Әлемдегі ең көне татуировкалар нені білдіреді?

Ежелгі құпияларды ашуды көздеген жаңа буын археологтер ұмытылып кеткен дене суреті өнерін зерттеуге кірісті.

Автор: Сэм Кин
Фото: Брайан Финке

Нэшвиллдегі кеңсесінде отырған археолог Аарон Дитер-Олф – ежелгі татуировкаларды зерттеудің әлемдік деңгейдегі жетекші мамандарының бірі. Бұл – археологиядағы бір кездері елеусіз қалған, қазір қайта мойындалып жатқан сала.

Бірнеше жыл бұрын Теннесси штатының археология департаментінде жұмыс істейтін археолог Аарон Дитер-Олфтың кеңсесіне бір ер адам өзен жағасынан тауып алған мастодон азуының жарты метрлік бөлігін әкелді. Бірақ тісті кесіп алу оның ғылыми құнын жойған еді. Дитер-Олф оны тек мектеп оқушыларына дәріс кезінде көрсетуге пайдаланатын. Бірде балалардың бірі абайсызда түсіріп алып, тістің сыртқы қабығы быт-шыт болып сынды. Көп археолог үшін бұл жәдігердің соңы болар еді, бірақ Дитер-Олф сынған бөліктерден татуировка инелерін жасап көруді ұйғарады. Сүйек сынықтарын шақпақтаспен қашап, құмтасқа ысқылап тегістеді. Бірақ әріптесіне сол ине арқылы тату салмақ болғанда, тістегі микрожарықтар инені кері шығарған сайын теріге ілініп, жарақаттай берді.

Дитер-Олф күнделікті жұмысынан бос уақытында ежелгі татуировкаларды зерттейді. Бұл сала бүгінде дүниежүзі мәдениеттерін түсінудің маңызды кілті ретінде мойындалып келеді. Қазір Дитер-Олф өзі секілді зерттеушілердің жаңа буынымен бірге татудың ежелгі қоғамдарда кең таралғанын дәлелдеп, тарихта елеусіз қалған өнер мәнін ашуға атсалысып жүр.

Татуировканы зерттеуге деген қарсылық тамыры отаршыл көзқарастарда жатыр. Миссионерлер мен шенеуніктер бұл дәстүрді «жабайылық» деп санаған. Археологтер де татуды өз еңбектерінде сирек әрі кемсіте жазған. Бұл өнер «жабайы халық мен бұзақылардың әдеті» ретінде сипатталған. Мұндай көзқарас тіпті XXI ғасырға дейін сақталған.

Қазір 49 жастағы Аарон Дитер-Олф алғашында майя өркениетін зерттеумен айналысты, кейін назарын отарлау дәуіріне дейінгі АҚШ-тың оңтүстік-шығыс аймағына бұрды. Алайда оның жеке қызығушылығы – татуировкалар (өз денесінде оннан астамы бар) уақыт өте қосымша зерттеу бағытына айналған.

Ежелгі тату шебері қандай құрал пайдаланғанын білу үшін Дитер-Олф түрлі материалдан құрал көшірмелерін жасап, доңыз терісінде сынақтан өткізеді.
Дитер-Олфтың сол қолындағы үшбұрыштар Полинезияның «hand-tapping» әдісімен жасалған. Ал археологтің білегіндегі екі сызық – бұғы сүйегінен жасалған ине-құралды сынау тәжірибесінің бөлігі. Үшінші сызық шақпақ тас пышақпен кесіліп салынған.

Ол өздері түсінуге тырысқан ежелгі адамдар туралы маңызды деректерді археологтердің елемей кетуіне немқұрайдық, қызығушылықтың жоқтығы себеп болған дейді. Өйткені татуировкалар адамзат тарихында топтық бірегейлікті айқындап, жасөспірім мен ересек арасындағы өткелді, рухани күш пен мәртебені білдіруде үлкен рөл атқарған.

Әріптестерінің немқұрайдығымен күресудің бір жолын Дитер-Олф былай тапқан: ол археологиялық жазбалардан татуировка құралдарын анықтаудың ең сенімді әдісін іздеуге кірісті. Бұл оңай шаруа емес еді, өйткені қазба барысында табылған үшкір зат теріге бояу жағуға арналған ине ме, әлде жіп сабақтауға не былғары тесуге арналған құрал ма – ажырату қиын. Сол үшін ол өз қызығушылығын бөлісетін археологтер мен зерттеушілер тобын жинап, он жылға жуық созылған тәжірибелер сериясын бастаған. Кейбірі ғылыми қатаң бақылауда жүргізілсе, кейбірі бейресми сипатта болған.

Ол тәжірибе үшін ежелгі халықтар пайдаланған болуы мүмкін заттардан татуировка инелерін жасап көрген: құс қауырсыны, бұғы сүйегі, балық тісі, кактус тікені, тіпті – мамонт тісінің сынығы. Олар қазіргі татуировка бояуын немесе ежелгі дәуірде жиі қолданылған көмір мен судың қоспасын пайдаланған. Сосын бұл құралдарды еріктілерге, доңыз терісіне, тіпті өзіне қолданып көрген. Қауырсын тым жұмсақ «қаламмен сурет салғандай әсер берді», дейді Дитер-Олф. Сондықтан ол ежелгі деректерде айтылатын «қауырсынмен татуировка жасау» түсінігі қате болуы кәдік деп болжайды. Мамонт тісі мүлде жарамсыз. Ал тікен мен сүйектен жасалған құралдар керісінше өте жақсы нәтиже берген: сүйектің кеуек құрылымы бояуды жақсы сіңіріп, ұстап тұрған.

Зерттеу барысында микроскоппен қарағанда, татуировкаға қолданылған құралдарда ерекше тозу іздері байқалған: ұштары жұмсарып, тегістелген және микроскопиялық көмір бөлшектері қадалып қалған. Бүгінде бұл зерттеу нәтижелері жарияланып, археологтерге қай құрал ежелгі татуировка инесі, ал қайсысы олай емес екенін нақты ажыратуға мүмкіндік береді.

Аққұйрық бұғының сүйегінен жасалған татуировка құралдарын сынап көргеннен кейін, Дитер-Олф олардың тозу іздерін археологиялық нысандардан табылған жәдігерлермен салыстырады.
Опунция кактусының тікенектері қазіргі АҚШ-тың оңтүстік-батысындағы Пуэбло халықтарының татуировка құралы болған.
Цитрус өсімдіктерінің тікендерінен жасалған инелер бұрын Тынық мұхит аралдарында және басқа аймақтарда кең қолданылған.
Дитер-Олфтың кеңсесінде Полинезиядағы тарихи Маркиза аралдарының ине тарағының көшірмесі бар. Ол арнайы балғамен ұрып салынатын әдіспен қолданылады.

Бірақ кейбір көне татуировкалардың сырын білу үшін мыңдаған жыл бұрынғы денелерді зерттеу керек. Мұндай зерттеу үшін тарих сахнасына Өтци шықты – 1991 жылы Альпі тауларынан табылған, жасы шамамен 5300 жылдық «мұз адамы». Ғалымдар оның денесіндегі 61 сызық пен крест пішінді таңбаларды зерттеп, әуелде былай деп болжаған: татуировка өткір таспен теріні тіліп, күйе жағып салынған.

Араға ондаған жыл салып, осы теорияны тексеру үшін Дитер-Олф бір жоба әзірледі. Ол Гренландиядан шыққан дәстүрлі инуит тату шебері Майя Сиалук Кох Мадсенмен және сол кезде Жаңа Зеландияда тұратын тату-суретші Дэниэл Ридэймен бірігіп жұмыс істеді. Ридэй өзінің санына сегіз бірдей үшбұрыш өрнекті сегіз түрлі әдіспен салып көрді, оның ішінде ине шаншу мен «тіліп, күйе жағу» әдісі де бар. Ол әр тәсілге қанша уақыт кеткенін, қаншалық ауыртқанын мұқият жазып отырған. Барлығы 12 сағатқа созылған, бірақ ауырсыну бірдей болмаған: кейбір тәсілдер бірнеше минутта жасалса, инуиттердің бір әдісі (Мадсеннің нұсқауымен орындалған) сияға малынған жіппен теріні «тігу» үш сағатқа созылған.

Кейін Дитер-Олф Өтцидің татуировкаларының үлкейтілген суреттерін Ридэйдікімен салыстырды. Нәтижесінде «тіліп, күйе жағу» әдісімен салынған сызықтардың ұштары шашақтанып, жіңішкеріп кеткенін, ал инемен шаншу тәсілімен жасалғандарының ұштары домалақ әрі жұмырланғанын байқады, бұл дәл Өтцидің татуындағыдай еді. Осыған сүйеніп, ол: «Өтцидің татуировкалары ине шаншу әдісімен мұқият жасалған», – деген қорытындыға келді. Бұл зерттеу ежелгі татуировкаларды микроскоп деңгейінде ажыратуға арналған алғашқы ғылыми эталондық базаға айналды. Қазір археологтер осы деректерді басқа мумиялардағы татуировкаларды талдауда пайдаланады.

Ежелгі мумиялардағы татуларды, мысалы, Инкке дейінгі Перу жағалауындағы осы мумиядағыдай, терінің уақыт өте тозуы себепті көру қиын. Бірақ инфрақызыл фотода олар анық көрінеді.

Дитер-Олфтың әріптесі, Миссури университетінің (Сент-Луис) мысыртанушысы Анна Остин: «Татуировкалар қоғам туралы басқа еш жерден табылмайтын мәліметтер бере алады. Теріңе жазылған нәрсе мен қағазға жазылған нәрсе – мүлде бөлек», – дейді.

Мысалы, ежелгі Мысыр мәтіндерінде діни қызметтегі әйелдердің рөлі туралы дерек аз. Ал мысыр мумияларынан татуировка іздерін ең көп тапқан зерттеуші ретінде Остин бір мумияланған әйел денесіндегі отыздан астам татуировканы зерттеген. Онда иероглифтер, музыкалық аспаптар, жылан құдайларының бейнелері және тағы басқа таңбалар бар – мұның бәрі оның абыз әйел болғанын көрсетеді. Мумияның кеңірдегінің үстіндегі татуировкалар оның діни ән айту не дұға оқу рәсімдерінде ерекше рөл атқарғанын, дауысы киелі күшке ие болғанын айғақтайды.

Дитер-Олф пен оның канадалық әріптесі Бенуа Робитай жуырда инфрақызыл сәулеге сезімтал камералар арқылы Перудің жағалау аймағынан табылған әлемдегі ең ірі мумиялар жинағының бірін зерттеген. Бұл мумиялардың кейбірі 2400 жыл бұрынғы дәуірге тиесілі. Уақыт өте терісі қарайып тозғандықтан, олардың татуировкалары көзге көрінбейтін болған. Алайда зерттеу барысында ғалымдар тері астындағы жасырын бояуларды анықтаған. Робитайдың айтуынша, татуировкалардағы діни бейнелер мен символика шамамен екі мың жыл бойы өзгеріссіз сақталған, яғни жергілікті сенім жүйесі басқыншылық пен қақтығыс кезеңдерінде де үзілмей жалғасқанын көрсетеді.

Зерттеушілер ежелгі денелердің фотосуреттерінде байқалуы қиын белгілерді анық көрсету үшін құрама сурет жасайды. Археолог Бенуа Робитай Перу мумияларының қолы мен білегінен инфрақызыл фотосурет арқылы Дитер-Олф екеуі анықтаған таңбалардың осындай көрінісін жасаған.
Иллюстрация: Бенуа Робитай

Гренландық тату-суретші Майя Сиалук Кох Мадсен: «Біз, жергілікті халық, өзімізден бұрын өмір сүргендер бөлек, ал біз – бөлекпіз деп үйретіліп келдік. Мына ғылым сол екі дәуірдің арасындағы көпір секілді. Бізді қайтадан ата-бабаларымызбен байланыстырып тұр», – дейді.

Мақала National Geographic Qazaqstan журналының 2025 жылғы қарашадағы санында жарияланған.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ