National Geographic Qazaqstan командасы Орталық Азиядағы су тақырыбын зерттеп жүрген фотограф Ануш Бабаджанянмен бірге еліміздің оңтүстік-шығыс өңіріне экспедицияға аттанды. Үш бөлімнен тұратын репортажымыздың алғашқы бөлімін назарыңызға ұсынамыз.
Автор: Айбын Шағалақ
Фотосуреттер: Ерболат Шадрахов
ТҰЙЫҚСУ – АСЫ – ҚАПШАҒАЙ экспедициясы
Тамылжыған тамыз айының таңы. Үш адам – фотографтар Ерболат Шадрахов пен Ануш Бабаджанян және мен – осы жолдардың авторы – Іле Алатауындағы Мыңжылқы бөгетінен жоғары қарай өрлеп келеміз. Бағытымыз – Тұйықсу мұздығы.
Ануш Бабаджанян – Орталық Азиядағы су ресурстарының жай-күйін фотоқұжаттаумен айналысып жүрген фотограф. Оның Сырдария мен Әмудария өзендерінің, Арал теңізінің экологиялық ахуалын, айналасындағы халықтың тұрмыс-тіршілігін таспалаған фотоматериалдары әлемдік National Geographic журналының биылғы мамырдағы санына жарияланды. Яғни, біздің елге алғаш рет келіп отырған жоқ. Мұның алдында, 2019 жылы, ол Алматы маңындағы Тұйықсу мұздығын фотоға түсірген. Қазақстанға осы жолғы сапарында сол мұздықты тағы да суретке түсіргісі келетінін айтқандықтан, біз бұл экспедициямызды алдымен Үлкен Алматы көлі мен Тұйықсу мұздығына барудан бастауды ұйғарғанбыз. Сондықтан Мюнхеннен Ереван арқылы Алматыға келіп түскен Анушты National Geographic Qazaqstan-ның шеф-фотографы Ерболат Шадрахов әуежайдан күтіп алған соң, екі фотограф бірден Үлкен Алматы көліне тартқан.
Мен олардың қатарына екінші күні, таңғы 4.30-да қосылдым. Алдымен «Медеу» мұзайдыны кешеніне жетіп, сосын Шымбұлақтың жоғары жағындағы Төтенше жағдайлар министрлігі бекетіне дейін экотаксимен көтерілдік. Алдын ала уағдаластық бойынша, сол маңда тұратын жергілікті адам бізді жол талғамайтын көлігімен Мыңжылқы бөгетіне жеткізіп салды.
Жолдың сипаты – таудан аққан су шайған, кей жерде сел жырып кеткен ойқы-шойқы. Көлік тұрмақ, жаяудың өзі зорға жүреді. (Сәл алға озып айтар болсам, мұны біз Тұйықсудан Шымбұлаққа дейін жаяу түскенде тұла бойымызбен сезіндік).
Сонымен, Мыңжылқы бөгетінен әрі қарай Тұйықсуға жаяу тартып келеміз. Алдымыздан табиғи бөгет сияқты болып көлденеңінен биік жота жатыр. Екі жағы тау. Жотаның орта тұсынан, қалың қойтастардың арасынан шығып, төмен қарай тарамдалып өзен ағып жатыр. Бұл – қала жақта Көктөбенің баурайын ала сылдырап ағып жатқан Кіші Алматы өзенінің басы. Бір қарағанда бұл аңғармен өзен емес, таудан құлаған сансыз тас көшкендей көрінеді.
Тұйықсуға бару үшін осы жотаға оң жақ қапталмен көтерілу керек. Жолдың ізі солай жатыр. Біз алдымыздағы өзеннің оң жақ жағалауына тастан тасқа аттап жүріп өте салдық та, алдымен қиялай өрлеп оңға, сосын солға қарай көтеріліп, межелі биікке шықтық.
Негізі, бұл жаққа көтерілмей, төменде тоқтап демалған үйшіктің тұсынан тура тарта берсек болғандай екен. Енді амалсыздан, уақыт оздырмау үшін, Тұйықсуға баратын жолға – төменде жатқан аңғарға қалың қойтастың арасымен тікесінен түсіп келеміз. Бірақ олай еткенімізге сәл өкініп те қалдық, өйткені бұлай жүру өте қауіпті екен. Аяқ астындағы тас қозғалып кетіп, тобығыңды тайдырып алуың не тасқа ұруың әбден мүмкін. Әйтеуір, абырой болғанда, төмендегі жолға аман-сау жеттік.
Бір қарап шықтық та, әрі қарай тарттық. Өйткені Тұйықсу толық көрінуі үшін әлі жарты шақырымдай өрлеуіміз керек.
Міне, Тұйықсудың өзі де көрінді, бірақ етегі әлі де болса бізден 300 метрдей қашықта жатыр. Мұздықпен араны суы лайсаң өзен бөліп тұр. Арнасы шағын көрінгенімен, ағысы қатты. Арасында тастарды сатырлатып домалатып алады. Дәл осы тұста өзеннің шуылынан бөлек, жел тына қалғанда тау жақтан гүрілдеген жуан дыбыс шығатынын байқап қалдым. Өте қуатты гүріл. Бойыңды шымырлатып, еріксіз үрей ұялататындай.
Біз осы жерге жеткенде сағат та күндізгі 11-ден асты. Аспан әлі ашық болғанымен, Тұйықсудың екі жағындағы таудың басындағы ақша бұлттар түнере бастапты. Екі фотограф мұздықты бұлт басып қалмай тұрғанда суретке түсіріп алайық деп, біресе ана тұстан, біресе мына тұстан фотоаппараттарын шыртылдатуға кірісті. Сонымен бір мезгілде Ануш Бабаджанянның 2019 жылы келгенде мұздықты суретке түсірген нүктесін іздеп, қайта-қайта телефонға үңіліп қояды. Суретке қарасақ, тура сол жерде тұрған сияқтымыз. Бірақ телефондағы координат сандарымен тұрған жеріміз әлі сәйкеспейді.
Іштеріндегі пысықтауы Ануштың өтінішімен координатты өз телефонына салып, қажетті нүктені дәл тауып берді. Біздің тұрған жерімізден 100 метрдей ғана жер екен. Бірақ жер бедері суреттегіге ұқсамайды. Оның себебі – жеті жыл ішінде жер бедері өзгеріп кетіпті. Мұздықтың етегінен ағатын өзеннің жыл сайын көктемде, әрбір жауын жауғанда, жолындағы қойтастарды бұйым құрлы көрмей домалатып, арнасын өз ыңғайына қарай жырып отыратынын ескермеппіз.
Сөйтіп, 2019 жылғы нүктені тапқан кезде Тұйықсуды да бұлтты тұман басып қалды.
Сонда да үміт үзбей, күн ашылып қалар ма екен деген оймен, сол жерде тағы 40 минуттай аялдадық. Бірақ онымыз бекер болған екен. Таудың басын шалған бұлт барған сайын қоюланып, жаңбырын төкпей сейілмейтінін байқатты. Амалсыз келген ізімізбен кері қайттық. Жолдағы соңғы бекет-үйшіктен асқан соң жаңбыр да сіркіреп берді.
Пердесіз әйнегінен ішіне үңіліп қарап қоямыз. Жинақы төсек-орын, қазан-ошақ, аяқ-табақ жиюлы тұр. Осы жерде жауын басылар деп 20 минуттай бөгелдік. Бірақ жауынымыз тоқтаудың орнына, жел бағытын өзгерткендіктен, енді тіке алдымыздан соғып жауа бастады. Сулық киім бар болса да, жабдықтарымыз су болып қала ма деп алаңдаған Ерболат аға: «Бәлкім, басқа есігі бар шығар» деп, үйді айналып кеткен еді. Іле қайтып келді. Үш адам еркін отыратындай орын, ортада үстел, кіреберісінде қол жуғыш тұр. Үстелде балауыз шамның тұқылы жатыр. Шамасы, ары-бері өткен туристер, бәлкім, альпинистер осындай жауында немесе түнге қалып қойғанда паналайтын сияқты. Сөйтіп бұл жерде бас-аяғы бір сағаттай аялдап, жауын басылды-ау дегенде жолға шықтық.
Жаңбырдан кейінгі таудың көрінісі тамаша. Жан-жағымызға тамсана қарап, арасында суретке түсіре жүріп, ертеңгісін жаяу өткен етектегі өзенге келдік. Өзен бағанағыдай емес, буырқанып, түсі де бұзылып, қатты ағып жатыр. Деңгейі көтерілген, біз басып өткен тастары көрінбейді, арнасы да кеңейгендей. Сондықтан кесіп өтуге тәуекел етпей, Мыңжылқы бөгетіне қарай өзенді жағалай жүруді жөн көрдік. Осы кезде жаңбыр қайта басталып, тағы бір сағаттай жауып, біз Мыңжылқы бөгетінен түсер жолға шыққанда ғана басылды.
Жалғасын мына жерден оқи аласыз.