Кеше «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватындағы «Әліби» орталығында қазақ даласына қайта жерсіндіріліп жатқан керқұландардың (Пржевальский жылқысы – Equus ferus przewalskii) бірі құлындады. Мұндай қуанышты жаңалықты Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады. Табиғат қорғау ұйымдарының айтуынша, бұл – қазақ даласына қайта жерсінген керқұландардың алғаш төлдеуі. Мамандар мұны бір кездері жойылып кеткен түрді өз тарихи мекеніне қайтару жолындағы ғаламат жеңіске балайды.
Фотосурет: Ами Витале
Жаңа туған кішкентай еркек құлын дүниеге келе сала аяғына тік тұрып, енесінің соңынан ерді. Оның енесі – 2024 жылы Берлиннің Тирпаркінен арнайы әкелінген Тесса есімді тақтұяқты. Бұл Тессаның алғашқы төлі болғанына қарамастан, ол нағыз аналық қамқорлық танытып отыр: құлынын қызғыштай қорып, қасынан бір елі ажырамайды. Мамандардың айтуынша, қазір үйірмен бірге еркін жайылып жүрген қос жануардың да жағдайы өте жақсы. Бұл оқиға керқұландар Қазақстанның қатал климатына және табиғи ортасына толықтай бейімделгенін айқын көрсетеді.
Пржевальский жылқысы – жер бетінде сақталып қалған жабайы жылқылардың ең соңғы тұяғы. Бір кездері Еуразия құрлығын еркін кезіп жүрген бұл жануарлар аңшылық пен жайылымдардың тарылуы салдарынан ХХ ғасырда табиғатта толықтай жойылып кеткен еді. Тұмса табиғаттағы ең соңғы үйірі осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын, 1969 жылы Моңғолияда байқалған. Қуанышымызға орай, түр хайуанаттар бақтарындағы жанашыр мамандардың арқасында аман қалды.
Оқи отырыңыз: Туған жерге қайтып оралған керқұлан
Бүгінде жануарларды тарихи мекеніне қайтару мақсатында халықаралық реинтродукция бағдарламасы кезең-кезеңімен іске асып жатыр:
- 2024 жыл: Жобаның басталуы. Еуропадан алғашқы 7 жылқы әкелініп, кең қоршауларда дала климатына жерсіндірілді.
- 2025 жыл: Қазақстанға тағы 7 кертағы жеткізілді.
- 2026 жыл: Биыл қосымша 8 жылқы әкелініп, алғаш рет табиғатта құлындады.
- 2029 жылға дейінгі жоспар: Кертағылардың санын шамамен 40-қа жеткізіп, табиғи ортада өздігінен көбейетін тұрақты популяция құру.
Бұл ауқымды жоба Қазақстанның Экология министрлігі, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ), Прага хайуанаттар бағы, Франкфурт зоологиялық қоғамы және Еуропадағы басқа да ірі ғылыми орталықтардың ортақ күш-жігерінің арқасында жүзеге асырылып жатыр.
Керқұланның құлындағаны – адамзат күш біріктірсе әрі тұмса табиғатқа мүмкіндік берсе, жойылған экожүйе қайта қалпына келе алатынының символы. Енді ғалымдар Еуропадан келген ересек жылқылармен қатар даланың нағыз перзенті саналатын осы құлынның өсіп-жетілуін зерттемек.