Серік Мұқыш: Фотоның «тәттісі» мен «ащысы» бар

808
Фото: Ерболат Шадрахов

Деректі фотограф Серік Мұқыш – қазақ малшыларының көшпелі өмірін, дәстүрлі мәдениетін, Алтай қазақтарының шынайы тұрмысын фотоқұжаттаумен танылған тұлға. Ол БҰҰ мен «Қытай этнофотография қоғамы» бірлесіп өткізген халықаралық байқаудың «Деректі фото» аталымының жүлдегері (2014), «Sente Antu Cup» халықаралық фотобайқауындағы (2017) үздік 10 фотосуретшінің бірі.

Бүгінде атамекеніне оралған фотографпен біз Ерейментаудағы Жаушоқы мен Сұңқартастың маңында сейілдеп жүріп әңгімелестік. Кешқұрым уақыт еді. Күн батар шақтың алқызыл шуағы айналаны әдемі бояуға малып, табиғатқа ерекше реңк бере қалғаны. Санаулы минутқа созылатын мұндай сәт – фотограф үшін нағыз олжа.

Фотоаппаратымды бірден Серік Мұқышұлына ұсындым: бұл жаққа алғаш рет аяқ басып отыр ғой, бір-екі кадр түсіріп алғысы келер, бәлкім? «Жоқ, – деді Серік Мұқышұлы үзілді-кесілді бас тартып, – мен мұндай тәтті сурет түсіруді әлдеқашан қойғанмын». Еріксіз жымидым. Көз тойдырар табиғат немесе басқа да әдемілікті айшықтайтын фото түсірмейтінін бұдан бұрын да естіген едім. Себебін өзінен естудің сәті енді келгендей. Бірақ батар күннің шуағына шомылған кең далаға қарап ойға батып тұрғанын көріп, сұрағым тіл ұшында қалды. Әңгіменің тиегі сәл кейінірек ағытылды. Сұрағымыз да дәстүрлі сауалдан басталды.

«Тәтті суреттен» басталған фотоәуестік

– Фото түсіруге деген әуестік қашан басталды? Фотоаппаратты неше жасыңызда қолға алып едіңіз?

– Мен бұл өнерге сәл кешірек, отыз жасымда бет бұрдым. Оған дейін ара-тұра фото түсіргенім болмаса, әжептәуір табысым бар, банкте қыз­мет істеп жүрдім. Сол жұмысты тастап, фотоаппаратты серігім еткелі бері де отыз жылдан асты. Алғашында мен де осы күнгі жұрт секілді әдемі, сұлу суреттің соңында жүрдім. Тау-тасты кездім, табиғаттың әсем көріністерін түсірдім. Мұндай суреттерді қазір «тәтті сурет» деп атаймын.

– Неліктен олай дедіңіз?

– Өйткені ол тәтті кәмпит сияқты. Ылғи да әдемі, әсем, сұлу көріністер болады. Ғажайып көркем табиғат, сүйкімді жануарлар, адамдардың қайталанбас ерекше сәттері – барлығы да көңіліңді көтереді. Әлемді, айналаңды қызылды-жасылды реңкте, жарқын бояуларымен көрсетеді. Тамсандырады, таңдандырады әрі қызықтырады. Өзің де сондай сурет түсіргің келді. Сондықтан болар, мен де 20 жылға жуық уақытымды «тәтті суретке» арнап жүріп қалдым. Мұның өткінші дүние екенін, оның соңына ешқашан жетпейтінімді, одан өзіме де, өзгеге де пайда жоғын кешірек түсіндім.

Құшағына сәбиін алған малшының әйелі түйелі көшті бастап келеді

Деректі фотоға алып келген қате жазу

– Ойыңызды өзгертуге не себеп болды?

– Мен Қытайда «Әлем фотографиясы» журналы сияқты фотоөнерге арналған көптеген басылымды жаздырып алатынмын. Бір күні сондай журналдарды қарап отырған едім: қолына қыран қондырған қазақ бүркітшінің фотосы шыға келді. Дәл біздің жақта бүркітші қазақтар өте сирек еді, сондықтан да болар көзіме оттай басылды. Кім екен деп үңіліп қарасам, моңғол бүркітшісі деп жазып қойыпты. Бірақ суреттегі адам – қазақ. Қазақты моңғол деп шатастырып жазып қойғаны намысыма тиді. Бұлай қате жазуға бола ма екен? Дереу редакциясына хабарласып, мән-жайды түсіндірдім. Бірақ олар авторды тауып бере алмайтындарын айтты. Ол бір шетелдік азамат екен. Ағылшынша білмеген соң, оны шетелден індетіп іздеуге шамам жетпесі анық. Сондықтан бір ойға бекідім: қазақ бүркітшілерін тауып, олардың саятшылығын өзім таныстырайын дедім.

– Қытайдағы қазақ бүркітшілеріне арналған сериялы фотоларыңыз осылай туды ма?

– Иә, солай деуге болады. Бірақ мен алдымен саятшылық өнері кең өріс алған Моңғолияға арнайы барып, сондағы бүркітшілерді фотоға түсірдім. Өйткені Қытайдағы Алтай қазақтарының ішінде, біздің Шіңгіл жақта құс ұстайтындар ол кезде сирек еді. Көпшілігі жасы келген қарт кісілер болғандықтан, қазіргідей саят құрмайтын. Кейінірек бұл жақта да бүркітшілер көбейіп, саят өнері жақсы дамыды. Олардың да құс баптау, саят өнерін фотоқұжатқа айнал­дырдым. Бұл жұмысты идея басыма келген 2010 жылдан іс жүзінде 2016 жылға дейін жалғастырдым. Әрине, арасында басқа тақырыптағы жұмыстарым да болды.

Биік асуда күн райы кез келген сәтте бұзылуы мүмкін.

– Көптің көзін сүйінтіп, танымалдыққа тез жеткізетін «тәтті фотодан» жерітетіндей, сізді оның қандай құдіреті баурады?

– Деректі фотоны зерттедім. Көп іздендім. Тарихына үңілдім. Мәні мен маңызына, адамзат тарихындағы қызметіне бойлауға тырыстым. Тимоти О’Салливан, Льюис Хайн сынды ізашарлардан бастап, бертінге дейінгі деректі фото шеберлерінің еңбектерімен таныстым. Әлі де зерттеп жүрмін. Ең бастысы, оның бүгін бар, ертең жоқ болатын жылтырақ сурет емес екенін түсіндім. Деректі фото енді бір жүз жылдан кейін де құнын жоғалтпайды. Көрген адамға тарих болып тіл қатады. Оның арғы жағында адамның өмірі, тағдыры, басына түскен қайғысы, мұң-зары тұрады. Әрбір деректі фото бір мәселені айтып тұруы, назар аудартуы мүмкін. Өйткен ол сол сәттегі ақиқатты көрсетеді. Сол арқылы үлкен өзгерістер жасауға, проблеманы шешуге септігін тигізеді. Оның артықшылығы да, құндылығы да сонда.

Деректі фотоның «ащысы»: тарих пен қоғам алдындағы миссия

– Сіздің деректі фотоға құрылған «Біз көшкенде өмір бірге көшеді» деген ақ-қара түсті фотоальбомыңызды Қытай фотосуретшілер қоғамы теориялық комитеті төрағасының орынбасары, сыншы Бао Кун жоғары бағалапты. Қазақ малшыларының өмірін түсіруге не түрткі болды?

– Жалпы, Қытайда өз азаматтары бар, шетелден келетін туристері бар, Алтай аймағындағы қазақ малшыларын жылына екі рет суретке түсіру дәстүрге айналған. Ұлттық киім киген, дәстүрлі салт-жоралғыларды орындап жатқан, сән-салтанаты келіскен жұртты суретке түсіреді. Кейбіреулері әдемі сурет іздеп жайлауларға да барады. Сөйтіп, өзіне қажет «тәтті суретін» түсіріп алған соң, қайтып кетеді. Оның арғы жағындағы күнделікті тіршілік қандай екеніне ешкім үңіліп жатпайды. Ал сол әдемі көрініс, сұлу суреттердің артында малшылардың жыл он екі ай қайталанатын мехнатты тұрмысы тұр ғой. Олардың өмірі сол «тәтті суреттердегідей» жыл бойы мәз-мейрам тойдан, жарқыраған салтанаттан тұра ма? Ақиқатында олай емес. Бірақ бұл суреттерді көрген бүкіл қытай елі, одан асып әлем жұртшылығы Алтай қазақтарының өмірі осындай ғажап екен деп қалады. Мен қазақтарға қатысты осы қате түсінікті түзеткім келді. Сөйтіп, олардың күнделікті шынайы өмірін көрсетуді мақсат етіп, малшылардың қасында апталап, айлап бірге жүрдім. Жылдың төрт маусымындағы қауіп-қатері мен қиындықтарын – қар мен жаңбырда қия-құз, тайғақ асулар арқылы көшу оңай еместігін көрдім. Түрлі оқыс оқиғаларға куә болдым. Альбом сондықтан да жоғары бағаланды деп ойлаймын. Бұл альбомды ертерек бастағаныммен, негізгі бөлігін 2011–2012 жылдары түсірдім. Толық аяқтау­ға бас-аяғы он жылдай кетті. Ақыр соңында «Көктем», «Жаз», «Күз» және «Қыс» деген төрт бөлімнен тұратын 193 беттік фотоальбом жарыққа шықты.

Малшылар жүгін негізінен түйеге артып көшеді. Ойлы-қырлы жерлерде тең ауып кетпес үшін мықтап байлау қажет.

– Әлі жарыққа шықпаған, дайындалып жатқан еңбектеріңіз бар ма?

– Әрине. «Зауал» деп аталатын жобам, Ертіс өзенімен байланысты сериялы жұмыстарым бар. Қытайда жүргенімде осы өзеннің бойын толық деректі фотоға түсіріп шықтым. Енді өзеннің Қазақстандағы алабын түгел фотоқұжаттау жұмысы күтіп тұр. Бірақ бұған қашан кірісерім әлі белгісіз.

– Қазір Қазақстан азаматысыз. Мұндағы фотоөнердің дамуына қатысты не айтар едіңіз?

– Қазақстанда да фотоөнер жақсы дамып жатыр. Бірақ байқауымша, ке­йінгі отыз жылдықта деректі фото кенже қалып қойған. Ал деректі фотоның маңызы, қоғамға тигізер пайдасы өте зор. Оны сөз басында да айтып өттім. Мен осы деректі фотоға деген қызығушылықты оятқым келеді. Сол мақсатты көздеп, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі арқылы біраз уақыт жастарға дәріс оқыдым. Алайда бұл – теңізге тамған тамшыдай ғана әрекет. Мәселені шешу үшін жүйелі қадамдар керек. Ал біздің ЖОО-ларда фотоөнер мамандық ретінде оқытылмайды екен. Мені осы жағы толғандырады. Фотограф мамандығы арнайы оқытылуы керек. Оның да кәсіби тұрғыда оқып-үйренетін қыр-сыры көп. Мемлекет осыған назар аударса деймін.

Малшылар «қара қос» деп аталатын уақытша баспанада кешкі ас ішіп отыр. Осы және алдыңғы фотолар: С.Мұқыштың «Біз көшкенде өмір бірге көшеді» фотоальбомынан.

Сұхбаттасқан – Айбын Шағалақ

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ