Туған жерге қайтып оралған керқұлан

661

Фотожурналист Ами Витале бір кездері тұмса табиғатта жойылып кетті деп есептелген түз тағысы – Пржевальский жылқыларының (біздіңше керқұлан) 3200 шақырымдық жолды артқа тастап, ата қонысына қайтып оралғанын таспаға түсірді. (Сапар барысында тек бір жылқы қашып кетпекке талпынды).

Фотосуреттердің авторы: Ами Витале

Әңгімені жазып алған – Кәрол Хуаң

Керқұлан бір кездері Орталық Азияның кең-байтақ даласын еркін кезіп жүретін. Алайда ХХ ғасырдың ортасына қарай тіршілік ортасының тарылуы, шектен тыс аулау және үй жануарларымен бәсекелестік салдарынан олар табиғатта мүлде жойылып кетті. Қазір өршіл бастаманың аясында керқұланның шағын үйірі зообақтар мен табиғи қорықтардан ата қонысына қайта жерсіндіру үшін қазақ даласына әкелініп жатыр. Ғалымдардың пайымдауынша, олар бұталы өсімдіктердің шамадан тыс таралуын тежейтін әрі басқа түрлерге арналған әртекті тіршілік ортасының қалыптасуына ықпал ететін ерекше жайылу дағдысы арқылы шөптесін даланың биоалуандығын сақтауда маңызды экологиялық рөл атқарады. Алайда қайта жерсіндіру ісінің сын-қатері де көп: жылқылар жыртқыштармен, өмірі көрмеген қатаң қыспен және бірнеше ұрпақ бойы қолда өсірілгеннен кейін жабайы табиғатқа қайта бейімделу сынағымен бетпе-бет келеді. Соған қарамастан табиғат қорғаушылары бұл жобаны әрі ғылыми тұрғыдан қажет, әрі мәдени тұрғыдан мәнді қадам деп санайды.

Керқұланға «Пржевальский жылқысы» дейтін атау XIX ғасырда осы түрді еуропалық ғылымға алғаш таныстырған орыс зерттеушісі Николай Пржевальскийдің құрметіне берілген. Олардың қазақ даласына қайта оралуы – табиғатты қорғау саласындағы маңызды белес қана емес, сонымен қатар тарихи әділдіктің орнауы, өшкеннің қайта жануы.

Маусым айының бір дүйсенбісінде, Праганың орталығына қарай көліктер ағылып жатқан таңертеңгі уақытта, жылқы тұқымдастары ішіндегі әлемдегі ең сирек түрлердің бірі саналатын Пржевальский жылқысының өкілі – Уиски есімді жас айғыр жүк көлігінің артындағы ағаш контейнерді тебе-тебе бұзып шығып, тас жолға секіріп түсті. Мұны көрген жүргізушілер аңтарылып қалды.

Бұл Прага зообағында бір жарым жыл қоршау ішінде өсірілген Уискидің Пржевальский жылқыларын табиғатта қайта қалпына келтіруді көздейтін тарихи бастама аясында Қазақстанның кең даласына сапарға шыққан беті еді. Ал енді, міне, осы сирек жануар қызу көлік қозғалысының дәл ортасында еркін жүр.

Табиғат қорғаушылар тобы Уискиді айнала қоршап, тыныштандыратын дәрі егіп, ақыры оны зообағына аман-есен кері қайтарды. Бірақ үшеуі Прага зообағынан, төртеуі Венгриядан әкелінген қолда өскен тағы жеті Пржевальский жылқысы сол күні еркіндікке апарар жолын одан әрі жалғастыра берді.

Режиссер әрі фотограф Ами Витале сапарды фотоқұжаттау үшін жылқыларға ілесе жүрді. Олар 3 200 шақырымнан астам жолды артқа тастады: әуелгіде жанармай толтыру үшін Түркия мен Әзербайжанға аялдаған әскери жүк ұшағымен ұшты. Одан кейін тағы сегіз сағат жүк көлігімен сапар шегіп, ақыры Орталық Қазақстандағы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватына келіп жетті.

Пржевальский жылқысы кең даладағы арнайы қоршалған аумаққа жіберіліп, ата-бабасы бір кездері еркін жортқан далаға алғаш рет қадам басып келеді. «Жабайы жылқылардың оралуы» (Return of the Wild Horses) жобасының аясында мұқият ұйымдастырылған қайта жерсіндіру шарасы – әлемдегі жабайы жылқылардың соңғы тұяғын қамауда өткен екі ғасырдан астам уақыттан кейін тарихи мекеніне қайтарудағы шешуші қадам.

Пржевальский жылқысы – ешқашан қолға үйретілмеген жылқы тұқымдасының  бүгінге жеткен жалғыз түрі. Олар бір кездері Орталық Азияның жел ұйытқыған кең даласын еркін кезген. Алайда 1881 жылы ғылымда жеке түр ретінде сипатталған сәтте-ақ бейберекет аулау мен мекенінің тарылуы салдарынан саны күрт азая бастаған еді.

1969 жылға қарай бұл түр тұмса табиғатта түбегейлі жойылды деп танылған. Жер бетінде қалған керқұландардың саны 200-ге ғана жуықтайтын, олардың бәрі зообақтарда еді әрі бүкілі 1948 жылға дейін қолға түскен 13 Пржевальский жылқысынан тараған.

1990 жылы Табиғатты қорғаудың халықаралық одағы (IUCN) керқұланды сақтап қалу жоспарын әзірледі. Онда мұқият селекция жүргізу арқылы жылқылардың генетикалық алуандығын сақтау көзделген. Сондай-ақ табиғатта өздігінен өмір сүре алатын 5-тен 10-ға дейін популяция қалыптастырып, түрді бастапқы мекеніне қайта қоныстандыру міндеті алға қойылды. Жабайы жылқыны жіберуге болатын әлеуетті аумақтар ретінде Моңғолия, Қытай, Украина, Қазақстан мен Сібірдегі Байкал көлінің маңайындағы таулы өңірлер белгіленген.

Тоқсаныншы жылдардың басында ондаған жылға созылған жұмыс қолдағы (зообақтағы) жылқыларды Қытай мен Моңғолияның тұмса табиғатына жіберуден басталды. Батыс Моңғолияға жіберілген Пржевальский жылқыларының үштен екісін қырып кеткен 2010 жылғы қатаң қыстан кейін Прага зообағы популяцияны толықтыру үшін «Жабайы жылқылардың оралуы» жобасын іске қосты. Зообақ Чехия әуе күштерінің жүк ұшақтарын пайдалана отырып,қолда өсірілген Пржевальский жылқыларын Моңғолияға бірнеше рет жеткізуді үйлестірді.

Бүгінде Қытай мен Моңғолиядағы Пржевальский жылқысының саны 1 000 тұяқтан асып жығылады. Прага зообағы енді бұл түрді ата қонысының тағы бір бөлігі – Қазақстан даласына қайтару бағытындағы жұмыс істеп жатыр. Осы мақсатта олар «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасымен ынтымақтасып отыр. «Алтын дала» – табиғи мекені жабайы жылқылармен ортақ, жойылып кету қаупі төнген тағы бір жануар – киіктерді қорғау ниетімен 2006 жылы басталған озық жоба.

Киіктер қыс мезгілінде азық пен су іздеп, жүздеген шақырымға қоныс аударады. Олардың мекенін қорғау үшін «Алтын дала» табиғатты қорғау бастамасының серіктестері – Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Құстарды қорғау жөніндегі Корольдік қоғам, Франкфурт зоологиялық қоғамы, Fauna & Flora ұйымы мен Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы көлемі Данияның жер аумағынан да үлкен (шамамен 52 000 шаршы шақырым) далалы аймақты қорғауға алып отыр.

Жылқыларды Қазақстанға әкелмес бұрын серіктестер жануарларға заң аясында қорғау мәртебесін қамтамасыз етті: Пржевальский жылқыларын Қазақстанның Қызыл кітабына жойылып кету қаупі төнген түр ретінде енгізуге қол жеткізді.

Осыдан кейін серіктестер «Алтын дала» резерватына бес жыл ішінде 40 жылқыны кезең-кезеңімен жіберу жоспарын іске қосты. Биологтер осы үйір келешекте адамның көмегінсіз дербес өмір сүре алатын популяцияға айналар деп үміт артып отыр.

Былтыр Чехияның әскерилері Прага мен Берлиндегі зообақтарда өсірілген Пржевальский жылқысын тұңғыш рет Алтын далаға жеткізді. Жануарлар түздегі алғашқы қыстан аман шығуы үшін (мұнда қыс кезінде ауа температурасы -45 °C дейін төмендеуі мүмкін) бір жыл бойы жан-жағы қоршалған бейімдеу вольерлерінде болды. 

Праганың сыртындағы тас жолда жас Пржевальский айғыры Уиски ағаш контейнерді теуіп сындырып, Қазақстанға ұзақ сапар басталар сәтте жүк көлігінен секіріп түсті. Уиски қашқан кезде жарақат алмаған. Оған тыныштандыратын дәрі егіп, күтім үшін зообаққа қайта жеткізген соң, команда мүшелері Қазақстандағы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватына қарай сапарын жалғастырды. Қалған жеті жылқы сол жерге, ата-бабасының ежелгі жайылымы –  керқұландардың ата қонысына жіберілді. 

«Жабайы жылқылардың оралуы» (Return of the Wild Horses) деп аталатын бұл жоба – Пржевальский жылқыларының тарихи ареалында адамның көмегінсіз өмір сүре алатын дербес популяцияны қайта қалыптастыруға бағытталған көп елдің ортақ бастамасының бір бөлігі. Ұйымдастырушылар 2029 жылға қарай тұмса табиғатта өз бетінше тіршілік ететін жылқылар санын 40-45 тұяққа жеткізуді көздеп отыр.

Қақтығыс аймақтарынан репортаж жасаған бұрынғы фототілші Ами Витале алғашқы жеті жылқының еркіндікке қауышу сәтін де, кейінгі жаңа топтың келуін де (оның құрамында тасжолдағы оқиға болмағанда Уиски де болуға тиіс еді) таспаға түсірді. Сол алғашқы жеті жылқы далаға жіберілген сәт – бәлкім, шамамен екі ғасырдан бері алғаш рет  бұл түрдің орталық Қазақстанда еркін жортқаны еді (2003 жылы еліміздің оңтүстігінде жылқыларды қайта жерсіндіруге талпыныс болған, бірақ ол сәтсіз аяқталды).

Ал үшеуі Прага, төртеуі Мажарстандағы Хортобадь ұлттық паркінен жаңа жеткізілген жеті жылқы да далаға еркін жіберілмес бұрын бір жыл бойы бейімдеу вольерлерінде болады.

«Табиғатта жойылып кетті деп саналған түрдің қайта оралуы – жойылу көбіне қалыпты жағдайға айналған табиғат қорғау саласындағы тым нәзік әрі сирек жетістік», – деп жазды Витале электронды хатында. – «Қайта жабайыландыру іс жүзінде ғылым мен логистиканың және сенімнің: қамауда өскен жануарлар қайта бейімделе алатынына сенудің, экожүйелер қалпына келе алатынына сенудің, жоғалған дүние қайта оралуы мүмкін екеніне сенудің тепе-тең үйлесімі».

Витале National Geographic-ке Уискидің қашып шығу оқиғасы, «Жабайы жылқының оралуы» жобасын және жойылып бара жатқан түрлер мен олардың мекенін қорғауға бағытталған басқа да жұмыстарды қалай құжаттап жүргені туралы айтып берді.

Төмендегі сұхбат қысқартылып, мазмұны айқынырақ болсын деп өңделген.

National Geographic: Бұл жобаға қалай араластыңыз?

Ами Витале: Бірнеше жыл бұрын Прага зообағы өзі хабарласып, мені шақырды. Талайдан бері ғаламшарымыздың экологиясы, тұмса табиғат, түрлердің жойылып кету қаупі сияқты мәселелерді тек қиындықтар тұрғысынан емес, басқаша қырынан да көрсететін хикаяларды іздеп жүрген едім. Осындай тақырыптар жөнінде оқыған сәтте үнемі есімнен кетпейтін, жанымды ауыртатын статистикаға тап боламын. Мысалы, «кейінгі 50 жылда жер бетіндегі тұмса табиғаттың 73 пайызын жоғалттық». Бұл дерек былтыр шықты. Бұл ой маза бермейді. Осындай мәліметтер санамда қатып қалады, ал мен өз жұмысымда үнемі: «Біздің қолымыздан не келеді, не істей аламыз?» деген сұрақтың жауабын іздеймін.

Осы ізденіс мені әлемнің түкпір-түкпірінде керемет істер атқарып жүрген таңғажайып адамдармен жолықтырды. Пржевальский жылқысы – бұл саланы енді бастаған кезімде үнемі үлгі ретінде айтылатын оқиға болатын. Адамдар жойылып кете жаздаған, бірақ қайта тірілтіп алған айрықша, символдық мәні бар түр ғой. Тағы бір қызық сәйкестік – солтүстік ақ мүйізтұмсықтарды құтқару жобасында бірге жұмыс істеген ветеринарлардың бірі қазір Пржевальский жылқысымен айналысып жүр. Сондықтан бұл істің бір бөлігі болғым келетінін үнемі біліп жүрдім. Бірінші жылы бара алмай қалған едім, сондықтан биыл қосылдым. Басында сегіз [жылқы] әкелінеді деп жоспарланған, бірақ Уиски қашып кеткен соң, жеті болып қалды. Интернетте бір жерде Уискидің артқы аяғымен теуіп-теуіп, контейнерді бұзып, жүріп келе жатқан жүк көлігінен секіріп шыққан сәтінің нақты видеосы жүр.

Сонда сіз сол топпен бірге келе жаттыңыз, Уиски тиелген көлік сіздің алдыңызда бара жатқан ба еді?

Біз бәріміз автоколонна болып келе жаттық, бір кезде көліктер тоқтай қалды. Бірдеңе болғанын сезіп, бірден сыртқа жүгіріп шықтым. Полиция бүкіл қозғалысты тоқтатты, ал біз – бүкіл команда жүгіріп барамыз. Маркетинг бөліміндегі жігіттердің біразын жаныма алып: «Жақынырақ, иықтасып тұрайық. Жылқы төбемізден секірмек болса, бір орыннан қозғалмай қатып қалайық. Бар болғаны қолдарыңды жоғары-төмен сермеңдер», – деп айтқаным есімде. Ең қатты қорыққаным, Уиски қарсы жолаққа секіріп кетер ме екен деген ой болды. Сол ғана ойымнан шықпады, ал команда шынымен таңғаларлықтай тамаша жұмыс істеді. Ең кереметі – кім қандай рөл атқаратынына қарамастан, бәрінің бір мақсат үшін жұдырықтай жұмылғанын көру. Бірақ қорқыныш та болды. Қатысқан әр сапарымда міндетті түрде күтпеген бірдеңе болады.

Сонда адамнан «қоршау» жасап, қол жайып тұрдыңыздар ма?

Иә, бәріміз жапа-тармағай жүгірдік. Бірақ жануарға тура беттен жүгіруге болмайды. Сәл қырынан, жанамалай жүгіресің. Ешқашан дәл өзіне қарай тура тартпайсың, өйткені ол қаша жөнеледі. Сондықтан біз де әр тараптан жақындадық, бірақ тіке өзіне қарсы емес, әйтпесе ол бізден қашып, секіріп кетер еді. Жануарлармен жұмыс істегенде, олар сенімен бетпе-бет келіп, қақтығыспақ болып тұр деп ойлап қалмауы үшін осылай әрекет етесің.

Осыдан кейінгісінің бәрі, шыны керек, өте тез болды. Біз оны қоршап алып, күйзеліске түспеуі үшін ұйықтататын дәрі бердік. Жылқыны қайтадан тасымалға арналған жәшігіне салуымыз керек еді – бірақ бұл жолы басқа контейнерге, өйткені ол алдыңғысын бұзып шыққан. Сонымен, оны седативпен ұйықтатып тастады да, қасында жол жиегінде отырып, ұйқылы күйінде күтуге тура келді. Ал біз сол арада аялдамай, қалған жылқыларды белгіленген уақыттан қалдырмай әскери ұшаққа тиеп үлгеру үшін әрі қарай жүруіміз керек болды. Сөйтсек, Уискидің жағдайы мүлде жақсы болып шықты. Біз қайтып оралған соң арнайы барып көрдім. Уиски [Прага зообағында] қазір керісінше жайнап жүр, ешқандай жарақат алмаған.

Уискиді еркіндікке қайта жіберуге екінші рет талпыныс жасай ма, білесіз бе?

Менің білуімше, ол енді Қазақстанға жіберілмейді.

Сіздер Уискиді Прагада қалдырып, қалған жылқылармен әскери жүк ұшағына міндіңіздер. Ол сапар қалай өтті?

Әскери жүк ұшағының іші расымен өте суық болды. Бәріміз қыстық киімімізді түгел киіп, қалың қымтанып алдық. Әрі жантайып ұйықтайтын жер жоқ, сұмдық шу, өзі өте баяу ұшады. Қатып тоңып, жиналмалы орындықтарда ғана отырдық. Жол ұзаққа созылды. Жанармай құю үшін алдымен Стамбұлға қондық, сосын Әзербайжанға аялдадық. Ветеринарлар керемет жұмыс істеді. Үнемі жанында болды, жылқылардың жай-күйін қадағалап, жем беріп, тәулік бойы бақылап жүрді.

Қазақстанға жеткесін біз тағы жолға шығуымыз керек еді. Сол пейзажды көру нағыз бөлек бір әлемге тап болғандай әсер қалдырды. Бұған дейін даланы көрмеген едім. Ағаш жоқ. Алғаш қарағанда тіршілік байқалмайды. Бірақ таңертең оянған кезде құстардың үнінен құлақ тұнады… Айналаңда тіршілік қайнап жатыр. Тіпті жәндіктер де қызу тірлікте. Күн енді көтеріліп келе жатқанда кемі бір сағаттай солай отырып қалдым. Сол кезде кіп-кішкентай киіктің құралайы, ол менің отырғанымды байқамаған еді, Пржевальский жылқыларының алдынан зу етіп жүгіріп өте шықты.

Киіктің құралайы жаныңнан жүгіріп өткені қандай әдемі көрініс. Бұл сол жақтағы бірінші күніңіз бе еді?

Иә. Ол жерде үлкен қоршау бар, мен жерге етбеттей жатып алдым да, шамамен бір сағаттай қыбыр еткен жоқпын. Күн баяу шығып келе жатыр, сол сәтте жылқылардың жалынан сығалап түскен жарықты көресіз… Сонда әлгі киіктің құралайы мені байқамай жүгіріп өте шықты, ал ар жағында жылқылар тұр.

Сол екі түрдің, бәлкім, бірнеше ғасыр бойы бір кеңістікте бірге өмір сүрмегенін ойлау, енді міне, осы ландшафт өзін-өзі қайта қалпына келтіретіні жөнінде ойлау көңілді босатады… Тағы қандай түрлер осы екеуінің оралуынан пайда көріп, тіршілігін жалғастырады екен деп ой жүгірттім. Осы жаратылыс иелерінің қайта оралуы не береді, нені қайтарады? Менің қояр сұрақтарым – осы. Бұл жануарлар таңданыс тудырады, сұрақ қоюға итермелейді, қызығушылықты оятады – мен үшін бүкіл оқиғаның мәні де осында. Мұның басқаларға да дәл осылай әсер еткенін қалаймын.

Прага зообағының бас ветеринары доктор Роман Водичка тас жолға шығып кеткен Пржевальский жылқысын тыныштандыру үшін Уискиге арнайы дәрі салынған жебемен ақырын жақындады. Оны тоқтатуға бір мәрте атқаны жеткілікті болды. Уиски сапарын жалғастырмайды деген шешім бірден қабылданды. Ол әрі қарай бақылауда болып, сауығуы үшін зообаққа қайта жіберілді.

Экспедиция кезінде үнемі күтпеген оқиғалар болып тұратынын айттыңыз.

Кейде жануарға арнайы жебемен дәрі салғанда, ол бірден толық тыныштанбай қалады. Сен тұмса табиғатта жұмыс істеп жүрсің… Маңайда су болса, олар кейде өзенге немесе басқа да су айдынына күмп береді, ал сен дәрі толық әсер етіп, суға батып кетпей тұрып, лезде артынан барып, оны сүйреп шығаруың керек.

Жирафтарды өзеннің арғы бетіне баржамен өткізген экспедицияларда болғаным бар. Біз тоғыз бас Ротшильд жирафын құтқардық… Жауын өте көп жауғандықтан, олар тұрған түбек аралға айналып шыға келді, ал жирафтың төлін батпақта қалып қойған жерінде улы жылан шағып алды. Сол жирафтарды арнайы салға салып, өзеннен өткізуге тура келді, оны өздері әзілдеп «gir-RAFT» деп атады (raft – ағылшын тілінде судан өтетін сал). Бұл оқиғаны біз Nat Geo үшін түсірдік. Сондай-ақ Оңтүстік Африкадан Мозамбикке, азаматтық соғыс салдарынан өз мекенінен жоғалып кеткен 24 арыстанды жеке ұшақпен қайта әкелген рейсте болдым. Ұшу барысында олардың ояна бастаған кезі болды. Ұшақта тек мен, ұшқыш және ветеринар ғана отырмыз, ветеринарды түртіп: «Оны қайтадан тыныштандырып жібересіз бе?» деп сұрайсың. Бұдан бөлек, Сан-Диего зообағынан Эрик деген қара мүйізтұмсықты Танзанияға дейін ұшақпен жеткізгенбіз. Жол 48 сағатқа созылып, бірнеше рейс жасауға тура келді. Бұлардың бәрі – жабайы жануарлар, сондықтан жұмыс өте қиын… Көп нәрсе жоспарға сай бола бермейді. Бірақ мен ешқашан жануардың көліктен құлап түскенін де, не тепкілеп, көлікті бұзып шығып кеткенін де көрген емеспін.

Осындай жобаларға қанша қаражат, күш-жігер, адам ресурсы, уақыт кететінін көргенде, кейбіреулер: «Мұның не керегі бар?» деп ойламайды дейсіз бе?

Қай түр жойылса да, түптің-түбінде оның … адамзатқа әсері болады. Сіз оны түсінсеңіз де, түсінбесеңіз де – бәрібір солай. Бәлкім, бұл сіздің өміріңізде сезілмес, бірақ осы ғаламшардағы тіршілік үшін, балаларыңыз үшін міндетті түрде салдары болады. Мен өз өмірімде белгілі бір түрлері жоғалған сайын, тұтас бір ландшафтардың көз алдымда қалай ыдырап, құлдырай бастағанын көрдім. Содан кейін ол жер барған сайын өмір сүруге қолайсыз болып кетеді. Бірақ керісінше үдерісті де көрдім: біз табиғатқа аз да болса мүмкіндік берген сәтте, оның өзін-өзі қалай жылдам қалпына келтіре бастайтынына куә болдым. Бұл шынында ғажап.

Табиғат аясында жүріп, жердің өз жарасын жазуға қабілетті екеніне, тіршілік иелері қайта көбейіп, оралуы мүмкін екеніне сену жаныңды тебірентеді … Егер тыңдап, зер салып үйренсек, болашақ әлі де жазылып қоймағанын түсінеміз. Бізде таңдау бар. Біз қамқоршы болуды таңдай аламыз, қалпына келтіруге, үзілгенді қайта жалғауға, қорғауға күшіміз жетеді, немесе … бұл – нені жоғалтқалы тұрғанымыздың да белгісі. Менің ойымша, осындай істердегі ең үлкен қиындық – түрлі ел мен түрлі мәдениеттегі адамдарды, саяси көзқарасы, сенім жүйелері мүлде бөлек жандарды бір мақсатқа біріктіру. Мен үшін осы хикаялардың басты түйіні – адамдар өзара тіл табыса алса ғана, арманымыздағы болашақты елестетіп, соған ұмтыла аламыз. Бұл мүмкін нәрсе. Мен расында да, әрі қарай не болатыны көп жағдайда өз қолымызда екенін көріп жүрмін.

Басқа сұхбаттарыңызда қабылдаған әр шешіміміз арқылы әлемге ықпал ете алатынымызды айтқаныңыз бар.

Әрине. Меніңше, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, әрқайсымыз қандай да бір жолмен араласуымыз керек. Міндетті түрде осы оқиғаның өзіне қатысу шарт емес. Мысалы, сіз Нью-Йорктың қақ ортасында тұрсаңыз да, айналаңызда өзіңіз байқамайтын қаншама «жабайы» дүниелер бар. Сол ғажайыптың бір бөлігі – сәл баяулап, жай ғана қарап, бақылап үйрену. Мен қазір осында, [Монтанадағы] үйімнің алдындағы верандада отырмын, ал мына гүлдерді ондаған ара мен көбелек тозаңдандырып жүр. Егер көз алдымызда тұрған дүниені байқап, соның бәрінің бір бөлшегі екенімізді сезінсек, айналамыз мүлде басқаша, әлдеқайда мәнді көрінеді. Табиғатта жойылып кетті деп саналған осы жылқыны қайтадан көбейтіп, енді оны ежелгі мекеніне әкеліп жатқандары – шынымен де ғажайып қой … Олардың қайта оралуымен бірге бұл ландшафт та біртіндеп сауығып, қалпына келе бастайды.

Осындай негізгі түрлерді  қайта әкелгенде … ол жерде қалпына келу процесі қарқынды жүреді. Осының бәрін ойлап, қиялдың тереңіне сүңгіп кетуді жақсы көремін. Сосын, қай жерде тұрсаңыз да, мұның бәрін өзімізбен байланыстырып ойлаған ұнайды. Иә, ғалымдар қазір біздің Жер тарихындағы Алтыншы жаппай жойылу кезеңіне куә болып отырғанымызды айтып жүр. Бірақ елестетіп көріңізші, егер бәріміз табиғатқа сәл көбірек назар аударып, өз ауламыздың өзінде бір шағын жобаға араласа бастасақ ше? Яки тым болмаса күнделікті жасап жүрген іс-әрекетіміздің қай тұсы тұмса табиғатқа зиян келтіріп жатқанын жақсырақ түсініп, соған мұқият болсақ ше?

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ