Мың жылдан астам уақыт бұрын қазіргі Хорватия жағалауында бір кеме жоғалып кеткен еді. Бүгінде сүңгуір археологтер теңіз түбінен Византия жәдігерлеріне толы кеме қалдықтарын тауып, орта ғасырлар жайлы түсінігімізді өзгертуі мүмкін сұрақтарға жауап іздеп жатыр.
Игорь Михолектің назары ауған бірінші нәрсе теңіз түбіндегі шіріген кеме бөренелерінің арасында жатқан ортағасырлық үлкен қола қазан еді. 2014 жылы ол Хорватияны қорғау институтының Суасты археологиясы бөлімін басқарып, жуырда табылған кеме қалдықтары маңында сүңгу жұмыстарын жүргізген шағын топты бастап барған. Кеме Адрия теңізіндегі ең оңтүстік аралдардың бірі – Млет маңында батып кеткен.
Млет маңынан кеме қалдығы табылуы тосын жайт емес. Арал ежелгі шығыс-батыс теңіз саудасының күре жолында жатыр: ол Италиядағы Равенна, Венеция сияқты орталықтарды Константинопольмен (бүгінгі Ыстанбұл) жалғап тұрған. Арал маңындағы теңіз түбінен жиырмадан астам көне кеме қалдығы табылған. Олардың арасында б.з.д. II ғасырдағы Рим кемесі де, османдық керамика тиелген XVI ғасырдағы венециялық сауда кемесі де бар.
Тастүнек дәуірден жеткен кеме
Қазан мен оның айналасындағы амфоралар, яғни шарап пен зәйтүн майы құйылатын қос тұтқалы құмыралар кеменің византиялық екенін аңғартты. Амфоралардың пішініне қарағанда, кеме VII ғасырдың аяғы не VIII ғасырдың басында батқан. Бұл тарихшылар «Тастүнек дәуір» деп атайтын кезең. Кей зерттеушілер ол шақта Византия әлсіреп, кеме қатынасы тоқырап, Адрия теңізі кедей әрі шеткері аймаққа айналған деп есептейді.
Соның өзінде 40 метрдей тереңдіктен византиялық жүк кемесі табылды. Михолек мұны «қапы қалуға болмайтын таптырмас мүмкіндік» деп атаған.
«Дәл мынадайын көрмеппін»
Кемені зерттеу оңай болған жоқ. Қалдықтар құзды, тастақ теңіз түбінде шашылып жатыр. Тереңдік үлкен болғандықтан, сүңгуірлер күніне жарты сағаттай ғана жұмыс істей алды. Қаржы жетпей, топ әр жазда екі аптаға ғана барып жүрді.
Үшінші сүңгу маусымында бәрі өзгерді. Суасты археологі Павле Дугонич лай астынан тосын пішінді затты байқап, оны қолымен сыпырып жіберді. Алдында молшылық мүйізінен төгілген жүзім шоқтарын шоқып тұрған құстар бейнеленген алтын айылбас жатты.
«Кәсіптік жолымда талай әдемі жәдігер тапқанмын, бірақ дәл мынадайын көрмеппін», – дейді Дугонич.
Келесі алты жазда топ кеменің құпиясын біртіндеп аша берді. Олар төрт алтын белдік жиынтығын, лағыл, зүбәржат және інжу қадалған бір алтын айылбасты тапты. Михолектің айтуынша, мұндай бұйым бұрын-соңды еш жерден табылмаған. Бұған қоса, императорлық алтын мөрлі жүзік пен Константинополь таңбасы соғылған 14 алтын тиын шықты.
Жүзікте 610–641 жылдары Византияны билеген император Ираклий бейнеленген болуы мүмкін. Михолектің болжамынша, оны таққан адам шенді саяси тұлға болған.
Әдеттегі сауда сапары емес
Кеменің өзінен аз ғана дүние сақталған: белағаштар, шпангоуттар, тақтайлар. Соның өзі кеменің ұзындығы 20 метрдей, жүк көтерімі 60 тоннадай болғанын анықтауға жетті. Тиындардағы мерзімге, амфоралардың түріне және әшекейлердің жасалу мәнеріне қарап, зерттеушілер кеме VIII ғасырдың бірінші жартысында батқан деп есептейді.
Алтын мен әшекейлер кемедегі дәулетті әрі ықпалды бір адамға тиесілі болған. Кеме соңғы сапарын Константинопольден бастап, Равеннаға бет алған болуы мүмкін. Тағы бір қызығы: мұндай кемеден әдетте әлдеқайда көп жүк ыдысы табылатын, ал мұнда амфоралар жүз шақты ғана. Демек, жолға шығуға тауар емес, басқа бір құнды нәрсе себеп болған.
«Не де болса, бұл әдеттегі сауда сапарына ұқсамайды», – дейді Михолек.ё
Императордың сыйлығы ма?
Бір болжам бойынша, кеме дипломатиялық миссиямен шыққан. Византия Адрия бойындағы күштерді өз жағына тарту үшін оларға сәнді белдік жиынтықтарын сыйламақ болған болуы мүмкін.
Кембридж университетінің Византия зерттеулері профессоры Питер Саррис мұндай алтын белдіктер мен Ираклий мөрі бар жүзік Византия патшасы тарту ететін әдеттегі сыйлықтар екенін айтады. Ол императордың мөрі бар жүзікті сыйлауды бүгінгі Ұлыбритания үкіметінің жақсы қарым-қатынас сақтағысы келген елдің басшысына Уинстон Черчилльдің қалта сағатын сыйлауымен салыстырады.
Вена университетінің профессоры Фалько Дайм Византия мен авар стильдерінің байланысына назар аударады. Кемеден табылған жиынтықтардың бірі ол бұрын Майнцтағы музейге сатып алған авар қабіріндегі жиынтықпен бірдей. Млет олжасына дейін мұндай белдік жиынтықтары тек қабірлерден белгілі еді.
Жұмбақ мұнымен бітпейді. Кемеден таразылар, гірлер, отбақырлар және алтынды қоспадан бөлуге қолданылатын сынаптың іздері табылды. «Біреу ескірген бұйымдарды балқытып, жаңа үлгілерге айналдырмақ болған ба?» – деп таңданады Дайм.
Тастүнек дәуір соншалық түнек болмаған
VII–VIII ғасырларда Адрия теңізі жазба деректерден жоғалып кеткендей. Венециядағы Ка-Фоскари университетінің медиевисі Франческо Борри мұны тарихтағы ақтаңдақ деп атайды, сондықтан кеменің табылуы ерекше толқытады.
Стэнфорд университетінің доценті Джастин Лейдвангер амфораларды алдын ала зерттеуге сүйеніп, кеме тарихшылар ойлағаннан әлдеқайда кең аумақта жүзген болуы мүмкін дейді. Оңтүстік Италиямен, Солтүстік Африкамен байланыстар байқалады. «Меніңше, бұл – сол дәуірдегі ең маңызды кеме апаты», – дейді ол. Ғалымның пікірінше, «Тастүнек дәуір» соншалық түнек болмаған.
Кеме Млеттен әрі аса алмады. Оған бұл өңірге тән бора желі себеп болуы мүмкін: ол тып-тынық теңізде бірер минутта дауыл тұрғызып, алапат толқын тудыра алады. Кеме қалдықтарының орналасуына қарап, Михолек капитан кемені Полаче айлағының ық жағына жеткізуге тырысқан деп топшылайды.
Табылған әр бұйым теңізде 1300 жыл бойы сіңген тұздан арылу үшін бір жыл бойы тұщы су құйылған ыдыста сақталады. Содан кейін ғана мұқият зерттеу мен қалпына келтіру басталады.
«Мұндай жәдігерлерді тапқанда екіұдай күй кешесің, – дейді Дугонич. – Млеттің жартасты жағалауында сапарын аяқтаған жолаушылар мен экипажға деген таңданыс пен құрмет сезімі де бар, олардың хикаясын айтып беру мүмкіндігі туғаны үшін қуаныш та бар».
Автор: Рофф Смит
Фото: Арне Ходалич және Катя Бидовец
Материал National Geographic Qazaqstan журналының 2026 жылғы сәуір нөмірінде (№122) жарияланған.







