Тау дегеніміз не? Оның қандай түрлері бар?

Ұқсас мақалалар

Таулар жер бедерінің сипатын айқындайды, кейбіреулер оның шыңына жетсем деп өмірін қатерге тігеді, таулар тіпті өз ауа райын қалыптастыра алады.

Бұл алып табиғи түзілімдер бүкіл әлемде бар, тіпті мұхиттарда да кездеседі. Әдетте олардың тік, көлбеу бөктерлері, сүйір немесе доғал жоталары және шың деп аталатын ең биік нүктесі болады. Геологтердің көпшілігі айналасындағы жазықтықтан кем дегенде 300 метр немесе одан да биік көтеріліп тұратын жер бедерін тау деп жіктейді. Ал бір-біріне жақын орналасқан таулар тізбегін тау жотасы деп атайды.

Тау қалай қалыптасады?

Әлемдегі ең биік тау жоталары жер қыртысының бөлшектері – тектоникалық плиталардың бір-бірімен соқтығысуынан қалыптасады. «Плиталар тектоникасы» деп аталатын бұл процесс екі көлік соқтығысқанда капоттарының мыжылып қалғанына ұқсайды. Азиядағы Гималай таулары осыдан 55 миллион жылдай бұрын басталған осындай ауқымды соқтығысудың нәтижесінде түзілген. Әлемдегі ең биік отыз тау дәл осы Гималайда орналасқан. Биіктігі 8 850 метрді құрайтын Эверест шыңы – Жер бетіндегі ең биік нүкте.

Табанынан ұшар басына дейін өлшегендегі ең биік тау – Тынық мұхиттағы Хауаи аралдарында орналасқан сөнген жанартау Мауна-Кеа. Мауна-Кеаның биіктігін негізінен бастап өлшегенде 10 203 метрге жетеді. Алайда оның теңіз деңгейінен жоғары көтеріліп тұрған бөлігі небәрі 4 205 метрді құрайды.

Жанартаулық таулар жер қойнауындағы балқыған тау жыныстарының жер қыртысын жарып шығып, үсті-үстіне қабатталып жиналуынан дүниеге келеді. Хауаи аралдары осындай суасты жанартауларының атқылауынан пайда болған. Ал бүгінде су бетінен көрініп тұрған аралдар – сол жанартаулардың ең биік шыңдары. Құрлықтағы әйгілі жанартаулардың қатарына Уошиңтон штатындағы Сент-Хеленс пен Жапониядағы Фудзи тауын жатқызуға болады. Кейде жанартаудың атқылауы тауларды биіктетудің орнына, оларды қиратып жібереді. Мәселен 1980 жылы болған жарылыс Сент-Хеленс тауының ұшар басын жұлып әкеткен еді.

Магма жер қыртысын жоғары қарай көтеріп, бірақ жер бетіне шығып үлгермей қатып қалғанда, «күмбезді таулар» қалыптасады. Жел мен жауын-шашын бұл күмбездерді ұзақ уақыт бойы мүжіп, шыңдар мен аңғарларды қашап шығарады. Бұған Оңтүстік Дакотадағы Блэк-Хиллс және Нью-Йорктегі Адирондак таулары мысал бола алады. Үстіртті таулар да күмбезді тауларға ұқсас, бірақ олар тектоникалық плиталардың соқтығысуы кезінде жер қыртысының қатпарланбай немесе жарылмай, тұтастай жоғары көтерілуінен ортаға шығады. Кейін олар үгілу және эрозия процестерінің нәтижесінде өзіндік пішінге ие болады.

Таулардың тағы бір түрі тектоникалық плиталардың ішіндегі және олардың арасындағы қысымның әсерінен жер қыртысының шытынауы мен жарылуы нәтижесінде қалыптасады. Бұл процесс тау жыныстарының үлкен блоктарын жоғары-төмен жылжытады. Мұндай жақпарлы тауларға Калифорния мен Невададағы Сьерра-Неваданы, Уайомиңдегі Титон тауларын және Германиядағы Гарц тауларын жатқызуға болады.

Таулардың тіршілікке және геосаясатқа әсері

Таулар көбіне мемлекеттердің табиғи шекарасын айқындайтын географиялық нысан қызметін атқарады. Олардың биіктігі ауа райына да әсер етеді: мұхиттан келетін желге тосқауыл болып, бұлттардың жауын-шашынға айналуына ықпал етеді. Ал таудың екінші беткейі әдетте әлдеқайда құрғақ болып келеді. Сондай-ақ кедір-бұдырлы, қиын өткелді бұл аймақтар шабуылдаған немесе шегінген әскерге пана әрі қорғаныш бола алады.

Шығыс Малайзияның солтүстік-батысындағы биіктігі 4 101 метр болатын Кинабалу шыңын тұман жауып тұр. Бұрын Әулие Петр тауы деп аталған Кинабалу – Малай архипелагындағы ең биік шың.
Фотосурет: Хосе Асель
Индонезия таулары. Алыстағы Семеру тауынан бу мен түтін будақтап жатса, Индонезияның Шығыс Ява аймағындағы үңірейген Бромо тауы (ортада сол жақта) ақырын ғана бықсып жатыр. Индонезия үкіметінің есептеуінше, кейінгі төрт ғасырда елдегі 129 жанартау белсенді болған.
Фотосурет: Сиссе Бримберг пен Коттон Коулсон
Франция мен Италияны бөліп тұрған Монблан массивінің қар жамылған жартастары арттағы бозарған айдың өзін кіп-кішкентай етіп көрсетеді. 4 807 метрлік Монблан – Альпідегі ең биік шың әрі екі ел арасында жиі дау тудыратын нысан. Екі мемлекет те оны кезек-кезек өзіне тиесілі деп мәлімдейді.
Фотосурет: Джордж Мобли
Батыс Гималайдағы тік беткейлі Нангапарба тау шыңын бұлт торлап тұр. Санскрит тілінен аударғанда «жалаңаш тау» деген мағынаны білдіретін 8 126 метрлік Нангапарбат – әлемдегі ең биік тоғызыншы тау.
Фотосурет: Эд Дарак
K2 шыңына бет алған альпинистер. Биіктігі бойынша Эверестен кейін екінші орында тұрған 8 611 метрлік К2 шыңы альпинистердің қалың нөпірін өзіне тартады. Годвин-Остен, Дапсанг және Чогори деп те аталатын К2 Гималайдың Қарақорым жотасының бір бөлігі.
Фотосурет: Гален Роуелл
Көтеріліп келе жатқан күн Эверест тауының қар жамылған шыңын нұрға бөлеп тұр. Биіктігі 8 850 метрге жететін Эверест шыңы — Жер бетіндегі ең биік нүкте. Әлемдегі ең биік таулардың отызы Гималай жотасында орналасқан.
Фотосурет: Тим Ламан
Шотландияның Бен Невис тау соқпағымен келе жатқан саяхатшының төбесінен бұлтты аспан мен мүк басқан шыңдар төніп тұр. Жанартау жыныстарымен қапталған ежелгі тақтатастардан құралған, биіктігі 1 343 метр болатын Бен Невис Британ аралдарындағы ең биік тау.
Фотосурет: Джоул Сартори
Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз. САТЫП АЛУ

Осы тақырып бойынша оқи отырыңыз

Көп қаралған