Иттер неге әртүрлі?

355

Әлемде иттердің 400-ге тарта түрі бар. Олардың сыртқы пішіні, дене бітімі бір-бірінен қатты ерекшеленеді. Жуырда Science журналы қазақстандық ғалымдар да қатысқан тың зерттеудің нәтижесін жариялады. Онда зерттеушілер иттер неге әртүрлі және олар қай сәттен бастап үй жануарына айналды деген сұрақтарға жауап берген.

Иттер сондай әртүрлі. Мәселен, ағылшын мастифінің бойы – 70-80 сантиметрге, салмағы 90 килограмға жуықтаса, мына фотосуреттегі коргилердің бойы – 20-30 см, салмағы – 10-12 килограмм ғана. Фото: ROBERT CLARK, NAT GEO IMAGE COLLECTION

Иттер үй жануарлары ішіндегі әралуандығы ең жоғары топқа жатады. Неліктен олар соншама әртүрлі? Бұған дейін XIX ғасырдағы Виктория патшайым заманында жаппай жүргізіле бастаған селекция жұмыстары қазіргі ит тұқымдарының дүниеге келуіне түрткі болды деп есептеліп келді. Дегенмен жуырда Science журналына жарияланған «Ит морфологиясының пайда болуы және әртараптануы» (The emergence and diversification of dog morphology) атты мақала бұл көзқарас шындыққа жанаспайтынын дәлелдеді. Иттер осыдан 11 мың жыл бұрын, яғни холоцен кезеңінде-ақ айтарлықтай алуан түрлі болған. Біз итті қашан қолға үйреттік? «Бір атаның балалары» – ит пен қасқыр қашаннан бері екі бөлек түр ретінде қалыптасты? Осы зерттеу археологтер де, генетиктер де талай жыл бас қатырған жоғарыдағы сауалдарға жауап берді.

Ит пен қасқырдың бассүйегін талдау

Ғалымдар плейстоцен кезеңінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі 50 мың жыл уақыт аралығын қамтитын 643 қасқыр мен иттің бассүйегін жинап, үшөлшемді (3D) геометриялық морфометрия әдісімен скандаған. Әр бассүйектің белгілі бір бөлігінен арнайы «нүктелер» белгілеп, үлгілердің өлшемі мен пішінін сандық түрде салыстырған. 

Зерттеушілер бассүйек үлгілерін тарихи кезеңі мен ит немесе қасқыр екеніне қарай төрт топқа бөле қарастырған: 

  1. Кейінгі плейстоцен қасқырлары (50 000-12 700 жыл бұрын) – 17 үлгі;
  2. Холоцен кезеңіндегі қоныстардан табылған бассүйектер – 374 үлгі;
  3. Қазіргі қасқырлар – 86 үлгі;
  4. Қазіргі иттер – 158 үлгі.

Алдымен қазіргі қасқырлардың орташа бассүйек пішіні есептеліп, әр үлгінің оған дейінгі үлгіден айырмашылығы өлшенген. Авторлар қасқыр мен плейстоцен қасқырларының ең шеткі мәнінен де «алыс» тұрған үлгілерді, яғни қасқыр бассүйегіне ұқсамайтын үлгілерді «морфологиялық ит» деп белгіледі. Қасқырлар мен плейстоцен қасқырларынан да алшақ жатқан осындай 151 үлгі эталон ретінде алынып, қалған сүйектер соған қарай ит не қасқыр болып қайта жіктелген. 

Зерттеушілер уақыт бойынша сырғымалы терезелер (әр 1000 жылдық интервал) арқылы бассүйек өлшемі мен пішінінің орташа мәні және вариациясының қай кезеңде қасқырдан ажырай бастағанын есептеген. Одан бөлек, мезолит-неолит дәуіріндегі ең көне «морфологиялық иттердің» бассүйек өлшемі мен пішінін қазіргі тұқымдармен салыстырып, ерте иттердегі әртүрлілік деңгейін бағалады. Ит морфологиясына арналған мұндай ірі масштабты зерттеу жұмысы бұрын-соңды жүргізілген емес.

Қазақтың жүйрік тазысы. Фото: Ерболат Шадрахов

Ең көне ит қайсы?

Ғалымдар жаңа жіктеу жүйесі бойынша холоцен дәуіріндегі көптеген қазба сүйекті «ит» ретінде қайта анықтап, ал плейстоцен заманына тиесілі 17 үлгінің барлығын «қасқыр» тобына жатқызды. Қазіргі солтүстік Ресейдегі мезолиттік Веретье тұрағынан табылған 11 800 жыл бұрынғы бассүйек – зерттелген 643 үлгінің ішіндегі ең көне «ит» үлгісі болып шықты. Яғни шамамен осы кезеңде ит пен қасқыр морфологиясындағы айырмашылық анық байқалды. Аңшылар мен балықшылар мәдениетіне жататын осы қоныстан табылған үш бассүйек қасқырдікінен айқын ерекшеленеді. Бұл бассүйектердің тұмсығы қысқалау, ми сауыты салыстырмалы түрде кеңірек, жалпы бас пішіні қасқырдан гөрі қазіргі «үй итіне» жақынырақ. Кейінгі мезолит пен неолит кезеңдерінде (Еуропа мен Солтүстік Америкадағы қазбаларда) дәл осындай «ит» пішініне ие бассүйектер саны көбейе бастайды. Бұл кезде адам отырықшылыққа көшіп, аңшылық пен алғашқы шаруашылық түрлері қатар дамыған еді.

Холоцен кезеңіндегі иттердің морфологиялық алуантүрлілігі қазіргі иттердің алуантүрлілігінен екі есе аз. Дегенмен плейстоцен қасқырларынан екі есе алуан түрлі. Бұл адамның алғашқы «иттерді» қолға үйретуі, иттер морфологиясын қазіргідей түрлендірмесе де, оларға жаңа пішіндік кеңістік ашып бергенін көрсетеді. 

Неліктен иттер қасқырмен салыстырғанда жылдам өзгерді? 

Зерттеу авторлары бұған адаммен жақын өмір салты, азықтық орта мен тіршілік ортасының өзгеруі әсер еткенін айтады. Бұлар жыртқыш қасқырға тән морфологиялық қысымды әлсіретіп, иттің бассүйек формаларын қатаң экологиялық шектеуден босатты. Қасқырлар күнкөріс үшін аң аулауға тиіс болса, иттер оған «міндетті» болмай қалды. Нәтижесінде холоценнің алғашқы мыңжылдықтарында-ақ иттердің бассүйегі қасқырлардікімен салыстырғанда әлдеқайда алуан түрлі болған. Зерттеу авторлары атап өткендей, қазіргі жасанды көрінетін тұқым морфологиялары ХІХ ғасыр селекциясының жемісі болса да, негізгі морфологиялық дивергенция бұдан мыңдаған жыл бұрын-ақ іске қосылған. Ерте замандағы адамдар өзінің өмір салтына сәйкес келетін, күнделікті тіршілікте көмектесетін иттерді көбірек өсіруге тырысты. Яғни адамның әртүрлі қажеттілігіне жарайтын бір-бірінен ерекшеленетін ит түрлері, мысалы, аңшы, малшы, күзетші иттер шыға бастайды. Осылайша, бұл зерттеу жұмысы мәдени үрдістер иттердің морфологиясына қалай ықпал еткеніне жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді. 

Зерттеу қасқырлар жөнінде не айтады?

Ауқымды талдау жұмысы негізінен иттерге бағытталғанымен, бұл зерттеу қасқыр эволюциясына қатысты да қызық дерек береді. Скандау нәтижесі көрсеткендей, ежелгі қасқырлардың бассүйек пішіні қазіргі қасқырларға қарағанда, керісінше, айтарлықтай алуан түрлі болған.

Зерттеушілердің есептеуінше, қазіргі қасқырлардың морфологиялық әртүрлілігі плейстоцен қасқырларынан шамамен 26 пайызға төмен. Ғалымдар мұндай өзгеріске бірнеше фактор себеп болғанын айтады. Атап айтқанда, мұз дәуірінен кейін климаттың күрт жылынуы, ірі тұяқты аңдардың азаюы, адам санының көбеюі салдарынан қасқырлардың табиғи ортасының тарылуы әсер еткен. Азық қоры мен тіршілік ортасы өзгерген сайын қасқыр популяциясы да қысқарып, пішіндік алуан түрлілік жоғала бастаған болуы мүмкін.

Science журналындағы мақала қасқырлардың тіршілік ортасының өзгеруі олардың морфологиясынан қалай көрініс тапқанын түсіндіреді. Фото: Ерболат Шадрахов

Зерттеудің Қазақстанға қатысты тұсы

Мақаланы жазуға әлемнің түкпір-түкпіріндегі 40 ұйымның өкілдері үлес қосқан. Бұл – талданған үлгілердің саны мен қарастырылған тарихи кезеңнің ауқымынан бөлек, зерттеу жүргізген ғалымдар тобының да аса ауқымды болғанын білдіреді. Бір айта кетерлігі, осы жұмыстың авторлары қатарында қазақстандық ғалымдар да бар. Торайғыров университетінің зерттеушілері – В.К.Мерц пен И.В.Мерц және Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің зерттеушілері – Э.Р.Усманова, В.В.Варфоломеев Қазақстан аумағынан табылған бассүйек үлгілеріне қатысты деректерді ұсынып, осы ғылыми жаңалыққа үлес қосты. Мұндай ірі зерттеуге отандық ғалымдардың да атсалысқаны – ел ғылымы үшін зор жетістік.

Ит морфологиясына қатысты зерттеулердің болашағы

Science журналына жарияланған мақаланың авторлары зерттеудің кемшін тұстарын да ашық айтады. Плейстоцен дәуіріне жататын бассүйектер өте аз әрі көбі нашар сақталған. Бұл қасқырды қолға үйретудің ең алғашқы, әлі «көзге іліге қоймаған» кезеңін морфологиялық тұрғыдан анықтауға мүмкіндік бермеуі ықтимал.

Сонымен қатар бас сүйек – тарихтың бір ғана тарауы. Одан бөлек, жақ сүйектері, тістер, аяқ сүйектері мен тұтас қаңқа, сондай-ақ ДНҚ деректері кең ауқымда біріктірілгенде ғана ит эволюциясының толық картинасын көру мүмкіндігі артады. Ал осы зерттеуде тек бассүйектердің жалпы құрылымы ғана қарастырылған. 

Тағы бір ескерер жайт, зерттеуде ең көне «үй итінің» бассүйегі қарастырылмаған. Тарихтағы ең ежелгі ит ретінде адам жанына жерленген, Бонн-Оберкассельден (Германия) табылған жас күшік пен ересек қанденнің сүйегі аталады. Олардың жасы шамамен заманымызға дейінгі 16-14 мың жыл деп жорамалданған (бұл Веретье итінің сүйегінен бірнеше мың жыл көне). Археологтердің пайымынша, адаммен бірге жерлеу жануардың адамдар үшін ерекше мәртебесі болғанын көрсетеді.

Зерттеушілер талданған 643 бассүйектің ішінде неліктен Бонн-Оберкассель сүйегі болмағанын түсіндірмеген. Дегенмен бассүйектің талдауға жарамсыз болғаны немесе зерттеуге рұқсат берілмеуі үлгіні пайдалануға кедергі болғаны кәдік. 

Біршама шектеуі болғанына қарамастан, зерттеу иттердің қолға үйретілу тарихына қатысты тың деректер ашты. Адамның «ең жақын досына» адамзат мәдениетінің қалай әсер еткенін дәйекті түрде көрсеткен маңызды жұмыс болды. 

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ