Шынайы өмірдегі гладиаторлар кинодағыдай болмаған. Олардың шайқасы бір-бірін аямай өлтіруге қарағанда, жай ғана әдемі шоуға ұқсап баққан.
Автор: Эндрю Көрри
Фото: Реми Бенали
Иллюстрация: Фернандо Г. Баптиста
Фото: Реми Бенали
Арль, Франция. Римдік амфитеатр астындағы туннельдің іші қараңғы әрі салқын. Бұл – Францияның Арль қаласы. Жерорта теңізінің шақырайған күнінің кесірінен амфитеатрдың құмды аренасы мен тас трибуналарын көлеңкесіз елестету қиын.
Басыма киіп көрген гладиатор шлемі тынысымды тарылтып барады. Шамамен 2000 жыл бұрын римдік гладиатор киген, майысқан, жырылған дулығаның көшірмесі алты келідей тартады. Мұрынды жаратын металл иісі бар, бейне бір басымды тер сасыған темір құтының ішіне сұққандай боласың.
Көзімді жапқан қола тордан қарсыластарымды әрең таптым. Бел таңғышына оранған екі адам шайқасқа дайындалып тұр. Біреуі секірген кезде металл жеңқаптары сыңғырлайды, ал имек қысқа қылышы былғары қолғап киген қолында мығым тұр. Қасындағы серігі қылышын көтеріп, дулығаның қаншалықты қатты екенін көрсету үшін басыма ұруды ұсынды.
Мен иық қақтым. Осыдан кейін әңгімеге екеуінің әбден күнге күйген, тарамыс бапкері – Брайс Лопес есімді француз араласты: «Ол бұған жаттықпаған. Бұлшықеттері әлсіз. Мойны шығып кетуі мүмкін».
Джиу-джитсудан қара белдігі бар, бұрын полиция офицері болған Лопес шынайы шайқастың қандай болатынын біледі. 27 жыл бұрын ол ежелгі ұрыс әдістерін зерттеуге бет бұрған. Гладиатор қару-жарағының шынайы көшірмесіне тапсырыс бергеннен кейін ол еркіндік үшін шайқасқандар туралы сансыз фильм көріп, кітап оқыған. Мақсаты – ұрыста қару-жарақтың қалай қолданылғанын анықтау еді.
Гладиаторлық қару-жарақ пен сауыт-сайман ғылымына үңілген сайын Лопестің көзі ашылады. Қалқан, металл аяққап, жеңқап пен басты тұтас жабатын ауыр қола шлем киген гладиаторлардың аренадағы киімі римдік әскердің соғыс майданындағы сайманымен бірдей болатын. Бірақ қылыштары шамамен 30 см, яғни аспазшының пышағынан сәл ғана ұзынырақ келетін. «Шайқасқа не үшін 20 келілік сауыт-сайман керек?» – деп сұрады Лопес бізден.
Жауабын өзі айтты: «Гладиаторлар бір-бірін өлтіргісі келмеген, олар бір-бірін тірі сақтауға тырысқан, яғни қантөгістің көбі өліммен аяқталмайтын». Олар жылдар бойы шайқас-шоу көрсетуге жаттығатын. «Бұл нағыз жарыс еді, шынайы шайқас емес, – дейді қазір ACTA деп аталатын гладиаторларды зерттеу және болмысын қалпына келтіру тобына жетекшілік ететін Лопес. – Бұл жерде хореография жоқ, бірақ жақсы ниет бар: сіз менің қарсыласым емес, серігімсіз. Екеуміз бірге қолдан келгенше шоудың көкесін көрсетуіміз керек».
ӘРБІР ОН ГЛАДИАТОРДЫҢ ТОҒЫЗЫ ТІРІ ҚАЛЫП, АРЫ КЕТСЕ, БІРЕУІ ҚАЗА ТАБАТЫН.
Өткен 20 жылда зерттеушілер Лопестің гладиаторлар шайқасы туралы көзқарасын растайтын және осы ежелгі ойын-сауық туралы көпшілікке жайылған түсінікті шайқалтатын айғақтар тапты. Кей гладиаторлар қылмыскер немесе ұрыс жазасы кесілген соғыс тұтқындары болған. Бірақ гладиаторлардың көбі ұрыстың кәсіби шеберлері болған, яғни сол заманның боксшысы, аралас жекпе-жек саңлағы не футбол ойыншысындай еді. Кейбірінің ринг сыртында күтіп отырған отбасылары бар-тұғын.
Әдеби дереккөздер бойынша гладиатор болу мол пайда әкелуі мүмкін еді, ал кейде бұл мансаптық таңдау болатын. Аренадағы өнері гладиаторларды танымал қаһарманға айналдырып, тұтқындарды тіпті бостандығымен қауыштыра алатын.
Фото: Реми Бенали
Помпей, Италия. Шамамен 600 жыл бойы римдіктер гладиаторлар шайқасын тамашалады. Олар Ежелгі Рим әлемінен табылған мозаика, фреска, мәрмәр рельеф, шыны ыдыс, саз бұйым мен қола әшекейлердің сүйікті тақырыбына айналды. Әрбір үлкен қала не қалашықтың дерлік өз аренасы болған.
Бұл ежелгі сайыстар әлі күнге дейін ақын-жазушыларға шабыт беріп келеді. Гладиаторлар туралы сансыз және көбіне қате ұғым беретін фильм мен әдебиеттің арқасында осы жекпе-жек шеберлерінің образы Рим мәдениетінің ең танымал бет-бейнесіне айналды.
Мұның бір себебі – римдік жазушылар гладиатор ойындарының жік-жапсарын талқылауға таң қаларлықтай аз уақыт арнаған, бәлкім, ойындар қатты танымал болғандықтан шығар. Мәселен, футболды неше адам ойнайтынын өзіңіз қаншалықты жиі жазасыз? Ринг туралы шын тарихты қалпына келтіру үшін археологтар мен тарихшылар көркемөнер туындыларынан, қазба жұмыстары мен ежелгі жазбалардан дерек іздеуге мәжбүр.
Гладиаторлар туралы ең жақсы сақталған дәлелдердің кейбірі Италияның қазіргі Неаполь қаласының оңтүстігіндегі Помпейден табылып жатыр. Бір кездері гүлденген Помпей 79 жылы кенет оянған жанартаудың алауы астында көміліп қалған-тұғын. Қаланың керемет сақталған көшелерін кезген туристер гладиаторлар ойындарының көптеген белгісі мен іздерін әр жерден байқай алады. Шығыс беткейде 22 000 адамдық амфитеатр мен мүлгіген Везувий тауы көзге ұрады. Қала орталығындағы көмескіленген хабарландырулар алдағы шайқастарды жарнамалайды. Мозаика мен фрескаларда, қала театрының сыртында бала бойы деңгейінде реңі солып кеткен қызыл сылаққа салынған көптеген суретте де осы қаһармандар бейнеленген.
1766 жылы археологтар қала шетіндегі телімдердің бірінде гладиаторлық қару-жарақтың қазынасына тап болады. Жер сілкінісінен кейін қираған нысан ұрыс шеберлерінің мектебіне айналған. Олар мұнда тұрып, осында жаттыққан. Жаттығуларының өзі дүйім жұртты жинаған деп үлкен сеніммен айта аламыз.
«Олар көзтартар рок-жұлдыздар сияқты болатын, – дейді Нью-Йорк университетінің өнер тарихшысы Кэтерин Уэлч. – Үш мәрте жеңіске жеткен фракиялық Селада немесе оның отандасы, арулардың сүйіктісіне айналған үш ашалы айыры бар Кресценс».
Қазба жұмыстарының 300 жылға созылғанына қарамастан археологтар Помпейден жаңа жәдігерлер табуын жалғастыруда. 2019 жылы қаланың солтүстік беткейіндегі тар көшеде жұмыс жүргізген археологтар шағын таверна қабырғасына салынған, түйеқұс қауырсындарына ұқсайтын нәрсемен сәнделген қола шлемі бар екі гладиатор бейнеленген фреска тапты. Арль қаласындағы Көне жәдігерлер музейінің археологы Ален Жено бұл фрескадан бұрын ешкім байқамаған дүниені көрді: гладиатордың бірі аяқ қалқаншасының ішінен шалбар киіп алған екен.
Екеуінің денесіндегі қанды жаралар ұрыстың ауыр болғанын көрсетеді. Бірақ біреуі анық жеңілген: жалаң төсіндегі жарадан қан сауғалап, ауырсынудан бүктеліп қалған ол қалқанын тастап, сұқ саусағын көтеріп тұр. Көптеген гладиатор бейнелерінде қайталанатын осындай ым шайқастан шығудың ежелгі белгісі болып табылады.
Рим әлемі туралы басқа туындылар түрлі көмекшілер мен жағымпаздардан құралған шағын топтың трибунаның бір шетінде, тіпті аренаның өзінде өз кезегін күтіп тұрғанын көрсетеді. Гладиаторлар өз орындарын алып жатқан кезде музыканттар халықтың көңілін көтерген, ұрыс кезінде де көрініске драматизм қосқан сияқты. Ойындардың ұйымдастырушысы не демеушісі бастап шығатын ұрыс алдындағы шеруге шайқасушылар шлемі мен қару-жарағын ұстап шығатын болған.
Басты тұлғалар – төрешілер еді, олар ойынның әділдігін қатаң сақтауға жауап беретін. Нидерландыдан табылған кішкентай құмырада төрешінің ұрысты тоқтату үшін асатаяғын көтеріп тұрғаны мен көмекшінің қосалқы қылыш алып жүгіріп келе жатқан сәті бейнеленген. «Қаруыңнан айырылсаң, ұрыста жеңілген саналмайсың, – дейді Жено. – Гладиатор шайқасын спорттық сайыс деп қарасаңыз, ережесіз болмайтыны түсінікті».
Ең бастысы, «кейінге шегерусіз», басқаша айтқанда, қан төгілгенге дейін шайқасатын шоуды жарнамалайтын жазбалардың өзі өмірге қауіпті ұрыстардың сирек болғанын көрсетеді.
Басқа кез келген тартымды спорттық шара секілді мұнда да жанкүйерлердің талдау жасауына мүмкіндік беретін статистика болған. Рим әлемі бойынша гладиаторлардың жеңісі мен жеңілісі, тең түскені қабырға мен құлпытасқа сызылып жазылған. Көптеген сайыстың нәтижесі белгісіз күйде қалды. Бірақ 150 рет шайқасқан ардагер Вириотасқа қарсы шыққан, 25 жекпе-жекті бастан өткерген Валерийдің толқыған күйін елестету қиын емес. Бұл дерек те Помпейдегі граффитиде сақталған.
Гладиаторлар шоуы жай ғана ойын-сауық емес-тұғын. Әдеби дереккөздер гладиаторлардың кейде ажал құша отырып, батыл шайқасу арқылы римдіктердің өжеттік пен ерлік туралы түсінігін нығайта түскенін анық көрсетеді (тор мен үш ашалы айыр ұстап, алыстан шабуылдайтын қу тактикасымен аренаның жауызына айналған ретиарийді санамағанда). «Жерге жығылған кедей не варвар гладиатордың бәрі ауыр жарақаттан аман қалғандар! – деп жазған шамамен б.з.д. 50 жылы римдік шешен Цицерон. – Қолына қылыш алып шайқасқан сотталғандар үшін ауырсыну мен ажалға қарсы күрестен асқан жаттығу жоқ болса керек».
ШАЙҚАСҚА ТҮСКЕН ГЛАДИАТОРЛАР АРАСЫНДА ҚЫЛМЫСКЕР НЕ СОҒЫС ТҰТҚЫНЫ НЕКЕН-САЯҚ БОЛҒАН, КӨБІ КӘСІБИ ҰРЫС ШЕБЕРЛЕРІ ЕДІ.
Гладиаторларды көптеген жанкүйер ессіз жақсы көрсе де, олар Ежелгі Римнің қатал иерархиялық қоғамында жезөкше, жеңгетай және әртістермен бір қатарда, ең төменгі сатыда болатын. Заң бойынша гладиаторлар адам емес, мүлік саналатын. Шайқас үшін кім ақша төлесе, соның қалауымен оларды өлтіре салуға болатын. «Римдіктердің трибунаға жиналып, осынау шоуды тамсана тамашалауын түсіну үшін бұл аса маңызды дерек», – дейді Гарвард университетінің классицисі Кэтлин Коулман.
Шамамен б.з.д. 300 жылдарды алып қарайық. Бұл – гладиаторлық шайқас тарихының бастапқы кезеңі. Ол кезде ұрысқа түскендердің бәрі соғыс тұтқыны не сотталған қылмыскерлер болған. Шайқас адамды соңғы сапарға аттандыру рәсімінің бір бөлігі ретінде өткізілетін. Бірақ І ғасырда бұл ойындар империя бойынша қоғам өмірінің басты элементіне айналып, оны ұйымдастыру ісі дамып, көрермен талабы арта түсті. Шын шеберлерге деген сұранысты қанағаттандыру үшін ондаған гладиаторлар мектебі пайда болды.
Римдік азаматтарды сот үкімінсіз өлтіруге болмайтын. Сондықтан кейбір атаққұмарлар азаматтығынан бас тартып, құлға айналатын, өйткені бұл қарыздан не қайыршылықтан құтылудың тәуекелге толы жалғыз жолы еді. Басқалары өлім жазасынан жеңілірек жазаны – гладиатор болуды таңдаған қылмыскерлер болатын. Бұл титтей болса да үміті барлар үшін тығырықтан шығудың керемет амалы еді.
Кейбір сарапшылар гладиаторларға шынжыр-кісен тағу сирек болған деп есептейді. Қоғамдағы мәртебесі төмен болғанына қарамастан, жетістікке жеткендері көп ақша таба алатын. Тіпті кейбірі бай басшыларына оққағар болып та табыс тапқан болуы мүмкін. «Адал еңбегімен көзге түскендер белгілі бір уақыттан кейін еркіндік алып, ақшасын, әйелі мен бала-шағасын алып, өз бетінше кететін», – дейді француз тарихшысы Мериль Дюкро.
Көбіне қасындағы гладиатор достары не жақын адамдары қойған құлпытастардың арқасында олардың біразының отбасылы болғаны белгілі. Францияда қазып алынған осындай бір ескерткіш таста: «Ретиарий Помпей, Вьенн қаласында туған, тоғыз мәрте жеңген, 25 жаста. Бұл құлпытасты сүйікті жарының құрметіне зайыбы өз қаражатына қойды», – деп жазылған. Мұндай ескерткіштер гладиаторлардың өз ісін мақтан тұтқанына куә. «Гладиаторлар өзін кәсіпқой деп есептеген», – дейді Коулман.
Карнунт, Аустрия. Кәсіби жауынгерге лайық жаттығу керек. Бірнеше жыл бұрын Аустрия аумағындағы Карнунт деп аталатын ежелгі римдік қаланың орнында жүргізілген қазба жұмыстары гладиаторлардың қай жерде жаттыққаны туралы дерек берді.
Көктемнің басы. Желді күндердің бірі. Карнунт жобасының ғылыми директоры Эдуард Поллхаммер мені Венадан шығысқа қарай 40 шақырым жердегі Дунай өзенінің жағасындағы егін алқабының ортасына бастап келеді. Қара бұлт пен себелей бастаған жауын біздің Помпей мен Арльдің күн қақтаған қирандыларынан қаншалықты алыста екенімізді есімізге салды.
Бұл жерде қыста ауа температурасы нөлден төмен түсіп, бидай алқаптары қар жамылады. Империяның шеті болғанына қарамастан, мұнда да римдіктердің гладиатор шоуына деген сұранысы жоғары болғаны байқалады. Өйткені Карнунтта екі бірдей амфитеатр бар: бірі мыңдаған жауынгерге, екіншісі көршілес шулы қала тұрғындарының көңілін көтеруге арналған.
Поллхаммердің айтуынша, шамамен 200 жылы Карнунттың төбелерінде Ежелгі Римнің алғы шептегі ең ірі әскери базаларының бірі болған. Осы жерде империяның солтүстік шекарасын қорғайтын 7000 жауынгер қызмет еткен. Карнунттың үлкендігі соншалық, 150 жылдан асқан қазба жұмыстарында 10 шаршы шақырым аумақтың небәрі 15 пайызы ғана зерттелген.
20 жыл бұрын алаңның ашылмаған бөліктерін жер жырту жұмыстары бүлдіреді деген қауіппен археологтар ғимараттардың көмілген қалдықтарының картасын жасау үшін георадардың көмегіне жүгінді. Қала дуалдары мен қалалық амфитеатрдың жер астындағы іргетасы арасында зерттеушілер жанкүйерлерге арналған тұтас бір бөлім тапты. Ішінде таверна, кәдесый дүкені, тіпті көрермендер орнына отырмас бұрын тіске басар алатын наубайхананың қалдықтары да бар.
2010 жылы археологтар тағы бір ерекше жаңалық ашқанын жариялады: гладиаторлар мектебі. Бұл лудус Карнунттың амфитеатрынан алыс емес жерден табылды. Поллхаммердің айтуынша, римдік жазбаларда империяның әр жеріндегі осы тәрізді ондаған мектеп туралы дерек бар. Оларды императорлар мен жергілікті басшылар қаржыландырған, кейбірін бұрын гладиатор болған ланиста деп аталатын жаттықтырушылар басқарған. Рим орталығында кемінде төрт гладиатор мектебі болған, Колизей де жаттығу кешенінің бір бөлігі еді. Алайда Карнунттың топырағы бұрын-соңды табылған алғашқы толық кешенді жасырып жатыр.
Зерттеушілер еден астынан ыстық ауамен жылытылған болуы мүмкін тағы бір үлкен бөлмені тапты. Ол Аустрияның салқын қысында жаттығу залы ретінде қолданылған болуы мүмкін. Ашық ауланың шетінде бөлмелері бар L-пішінді ғимарат орналасқан. Қалың қабырғалар ғимараттың екі қабатты болғанын көрсетеді. Мұнда тіпті су құбырлары, ыстық және салқын сулы бассейн, жуынатын бөлмелер де болған. Соның бәрінің ортасында диаметрі 19 метр дөңгелек жаттығу алаңы болған. «Біздің ойымызша, мұнда 70–75 гладиатор тұрған, – дейді Поллхаммер. – Бұл жерде үлкен қойылымдарға арналған тұтас инфрақұрылым қарастырылған».
Жаңадан келген гладиаторға мамандық бекітіліп, ол екі есе ауыр ағаш қылыш және қалқанмен жаттығатын. Гладиаторларға ұдайы медициналық көмек көрсетіліп, күтімі жақсы болатын. Оларға арпа мен бұршағы көп тамақ беріліп, кейбіріне үйленуге рұқсат етілетін. Қожайындар гладиаторларын жылына екі-ақ рет шайқасқа шығарған. Жекпе-жек әдетте 10–15 минутқа созылатын.
Рим, Италия. Римдіктерді гладиаторлар үшін осыншама ресурс жұмсауға не итермеледі? Жанкүйерлердің делебесін шамамен алты ғасыр бойы қоздырған не? Римдегі Колизейде жүргізілген соңғы қазба жұмыстары арена астындағы кеңістік туралы біраз дерек берді. Бүгін келушілер осы бағандар лабиринтін, кірпіштен соғылған тар баспалдақтар мен қараңғы бөлмелердің бір бөлігін аралап көре алады.
2000 жылы басталған ауқымды қалпына келтіру жұмысы кезінде Германия археология институтының зерттеушісі Хайнц Бесте арена астындағы желіні құжаттауға төрт жылын жұмсады. Ол жүздеген жұмысшы басқарған платформа, лифт, жүкшығыр мен пандустардан тұратын керемет ойластырылған жүйенің ізін анықтады.
Арена еденіндегі ондаған люк арқылы жануар үйретушілер гладиаторлар шайқасы алдында көрермендерді қыздыруға арналған венацио деп аталатын аң аулау қойылымы кезінде түрлі аңды аренаға шығаратын болған. Арнайы әзірленген, боялған декорациялар тікелей арена еденінен шығып, гладиаторлар алаң ортасына бірден көтерілетін. «Көрермендер қашан, қай жерде, не ашылатынын білмеген», – дейді Бесте.
Империя бойынша ондаған провинциялық амфитеатрда орнатылған кішірек осындай жүйелер қызық шоудың кепілі болған. Аң аулаудан ұрысқа дейінгі бұл шаралар көрерменнің тас орындығынан тапжылмауы үшін ойластырылған. Ойындардың өміршеңдігін сақтаған нәрсе қатыгездік емес, шытырман шоу еді.
Көз тартатын болуы үшін ұрыс стильдері мұқият теңестірілетін. Мысалы, жартылай жалаңаш, бірақ епті, қолында тор, үш ашалы айыр мен кішкентай пышағы бар гладиатор 20 келі сауыт-сайманы бар жауынгерге қарсы шыға алатын. Тарихи жазба мен тас рельефте айтылатын, қолына қылыш ұстаған арулардың сирек шайқасы әйелдің орны үйде деп есептейтін римдіктерді қатты толқытатын.
Тәжірибелі гладиаторлар басқа ардагерлерге қарсы қойылып, жаңадан келгендер бір-бірімен шайқасатын. Мансабың ұзақ болған сайын аман қалу ықтималдығың да жоғары еді, өйткені әрбір тәжірибелі гладиатордың артында жылдар бойы салынған инвестиция жатты. «Семсерлесу, жылдамдық, күш пен төзімділік жаттығуларына көп сағат пен жылдар жұмсалатын, – дейді Сент-Эндрюс университетінің археологы Джон Коулстон. – Қазіргі футбол сияқты, бұл көп қаражат керек ететін ірі бизнеске айналды».
Өлім жағдайы сирек болатын, бірақ ринг ішінде не шайқастан кейін инфекция жұқтырып, көз жұму қаупі үнемі бар еді. Көрермендер әсіресе «өлім ұрыстарын» ұнататын және ол үшін қосымша ақы төлейтін. Бір римдік жазушы байлыққа кенелген жас мұрагердің 400 000 сестерцийге ұйымдастырған ерекше қымбат ойыны туралы жазған. Бұл кеш «Ешкім қашып құтыла алмайтын, ең үздік қанды қырғын» деп аталыпты.
Бізден түбегейлі өзгеше өркениет ретінде мұндай қырғынды назардан тыс қалдыра салу оңай. Бәрін былай қойғанда, олар мейірімсіз әскери күшімен барлық көршілерін өздеріне қосып алған, әлемнің осы уақытқа дейін белгілі ең ірі империясын құрған халық болатын.
Бірақ қатыгез ойын-сауыққа келгенде біз де ежелгі римдіктерден алыс кетпеген сияқтымыз. Футболдан бастап, бокс пен аралас жекпе-жекке дейін түрлі жанаспалы спортпен айналысатын атлеттер тәртіп, төзімділік пен табандылықтың үлгісі ретінде пір тұтылады. Бұл спорт түрлері саңлақтарға ұзаққа созылатын зиян келтіретіні көпшілікке мәлім болса да, олардың жекпе-жектерін миллиондаған көрермен тамашалайды.
«Өмір деген тек жарқын сәттер емес, оның қатал тұстары да көп. Пенде болған соң қуанамыз, жылаймыз, – дейді Дюкро. – Ішіміздегі зұлымдықты сыртқа шығару үшін аздап зұлымдық көруіміз керек. Римдіктерді сол үшін кінәлай да алмайсыз».
Материал National Geographic Qazaqstan журналының 2021 жылғы тамыз санында жарияланған.