Қазақ жеріне тағы бір жолбарыс жіберілді

205

4 қарашада Астанада Қазақстандағы жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге бағытталған ауқымды бағдарламаның алғашқы нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров пен Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов қатысты. Баспасөз мәслихатына арқау болған басты жаңалық – жобаның тағы бір тарихи кезеңге аяқ басуы. 2026 жылғы 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында Амур атты аталық жолбарыс табиғи ортаға жіберілді. Ол – Қазақстанның табиғи мекеніне қайта оралып, еркіндікке шыққан екінші жолбарыс.

Баспасөз мәслихатында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Үміт пен Амурды табиғи ортаға жіберу – бірнеше жылға созылған дайындық жұмыстарының алғашқы нақты нәтижесі екенін атап өтті:

«Ендігі міндетіміз – жануарларға тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету, олардың табиғи мекендеу ортасын сақтау және қоректік базаны қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру. Біздің түпкі мақсатымыз – Іле өзені атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде табиғи жағдайда өздігінен көбейе алатын тұрақты жолбарыс популяциясын қалыптастыру», – деп атап өтті министр.

Ал Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов аңызға айналған жыртқышты тарихи мекеніне қайтару биоалуантүрлілікті сақтаумен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – елдің экологиялық болашағына бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция. Мұндай бастаманы жүзеге асыру үшін мемлекет, ғалымдар мен жауапты бизнес арасында берік әріптестік болуы қажет.

Амур тұмса табиғатта тіршілік етуге дайын

Қазақстанға жеткізілгеннен кейін Амур «Іле-Балқаш» резерваты аумағындағы арнайы жабдықталған қоршауда біраз уақыт бейімделді. Осы кезеңде мамандар оның денсаулығы мен мінез-құлқын тұрақты бақылап отырды. Табиғатқа жіберер алдында жолбарыс ветеринариялық тексеруден, бірқатар сынақтан өтті. Мамандар оның жалпы жағдайын, аңшылық дағдыларын, өздігінен қорек табу қабілетін және адамға деген реакциясын бағалады.

Тексеріс нәтижелері Амурдың жабайы табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын екенін көрсетті. Енді мамандар оның қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуін спутниктік қарғыбау арқылы бақылайды.

Бұған дейін табиғатқа жіберілген Үміт есімді аналық жолбарыс та резерват аумағын біртіндеп игеріп келеді. Ол өздігінен аң аулап, қорегін тауып жүр. Мамандар оның қозғалысын спутниктік қарғыбау арқылы бақылауда. Алдын ала мәліметтер Үміттің жаңа ортаға сәтті бейімделіп жатқанын көрсетеді.

Ересек жолбарыстармен бірге Қазақстанға жеткізілген екі шөнжік әзірге мамандардың бақылауында өсіп жатыр. Олар қажетті жасқа жетіп, ветеринариялық тексеру мен мінез-құлық сынақтарынан өткен соң, табиғатқа жіберу мәселесі әрқайсысына қатысты жеке шешіледі.

Жолбарыстарды қайтаруға дайындық қалай жүргізілді?

Ертеде Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің аңғары Тұран жолбарысының негізгі мекендерінің бірі болған. Алайда ХХ ғасырдың ортасына қарай тоғайлы ормандардың жойылуы, жабайы тұяқты жануарлар санының азаюы және браконьерлік салдарынан бұл жыртқыш Қазақстан аумағынан мүлде жоғалды.

Жолбарыстарды қайта әкелу үшін алдымен олардың тіршілік етуіне қолайлы орта қалыптастыру қажет болды. Осы мақсатта 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Содан бері мұнда тоғайлы ормандарды қалпына келтіру, жабайы жануарлардың санын көбейту және табиғатты қорғау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізіліп келеді.

Әсіресе жолбарыстардың негізгі қорегі саналатын жабайы тұяқты жануарлардың санын арттыруға басымдық берілді. Резерватқа Бұқар бұғылары мен құландар әкелініп, басқа да жануарлар түрлерін қорғау шаралары қолға алынды. Мәселен, 2026 жылғы қыркүйекте «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен «Іле-Балқаш» резерватына 30 құлан көшірілді. Табиғи ортаны қалпына келтіріп, жолбарыстарға жеткілікті қорек қорын қалыптастыру олардың өзін жабайы табиғатқа қайтаруға жол ашты. Бұл жұмысқа мемлекеттік органдар, ғалымдар мен халықаралық ұйымдар жұмылды.

Халықаралық әріптестік және жобаның қолдаушылары

Жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жұмысы аясында, халықаралық табиғат қорғау ұйымдары мен ғылыми қауымдастықтың қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. 2026 жылғы мамырда Ресей тарапының көмегімен Хабаровск өлкесінен Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жеткізілді. Оның екеуі – ересек, екеуі – шөнжік. Жануарлар «Іле-Балқаш» резерваты аумағындағы арнайы жабдықталған қоршауларға орналастырылып, жаңа ортаға бейімделе бастады.

Жобаға халықаралық Freedom Holding Corp. холдингі мен «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры да қолдау көрсетіп келеді. Қор қаржысы қазақстандық мамандарды Ресейде оқытуға, резерваттағы бейімдеу орындарын жабдықтауға және жолбарыстарды Қазақстанға жеткізуге жұмсалды. Жануарларды дайындап, Қазақстанға жеткізуге Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі мен «Амур жолбарысы» орталығы атсалысты. Ресейлік мамандар жолбарыстарды табиғатқа дайындауға көмектесіп, тәжірибе алмасты және олардың Қазақстан жағдайына бейімделуіне қатысты ұсыныстар берді.

Бағдарламаны әзірлеу мен жүзеге асыруға Дүниежүзілік тұмса табиғат қоры (WWF) да елеулі үлес қосқан. Қор көп жылдан бері Оңтүстік Балқаш өңірінің табиғи экожүйелерін қалпына келтіруге көмектесіп келеді. Оның қолдауымен тоғайлы ормандарды қалпына келтіру, жабайы жануарларды қорғау, тұяқты жануарларды қайта жерсіндіру және резерваттың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілді.

2024 жылы Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен WWF International жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықты жалғастыру туралы меморандумға қол қойды.

Амурдың табиғатқа жіберілуі – жануарларды дайындау жұмысының ғана емес, олардың тіршілік етуіне қажетті ортаны қалпына келтіру, инфрақұрылым құру және халықаралық серіктестердің күшін біріктіру нәтижесі.

Адамдар мен жолбарыстардың қауіпсіздігі

Жолбарыстарды тарихи мекеніне қайтару кезінде жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігіне де ерекше мән беріліп отыр. Өйткені жыртқыштардың табиғатқа оралуы адам мен жануар арасында күтпеген жағдайлар мен қақтығыстар туындау қаупін арттыруы мүмкін. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін арнайы топ құрылған. Оның мамандары жолбарыстардың қозғалысын қадағалап, жергілікті тұрғындармен байланыс орнатады және қауіп төнген жағдайда жедел әрекет етеді.

Жолбарыстарды Қазақстанға қайтару – бір жыртқыш түрін қайта жерсіндіруден әлдеқайда ауқымды бастама. Оның басты мәні – Оңтүстік Балқаш өңіріндегі тұтас экожүйені қалпына келтіру. Қоректік тізбектің жоғарғы сатысында тұрған жолбарыс табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан оның тарихи мекеніне оралуы өзге жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғауға да ықпал етуі мүмкін.

Амурдың табиғатқа жіберілуі – бағдарламаның маңызды кезеңдерінің бірі. Енді мамандар жолбарыстың қозғалысын, жаңа ортаға бейімделуін бақылап, оның қорегі болатын жабайы жануарлардың санын арттыру және табиғи мекенін қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырады. Сонымен қатар бағдарламаның келесі кезеңдеріне дайындық жүргізіледі.

Жобаның түпкі мақсаты – Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде табиғи жағдайда өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты жолбарыстар популяциясын қалыптастыру.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ