Бұрын балаларға тән делінген зейін жеткіліксіздігі мен гипербелсенділік синдромы (ЗеЖГС) диагнозы бүгінде миллиондаған ересек адамға қойылуда. Дәрігерлер неге мұны бұрын байқамаған? Осы синдром өзіңізде бар-жоғын қалай білуге болады? Біз ересектердегі белгілер жөнінде ғылым не дейтінін, қандай қауіп факторлары маңызды рөл атқаратынын, әйелдердегі белгілері неліктен назарға алынбағанын баяндаймыз.
National Geographic Qazaqstan ересектердегі зейін тапшылығы жөніндегі мақалалар топтамасын назарыңызға ұсынады.
1. Ересектердегі ЗеЖГС ерекшелігі неде?
Зерттеушілер бұл синдромның белгілері неге жас ұлғайған сайын өзгеретінін және оның зейін жеткіліксіздігімен күресіп жүрген адамдар үшін нені білдіретінін жаңа қырынан зерделеп жатыр.
Мәтін: Дәрил Остин
ДӘРІГЕРЛЕР ҚАТЕЛЕСІПТІ. Көптеген психиатр зейін жеткіліксіздігі және гипербелсенділік синдромы (ЗеЖГС) ретінде кеңінен танылған бұзылыстан зардап шегетін балалар оны өсе келе жеңіп шығады деп ондаған жыл бойы сенді. Алайда жаңа деректер басқа шындықты көрсетіп отыр. АҚШ-та шамамен 7 млн балаға ЗеЖГС диагнозы қойылған болса, ауруды бақылау және алдын алу орталықтарының кейінгі зерттеуі 15,5 млн ересек америкалық та осы синдромға шалдыққанын анықтады. Оның үстіне, олардың жартысынан көбіне диагноз ересек шақта қойылған.
Бүгінде мамандар ересектердегі ЗеЖГС белгілері балалардікінен өзгеше көрінетінін мойындайды, себебі ересектер әдетте оны жасыра біледі. ЗеЖГС-мен өмір сүретін адамдар бір нәрсеге ден қою немесе тапсырмаларды орындауда қиындыққа жиі тап болады. Олар өздерін жайсыз сезініп, көп сөйлеп, импульсивті әрекеттер жасап, өзгелердің сөзін бөледі немесе кезегін күтуге сабыры жетпеуі мүмкін. «Балалар сыныпта тыныш отыра алмай, орындарынан тұрып кете берсе, ересектер бағдаршамның қызыл түсінде не дүкендегі кезекте шыдамсыздық танытуы ықтимал» – дейді Мэриленд университеті медицина орталығының психология профессоры Джилл Рэч-Бейзел.
Сондай-ақ реакциялардың қарқындылығын да ескеру қажет. Рэч-Бейзелдің айтуынша, мұндай белгілер балаларда да, ересектерде де «өте жеңіл түрінен ең ауыр түріне дейін» өзгеріп отыруы мүмкін. ЗеЖГС-мен өмір сүру – адамның мектеп, үй немесе жұмыс сияқты түрлі жағдайларда жоғарыда айтылған сипаттарды жиі көрсетуі. Бұл оның тапсырмаларды орындау қабілетіне де кедергі келтіретінін білдіреді. Массачусетс көпбейінді ауруханасындағы ересектерге арналған ЗеЖГС зерттеу бағдарламасының жетекшісі, дәрігер әрі психиатр Крейг Сурманның түсіндіруінше, осы синдромның импульсивті және гипербелсенді сипаты әдетте ересек жаста бәсеңдегенімен, «зейін қоя алмау белгілері сақталып қалады».
Ересектер арасында ЗеЖГС-ның көбеюі ішінара бұл бұзылыс туралы ақпараттың кеңірек таралуымен және бұрын диагноз қойылмаған адамдардың көмекке жүгінуімен байланысты түсіндіріледі. ЗеЖГС – мидың дамуы мен қызметіне әсер ететін, негізінен генетикалық сипаттағы нейродаму бұзылысы. Сонымен бірге қоршаған орта факторлары немесе жүктілік кезіндегі мәселелер де белгілі бір рөл атқаруы мүмкін. Қазіргі кезде кей зерттеушілер технологияға шамадан тыс тәуелділік бұл синдромды ушықтыруы немесе ұқсас белгілерді тудыруы мүмкін деген болжам ұсынып отыр.
«Зейін жетіспеушілігі жүре келе қалыптасуы мүмкін екені де негізсіз емес» деп санайды Харвард медицина мектебінің дәрігері, нейропсихиатр әрі психиатрия клиникасының қауымдастырылған профессоры Джон Рэйти. Бүгінде адамдардың көп міндетті бір мезетте орындауға мәжбүр болуы, үнемі технологиялық әсерге ұшырауы экранға тәуелділікті тудыруы мүмкін. Ол осы жағдайлар «ұзақ зейін қоя алмауға әкелуі мүмкін» екенін айтады.
Кейбір зерттеу осы байланысты қарастырғанымен, олардың қорытындылары әлі де нақты емес. Шамамен он жыл бұрын Psychology of Addictive Behaviors журналында жарияланған зерттеу ЗеЖГС мен бейнеойындарды, әлеуметтік желілерді компульсивті және шамадан тыс пайдалану арасында байланыс бар екенін растаған болатын. 2020 жылы Лос-Анжелестегі Калифорния университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу, ғылыми ізденістердің басым бөлігі балалар мен жасөспірімдерге бағытталғанына қарамастан, экран алдында ұзақ уақыт өткізу мен ЗеЖГС симптомдары арасындағы байланыс кез келген жастағы адамда байқалғанын анықтады.
Айта кетейік, жүре қалыптасқан ЗеЖГС – ресми диагноз емес. Технологияларды пайдалану мен зейін қою мәселелері арасындағы байланыс сондай-ақ адамдардың экран алдында ұзақ отыруы себепті миын қалыпты демалтуға аз уақыт қалдыратындығымен де түсіндірілуі мүмкін. Стэнфорд университеті медицина мектебінің клиникалық профессоры Элиас Абужауде бұл туралы: «Біздің салада ЗеЖГС мен интернетті көп пайдалану арасындағы байланыс ұзақ уақыт бойы алдымен не пайда болды, «тауық па, әлде жұмыртқа ма?» дегенге ұқсады. Адамдар ЗеЖГС-ға шалдыққандықтан интернетті көп пайдалана ма, әлде интернетті шамадан тыс пайдалану салдарынан ЗеЖГС өрби ме?», – дейді. Оның пікірінше, клиникалық тәжірибе мен жүргізіліп жатқан зерттеулер экрандардың адам мінез-құлқына әсер ететінін барған сайын жиі көрсетіп отыр.
«ЗеЖГС – жүйке жүйесі дамуының бұзылуы, яғни ол мидың дамуы мен қызметіне әсер етеді және негізінен генетикалық сипатқа ие».
Технологияларды пайдаланумен байланысты емес факторлар да ересектерде ЗеЖГС белгілерін тудыруы немесе күшейтуі мүмкін. Рэйтидің айтуынша, етеккір циклі немесе менопауза кезіндегі гормонал өзгерістер әйелдерде жасырын ЗеЖГС белгілерінің пайда болуына жиі себепкер болады. «Әйелдер – ЗеЖГС диагнозы сирек қойылатын демографиялық топтың бірі. Оларға көбіне антидепрессанттар немесе мазасыздануға қарсы препараттар тағайындалады, алайда шын мәнінде олар ЗеЖГС-мен байланысты белгілерден зардап шегіп жүреді», – деп түсіндіреді ол.
«ЗеЖГС белгілерінің басқа психикалық бұзылыстармен қатар келу үрдісі әйелдерге ғана тән емес. ЗеЖГС жиі басқа бұзылыстармен қатар жүретіндіктен, оны емдемеуді қауіпсіз деп санауға болмайды», – дейді Сиэтл балалар ауруханасындағы ЗеЖГС-ны емдеу бағдарламасының психологі Марк Стейн. «Менің беретін ең маңызды кеңесім, жан-жақты және мұқият тексеруден өту», – дейді ол.
Клиникалық диагноз қойылған ересектер негізгі қиындықтары әуелден-ақ бар болғанын анықтауы мүмкін. Тіпті ұзақ уақыт байқалмаған болса да, психиатрлар көбіне жас кезінде (диагноз қою үшін шекті жас – 12 жас) пайда болған белгілерді іздейді.
Ата-аналар немесе мұғалімдер белгілерді дер кезінде байқамаса, балалар бұл жағдайды айналып өтудің түрлі тәсілін ойлап табуы мүмкін. Кей балалар онымен алаңдаушылық тудыратындай деңгейде күреспеуі де ықтимал. Белгіленген күн тәртібі, жүйеленген оқу үдерісі мен ата-ананың көмегі – осының бәрі жиылып, белгілердің байқалмай қалуына әкелуі мүмкін. Адам ересек өмірге қадам басып, осы жүйе мен қолдаудан айырылған кезде қиындық туындай бастайды. Рэч-Бейзелдің айтуынша, егер ЗеЖГС ерте кезеңде анықталмай қалса, мұндай балалар есейіп, үйден кеткен соң, кейде түрлі қиындыққа тап болады немесе «өз құрдастарымен бірдей жетістікке жету үшін екі-үш есе көп күш салуға тура келетінін аңғарады».
Бір көңіл көншітері – бұл синдромды дұрыс анықтағаннан кейін көмек іздеген адамдарға көптеген мүмкіндік ұсынылады. «Диагноз қойылған соң, бұл синдромды тиімді емдеуге болады», – дейді Рэч-Бейзел. Емдеу көбінесе медикаментозды терапияны немесе когнитив мінез-құлықтық терапия сияқты психотерапиялық әдістерді қамтиды. ЗеЖГС-ны диагностикалау және емдеумен айналысатын маманмен кеңесу арқылы дәрілік немесе дәрісіз емдеу тәсілдерінің қайсысы тиімді болатынын анықтауға болады.
«ЗеЖГС-ның өзіндік қиындықтары бар. Әйтсе де бұл жағдай адамға шығармашылық, энтузиазм, қызығушылық, адалдық және қызықты жобаларға терең зейін қою қабілеті сияқты үлкен артықшылықтар да сыйлайды, – дейді Рэйти. – ЗеЖГС бар мидың күшті жақтарын толық пайдаланып, әлеуетін ашу үшін адамға өзіне лайықты жұмыс, достар мен өмірлік серік табу маңызды».
2. Қатерден қалай сақтануға болады?
Ғалымдар ЗеЖГС бар ересектердің ортақ ерекшеліктерін зерттеп, осы синдроммен өмір сүретін адамдарға арналған жаңа күрес стратегияларын әзірлеуде.
Мәтін: Рена Голдман және Дэми Гуо
БЕЛГІЛЕРІ БОЛҒАН, бірақ аса байқалмайтын. Дастин Чандлер ешқашан үй тапсырмасын орындаған емес. Мектепте оны жалқау санайтын. Тек бірнеше жылдан кейін, қазір педиатрия клиникасында жұмыс істейтін анасы, оның алғашқы үйін жөндеуде қаншалықты қиналғанын көргенде ғана жағдайды түсінді. «Ұлым, кешірші мені, – деді ол. – Саған ЗеЖГС-ға тексерілу керек».
Чандлерге ресми түрде ЗеЖГС диагнозы 25 жасында қойылды. Бұл тұқым қуалауы мүмкін екенін білген соң, зайыбы екеуі балаларынан осы синдромның белгілерін іздей бастады. Әкесі сияқты, олардың екінші баласы – қызы да тұйық, қиялшыл бала болып көрінетін. Сабаққа өз бетінше дайындалғанды ұнататын, ал мұғалімі онымен жеке айналысқанда өте жақсы нәтиже көрсететін. Алайда бастауыш сыныпта оқушылар бір минут ішінде мүмкіндігінше көп есеп шығаратын математика сайысында оның баяу жұмыс істеуі алаңдаушылық тудырды. Екінші сыныпта оған ЗеЖГС диагнозы қойылды.
Дәрігерлер мен зерттеушілер бұл дерттің нақты себебіне әлі толық көз жеткізбесе де, Цинциннати университетінің психиатрия профессоры Стивен Раштың айтуынша, «ең кең таралған теория оны, ең алдымен, генетикалық және мида жүретін биологиялық үдерістермен байланыстырады». Зерттеулер шамамен 80% жағдайда ЗеЖГС бар адамдарда мұндай белгісі жоқтарға қарағанда ұқсас генетикалық компонент байқалатынын көрсетті.
Ғалымдар осындай синдромы бар адам миының химиялық құрамында белгілі бір өзгерістер болатынын анықтады, өйткені оларда дофамин және норадреналин жүйелерінің реттілігі бұзылған. Зейінді шоғырландыру қабілетімен тығыз байланысты бұл қосындылардың тезірек сарқылатыны байқалған. «Дофамин мотивацияға, зейін қоюға және марапатты өңдеуге жауап береді», – деп түсіндіреді Калифорнияның Марина-дел-Рей қаласындағы Neuro Wellness Spa орталығының психиатры әрі медициналық директоры Франсес Хавьер. «Норадреналин сергектікке, зейінге және қозуға жауап береді. Дәл осы екі жүйе ЗеЖГС емдеуге арналған стимуляторлық препараттардың басты екі нысанасы».
Генетика да ЗеЖГС бар адамдардың зейін қоюын, эмоциялық функциялары мен импульстерін реттеуді қиындататын химиялық өзгерістерге әсер етуі мүмкін. Кейінгі зерттеулер бұл синдромның өрбуіне ықпал ететін гендер туралы жаңа мәліметтер ұсынуда. Nature Genetics журналында жарияланған мақалада ЗеЖГС-мен байланысты көптеген ген анықталды, олардың көбі мидың даму кезеңінде белсенді болады. «ЗеЖГС бойынша кейінгі зерттеулер бұл синдроммен байланысты кең таралған генетикалық нұсқаны анықтады, – дейді Калифорния университеті Дэвид Геффен медицина мектебінің психиатрия профессоры әрі балалар нейропсихологиясы бөлімінің меңгерушісі Сандра К. Ло ханым. – Осы ген нұсқаларының көп болуы ЗеЖГС-ге шалдығу қаупін арттырады».
Синдромның өрбуіне ықпал ететін факторлар жиынтығы әр адамның ерекшелігіне байланысты өзгеруі мүмкін. «Генетикалық экспрессияға қоршаған орта және оның басқа гендермен өзара әрекеті елеулі әсер етеді, – дейді Хавьер ханым. – Сондықтан физикалық, химиялық, әлеуметтік және тамақтану секілді әсерлердің әртүрлі болуы әрі ол ЗеЖГС-ның көріністеріне ықпал етуі мүмкін».
Чандлерға осы синдром әкесінен берілуі мүмкін болғанымен, зерттеушілер кей адамдарда оның дамуына жүктілік кезіндегі, не босанғаннан кейінгі қысқа уақытта болған оқиғалар әсер етуі мүмкін екенін анықтады. «Анасының толықтығы, темекі шегуі, жүктілік кезіндегі преэклампсия және ацетаминофенді қолдану арасында тығыз байланыс бар», – дейді Раш, дегенмен ацетаминофенді қолдануға қатысты деректер әлі де даулы болып отыр.
«Дәрігерлер мен зерттеушілер бұл дерттің нақты себебіне әлі де толыққанды көз жеткізбегенімен, негізгі теория бойынша ол әуелі генетикамен және мида болып жатқан биологиялық үдерістермен байланысты.»
— Стивен Раш, психиатрия профессоры, Цинциннати университеті
«ЗеЖГС-ның генетикасына қатысты кейінгі кездегі зерттеулер бұл дертке байланысты 27 ортақ генетикалық нұсқаны анықтады. Осындай гендік нұсқалар неғұрлым көп болса, ЗеЖГС-ға шалдығу қаупі соғұрлым жоғары болады.»
— Сандра К. Ло, балалар нейропсихологиясы бөлімінің директоры әрі Лос-Анжелестегі Калифорния университетінің Дэвид Геффен медицина мектебінің психиатрия профессоры
Journal of Child Psychology and Psychiatry журналында жарияланған зерттеу жүктілік кезіндегі, әсіресе дене қызуын көтеретін инфекция қауіп факторы болуы мүмкін екенін көрсетеді, себебі ананың жұқпаға қарсы иммундық реакциясы ұрықтағы ми дамуын бұзуы мүмкін. «Сонымен бірге әдебиеттерде қыркүйек ЗеЖГС диагнозы қойылған балалар ең көп өмірге келетін ай екені айтылады», – дейді Хавьер. – Бұл идея бойынша қыс айларында инфекциялар жиі кездеседі, сондықтан жүкті әйелдің бірінші триместрде инфекцияларға тап болу қаупі жоғары»
Кейбір қоршаған орта факторларының бұл синдромның дамуына нақты әсерін түсіну үшін әлі де жеткілікті зерттеу жоқтың қасы, дегенмен бірнеше айқын байланыс анықталды. Мысалы, зерттеулер кішкентай балаларда қорғасынның әсері мен ЗеЖГС симптомдарының пайда болуы арасында байланыс бар екенін көрсетті. Сондай-ақ осы синдром мен пластик өнімдерінде кездесетін фталаттар немесе бисфенол А (BPA) сияқты химиялық заттардың кең таралуы арасында байланыс бар екені анықталды. Лоның пікірінше, «Токсиндерден, соның ішінде жоғары концентрациядағы қорғасыннан улану ЗеЖГС қаупімен тығыз байланысты».
Әйтсе де, генетика мен қоршаған ортаның өзара байланысы әлі толық зерттелген жоқ. «Мидың осы өзгерістеріне әсер ететін көптеген фактор бар. Біз оларды тудыратын симптомдарына байланысты ЗеЖГС деп атаймыз», – дейді Раш.
Чандлердің бұл дертті түсінуі оның отбасына күнделікті өмірде жақсырақ бағдар ұстауға көмектесті. Қазір ол техник болып жұмыс істейді, сондай-ақ мотоциклге әуес. Қызына диагноз қойылып, оны бірнеше жыл мектепте оқытқаннан кейін, зайыбы екеуі отбасы үшін оның үйде оқығаны дұрыс деп шешті. Өз қарқынымен білім алғандықтан, қыздары осы шешімнің арқасында оң нәтиже көрсете бастады.
Бүгінде бойжетіп қалған бұл қыздың ең сүйікті пәндері – анатомия мен биология. Дәнекерлеуші курсына түсуге дайындалып жатқан ол әкесінің жолын қуғысы келетін сияқты. Жақында мотоцикл сатып алды. «Қандай мәдениетте өмір сүрсек те, адам табиғатының шындығын көбірек білу үшін біз оның алға ілгерілеуіне көмектесе аламыз», – дейді Чандлер.
3. ЗеЖГС неліктен әйелдерде көп?
ЗеЖГС бұрын сотқар балалармен байланыстырылып келген. Ал бүгінде психологтер бұл ауытқудың әйелдерге қалай әсер ететінін зерттеп, аталған құбылысты тереңірек түсінуге күш салуда.
Мәтін: Кэйлин Линч
РЭЙЧ ИДОУ 23 ЖАСЫНДА өзінің деменциямен ауыратынына сенімді болды. Туған күндерді ұмытып, жұмыстағы кездесулерге бармай қалып, несие картасындағы қарызын әзер өтейтінін байқады. Google іздеу жүйесі мұның ерте басталған деменция болуы мүмкін екенін көрсетті, бірақ дәрігер оны бірден жоққа шығарды. Содан Идоуға 4 жылдан соң, екі психиатрдың тексеруінен кейін ғана ЗеЖГС диагнозы қойылды.
Оның бала кездегі тынымсыз қимылдары, үй тапсырмасын орындау үшін кофеинге сүйеніп өткізетін ұйқысыз түндері, достарының хабарламасына жауап беруге бірнеше апта жұмсайтыны сияқты жайттар енді түсінікті еді. «Бұл эвриканың маңызды сәті болды», – дейді қазір 31 жастағы Идоу. Ол – ересек жаста ЗеЖГС анықталған миллиондаған әйелдің бірі.
Зерттеушілер ЗеЖГС-ның көбеюін бірқатар фактормен байланыстырады: қоғамда ақпараттың артуы, телемедицинаның кеңеюі және әйелдер арасында ЗеЖГС-нің тарихи тұрғыда айтарлықтай анықталмауы. Әлеуметтік желілерде бұл тақырыптың кеңінен таралуы кейбір психологтерді адамдар өздеріне қате диагноз қоюы мүмкін деп алаңдатып отыр. Жақында Оһайо штаты университетінің ғалымдары жүргізген ұлттық сауалнамада ересектердің 25%-ы өзінде ЗеЖГС бар деп күдіктенген.
Мәселенің тағы бір ұшы – ЗеЖГС бар адамдар әдетте үш санаттың біріне жатады: гипербелсенді, ұқыпсыз немесе аралас түрі. Қыздар мен әйелдерде көбінесе ұқыпсыз түрі кездеседі, ол ұйымдастырудың қиындығымен, ұмытшақтықпен және тапсырмаларды бастау мен орындаудағы кедергілермен сипатталады. «Олар қиялы көкте шарықтап жүргендей жиі көрінеді», – дейді Дьюк университеті медицина мектебінің қыздар мен әйелдерге арналған ЗеЖГС орталығының тең директоры Джулия Шехтер.
Гипербелсенді немесе аралас диагнозы бар қыздарда да белгілер ұлдардікінен өзгеше көрінуі мүмкін. Мысалы, шамадан тыс көп сөйлеу, шашын тарамдау, аяқтарын үнемі қозғау немесе эмоциялық реакция білдіру.
КЛИНИКАЛЫҚ ПСИХОЛОГ Кэтлин Надо 1999 жылы авторлармен бірлесіп, Understanding Girls With ADHD («ЗеЖГС-ға шалдыққан қыздарды түсіну») деген еңбегін жазғанда, ғылыми қауымдастық әлі де ЗеЖГС негізінен ұлдарға тән ауытқу деп санаған. Бұл көзқарас өзгеріп келе жатқанымен, ЗеЖГС бойынша зерттеулердің басым бөлігі ұлдар мен ер адамдарға жүргізілген, сондықтан ЗеЖГС-ға душар болған адамдар туралы гипербелсенді және бұзақы деген стереотип қалыптасқан. Ал ЗеЖГС-ге шалдыққан қыздар мектепте озат оқуы мүмкін, бірақ оған оңайлықпен жетпейді. Жұмысынан «бес» ала алады, бірақ бірнеше апта бойы зейін қоя алмағандықтан, түннің бір уағына дейін ұйықтамай дайындалады.
«Қыздар өз проблемаларын жасыруға барынша тырысады. Психологтер мұны маскировка деп атайды, яғни қыздар қоғам талабына сай болу үшін сырқат белгілерін жасырып, оны өтеудің түрлі жолын іздейді. «Егер табысқа жеткісі келсе, басқаларға қарағанда кемінде екі есе көп күш салуға мәжбүр», – дейді Надо.
Жанна Моэн – 33 жаста, Говард Хьюз медицина институтында постдокторант зерттеуші. Шамамен 20 жасында ЗеЖГС диагнозы қойылғанға дейін діңкесі құрып шаршап, тұзаққа түскендей күй кешетінін сезінген. «Адамдарға өзіңнің құлдырап дәрменсіз болып бара жатқаныңды көрсетпеуің керек», – дейді Моэн. Ересек жасқа дейін емделмей келген көптеген әйел сияқты, ол да мектепте үздік бағалар алып, мансапта табысқа жеткен. Дегенмен дертін жасыруға бірнеше жыл жұмсауы оның психикалық денсаулығы мен өзін-өзі бағалауына әсер етіп, жеке қарым-қатынастарында қиындықтар туғызған.
Моэн өзіндегі белгілер бала кезінен басталғанын енді түсіне бастады. Әйтсе де қыздар мен әйелдердегі осы белгілер көбіне эмоциялық немесе оқу қиындықтарымен байланыстырылып, оларды арнайы тексеріске жіберу ықтималдығы төмен болады. Мұнда гендерлік көзқарасқа негізделген ұстаным да рөл атқаруы мүмкін: екі түрлі зерттеуде ғалымдар мұғалімдерге ЗеЖГС-мен ауыратын балалардың сипаттамаларын ұлдардың есімімен ұсынғанда, мұғалімдердің ондай балаларға емделуді және қосымша қолдау көрсетуді жиірек ұсынғандарын анықтаған.
Осы қате түсініктердің бәрі ЗеЖГС-мен ауыратын қыз балалардың еленбей, есейгенге дейін ем қабылдамай жүруіне себеп болады. Мэрилендтегі ересектерге арналған зейін жеткіліксіздігі синдромы орталығының директоры әрі Джонс Хопкинс университеті медицина факультетінің психиатрия профессоры Дэвид Гудманның айтуынша, бала кезінде ЗеЖГС диагнозы қойылған ер балалардың саны қыздарға қарағанда шамамен үш есе көп болса, ересек жаста бұл көрсеткіш бір деңгейге теңеседі. Бұл ЗеЖГС-ның ерлер мен әйелдер арасында бірдей таралғанын, бірақ әйелдерге диагноз әлдеқайда кеш қойылатынын көрсетеді. «Балаларға айналасындағылардың мазасын алғаны, ал ересектерге өздеріне қиындық тудырғаны үшін диагноз қойылады», – дейді Гудман.
Әйелдер ересек өмірге қадам басқанда, қоғам олардан мінез-құлқы мен эмоцияларын қатаң қадағалауды талап ете бастайды. Сондықтан бұл кезеңде белгілерді ЗеЖГС ретінде тану тіпті қиынға соғады. Гипербелсенділік, ішкі мазасыздық, зейін жеткіліксіздігі күнделікті істерді орындаудан немесе дедлайнға үлгерудегі қиындықтардан байқалса, импульсивтік бюджетті басқарудағы қиындықтар түрінде көрінуі мүмкін. Соған қарамастан, ЗеЖГС ауыратын көптеген әйел сырт көзге табысты, перфекционист болып көрінуі кәдік. Дегенмен дер кезінде қойылмаған, қате қойылған диагноздың салдары ауыр болуы ықтимал.
Нейротиптік қатарластарына қарағанда, ЗеЖГС-мен ауыратын әйелдер мазасыздық, депрессия, психоактив заттарға тәуелділік мен тамақтану бұзылыстары сияқты проблемаларға жиі ұшырайды. Канадалық зерттеушілердің жақында жүргізген зерттеуі көрсеткендей, ЗеЖГС-мен ауыратын ересектер мұндай диагнозы жоқ адамдарға қарағанда өзіне қол жұмсау әрекетіне бес есе жиі барады. Осы синдроммен ауыратын әрбір төртінші әйел сондай әрекетке барғанын хабарлаған. Ал дат зерттеушілері ЗеЖГС-мен ауыратын әйелдерде мезгілсіз өлім қаупі ер адамға қарағанда жоғары екенін анықтаған. Бұл әйелдерге диагноздың сирек қойылуы мен емнің уақытында берілмеуімен байланысты болар бәлкім.
«Дәрігерім университетті бітіріп, жұмыс істеп жүргенімді алға тартып, менде ЗеЖГС жоқ деп ойлайтынын айтты», – деп түсіндіреді Идоу. Әйелдерде ЗеЖГС белгісі көбіне мазасыздық немесе депрессия ретінде қабылданады. Диагноз дұрыс қойылмауы себепті Моэн 20 жылдай уақыт ауыр депрессия мен мазасыздықта өмір сүріп, соған сәйкес ем қабылдаған. Алайда ЗеЖГС бойынша терапия және дәрі-дәрмекпен емделуге көшкеннен кейін оның белгілері жойыла бастағанын байқаған. Ол мазасыздығы мен депрессияны дертін жасырып, «қалыпты» көріну үшін өз-өзіне жасаған қысымның салдары деп есептейді.
«Психиатрлар көбіне алдымен мазасыздықты, сосын депрессияны емдейік, осы белгілер жойылған соң, ЗеЖГС бар-жоғын қараймыз деп ойлайды. Шын мәнінде, бәрі керісінше болуы керек», – дейді Надо.
ОСЫ АРАЛЫҚТА әлеуметтік медиада ЗеЖГС туралы ақпарат көптеп таралып жатыр. Британдық Колумбия университетінің зерттеушілері 2022 жылы жүргізген зерттеуде TikTok-тағы ЗеЖГС туралы ең танымал 100 видеоны талдап, шамамен жартысының жалған немесе жаңылыстыратын сипатта екенін анықтаған. Зерттеушілер COVID-19 пандемиясы, қашықтан жұмыс істеу және әлеуметтік медиада өткізілетін уақыттың артуы салдарынан туындаған зейін бұзылуы ЗеЖГС диагнозын қою үшін жеткілікті негіз бола алмайтынын да атап көрсетеді. Шехтер ханым «Үйден жұмыс істеуіңіз қиынға соғып, телефонға жиі алаңдап немесе теледидар қосулы кезде үй тапсырмасын орындай алмасаңыз, бұл сізде ЗеЖГС бар дегенді білдірмейді. Біз ұзақ уақыт бойы және әртүрлі жағдайда тұрақты байқалатын белгілер мен қиындықтардың үлгісін іздейміз» дейді.
Шехтер әлеуметтік медиадағы жазбалар әйелдер дәрігерге жүгінген кезде оларға бұрыс диагноз қойылуына себеп болады деп кесіп айтпайды. «Біз, дәрігерлер, ақыры бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөліп, ересек әйелдердегі ЗеЖГС-ны диагностикалауда біртіндеп ілгерілеп келеміз. Бұл бағытта әлі атқарылатын жұмыс көп», – дейді Шехтер.
Идоу болса, кәсіби көмекке жүгініп, зейін қоюға көмектесетін дәрі-дәрмекті қабылдаған сәттен бері қаржылық жағдайын бақылауға алып, жұмысында жетістікке жетіп, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын жақсартқанын айтады.
Бұл мақалалар National Geographic Qazaqstan журналының 2025 жылғы қарашадағы санында жарық көрген. (№117), 70–83 беттер.







