналатын, бірақ сонысымен де бізге күлкі сыйлайтын тіршілік иелері, – дейді ол. – Кей түрлерге бұл құбылыстың пайдасы тиюі мүмкін». Мысалы, интернет жұлдызына айналған блобфиш аталып кеткен балық. Оның ұсқынын жұрт: «дүйсенбі күнгі быт-шыт түрім осы» деп әжуалап жатады.
Салазар Оңтүстік-Шығыс Азияның мұрынды маймылын бір мысалға келтіреді: желіде ол жайлы мем тарағанда, оған деген қайырымдылық та күрт артқан. «Назарға ілігу экономикасы дәуірінде елден ерек, күлкілі болғанды да пайдаға асыра аламыз», – дейді ол.
Ендеше, революцияны бастайық. Аутсайдерлерді де қадірлейтін кез келді. Күндердің бір күнінде жарнамадан жалаңаш көртышқанның мульткейіпкері шығып, университет футбол командалары «Тазқаралар» деп аталып, блобфиш жайлы Pixar мультфильмі жарық көреді деп үміттенейік. Ал әзірге осы беттерде табиғаттың D-тізіміндегі жаратылыстарына тән оғаш, бірақ ғажап қасиеттер мен мінез-құлықтар жайлы әңгімелейік.
Африкалық қалқанқұлақ тазқара (Torgos tracheliotos)
Антарктида мен Аустралиядан басқа барлық құрлықта кездесетін тазқара, соның ішінде қалқанқұлақ тазқара, адамзатпен мыңдаған жыл бойы қатар өмір сүріп келеді. Алайда өлексемен қоректенетіндіктен, «ауру таратушы» деген жаманатқа қалған. Бірақ шындығында олар, керісінше, шіріген етті жеп, бубон обасы, түйнеме сияқты қауіпті аурулардың таралуын болдырмайды. Сондай-ақ өлекселерден жыл сайын бөлінетін ондаған млн тонна парниктік газдың атмосфераға таралуына жол бермейді. Табиғаттың бұл қауырсынды санитарларына үлкен алғыс айтуымыз керек.
Таз төбе. Қауырсын микроб жинауға бейім, ал тазқараның кейбір түрінің басы тықыр келеді, соның арқасында олар өлексе жегенде ауру жұқтырмайды. Сонымен қатар, бұл ерекшелік дене температурасын реттеуге де септігін тигізеді.
Асқазаны болаттай. Оның асқазанында арнаулы қышқылы бар: ол қауіпті бактериялардың көзін құртады.
Үлкен шырыш (Limax maximus)
Омыртқасыз жануарларға жанашырлық таныту көбімізге қиын. Бірақ шырыштар мен ұлулар сияқты құрсақаяқтылар керемет бейімделген. Үлкен шырыштың басындағы төрт қимылдағыш мұртша айналасын сезінуіне көмектессе, денесінен бөлінетін желімтек сұйықтық жұптасу кезінде рөл атқарады. Оның шырышы су, ақуыз, ферменттер мен басқа қосылыстардан тұрады, медицинада хирургиялық желім жасауға да шабыт берген сол.
Тәбеті бұзылмасын. Шырыштар – шіріген өсімдіктер мен жәндіктерді жеп, топыраққа маңызды қоректік заттарды қайтаратын экожүйенің ажырамас бөлігі.
Арнаулы сенсорлар. Үлкен шырыштың алға бағытталған екі жұп мұртшасы болады: бірі көру мен иіс сезуге, енді бірі дәм мен жанасуды сезуге арналған.
Жыныссыз көбею. Құрлықта тіршілік ететін барлық шырыш – гермафродит, яғни әрі аталық, әрі аналық жыныс мүшесі бар. Сондықтан жұп таба алмаса, өздігінен көбейе алады.
Үш саусақты жалқауаң (Bradypus variegatus)
Орталық және Оңтүстік Америкада мекендейтін бұл жайбасар жануарлар әу бастан жаман атқа іліккен. XIX ғасырдағы бір жазба оларды «жаратылыстың шалажансар құбыжықтары» деп атап, «сырт келбеті жиіркенішті, өзі дәрменсіз» деп жазған. Алайда жалқауаңның ұйпалақ жүнінде балдырдың бірнеше түрі өсіп кететіндіктен, түрі бозарып тұрады. Десе де бұл оның жасырын қаруы: соның арқасында ол орман жапырағы арасында жақсы жасырынады.
Пайдалы жолаушылар. Жалқауаңның жүнін түрлі жәндік мекендейді: қоңыздар, тарақандар, көбелектер. Көбелектің кей түрі бар өмірін жалқауаңның жүнінен шықпай өткізеді: жалқауаңның нәжісіне жұмыртқалап, балдырларға қажетті қоректік заттарды түзеді.
Өзге омыртқалылар. Сүтқоректілердің көбінің мойын омыртқасы жетеу болса, кейбір жалқауаң түрінде бұл сан өзгеше болуы мүмкін. Үш саусақты жалқауаңның мойнында қосымша сүйектер болады – бұл оларға айналаны шолуға мүмкіндік береді, әсіресе жыртқыштардан қорғанғанда пайдалы.
Қармақ тырнақтар. Жалқауаңның барлық түрінің ұзын тырнағы болады. Бұл оларға ағаш бұтақтарын мықтап ұстауға көмектеседі. Тырнақтары адамның шашы мен тырнағын түзетін кератин ақуызымен қапталған сүйектен тұрады.
Баяулыққа шабыттан. Жалқауаң – қысқы ұйқыға кетпейтін жануарлар ішінде зат алмасу қарқыны ең баяу жүретін түр. Бұл оларға шектеулі рационнан жинайтын күш-қуатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Олар жерге нәжісін шығару үшін ғана аптасына бір-ақ рет түседі.
Салпымұрын маймыл (Nasalis larvatus)
Аталық мұрынды маймылдардың бетіне салбырап түсетін ірі, етті тұмсығы бар. Адамға бұл мұрын күлкілі әрі пайдасыз көрінуі мүмкін, бірақ оның маңызы зор. Оңтүстік-шығыс Азиядағы Борнео аралындағы нулы джунглиде өмір сүретін бұл карамель түстес приматтар үлкен-үлкен қауымдарға бөлініп тіршілік етеді. Қауымдар еркек маймылдардан құралған кішігірім топтар және бір еркек үстемдік еткен аналықтары мен балалары жиналған гаремдер болып екіге бөлінеді. Ұрғашы назарын аудару үшін (яғни үлкен гаремге ие болу үшін) аталықтар арасында қызу бәсеке жүреді. Зерттеулерге қарағанда, аналықтары тұмсығы ең үлкен аталыққа көбірек қызығады.
Табиғи рупор. Ұзындығы шамамен 10 см болатын бұл етті мұрын жұптасқанда ғана емес, маймылдар шығаратын әртүрлі дыбысты күшейткенде де рөл атқаратыны дәлелденген.
Африкалық бұқа-бақа (Pyxicephalus adspersus)
Көбіне елеусіз қалатын бақа мен саламандра сияқты шырышты қосмекенділер – қанша жойылып кету қаупі төнсе де, қорғалуына ең аз қаржы бөлінетін жануарлар. Африкалық бұқа-бақа – әлемдегі ең ірі бақа түрлерінің бірі: аталықтарының ұзындығы 25 см-ден асады, ал салмағы 2 келіге жетеді. Қауіп төнгенде денесін ісінту арқылы үлкейтіп көрсетіп, жыртқыштарды қорқытуға тырысады.
Супер сілекей. Бұқа-бақаның сілекейі күш түскенде қасиетін өзгертеді. Бақа тынығып жатқанда сілекейі қоймалжың, жабысқақ әрі созылмалы болады. Ал тілі жемтігіне атылғанда, сілекей дереу су тәрізді сұйықтыққа айналып, жемтігін түгел қаптап алады.
Тері піллә. Қуаңшылық кезеңде африкалық бұқа-бақа ұйқыға кетіп, өлі тері қабаттарынан қағаздай жұқа қабықша түзеді. Қабық олардың денесіндегі ылғалды сақтауға көмектеседі. Жаңбыр жауғанда ол қабық шайылып кетеді.
Күшті тебушілер. Бұл бақалардың артқы аяғы мықты – ін қазудың және кесіртке мен құс сияқты жемтігіне тұтқиылдан шабудың шебері.
Итаю (Mellivora capensis)
Сахарадан оңтүстікке қарай орналасқан Африкада, сондай-ақ Таяу Шығыс пен Батыс Азияда мекендейтін бұл қайсар жыртқыштар таңғаларлық қабілеттерімен танылған. Біріншіден, олар улы жыландардың нейротоксиніне төзімді – олардың рационының төрттен бірі жыланнан тұрады. Ал аңызға айналған «балға құмарлығынан» олар ара ұяларын жиі тонайды. Бір жақсысы, терісі өте қалың болғандықтан, жүздеген қадалған инеден аман қалады. Сонымен қатар итаюдың аңшылық қабілеті басқа жануарларға да пайдасын тигізеді: түлкілер мен жыртқыш құстар (мысалы, қаршыға) қорегін табу үшін итаюды аңдиды.
Серпімді тері. Жүнінің астында итаюдың терісі өте қалың әрі босаң. Ол жыланның да, араның да шаққанына төзеді. Африка жабайы иттері мен қорқаулары сияқты жыртқыштар да бұл жануарға тіс батыруға қиналып қалады.
Уға төзімді рецепторлар. Итаюдың жүйке жүйесінің ерекше қабілеті – сары кобра мен қара мамба сияқты улы жыландардың нейротоксинін пысқырмайтыны, бұл жыландар – оның сүйікті қорегінің бірі.
Құдіретті тырнақтар. Итаюдың ұзындығы 2 см-ден асатын тырнақтары ара ұяларын, өлекселерді немесе кесірткелер сияқты жемтігінің ішін оңай жарып жібереді. Сондай-ақ тырнақтармен ін қазып, бос жатқан үңгірлерді өзіне бейімдейді.
Табиғи мускус. Бұл мықты сүтқоректілер анус бездерінен қыша иісті зат бөледі. Бұл сұйықтық – өз аймағын белгілеу үшін де, өз-өзін қорғау үшін де қолданылады.
Тонгалық алыпаяқ (Megapodius pritchardii)
Тонгалық алыпаяқ сияқты алыпаяқ (megapodidae) тұқымдасына жататын құстардың үлкен сирақтары алғашында ебедейсіз көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде бұл – олардың суперқабілеті. Аустралазия өңірінде таралған, тауық көлемдес, тығыршықтай бұл құстар ормандарда, күнге қызған жағажайларда немесе геотермалды аймақтарда тіршілік етеді. Олар өз аяғымен құмнан ін қазып немесе шіріген өсімдіктерден төбе тәрізді ұя салады. Жұмыртқа жарған балапандары тереңдігі 1,5 метрге жететін іннің ішінен сыртқа өз аяғымен, тырмалап шығады.
Қайталанбас аяқ ізі. Megapode сөзі грек тілінен аударғанда «алып аяқ» дегенді білдіреді. Бұл құстардың аяғы мен өткір тырнағы балшықтар мен өсімдіктерден оңай өтуге бейімделген.
Ай-ай (Daubentonia madagascariensis)
Мадагаскар аралында лемур сияқты танымал, сүйкімді примат көп. Бірақ ең тылсым әрі таңғаларлық кейіпкерлердің бірі – ай-ай. Бұл жүні қобыраған, өткір көзді, ұзын құйрықты жануарлар (суреттегісі – 16 күндік ай-ай) – Жердегі ең ірі түнгі приматтар. Бірақ сырт кейпі оғаш болғаны сонша, біреулер оларды жаман ырымға балап, көре сала өлтіреді. Соның салдарынан саны азайып барады. Бір жақсысы, кейінгі кезде жергілікті қауымдармен жұмыс істейтін экологтер мен фермерлер олардың беделін қалпына келтіруге тырысуда. Ай-айлар – елдегі қалампыр ағаштарын зақымдап жатқан жапырақ кенелерін аулауда таптырмас көмекші.
Епті саусақ. Ай-айдың ортаңғы саусағы жіңішке әрі ерекше: буындары ыңғайлы жалғанғандығы оған еркін қимылдауға мүмкіндік береді. Бұл саусақпен олар ағашты тықылдатып, ішінде жәндік бар-жоғын тексереді, кейін дернәсілдерін қырып алып жейді. Бұл әдіс перкуссиялық қорек іздеу деп аталады.
Алып құлақ. Жарқанатқа ұқсайтын үлкен құлақтары – ағаш діңінің тереңінде жыбырлап жатқан қоңыздар мен басқа да жәндіктердің дыбысын ести алатын сезімтал сенсорлар.
Өткір көз. Ай-айдың көптеген түнгі приматтан айырмасы – генетика деңгейінде көгілдір түстің кең ауқымын ажыратуға бейімделгендігі. Бұл оларға іңірде көгілдір гүлдерді байқап, қорегін табуға көмектеседі.
Жүнді балық-бақа (Antennarius striatus)
1600 жылдардың аяғында голландиялық теңізшілер апатқа ұшыраған кеменің қалдықтары арасынан балық-бақаны тауып алғаннан бері олар мұхиттағы ең оғаш жаратылыстардың бірі ретінде танылды. XIX ғасырда бір зерттеуші оны «ең жиіркенішті балық» деп сипаттаған. Тропиктік және субтропиктік суларда тіршілік ететін бұл балықтар балдыр басқан тастар мен маржандардың арасында жасырынып, арнайы өрмек тәрізді тікенектерінің көмегімен жемтігін аулайды. Олардың ұсақ олжасы – экожүйе үшін үлкен пайда: мысалы, Кариб теңізі мен Мексика шығанағында олар инвазив әрі ашқарақ түр – арыстанбалықты жеп, маржан рифтерін қорғауға үлес қосады.
Түс өзгертетін тері. Балық-бақаның терісіндегі пигментті жасушалар айналаға бейімделіп, түсін өзгерте алады. Бұл қасиет оларға жыртқыштан жасырынып, жемтігін аңдуға көмектеседі.
Сиқырлы қармақ. Басындағы өсінді суда құрт немесе шабақ сияқты жыбырлап қозғалып, аңғал жемтікті өзіне тартады. Бұл мінез-құлық агрессиялы мимикрия деп аталады.
Жүруге бейімделген жүзбеқанат. Балық-бақалар арнаулы бұлшықет құрылымы бар ауыр жүзбеқанаттарымен тастар мен маржандардың үстімен еңбектеп қозғалады. Осыған қарап, табиғат зерттеушілері әуелде оларды қосмекенді деп қателескен.
Үнді ұшар түлкісі (Pteropus medius)
Жарқанаттардың «қансорғыш құбыжық» деген атына Брәм Стокер мен вампирлер туралы түрлі халық ертегісі «үлес қосқан». Әлемдегі ең ірі жарқанат түрлерінің бірі – үндінің ұшар түлкісі. Қара көзі, өткір тісі, мыңдап шоғырланып алып жүретін әдетіне бола жануарға деген теріс көзқарас күшейе түскен. Оңтүстік Азия ормандары мен батпақтарында, соның ішінде Мьянмаға дейін таралған бұл жарқанаттар мыңнан асатын ірі үйірлерде өмір сүреді. Негізінен жеміс пен гүл шырынын тұтынатындықтан, олар – Жер бетіндегі ең ірі табиғи тозаңдатушылардың бірі.
Алып қанаттар. Толық жайылғанда қанаты 1,5 метрден асады. Салыстырамын десеңіз, Орталық және Оңтүстік Америкадағы кәдімгі вампир жарқанаттарының қанат аралығы небәрі 38 см.
Сергек сезім мүшелері. Жеміс жейтін болғандықтан, бұл жарқанаттар эволюция барысында дамыған көру және иіс сезу қабілетіне сүйенеді. Олар негізінен жәндік жейтін жарқанаттарға тән эхолокацияны қолданбайды.
National Geographic қоғамы зерттеуші Джоул Сарторидың Photo Ark жобасын қаржылай қолдайды. Бұл жоба әлемдегі хайуанат бағы, аквариум және қорықтардағы барлық тіршілік иесін фотоқұжаттауға бағытталған.
National Geographic Qazaqstan, 2025 жылғы шілде, №113


