Табиғаттағы жарқырауық жәндіктер

6

Қараңғыда жарқырайтын ұсақ жәндіктерге жаңа көзқарас

Мәтінін жазған: Кара Джаймо
Фотосуреттер: Хавьер Азнар Гонсалес де Руэда

Ультракүлгін шамның жарығымен көмкерілген мына кәдімгі сарышаян Испанияның Мадрид қаласындағы түнгі тот басқандай қызғылт аспан аясында ашық көгілдір түспен жарқырайды.

Сарышаян десе көп адамды үрей билейді. Ал қараңғыда жарқырайтын жәндіктерді көптен суретке түсіріп жүрген мадридтік фотограф Хавьер Азнар үшін таптырмас кейіпкер. Сарышаяндардың көбі ультракүлгін сәуле түскенде жарқырайды. Себебі сыртқы қаңқасында жоғары энергиялы сәулеге әсер етіп, жарық шығаратын ерекше заттар бар. Флуоресценция жәндіктер мен өрмекшітәрізділер арасында кең таралғанымен, нақты қызметі әлі белгісіз. Ғалымдар мұның жасырынуға, жұп таңдауға не күн сәулесінен қорғануға көмегі болуы мүмкін деп болжайды.

«Экуадордағы Кито қаласынан шамамен 240 км қашықтықтағы Ясуни ұлттық паркінде түсірілген бұл жұлдызқұрттың нәзік түктері жыртқыштарға «Мені жемеңдер» деген белгі беруі мүмкін», – дейді фотограф Хавьер Азнар Гонсалес де Руэда.
Экуадордың Ла-Мана қаласына жақын Чоко тропик орманында жапырақ бетінде өсетін флуоресцентті қыналар мына қалқанды дәуіттің денесіне де жұғып қалған. Олар алты аяқты жыртқышқа қосымша бүркеме қабат береді.

Азнар түнде жерді ультракүлгін шаммен шолып, неондай жылт еткен із көрсе, түсірілімді бастайды. Ол жарқыл шамын ультракүлгін сәуле шығаратындай етіп бейімдеген. Нәтижесінде көзге көрінбейтін әлем ашылады: сұр сарышаян аквамарин түске боялып жарқырайды, түкті жұлдызқұрт анық көрінеді, ал кей жәндіктің денесіндегі дақтар айналасымен үндесіп кетеді. Фотограф осы суреттері арқылы табиғаттағы флуоресценцияның рөлін зерттеуге түрткі болғысы келеді. Ол әлден-ақ осы тіршілік иелерінің бұрын байқалмаған қырын көрсетіп отыр.

Азнардың ультракүлгін жарқылы түскен сәтте Ясунидегі мына шегірткетәрізді жәндік етжеңді сары гүлдің үстіне өрмелеп бара жатып, қанық көк түспен жарқырайды.
Ясуни ұлттық паркінде бір жапырақтың астыңғы бетіне жиналған ғажайып неон-жасыл көбелек жұлдызқұрттарының жіпшелері ультракүлгін сәуле түскенде қанық көк реңкке боялады.
Ғалымдар жарқыраған ара ұясындағы флуоресценция жасырыну үшін бе, әлде назар аударту үшін бе – нақты айта алмайды. Азнардың суреттері екінші нұсқаға көбірек келетінін әсерлі түрде меңзейтіндей.
Өрмек тоқығыш тікенекті өрмекші жұмыртқа қапшығын тоқып жатыр. Оның құрсағындағы шілтер тәрізді өрнек экзоскелеттегі флуорофорлар – жарық шығаратын молекулалар әсерінен жарқырайды.
Материал National Geographic Qazaqstan журналының 2026 жылғы сәуірдегі санында жарияланған.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ