Әжім басқан бұл кеміргіш қартая қоймайды деуге болады әрі қатерлі ісікке, жүрек ауруына, ақыл-ойдың әлсіреуіне де бой бермейді. Осы жануардың таңғаларлық қабілетін адамға бейімдеуге бола ма?
Автор: Нина Строхлик
Фото: Тонье Тилесен
Жалаңаш көртышқан – саусақтай ғана, көзі нашар көреді, сүйкімді деуге де келмейді (тіпті «кеміргіштер өлшемімен» бағаласаң да). Бірақ ол мәңгілік өмір құпиясын білуі мүмкін: жалаңаш көртышқан бірнеше он жыл өмір сүрсе де, қартайғандай әсер қалдырмайды.
2030 жылға қарай көлемі 44 млрд доллардан асуы болжанған ұзақ өмір индустриясы адамзатты әбден елітіп тұрғанда, зерттеушілер осы қарапайым жалаңаш көртышқанның тылсым болмысына барған сайын көбірек үңіле бастады. Венчурлық капитал қолдайтын биотехкомпаниялар үздік ғалымдарды өзіне тартып, жекеменшік зертханаларда еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беріп жатқанда, қартаюдың барлық қатеріне – қатерлі ісік, инфаркт, инсульт, когнитивті әлсіреуге қарсы «дәрі» дәл осы титтей кеміргіштің бойында жасырынып жатуы кәдік.
Қазір әлемнің әр түкпіріндегі жүзден аса зертхана зерттеп жатқан жалаңаш көртышқандардың дені бір ғана «ата-анадан» тараған деуге болады: Рошель Баффенстайн. Кембридж университетіндегі Жалаңаш көртышқан бастамасының (Naked Mole-Rat Initiative) директоры Иуан Сент-Джон Смиттің айтуынша, ол – «жалаңаш көртышқандар әлемінің адам патшайымы». Бұл зертхана аталған жануарлардың қатерлі ісікке төзімділігі мен ауырсынуды сезіну ерекшеліктерін зерттейді.
National Geographic зерттеушісі Рошель Баффенстайн өз жұмысын 40 жылдан астам уақыт бұрын, көпшілікке беймәлім жағдайда бастаған. Ол кезде Зимбабуеден шыққан жас зоология студенті Кенияны аралап жүргенде, шағын кемпиң-көлікте тұратын. Баффенстайн жалаңаш көртышқандарды жинауға арналған экспедицияға қосылды. Бұл National Geographic қаржыландырған жоба еді, мақсаты – олардың колонияларын тауып, үлгілер жинау. Сол сапарда таңғаларлық жаңалық ашылды: жалаңаш көртышқандар – эусоциал өмір сүретін алғашқы белгілі сүтқоректі жануар. Яғни оларда еңбек бөлінісі бар, ұжымдасып тіршілік етеді. Бірақ Баффенстайнның келесі жаңалығы бәрін түбегейлі өзгертті.
1987 жылы оның кейбір көртышқандары жеті жасқа толды. Мұндай ұсақ жануар үшін бұл айрықша ұзақ жас. Арада он жыл өтсе де «жасөспірім» көртышқандар әлі ширақ күйде болды. Осыны көрген Баффенстайн қартаюды салыстырмалы түрде зерттеуге грант сұрады. Ал 2002 жылы ол дүниежүзіндегі ең ұзақ өмір сүретін кеміргіш атағын жайрадан «тартып алған» ғылыми мақаласын жариялады. Тағы бір таңғаларлығы: оның ең кәрі аталық жалаңаш көртышқанынан бұлшықет массасының, сүйек тығыздығының немесе зат алмасудың айтарлықтай әлсіреуі байқалмаған. Қан тамыры қызметі де сақталған. Ол көртышқан шамамен 40 жасқа дейін өмір сүрді, ал өлімінің нақты себебі сол күйі белгісіз.
2000 жылдардың ортасында Google Баффенстайнды өзінің жаңа жобасына – Calico Life Science компаниясына шақырды. Бұл жерде әртүрлі саладағы ғалымдар қартаю биологиясының терең қатпарларын зерттеп, оған қарсы дәрі-дәрмек әзірлеумен айналысуы керек еді. Google-дың сарқылмас қаржылай қолдауына сүйенген жоба «жастық бұлағын» іздеуді мақсат тұтты. Ал жалаңаш көртышқандардың патшайымы саналатын Баффенстайн сол картаның бір бөлшегін қолында ұстап тұрғандай еді.
Calico-да Баффенстайн Кениядан әкелінген көртышқандардың 7000 ұрпағын зерттеді. Оларда инсульт, нейродегенерация, жүрек қызметінің әлсіреуі немесе қатерлі ісік белгілері өте сирек, тіпті мүлде байқалмады. Бұл оның жалаңаш көртышқандар қартаюды зерттеуде «қасиетті грааль» екеніне көзін жеткізе түсті. Дегенмен жеті жылға жуық уақыт өткен соң, Баффенстайн Calico-дан кетуге шешім қабылдады: оның ойынша, дәрі жасауға әлі ерте еді. Ол жалаңаш көртышқандардың 6 мыңын басқа зертханаларға беріп, шамамен 2 мыңын өзімен бірге академиялық ортаға алып кетті. Мұнда ол жалаңаш көртышқандардың құпиясына бар назарын аударды.
Бүгінде Иллинойс университетінің Чикагодағы кампусында орналасқан зертханалар лабиринтінде Баффенстайн мен оның әріптесі Томас Парк жалаңаш көртышқандардың әлемдегі ең ірі топтамасын басқарып отыр. Бұл – екіден бастап жүзден аса жануар тұратын колонияларда өмір сүретін, шамамен 3000 кеміргіш мекендейтін бөлмелер. Әр колонияны бір патшайым басқарады, ал олардың өзі бір-бірімен пластик түтікшелер арқылы жалғанған тышқан мен егеуқұйрыққа арналған пластик торларда тұрады. «Жайлы» ұя, кемірілген ямс пен жүгері шашылып жатқан азық қойма, дәретхана бар.
«Жалаңаш көртышқандар аса әдемі емес», – деп мойындайды Баффенстайн. Бірақ ол «мінезін тани бастағанда өте сүйкімді» болатынын айтады. Тордың қақпағы ашылғанда, ондаған торайға ұқсас тұмсықтар жоғары көтеріліп, ауаны иіскеп, төрт алып тісін көрсетеді. Кейбірі сөзшең, енді бірі ызақор; біреулері ұқыпсыз, басқалары тап-таза. Мұнда жүгіргіштер мен кемірушілер, қашудың хас шеберлері мен төңкеріс ұйымдастырушылары да бар. Ең көне колония – №3111 – 36 жастағы патшайымның билігінде. Оның өзіне ғана тиесілі жинақы дәретханасы мен қағаз сүлгіге толы жұмсақ ұясы бар.
Осы пластик «мекендерде» тынымсыз жүгірген кеміргіштерден ғылым үшін керемет жаңалықтар туады. Биологиядағы негізгі қағиданың бірі: ағза ресурсты не көбеюге, не қартаюмен күресіп, тіндерді сақтауға ғана жұмсай алады, екеуіне бірдей емес. Ал Баффенстайн жалаңаш көртышқандар өмірінің соңына дейін көбейе беретінін анықтады. Аналықтары ешқашан менопаузаға түспейді. Колонияда ұрпақ беретін жалғыз аналық – патшайым. Ол басқаларынан да баяу қартаяды. Баффенстайн зерттеулері жалаңаш көртышқандар жылдар өтсе де, іштей де, сырттай да жасөспірімдік, тіпті ұрықтық белгілерін сақтайтынын көрсетті.
Баффенстайнның пайымынша, егер ұзақ өмір сүру денсаулықтың да сол деңгейде сақталуымен қатар жүрмесе, оның мәні жоқ. Оның бүкіл зерттеуі бір ғана үлкен сұраққа тіреледі: жалаңаш көртышқандар қартаюдың қатерлерінен қалай жақсы қорғана алады? Олардың жүрегі, бұлшықеті, ас қорытуы, көбею қабілеті – ешқайсысы тозғандай көрінбейді. Бұл бір ғана құпия ма, әлде мыңдаған ұсақ генетикалық ерекшеліктің қосындысынан қалыптасқан мінсіздеу жүйе ме? Баффенстайнның ойынша, осы сұрақтың жауабы жасушалық деңгейде жастығымызды ұзақ сақтауға деген мүмкіндігімізді түбегейлі өзгертуі мүмкін. «Егер оның не екенін анықтап, адамға арналған дәрілерде соны қайталай алсақ, бәлкім, денсаулықты сақтайтын өмір кезеңін де ұзарта алар едік», – дейді ол.
Жалаңаш көртышқанды зерттеп жүрген Баффенстайн ғана емес. Жуырда жапондық бір зертхана жалаңаш көртышқандардың проблемалы жасушаларды қалай жойып отыратынын, сол арқылы жасқа байланысты зақымның алдын алатын жүйесін анықтады. Германияда ғалымдар бұл кеміргіштердің терідегі жылуға байланысты ауырсынуға, соның ішінде қышқыл тудыратын ауруға да жауап бермейтінін байқады. Ал Кембридж зерттеушілері олардың иммундық жүйесі қатерлі жасушалардың ісікке айналуына қалай жол бермейтінін ашты.
«Он жыл ішінде жалаңаш көртышқандардан алынған жаңалықтар негізінде адамға арналған кейбір емдеу тәсілдері пайда болады деп ойлаймын», – дейді Нью-Йорктегі Рочестер қартаюды зерттеу орталығының тең директоры Вера Горбунова. Ол жалаңаш көртышқанның қатерлі ісікті тамыр жаймай тұрып-ақ «емдеп жіберу» қабілетін зерттейді. Горбунова олардың гиалуронан атты қантты затты көп мөлшерде өндіретініне назар аударды: ол тіндерде болады әрі ісік жасушаларын басып тастайтын сияқты. Адам ағзасы гиалуронанды аз өндіреді, әрі ол бізде тез ыдырайды. Егер осы ыдырау процесін баяулата алсақ, қатерлі ісіктің метастаз беруін де тежей аламыз деген қорытындыға келеді ол. 2023 жылы оның зертханасы мұны тышқандарда сәтті жүзеге асырды. Енді Горбунованың командасы дәрі әзірлеу кезеңіне бет алды.
Алайда осындай жаңалықтың өзі бір жұмбақты шешіп бере алмай отыр: жалаңаш көртышқан баяу қартая ма, әлде мүлде қартаймай ма? Ғалымдар екінші нұсқаға көбірек бейім болды. Баффенстайн 2021 жылғы зерттеуінде жалаңаш көртышқандарда «өлім мен ауру кездейсоқ сипатта болып, хронологиялық жасқа тәуелсіз көрінеді» деп жазып, оларды кемінде 30 жасқа дейін «қартаймайтын сүтқоректі» деп жіктеуге болады деген тұжырым жасаған.
Генетик әрі биостатистик Стив Хорват жалаңаш көртышқанды өзінің «ақ китіне» айналдырмақ еді. 2013 жылы, UCLA университетінде жүргенде, ол жасушаларымыздағы қартаю биомаркерлерін анықтауға арналған «эпигенетикалық сағат» деп аталатын әдісті ойлап тапты. Ол ғылымда «елеусіз сенесценция», яғни мүлде қартаймайтын сүтқоректіні іздеп жүрген.
«Бәрі мұны жалаңаш көртышқан деп ойлады», – дейді ол. Бірақ ол жалаңаш көртышқандардың жүздеген тін мен ағза үлгілерін жинап талдағанда, нәтиже бір жағынан көңіл көншітпеді, екінші жағынан таңғалдырды. Молекулалық деңгейде жалаңаш көртышқан бәрібір қартаяды. Тек бұл процесс барысында оның биологиясы басқа сүтқоректілер, әсіресе адамдар жасы ұлғайған сайын шалдығатын барлық дерлік дертке қарсы тұра алады.
Баффенстайн бұған нақты сандарды алға тартады: қырық жылдан астам уақыт ішінде мыңдаған жалаңаш көртышқанды зерттеген ол бар-жоғы 10-ы ғана қатерлі ісіктен өлгенін айтады.
Ал жалаңаш көртышқандардың басым бөлігі неден көз жұматынын сұрағанда, ол қолын жайып: «Бұл – миллион долларлық сұрақ!» – деді.







